Accessibility links

Оралман орыс тілін білмегені үшін тауқымет тартқанын айтады

  • Әлия АХМЕДИЕВА

Қытайдан келген оралман - Әлімсейіт Әлімберді.

Қытайдан келген оралман - Әлімсейіт Әлімберді.

Тарихи Отанына келген жүздеген оралман Қазақстанда қиын жағдайға тап болғандарына шағым айтады. Мал ұстауға жер тапшы болса, жұмысқа тұруға орыс тілін білмеуі бөгет жасаған.


КЕРЕКСІЗ БІЛІМ, ҚАДІРСІЗ МАМАН

Алматы облысындағы оралмандар шоғырланып орналасқан елдімекендерге барған қоғам қайраткерлері мен тілшілер олардың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты. Бұл сапарды «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының белсенділері ұйымдастырды.

Жетісу ауылындағы оралмандар өздерінің де хал-жағдайын сұрайтындардың бар екендігіне қуанысып қалды. Тұрғындар тарихи Отанда өздерінің алдынан шыққан тауқыметтер жайында ақтарыла әңгімеледі.

Тибет медицинасымен айналысатын дәрігер Зейнел Шәкіржан өз өмірі жайлы баяндағанда дауысынан өкініш сарыны байқалып тұрды.
Тибет медицинасының маманы Зейнел Шәкіржан жұмыс таба алмағанын айтады.


– Мен бұл жерге келгенде әйелім қайтыс болды, бір жастағы баламен қалдым. Үйсіз, жұмыссыз анда да, мында да бардым. Әлі күнге жағдайым өзгерген жоқ. Қазақстанда мендей білімі бар адамдарды бағаламайды екен, – деді ол.

Зейнел Шәкіржан білімі жөніндегі құжаттарды мақтанышпен көрсетті. Ол осы білімі енді өз Отанында тиісті дәрежеде пайдаланылмай отырғанына кейиді.

Абылай Мамыржанның Жетісу ауылында тұрып жатқанына көп бола қоймапты. Ол өзге елдерден осында көшіп келген қазақтарға мал жаятын жер табылмағанына қынжылыс білдірді. Мамыржан жайылым жер болмағандықтан қолындағы екі жүз бас қойын түгелдей де сатуға мәжбүр болғанын айтады.

– Біздің мұң-мұқтажымызға көңіл бөлулерін өтініп жергілікті билік орындарына бірнеше мәрте арыз айттық. Алайда, мұндағы шенеуніктер біздің мәселелерімізді елең қылмады. Айтуларынша, жергілікті халыққа жер 49 жылға жалға беріліп қойған, сондықтан бізге бос жер жоқ екен, – дейді Абылай Мамыржан.

Оралмандардың айтуынша, ауыл маңайында пайдаланылмай отырған жерлер баршылық. Бірақ ол жердің барлығы біреулердің меншігінде. Оралмандар сол жерлерді бай-дәулеттілер сатып алып, өздері де пайдаланбай, өзгеге де бермей отырғанын айтады.

ОРЫС ТІЛІН БІЛМЕУДІҢ ТАУҚЫМЕТІ

Бақтыбай ауылында Қытайдан көшіп келген қазақтар тұрып жатыр. Олардың да көкейкесті мәселесі жоғарыдағыдай – бос жер мен жұмыс жоқ. Оралмандардың айтуынша, тарихи Отандарына қолайлы жағдайда үйренісулеріне басты кедергі болып отырған нәрсе – орыс тілін білмейтіндігі және шенеуніктердің бюрократизмі.

«Мен құрылыста жұмыс істедім. Алайда, орыс тілін білмеуіме байланысты мені жұмыстан шығарып жіберді», – дейді Мизан Солтан атты
Абылай Мамыржан шетелден атажұртқа көшіп келген қазақтарға мал жаятын жер жоқтығына қынжылады.
жас жігіт.

Құрылыс бригадирі оны темір кесетін ара (болгарка) әкелуге жұмсағанда, орыс тілін білмейтін оралман араның орнына тістеуік алып келген екен.

Әбілсейіт Әлімберді туыстарының көбісінің квота ала алмағанын айтады. Оған себеп: оралмандар тиісті құжаттарды жинай алмаған. Оның айтуынша, Қытайда туу туралы куәлікті бермейді. Ал бұл жерде осы құжат аса қажет.

– Қазір Қытайда тарихи Отандарына қайтқысы келетін қазақтар әлі де көп. Ал олардың балаларын ол жақта тіркемейді. Сондықтан, олар келе алмайды. Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет, – деп есептейді Әбілсейіт Әлімберді.

Алматы облыстық көші-қон басқармасындағылар оралмандардың әлгіндей шағымдарына өз уәждерін алға тартады. Бұрын өзі де оралман болған басқарма бастығының орынбасары Құрметбек Сансызбай бұл айтылғандардың барлығы ойдан шығарылған деп санайды.

– Квоталарымыз жеткілікті. Тек адамдар өз құжаттарын жоғалтып алып, соларды қалпына келтіре алмай жүр. Айта кететін нәрсе, олар неліктен Алматы облысына келе береді? Олар неге Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан немесе Ақмола облыстарына бармайды? Міне, сол жақта оларға жер де берілер еді, жұмыс та табылар еді. Ал Алматы облысында оларға беретіндей бос жатқан жер жоқ, – деді Құрметбек Сансызбай.

ӨЗ ЕЛІНДЕ ӨГЕЙДЕЙ

Кейбір жергілікті тұрғындар да оралмандарға жылы қабақ таныта қоймайды. Мәселен, Ащыбұлақтағы саяжай тұрғындары оралмандарды ұрлық жасауға бейім деп санайды.

– Өздері жұмыс істегілері келмейді. Сәл көз тайып кеткеннің бәрін – үйдегі жиһаздарды да, жеміс-жидекті де ұрлайды, – деген шағым айтады саяжай тұрғыны Валентина Черных.

Ал оралмандарға не үшін жер берілмей отырғанын сұрағанда Жетісу және Бақтыбай ауылының кейбір тұрғылықты адамдары: «Біз бұл жерді күтіп-баптадық, сондықтан өзіміз пайдаланамыз. Ал олар болса дайын асқа тік қасық болып келіп алып, осының барлығын иемденгісі келеді», – деп жауап берді.

Оралмандар шоғырланған жерлерді аралаған «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының белсенділері мен еріктілер осы сапардан соң үкімет пен депутаттарға хат дайындауға кірісті. Олар хатта оралмандардың хал-жағдайын ашып көрсетіп, олардың мәселелерін шешуге қатысты өз ой-ұсыныстарын жазбақшы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG