Accessibility links

Алыс жолдағы автобустың азабы


Алматыдан қалааралық бағытта жолаушы тасымалдайтын автобустар. 25 шілде 2008 жыл.

Алматыдан қалааралық бағытта жолаушы тасымалдайтын автобустар. 25 шілде 2008 жыл.

Қазақстанда жолаушы тасымалдайтын автобустардың қызмет сапасы түрлі апатты жағдай туғызып жатады. Осыған орай келеңсіз жайттарға көз жеткізген жолаушының жазбасын ұсынамыз.


«САЙРАН» МАҢЫ ДЕЛДАЛҒА ТОЛЫ

Алматы «Сайран» автобекетінен басталатын іспетті. Өйткені, шет аймақтан келген саяхатшының әуелгі табан тірейтін жері – осы. Қолаңса иісі танауды жаратын қайыршылардан бастап, «бал ашып» бас айналдыратын сәуегейлерге дейін осы «Сайраннан» кезіктіресіз.

Ал енді «Тараз», «Шымкент», «Талдықорған» деп айқайлағанда қарлыққан дауыстары құлақ тұндырып, жүйкеге тиетін делдалдардың саны – қисапсыз. Осында келген әркімнің дорбасына жабысып, тапқан «клиенттеріне» орай нәпақасын айырып, бала-шағасын асырайды.

Жақында екі-үш күндік демалысты сәтімен пайдаланып, жолдасымыз екеуміз ауыл аралап қайтуға бел будық. Бағытымыз – Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданы.

«Сайранның» негізгі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатқалы біраз болды. Әзірге бітетін түрі жоқ. Сол себепті бұл күнде билеттер
«Сайран» автобекеті. Алматы, 25 шілде 2008 жыл.
даладағы арнайы орындардан сатылады.

Серігім екеуміз сырттағы кассаларға беттеп бара жатқанымызда бір жас бала қоярда-қоймай жүріп арзан бағадағы автобус барын айтып сендірді. Азын-аулақ болса да қалтамыздағыны үнемдеп қалмақ болып иненің көзінен өтердей жұлымыр қара баланың соңынан ердік.

Иә, кейінгі кезде мемлекеттік автобустардың билет бағасы күрт қымбаттап кетті. Біршама уақыт бұрын Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына дейін билет бағасы 1300 теңге болса, кейін әуелі 1500 теңгеге, одан соң 1750 теңгеге қымбаттады. Бұған қоса жүк ақысы ретінде 200-250 теңгеңізді және қағып алады. Жүк ақысы да билеттің бағасымен бірге жолдың ұзақтығына байланысты өсіп отырады.

Жарайды-ақ, билет бағасы қымбаттасын, бірақ жүк ақысын еселеудің қажеттілігі қанша? Автобекеттің тұрағында кешкі сағат 6-7 шамасынан бастап жекеменшік автобустардың тұруына тыйым салынған. Әйтпесе, мемлекеттік автобустардың құны қымбат билеттері мүлде өтпей қалатындай...

Ал жекеменшік автобустар, мейлі адам толса да, толмаса да кешкі сағат 6-7-ге дейін авто бекеттің ауласыннан шығып кетуі тиіс. Есесіне олар «Сайранның» айналасындағы қалтарыс-қуыстарды «паналап», делдалдар арқылы жолаушылар жинайтын болған.

КЛИЕНТ ҮШІН КЕРІСКЕН

Біз автобекетке табан тіреген шақта кешкі сағат 9-дың кезі еді. Енді ғана «Сайраннан» шыға бергенде, үш-төрт жасөспірім қолымыздағы жүгімізге жармасып, «біздің автобусқа міңіздер» деп жамырай жөнелді.

Қапелімде әлдебір бала қолдағы дорбаны жұлып алды. Бізбен бірге келе жатқан бала болса, шапшаң жылдамдықпен дорбаның бір
Күре жолдың үстінде жүк көліктері жиі жолығады. Алматы-Өскемен тас жолы. 28 маусым 2010 жыл.
шетінен кенедей қадалып ұстай алды. Әп-сәтте көз алдымызда көкпар басталды да кетті дейсің.

Қайтерімізді білмей абдырап қалдық. Затымыздан айырылып қаламыз ба деген үрей биледі бойды. Көзтаныс болып қалған балаға жолдасымыз екеуміз көмекке келіп, үшеулеп жатып дорбамызды әупіріммен жұлып алдық.

«Қолыңыздағыны мен өзім ұстап жүрейін. Өйтпесек, көлікке жеткенімізше талай адаммен тартысқа түсесіздер» деп қамқорсыды «біздің» бала. Әлдебір қалтарыс-бұрылыста затымызды ала қашып зып бере ме деп оның соңынан бір елі қалмауға тырысып, дедектеп келеміз. Жүрісі тым жылдам. Тағы да ойда-жоқта әлдебіреу алдынан шыға келіп, олжасынан айырар деген қауіпі бар ма, қайдам?..

ТАСАДА ТЫҒЫЛҒАН АВТОБУС

Сонымен, Төле би көшесінің бойында, яғни «Сайранның» солтүстік-шығыс жағында тұрған №920 автобусқа бет түзедік. Сондағы арзан деп бізді ит өлген жерден алып келген орны артқы жақтағы иісі мүңкіген, кейпі әлем-жәлем әлдебір мастың қасы болып шықты.

Амал жоқ, қымбаттау болса да, автобустың алдыңғы жағынан билет сатып алдық. «Міне, қазір жүргелі тұрмыз» деген сабаздарымыз бір
Алматы-Ташкент күрежолындағы жүк көліктері. Жамбыл облысы, 18 шілде 2010 жыл.
сағат бойы орындарынан тапжылмады. Одан кейін қап-қараңғы қуысқа барып, тағы бір сағат тұрды.

«Терезені жақсылап қымтап, дыбыс шығармаңыздар, сыртқа шықпаңыздар» деп ескерткен соң, жаудың тылында жүрген барлаушылардай бір орнымызға шаншылып тыпыр етпей отырмыз. Жүргізуші әлдекіммен телефон арқылы сөйлесіп, авто бекеттегі жағдай барысынан хабар алып тұрды.

Әлдебір тексерістен жасырынып, бой тасалағанымызды ішіміз сезеді. Сөйтсек, жеке меншік автобустардың қарақшыдай түн ауғанда жұмыс істеуі заңға томпақ екен. Асылы, әділ бәсекелестік қалыптыстыру және елді әлгіндей әбігерге салып әурелемеу үшін жеке меншік автобустарға түнде де жұмыс істеуге мүмкіндік берген жөн сияқты. Әйтпесе, қарапайым халық мемлекеттік автобус билетінің құнын қалтасы көтермегендіктен түн торыған әртүрлі алаяқ жеке меншік автобустарға ұрынып қалып жүр...

КӨЗАЛДАУ

Автобусымыз алғашқы орнына қайта айналып келді. Сол сәтте-ақ құлақ тұндырған шу шықты. Бір әйел жүргізушілердің жер-жебіріне жетіп балағаттап жатыр. Соншама не үшін, кім үшін жүз шайысып жатқандары белгісіз. Жұрт та қарап қалмады. «Тезірек орындарыңнан
Жамбыл облысында жол апатына ұшырап жанып кеткен жолаушылар автобусының қаңқасы. 31 шілде 2010 жыл.
қозғалмайсыңдар ма?» деп реніштерін білдіре бастады.

Оған мән беріп жатқан даукестер жоқ. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Бәлкім, мұндай бейпіл сөзді бұрын-соңды естіп көрмегендіктен бе, құлаққа түрпідей тиетін сөзден тұла бойымыз түршігіп біз отырмыз.

Тек делдалдар бір қора адамды автобусқа әкеліп тоғытқан шақта ғана «ит болып ырылдасқандар» тату-тәтті қалыпта ішке кіріп келе жатты. Сонда ғана әлгі ұрыс-керістің халықты алдап, қалай да уақыт соза тұрудың амалы екені санамызға жетті.

Автобусты лық толтырып алған соң жүргізушілердің көңілдері жайланғандай қамсыз қара жолды қақырата жылдамдықты үдете түсті. Бәріміз де «уһ» деп терең тыныс алып, іштей қуандық...

КӨЛІК АУЫСТЫРУ

Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. «Алтын Орда» базарынан аса бере жүйіткіп келе жатқан «темір тұлпарымыз» кібіртіктеді де қалды. Сосын мүлде тоқтады. Жүргізушілерді билеп-төстеген өктем үнді әйел «сендердің автобустарың бос па? Тез жетіңдер! Біздікі өткендегідей бұзылыңқырап жатыр. Арт жағы дырылдай береді» деп бұйыра сөйледі. Көз ілеспес жылдамдықпен салдырлаған A460ZLN нөмірлі
Алматы-Өскемен күрежолында. Алматы облысы, 28 маусым 2010 жыл.
автобус оза тоқтады.

«Анаған ауысыңдар» деген сөзге еріп барша жұрт маңдайшасына «Сары Ағаш» деп жазылған келесі көлікке асықты. Біз де елден қалмай солай қарай беттедік. Сыртқы келбеті соғыстан қалғандай қандай сұрықсыз болса, іші де сондай адам көргісіз екен. Бұрқыраған шаң, жүрек айнытатын жағармай (солярка) иісі маза кетіреді.

Шыдай алмай сыртқа шықсақ, әлгінде «бұзылды» деген автобусымыз көз ілеспес жылдамдықпен ғайып болыпты. Есесіне, алып ұшып көмекке жеткен «қамқор» «жедел-жәрдеміміз» орнынан қозғала алмай ышқынып, бұзылып тұрып қалды. Жолаушылар не кері қайтарын білмей, не ақшасын кімнен даулап аларын ұқпай басы қатты.

Бұл автобуста әркім өз орындарына зар болып қалды. Әу баста автобус ішіндегі 6-7 адам ең алдыңғы орындарды иеленіп алғандықтан, бұған дейінгі көлікте қымбатқа билет алғандар арт жаққа отырды. Жүргізуші болса, «орындық жетпей қалғандарын шкаф үстіне отыра беріңдер» деп «қамқорлық танытты».

Иә, мұнда орындыққа отырғанша шкафқа жайғасқан әлдеқайда жайлырақ екен. Өйткені, арқасы артқа шалқаймай, керісінше алдыға қарай «бүкірейіп» қалған орындықтар бір-біріне өте жақын орналасқандықтан, оңайлықпен сыймай, екі тізеңізді қос құлағыңызға іліп алғандай боп отырасыз.

Көбірек адам сыйдыруды ғана ойлап, орындықтардың арасын тым жықындатып жібергенге ұқсайды. «Соншама құлқынның құлы болмаса, қайтеді екен?» деп іштей сыбап, амалсыз қыстырыла-қымтырыла отырасың.

Автобустың ішіндегі сасық ауа қос өкпені қысады. Жағармай иісінен кейбір кішкене балалар мен жүрегі нашарлар лоқсып құса бастады. Түн өте салқын болған соң жеңіл киініп шыққан жолаушылар сыртқа шығып алып қалтырап жүр.

Түнгі сағат 1-2-лердің шамасы. Әлі Алматыдан алысқа ұзай алмаған біздің түріміз мынау. Жолдың арғы бетінен жағармай тасып, қоғамдық көліктің артын шұқылап жатқан жүргізушілерге барып, «ақшамызды қайтып беріңіздер, кері қайтамыз» десек, олар аңқау кейіп танытып, алдыңғы автобус жөнінде түк білмейтін болып шыға келді.

«Бәріміз жолда жүрген соң, өтініштерін жерде қалдырмадық» деді жүргізуші беті бүлк етпестен. Мына автобустың сықпытын көрген есі дұрыс жан 500 теңгеге де отырмас еді. Сол үшін, арнайы сценарий бойынша, әуелі тәп-тәуір жүріп келе жатқан автобусты бұзылды деп сендіріп, «жарымжан» көлікке елді тоғыта салған қулықтарын аңқау басымыз бірден сезбеген екенбіз. Оны тек кейін біліп, «қап» деп сан соғып қалдық.

Оңтүстік Қазақстан бағытындағы қоғамдық көліктердің әртүрлі әдіс-тәсілдермен елді алдайтыны жайлы жұрт арасында айтылып жүрген әңгіме аза емес. Осыдан тура бір жыл бұрын Оңтүстік Қазақстанның Отырар ауданына жол тартқанымызда да осыған ұқсас жағдай өз басымыздан да өткен еді.

Сол жолы автобус жүргізушілері сол ауданға барады деп алдап отырғызып алып, жарты жолдан тастап кеткен болатын. Жолаушылар да әлгіндей бассыздықтардан әбден қажыған. «Қазақ десе – өзімізге тиеді. Осындай алаяқтарға тоқтау салынатын күн бар ма екен?» деп күйінеді көрші отырған апай.

ТЕМЕКІ ТҮТІНІ МЕ, ЖОЛДЫҢ ШАҢЫ МА?

Әйтеуір бір уақытта әупіріммен «металлом» көлік іске қосылды-ау. Аналар аңырап, емшектегі нәрестелер жылай бастады. Садыр-сұлдыр еткен қырық жылғы есік-терезелердің қуыс-қуысынан жел гуілдеп, берекені қашырды.

Оған тағы қиқы-жиқы жолдың селкілдетіп, сілкігенін қосыңыз. Тура есікке қарама-қарсы отырған нәресте көтерген жас ана шыр-пыр
Жолаушылар автобусында жүргізушілерге арналған төсек те бар.
болды. Осы кезде бұдан әрі шыдай алмаған біз жүргізушімен сөзге келісіп қалдық.

«Ақшаларыңды қайтарып берер едім ғой, ұнамаса, неге отырдың?» – деп өзімізге тиісті. Бағана ғана «кеткен қаражатымызды қайтар» деп талап еткен бізге берген жауабы әп-сәтте есінен шығып кетіпті.

Бас жақта жүргізушілерге арналған екі төсек тұр. Соның біріне уақытша жас ананы сәбиімен жатқыза тұруды ұсынып едік, «оның ақшасын кім төлейдіге» басты. Дүниенің бәрін қара бақырдың құнымен өлшейтін бұл адаммен одан әрі дауласып жатудың өзі артық екенін түйсіндік.

Бірақ біздің көрер қызығымыз бен шыжығымыз әлі алда екен. Жүргізушілер алдыңғы қатарда отырған жардай семіз, бейпіл ауыз әлдебір әйелдермен не болса соны көкіп сөйлеп, барынша қарқылдап күліп жұрттың мазасын қашырды. Темекіні де бірінен соң бірін тартып, жағармай иісінен басы ауырып отырған жолаушыларды түтінмен тұншықтыра түсті.

Таңертең жетеміз деп үміттенген Бауыржан Момышұлы ауылына түс ауа бір-ақ жеттік. Табанымыз жерге тигенде төбеміз көкке жеткендей разы болдық.

Жол жүрген кез келген адам жанын шүбірекке түйгендей күй кешеді. Үйінен қырық қадам ұзағанның мүсәпірге баланып жататыны содан болса керек. Ал бүгінгідей парақорлық пен жемқорлық жайлаған қоғамның кесапат көрінісін буыншақ-түйіншегін арқалаған жолаушыдан артық кім бажайлар дейсіз.

P.S. Көлік және коммуникация министрлігі Қазақстанда қалааралық бағыттарда жолаушы тасымалдау қызметімен айналысатындарға қойылатын талапты күшейтіп, қызметтің бұл түріне лицензиялау тәртібін енгізуді ұсынып отырғаны туралы осы мекеменің баспасөз қызметі күні кеше ғана хабарлады.

Министрліктің деректері бойынша, қазіргі кезде тек бір ғана Шымкент – Алматы бағытында тәулігіне 10 мыңдай жолаушы алып 300-ден астам автобус жолға шығады екен.

Бұлардың 60 пайызында белгілі бір жұмыс кестесі мен қозғалыс тәртібі жоқ деп хабарлайды көлік министрлігі.

Алматы – Жамбыл облысы, Жуалы ауданы – Алматы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG