Accessibility links

Алматыда ұсталған өзбек босқындары Өзбекстанға экстрадициялануы мүмкін


Полицияда қамауда отырған өзбек босқындарының әйелдері. Алматы, 10 маусым 2010 ж.

Полицияда қамауда отырған өзбек босқындарының әйелдері. Алматы, 10 маусым 2010 ж.

Алматының көші-қон полициясы босқын мәртебесін алғалы жүрген жиырма бес өзбек азаматын ұстап, босатпай отыр. Қазақстан оларды Өзбекстанның сұрауы бойынша Отандарына қайтаруы мүмкін.


БОСҚЫНДАРДЫ ҚАРМАУ

Маусымның 9-ы күні таңертең Алматының көші-қон полициясы тарапынан қамауға алынған өзбек босқындарының әйелдері балаларын ертіп, күйеулеріне жолықпаққа барған кезде полиция оларды Қарасай батыр көшесі мен Масаншы көшесінің қиылысында бөгеді.

Сөйтіп, Алмалы ауданы прокурорының орынбасары Гүлнәр Ахмедиева келіп, өзбек босқындарынан қамауда отырғандарға не үшін келіп тұрғандарын сұрады. Ал, өзбек босқындарының әйелдері маусымның тоғызы күні үйлеріне көші-қон полициясы мен ҰҚК қызметкерлері қалай баса-көктеп кіргенін, күйеулерін қамауға алғанын айтты.

«Оларды көші-қон полициясы мен ҰҚК қамауға алды. Сосын олар біздің мекен-жайымызға қоршаудан секіріп, баса-көктеп кірді. Есік
Полиция ұстап әкеткен өзбек босқындарының балалары. Алматы, 10 маусым 2010 жыл.
қақпады, өздерін таныстырмады, ордер, санкция көрсетпеді. Біз олардың кім екенін де білмедік», – деді аты-жөнін атаудан бас тартқан өзбек босқынының әйелі.

Қамаудағы күйеулеріне кездесуге келген ондаған өзбек босқындары әйелдерінің ішінен екі әйел Алматы қаласы ІІБ ғимаратына қамаудағы өзбек босқындарына жолығуға рұқсат алды. Ал, қамаудағы күйеулерін көруге келген басқа да өзбек босқындарының әйелдерін қайтуын талап еткен полиция қызметкерлері олар заңсыз шеру жасағандары үшін қамауға алынатынын жеткізді.

«Бұл рұқсат етілмеген шеру болып саналады. Бұл үшін әкімшілік жаза қолданылады. Мұндай әрекет заңға қайшы. Олар аудандық әкімдіктен арнайы рұқсат алу керек», – деді Алматы қаласы көші-қон полициясы басқармасы төрағасының орынбасары Айкелді Асанов

БҰҰ СЕРТИФИКАТЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЖАРАМСЫЗ

Алайда, қамаудағы өзбек босқындарына кеткен екі әйел кездесе алмай қайтты. Ал, оларға қалыптасқан жағдайдың себебін өзбек босқындарының ісімен танысып үлгердім деген Алмалы ауданы прокурорының орынбасары Гүлнәр Ахмедиева түсіндірді.

«Кеше сіздердің күйеулеріңізді ұстаған себебі, Өзбекстан құқық қорғау орындарынан олардың мемлекетаралық іздеуде жүргендігі туралы
Алмалы ауданы прокурорының орынбасары Гүлнәр Ахмедиева. Алматы, 10 маусым 2010 жыл.
сұраныс келген. Енді оларды Өзбекстанға беру ісі басталуы мүмкін. Өйткені, олар Өзбекстан жағынан қандай да бір қылмыс жасады деген күдікпен іздестіріліп жатыр», – Гүлнәр Ахмедияова.

Гүлнәр Ахмадиеваның айтуынша, өзбек босқындарының әйелдері уақытша оқшалау изоляторында отырған күйеулерімен кездесе алмайды. Тек сот шешімімен тергеу изоляторына ауыстырылған жағдайда ғана кездесуі мүмкін. Алайда, өзбек босқындарының әйелдері көші-қон полициясы мен ҰҚК нің үстінен қалалық прокуратураға шағым түсіретіндерін жеткізді.

Ал, Алматы қаласы ІІБ сы көші-қон полициясы басқармасы төрағасының орынбасары Айкелді Асанов болса, өзбек босқындарының қолындағы БҰҰ ның Қазақстандағы өкілдігінен алған босқын екендіктері туралы анықтама Қазақстандағы босқындары туралы жаңа заң бойынша жарамсыз екендігін айтады.

«Жаңа заңға байланысты ереже енгізілген. Сондықтан, бүгінгі босқындардың көбі БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасынан сертификат алған. Алайда, жаңа заң бойынша ол қазір жарамыз болып есептеледі. Оларға тұрғылықты жері бойынша, бір аптаның ішінде қайта тіркеуден өту туралы шақырту қағазы жіберілген. Олар қайта тіркеуден өтпегендіктен олар заңсыз келген болып саналады», – деді Айкелді Асанов.

«МИГРАНТ» ОПЕРАЦИЯСЫ

Алматы қаласы ІІБ сының мәліметіне сәйкес, 9-12 маусым аралығында «Мигрант» арнайы операциясы өткізіліп жатыр. Алматы қаласы ІІБ баспасөз қызметінің өкілі Арман Жусанбай қамауға алынған өзбек босқындарының барлығы еңбек мигранттары және мұндай адамдардың нақты кімдер екені жайлы «Мигрант» операциясы қортындыланған кезде белгілі болады деп отыр.

– Қазір олардың босқын немесе қашқын екенін ешкім білмейді. Олар бізде еңбек мигранттары деп тіркеуде тұр. Сондықтан қазір біз нақты ешнәрсе айта алмаймыз. Бұдан саяси нәрсе іздеудің қажеті жоқ. Бұл жерде – құқықтық тәртіп бұзғандар әкімшілік заң бойынша қамауға алынды. Яғни құжатсыз, заңсыз жүрген еңбек мигранттары. Арнайы шара аяқталған соң бәрі қортындыланған кезде кімнің қайдан келіп, немен шұғылданып жүргені бәрі анықталады. Оған дейін мыңдап адам ұсталады, – деді Арман Жусанбай

Ал, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның құқық қорғаушысы Денис Живагоның айутынша, полиция босқындардың құжаттарын тексеруге құқылы болғанымен, қамауға алу түсініксіз жайт.

Өзбек босқындары болса, Өзбекстаннан діни ұстанымдарына байланысты қысым көргендіктен Қазақстанға қашуға мәжбүр болдық дейді.

Бір айта кетерлігі, 2009 жылы қыркүйек айында ҰҚК тарапынан өзбек босқындары қамауға алынып, соңынан ҰҚК кешірім сұрап оларды босатқан еді. Сол жолы өзбек босқындары ҰҚК қызметкерлері өздерін таяққа жыққан деп мәлімдегенімен, ҰҚК мұны жоққа шығарған болатын.

Қазақстанда босқындар туралы арнайы заң ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген болатын. Бұл заң – Қазақстандағы босқындарға 2010-2011 жылдары республикалық бюджеттен 3,7 миллион теңге бөлуді қарастырады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG