Accessibility links

Қазақстан билігі бір топ өзбек азаматына босқын мәртебесін беруден бас тартты


Алматыда абақтыда жатқан өзбек босқындарының балалары. 29 тамыз 2010 жыл.

Алматыда абақтыда жатқан өзбек босқындарының балалары. 29 тамыз 2010 жыл.

Алматыда қамауда жатқан Өзбекстан азаматтарының көбісі босқын мәртебесін ала алмады. Құқыққорғаушылардың айтуынша, бұлардың кейбіреуі Өзбекстанда ауыр қылмыс жасауға қатысқанын мойындаған. Бірақ босқындар бұл сөзді жоққа шығарады.


АБАҚТЫДА ӨТКЕН ҮШ АЙ

Қыркүйектің 9-ы күні осыдан үш ай бұрын Алматыда тұтқындалған өзбек босқындарының қамалу мерзімі аяқталды. Қазақ полициясы оларды еліне қайтару-қайтармау туралы шешім шығаруы тиіс болатын. Алайда олар полицияның қамауында әлі жатыр. Заң органдары бұған қатысты еш ақпарат бермей отыр.

– Әзірге еш шара қолданылған жоқ. Билік шағымданамыз деп ауызша айтты. Әуелі шағымдансын, сосын көре жатармыз, – деді Адам құқығын қорғау бюросының қызметкері Денис Дживага Азаттық радиосына.

Биылғы маусымның 9-ы мен 14-і аралығында өткізілген «Мигрант» операциясы барысында Алматы полициясы елу өзбек босқынын ұстап, олардың отызын тергеу абақтысына қамаған болатын. Содан бері олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық және облыстық департаменті мен Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің тергеу абақтыларында сот шешімін күтіп жатыр.

Ақпарат бойынша, Өзбекстан бұрындары бұл азаматтарға ауыр қылмыс жасаған деген айып таққан екен. Және Қазақстанға оларды өз еліне қайтару туралы өтініш жасаған. Қазақ полициясының қандай шешім қабылдайтыны әзірге ешкімге белгісіз.


ӨЗБЕК БОСҚЫНДАРЫ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ


Алматы қалалық көші-қон департаменті өзбек азаматтарының басым бөлігіне босқын мәртебесін бермеу туралы тамыз айында шешім шығарып қойғанын босқындардың туыстары енді ғана біліп отыр. Бұл өзбек азаматтары Қазақстаннын босқын мәртебесін алғысы келетін азаматтар санатында екенін бұған дейін Азаттық радиосы хабарлаған болатын.

– Біз қыркүйектің 7-сі күні қамауда жатқан туыстарымыздың халін білмек болып, Алматы қалалық көші қон полициясына бардық. Департамент басшысы олардың көбісінің босқын мәртебесіне ие бола алмағанын айтты. Бізге соның дәлелі ретінде арнайы құжаттарды да көрсетті. Осы уақыт бойы олар мұны жасырып келген, – деді өз аты-жөнін атағысы келмеген, қамауда отырған өзбек босқынының әйелі.

Адам құқығын қорғау бюросының өкілі Денис Дживага оларға босқын мәртебесінің берілмеуінің себебін былайша түсіндірді:

– Олардың қылмыс жасағаны дәлелденді. Комиссия кезінде олардың көбісі қылмыс жасағандарын мойындады, жарылыс, террорлық шабуылдарға қатысқанын айтты. Оларға ешкім қысым жасаған жоқ, комиссия кезінде өздері мойындады. Олардың ешқайсысы да ақталған жоқ.

Бірақ Дживаганың бұл сөзін босқындардың өздері жоққа шығарады. Дәл осы күні Азаттық тілшісіне қамауда отырған өзбек босқындарының біріне хабарласып, пікір алудың сәті түскен еді.

– Біз Өзбекстан таққан айыпты мойындаған емеспіз. Бұл өтірік! Біз мойындайтындай ешнәрсе істеген жоқпыз. Көптеген өзбек босқындары экстремистік ұйымдарға қатысы бар деп айыпталған болатын. Олардың ешқайсысына терроризмге қатысы бар деген айып тағылған жоқ, – деді есімін атамауды өтінген қамаудағы босқын.

Қазіргі уақытта өзбек босқындарын қорғауға бірнеше халықаралық ұйымның құқық қорғаушылары атсалысайын деп отыр. Олар Өзбекстан өкіметі бұл азаматтарға жала жаба салуы да ықтимал деген болжам айтады.

Адам құқығын қорғаушылардың пікірінше, егер Қазақстан бұл босқындарды Өзбекстанға қайтарса, онда оларды өз елдерінде қатаң жаза күтіп тұр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG