Accessibility links

Өзбек босқыны қамаудан босатылса да, жеке басының қауіпсіздігі қыл үстінде


Алматы маңында өзбек еңбек мигранттары паналаған күрке. Қыркүйек, 2008 жыл.

Алматы маңында өзбек еңбек мигранттары паналаған күрке. Қыркүйек, 2008 жыл.

Алматыда бір топ өзбек босқыны өздерінің, Әндіжан оқиғасынан кейіндегідей, тағы да қуғынға ұшыраудан қауіптенетіндерін айтып, адам құқығын қорғаушыларға үндеу жолдады.

«Мемориал» құқық қорғау орталығының хабарлауынша, олардың бұлайша алаңдауына төмендегідей жағдай себеп болып отыр. Осы жылдың маусым айының 2-ші жұлдызында сағат 3-тер шамасында ҰҚК-нің Алматы қалалық бөлімшесінің қызметкерлері саяси баспана сұрап жүрген Өзбекстан азаматы Ахмад Болтаевты «барахолка» базарынан ұстап, оған халықаралық іздеу жарияланғанын айтып, тергеуге алған.

Ол адам өзінің саяси баспана сұрап келгендігін айтып, БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссияның (УВКБ ООН) берген куәлігін көрсеткен. Алайда мұсылман босқындарының үндеуінде бұған ҰҚК-і қызметкерлері құлақ аспай, оларға хабарласуына мүмкіндік бермегені туралы жазылған. Тіпті одан жауап алу кезінде ұрып-соғып, Өзбекстанға қайтарамыз деп қысым да көрсетіпті. Еш негізсіз «тергеулерден» кейін оны екі күннен соң босатып жібереді.

Дерек бойынша, Ахмад Болтаев 2000 жылы діни экстремизмге қатысы бар деген айыппен қамауға алынып, тұтқындалу кезінде құқық қорғау органдары тарапынан қатаң қысымға ұшыраған көрінеді. Ал 2003 жылдың желтоқсан айында Өзбекстан президентінің рақымшылық жариялау туралы қаулысына сәйкес, бостандыққа шығады.

Құқыққорғаушыларға бағыттаған үндеуде өзбек босқындары ҰҚК қызметкерлерінің еш негізсіз «тергеуі» 2009 жылдың 25-26-шы мамырында Әндіжанда болған жағдайға байланысты туындауы мүмкін деген тұжырымын да жеткізе кетеді.

«Біз олардың [Өзбекстанның құқық қорғау органы – Азаттық] бұл инцидентті пайдаланып,... Қазақстандағы әріптестерімен келісіп қояды деп қорқамыз», - делінген үндеуде.

Биылғы жылы мамырдың 25-інен 26-на қараған түні Өзбекстанның Қырғызстанмен шекаралас Әндіжан аймағында қарулы қақтығыс болып, ресми мәлімет бойынша нәтижесінде екі адам көз жұмған болатын. Ал ертесінде бір адам өзін-өзі жарып жіберген еді. Кейбір ақпарат көздері бойынша, аталмыш қақтығыстың нәтижесінде құрбан болған адамдар санын ресми билік жасырып отыр. Uznews тілшілерінің айтуынша, 26-мамырда қаза тапқандардың саны 16-ға жеткен.

Азаттық радиосы бұған қатысты ҰҚК-нің Алматы қаласы бойынша департаментіне хабарлаcқан еді. Әзірге, жазбаша сауалымызға еш жауап жоқ.

Адам құқықтары бойынша халықаралық бюроның босқындар ісі бойынша бағдарлама үйлестірушісі Денис Дживага босқындардың бұл алаңдауы негізсіз деуге болатынын айтуда.

- Мен олардың қауіптенуін түсінемін. Бірақ бұл жерде мәселе бізде жиі болатын құқық қорғау органдарының адамды ұстау туралы ғана болып отыр. Жалпы оны ешкім ешқайда қайтарайын деп отырған жоқ. Бізде соңғы уақытта құдайға шүкір, мұндай жағдайлар болған жоқ. Соңғы жағдай қателеспесем, бұдан 1,5 жыл болған. Онда да босқынды аластатқаны дәлелденбеген. Оның үстіне олардың БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссиясының куәліктері бар. Менің ойымша, билік бұлай істей қоймайды.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссиясының қоғамман байланыс бөлімінің маманы:

- Ахмад Болтаевқа босқын статусын беру мәселесі туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Қазір бұл мәселе бірінші кезекте. Енді үндеуге қатысты айтарым, оларды экстрадициялау туралы ұсыныс әлі түскен жоқ. Сәйкесінше, ол туралы талқыланып жатқан жоқ. Яғни, бұдан қауіп жоқ. Бірақ айтатыным, өзбек босқындарының өздері тарапынан әрекеттер күшейіп отыр, мұнымен олар өздеріне қауіп төндіріп отырғанын ескерте кетейін.

Ал «Мемориал» құқық қорғау орталығының мәліметінше, 2005-2008 жылдар аралығында 100 өзбек азаматы халықаралық іздеу жариялау арқылы ТМД елдерінен күштеп еліне қайтарылған. Орталықтың дерегі бойынша, өзбек босқынының «жоғалып кету» жағдайы 2008 жылы қыркүйек айында Қырғызстанда тіркеліпті.

P.S: Мақала жарияланған күннің ертесінде Азаттық радиосының редакциясына Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінен хат келді:

Онда 2009 жылы маусымның 2-сі күні халықаралық іздеу жарияланған азаматтарды іздестіру шарасы кезінде ҚР ҰҚК-нің Алматы қалалық департаменті қызметкерлері Өзбекстан азаматы Ахмад Болтаевты ұстағаны, оның қолында жеке куәлігі мен құжаттары, сонымен қатар ҚР-ның аумағында болуы мен еңбек етуін заңдастырған құжаттары болмағаны айтылған.

Департаменттің хабарлауынша, ұсталған азаматқа Өзбекстанның конституциялық құрылымына қарсы әрекет жасаған, қоғамдық тәртіп мен қауіпсіздікке қарсы материалдар әзірлеген немесе таратқан, тыйым салынған ұйымдарға қатысып, басшылық жасаған деген күдікпен Өзбекстанның қауіпсіздік қызметі тарапынан халықаралық іздеу жарияланған.

«Құжаттарының жоқ екенін ескере отырып, шетел азаматы дәл сол күні ішкі істер органы қызметкерлеріне берілді және заңға сәйкес, Алматы қалалық ішкі істер департаментінің уақытша оқшаулау мекемесіне қамалды» деп жазылған ҰҚК-нің Алматыдағы департаментінен Азаттыққа келген хатта.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG