Accessibility links

Оппозицияның митингісінен соң шеруге шыққандарды полиция ұстады


«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.

«Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.

Алматыда оппозиция қазақ жерін Қытайға бермеу туралы талаппен наразылық митингісін өткізді. Билік рұқсат еткен жиыннан соң қала көшесімен шерулеп өтпек болған бір топ адамды полиция ұстап, әкімшілік іс қозғады.


30 қаңтар, сенбі күні Алматыдағы «Сарыарқа» кинтотеатрының артындағы саябақта, «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының ұйымдастыруымен билік рұқсат еткен митинг болып өтті. Жиынға қатысқан жүздеген адамның арасында Қазақстандағы үш оппозициялық партияның мүшелері, қоғамдық ұйымдар мен шығармашылық топтардың өкілдері мен қатардағы азаматтар болды.

Митингті жүргізген «Азат» ЖСДП-ның бас хатшысы Әміржан Қосанов митингке бес мыңдай адам жиналды деп атап өтті. Алайда,
Қазақ жерін Қытайға бермеуді талап етіп, оппозицияның өткізген наразылық жиыны. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.
митингті бақылаған полиция қызметкерлері митингке қатысқан саны одан әлдеқайда аз болды дейді.

Жиында сөйлегендердің барлығы Қазақстан билігінен Жер кодексін өзгертуді талап етті. Сол жерде болған ондаған арнаулы қызмет өкілдері олардың сөзі мен іс-қимылдарын бейнекамераға ыждаһаттықпен жазып алып жүрді. Саябаққа кіре берісте өрт сөндіруші автомашинасы мен медициналық жедел-жәрдем көліктері тұрды.

Митингке сөз алған «Азат» ЖСДП партиясының тең төрағасы Болат Әбілов Қазақстан үкіметі Қытайға 200 мың гектар жер жалға беріп, ол жерлерде екі елдің біріккен кәсіпорындар құрмақ деп мәлімдеді.

Ал, «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының жетекшісі ақын Мұхтар Шаханов «Билік Қытайға жер сатып жатыр» деген сөзді қазақ
Түрмеде отырған қазақ диссиденті Арон Атабектің жары Жайнагүл Айдархан оппозицияның наразылық жиынында тұр. Алматы, 30 қаңтар 2010 жыл.
жерінің Қытайға жалға берілуіне қарсы шыққан азаматтар айтпағанын, наразылық танытушылар тек қана президент Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқанын қайталады деп атап көрсетті.

Митингкте сөйлегендердің бірі жазушы Софы Сматаев әртүрлі жиындарда халықтың сөзін сөйлейтін түр танытып жүретін азаматтар нақты іске келгенде бұғып қалатын айтып өтті. Сондай-ақ, Софы Сматаев жиналған жұртты биліктің халыққа қарсы іс-әрекетіне төзбеуге шақырды.

Митингтің соңында қабылданған қарарда қазақ жерін қандай да болмасын әдіс-тәсілмен шетелге жалға беруге және сатуға болмайтыны туралы талап айтылды.

Әйткенмен, митингте сөз кезегі тимей қалғандар да болды. «Арман» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаев бастаған
Қазақ жерін Қытайға бермеуді талап етіп, оппозицияның өткізген наразылық жиыны. Алматы, 30 қаңтар 2010 ж.
бірнеше адам митинг мінбесіне ұмтылды. Алайда оларды митингті ұйымдастырушылардың қауіпсіздік қызметі мен ұйымдастырушылардың өздері және митингті жүргізуген Әміржан Қосанов мінбеге жібермеді.

Митинг өткізуге биліктің рұқсат еткен бір сағат мерзімі біткен соң оппозиция жиынның аяқталғандығын хабарлап, жұрт енді тарқай бергенде тағы да сол Ермек Нарымбаев бастаған бірнеше адам президент Назарбаевтың орнынан кетуін талап етіп, шеруледі.

Мұндағы жағдайды бастан-аяқ бақылап жүрген полицияның шенді басшылары «Азат» партиясының өкілдеріне аз ғана топтың шеруіне ерген жұртты сабырға шақырып, үйлеріне қайтуын айтуды сұарды. Алайда «Азат» партиясының бас хатшысы Әміржан Қосанов оппозицияның рұқсат етілген митингісі заң шеңберінде өтіп, ың-шыңсыз аяқталғандығын, ал, рұқсат етілмеген шеру жасап жатқандар
Оппозицияның наразылық митингісінен соң шерумен көшеге шықпақ болған бір топ адамның жолын полицейлер бөгеп, оларды тоқтатпақ болды. Алматы, 30 қаңтар 2010 ж.
үшін «Азат» партиясы жауап бермейтінін айтып, бұл іске араласпайтындығын білдірді.

Бұл кезде Ермек Нарымбаев бастаған шерушілер тобы Абай даңғылына шығатын көшені бетке алып, саябақтан сол жаққа қарай жылжыған еді. Бірақ та, полиция әп-сәтте саябақтан кинотеатрдың екі қапталымен шығатын жолдарды жауып, шерушілердің алдын бөгеді.

Ермек Нарымбаев пен оған ілескен бірнеше адам полицияның бір шебінен бұза-жара өткенімен, оның алдын кес-кестеген өзге полицейлер Нарымбаевты қос қарынан тастай ғып ұстап, дедектетіп машинаға салып алып кетті. Бұл кезде сағат түскі бір болатын.

Арада төрт сағаттан астам уақыт өткенде, Азаттықа радиосына Ермек Нарымбаевтың әйелі Зоя Нарымбаева хабарласып, полиция жиыны 13 адамды ұстағандығын хабарлады. Олардың арасында Ермек Нарымбаев та бар.

Зоя Нарымбаеваның айтуынша, саябақтағы шеруде ұсталғандарды полиция Алматының Әуезов аудандық ішкі істер бөліміне апарған.
Оппозицияның наразылық митингісінен соң полицейлер «Арман» қозғалысының жетекшісі Ермек Нарымбаевты ұстап алып кетті. Алматы, 30 қаңтар 2010 ж.
Сол жерде олардың үстінен әкімшілік құқық бұзғандығы жөнінде іс қозғалған.

- Олар қазір Алматы қаласының әкімшілік сотында. Алайда, бізді ішке кіргізбеді. Олардың адвокаттары да жоқ. Бүгін күн сенбі әрі кеш болып кетуіне байланысты бүгін сот болмайтын шығар. Оларды дүйсенбіге дейін ұстап, дүйсенбіде сот болуы мүмкін, - деді Зоя Нарымбаева.

Зоя Нарымбаева полиция ұстап әкеткендердің арасында «Желтоқсан-86», «Жаңғыру», «Ұлт. Рух. Отан» секілді бірқатар қоғамдық қозғалыстардың жетекшілері барын айтты.

Азаттық тілшілері ұсталған азаматтар жайында Алматы қаласының ішкі істер департаментінен де, Әуезов аудандық полиция бөлімінен де сұрақтарға жауап ала алмады. Кезекші бөлімдегі құқық қызметкерлері бұл мәселе жайында тек жұмыс күні, яғни алдағы дүйсенбіде Алматы қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен анықтауға кеңес берумен шектелді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG