Accessibility links

Абақтының алды да, ар жағы да аттан салған адамдарға толды


Тұтқындардың бірінің анасы - Наталья Ли. Алматы, 30 шілде 2010 жыл.

Тұтқындардың бірінің анасы - Наталья Ли. Алматы, 30 шілде 2010 жыл.

Түрмедегі жақындарынан ондаған тұтқынның өздеріне қол салғандарын естіген туыс-туғандары Алматыдағы тергеу мекемесінің алдына жиналды. Билік өкілдері екі адам ғана денелерін тілгіледі дегенді айтады.


Жұма, 30 шілде күні, Алматы тергеу изоляторының түбінде тұтқындардың оншақты туысы қарсылық шарасын өткізді.

Олардың айтуынша, түрмеде отырған отызға тарта адам тамырларын тіліпті, қазір соларды соққыға жығып жатыр екен.

– Ұлымды уайымдап, ентігіп жеткенім осы болды. Бәрі өздеріне қол жұмсапты, енді оларды таяқтап жатыр екен деген хабар жетті, – деді тұтқындардың бірінің анасы Наталья Ли Азаттық радиосының тілшісіне.

Әскерилер мінген көлік. Алматы, 30 шілде 2010 жыл.
Азаттық радиосының тілшісі түрме аумағына бірнеше көлік келгенін, олардан арнайы қару-жарақ асынған полицейлердің түскенін көрді.

Одан кейін түрме маңынан төбесі жабық әскери жүк көліктері өтті, үсті толған әскерилер екен. Наразы топтың арасындағы біреу көлікте отырғандардың арасынан өз танысын – арнайы жасақ полицейін байқап қалыпты.

– Ана көлікте ОМОН-да қызмет ететін танысым кетіп барады, – деді Азаттық радиосының тілшісіне әскери қызметкерлер мінген бір көлікті нұсқап.

Бұл кезде полицейлер мен прокуратура өкілдері көңілдері өрекпіген жұртты сабасына түсіре алмай тұрған еді. Тіпті, бір кезде бірнеше жас жігіт пен полицейлер жұдырықтасып та қалды. Бірақ төбелес тез тарқады. Ең қызығы сол, полиция төбелескендерді тұтқындаған жоқ.

Түрме әкімшілігі бірнеше ата-ананың түрме аумағына кіруіне рұқсат етті. «Бірақ әкімшілік ғимаратынан әрі өтпейсіңдер» деді.

– Бізге алты тұтқынды алып келді. Арасында менің ұлым Әлішер де бар екен. «Екі адам ғана өздеріне қол салды, басқалары аман-есен» деді. Тіпті, олардың киімдерін шештіріп те көрсетті. Соққының ізі жоқ екен. Бірақ бізге әлі үкімдері шықпаған тұтқындарды көрсетті, – дейді бір тұтқынның анасы, түрменің ішіне кіріп шыққан - Хакима Закирова.

Алматы қаласы мен облысы бойынша қылмыстық-түзету жүйесі комитетінің департамент директорының орынбасары Ирина Якубова тұтқындардың туыс-туғандарына «түрмеде бұрыннан отырған сотталушылар жуықта тағайындалған жаңа түрме бастығының заңды тәртіп орнату әрекетіне қарсылық танытып жатыр» дегенді айтты.

Тұтқындардың туыстары түрме алдында наразылық
танытып тұр. Алматы, 30 шілде 2010 жыл.
– Тұтқындар карта ойнап, бір-біріне қонаққа барғылары келеді. Ал жаңадан келген бастық заңды тәртіп орнатпақ болды, – дейді Ирина Якубова.

Оған қоса Алматы түрмесінде өздеріне қол жұмсаған адамдардың саны отызға барды деген анықталмаған ақпаратты да жоққа шығарды.

– Екі адамның ғана денелерін тілгені анықталды. Олардың аты-жөндерін әзірше айта алмаймын, – деді.

Сол мезетте сыртта тұрғандардың кейбіріне түрмеде жатқан туыстары телефон соғып, «бізді бір-бірден ұстап, карцерге әкетіп жатыр» дегенді айтты.

Сондай-ақ тұтқындардың бірінің туыстары Азаттық радиосына арнайы хабарласып, Алматы түрмесіндегі тұтқындар өздерін соққыға жыққан басшылық әрекетіне қарсылық ретінде аштық жариялағандарын жеткізді.

Түрме алдына жиналған жұрт тек түн ортасы ауа біртіндеп тарай бастады деп хабарлады оқиға болған жерден Азаттық тілшісі. Оның айтуынша, тергеу абақтысына кіріп-шыққан Қазақстан адам құқығы жөніндегі бюро жетекшісінің міндетін атқарушы Роза Ақылбекова қамауда отырғандардан төрт адам өз денелерін жарақаттаған деп хабарлаған.

Қамаудағы азаматтардың туыстары түрме маңына жиналғаны туралы видео. Алматы, 30 шілде 2010 жыл.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG