Accessibility links

Қала әкімі баспасөз хатшысының мәлімдемесі үлескерлердің наразылық митингісіне түрткі болды


"Верный.KZ" компаниясының үлескерлері қала әкімінің кеңсесіне наразылық білдіруге жиналды. Алматы, 16 ақпан 2006 ж.

"Верный.KZ" компаниясының үлескерлері қала әкімінің кеңсесіне наразылық білдіруге жиналды. Алматы, 16 ақпан 2006 ж.

«Верный.KZ» және басқа да бірнеше компаниялардың үлескерлері Алматы әкімшілігінің алдына жиналып, өздеріне мемлекеттен жәрдем болмайтыны туралы Сергей Куяновтың айтқанына қатысты биліктен нақты жауап талап етті. Үлескерлер алдына шыққан хатшының жауабы екіұштылау естілді.

Үлескерлердің аталмыш наразылық шарасын ұйымдастыруына ақпанның 14-і күні «Время» газетінде жарияланған мақала түрткі болды. Онда Алматы әкімінің баспасөз хатшысы Сергей Куянов «сот компанияның барлық үлескерлерін жәбірленуші емес, жапа шегуші деп тапты. Мұндай сот шешімінен кейін, заң бойынша, біздің құрылысты аяқтау үшін бюджеттен қаржы бөлуге құқымыз жоқ» деп мәлімдеген болатын. Сонымен қатар ол алданған үлескерлердің мәселесін шешудегі жалғыз жол - 235 үлескерді муниципалдық баспанамен қамтамасыз ету екенін, бірақ ол бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін айтқан.

Ақпанның 16-сы күні Алматы қаласы әкімінің кеңсесі алдына жиналған топ баспасөз хатшысының мақалада жазылған жайттардың мәнісін түсіндіруін талап етіп, оның шығуын күтті.

— Ақпанның 9-ы күні ғана әкімшіліктің өкілдерімен кездестік. Әкімнің орынбасары Анатолий Долженковтың өзі прокуратураға өтініш жазуымызға кеңес берген болатын. Бізге 2009 жылдың қыркүйек айында пәтердің кілті қолдарыңа тиеді деп уәде еткен еді. Ал енді баспасөз хатшысының сөзін қалай түсінуге болады? — деді алданған үлескерлердің бастамашыл тобының жетекшісі Айжан Жанқоразқызы.

Серік Сейдуманов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары. 16 ақпан 2009 ж.
Наразы азаматтарды қолдауға өзге де құрылыс компанияларының үлескерлері және бірқатар партиялардың өкілдері жиналды.

— Алданған үлескерлерге көмек ретінде береміз деген 10 млрд теңге қаржының қайда жұмсалғанын білгіміз келеді. Неге «Күрделі құрылыс кәсіпорнының» үлескерлері алданбаса да тізімге ілінеді де, біз ілінбейміз? Олар тек әкімшіліктің үлескерлері болғаны үшін ғана ма? Әкімшілік өкілі шығып, бізге осыны түсіндіріп берсін! — деді «Алматыинвестстрой» құрылыс компаниясы үлескерлерінің бастамашыл тобының жетекшісі Эльмира Айсабаева.

Наразы топқа шыққан Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов пикетшілерді тыныштандыруға тырысып:

— Ертең сағат 18.00-де Мемлекеттік сәулет-құрылыс комитеті (ГАСК) ғимаратында әкімшілік өкілдері, қаржы полициясы, ҰҚК және прокуратура қызметкерлерінің қатысуымен кездесу болады, сол жиында аталған мәселені қарастырамыз, — деді.

Бірақ мұны әкімшіліктің кезекті жалтаруы деп күмәнданған үлескерлер, әкім орынбасарының жауабына қанағаттанбай, сыртқа әкімнің баспасөз хатшысы Сергей Куяновтың шығуын талап етті. Үлескерлер алдына келген Сергей Куянов ақпарат құралдарына жолдайтын мәлімдемесін оқып берді:

Сергей Куянов, қала әкімінің баспасөз хатшысы. Алматы, 16 ақпан 2009 ж.
— Ақпанның 14-і күні «Время» газетінің 22-ші санында А.Коноваловтың «Верный.KZ» үлескерлерін сатқындық күтіп тұр» деген мақаласы жарияланды. Алматы қаласы әкімшілігінің баспасөз қызметі аталмыш мақалада келтірілген пікірлер Алматы қаласы әкімшілігі мен «Верный.KZ» ЖШС үлескерлерінің мәселесімен айналысатын биліктің позициясымен сәйкес келмейтінін хабарлайды. Қазіргі таңда әкімшілік жағдайды жіті бақылауда, — деді Сергей Куянов.

Бұдан кейін осы жерге келген журналистердің сұрағына жауап берген ол:

— Мен ресми түрде ешқандай пікір берген жоқпын. Коноваловпен мен басқа нәрсе жайында сөйлестім. Онда жазылған пікірлердің басым бөлігімен келіспеймін, — деп мәлімдеді.

Алайда ашынған үлескерлер бұндай жауапқа қанағаттанбады. «Егер Сергей Куянов өз сөзін жоққа шығармаса, шынында да солай болғаны ғой» деген қортындыға келген үлескерлер наразылық шараларын жалғастыратынын айтты.

— Бес құрылыс компаниясы үлескерлерінің мәселесін шешуге бөлінген 10 млрд теңге қаржы, біздің дерегіміз бойынша, өз мақсатына орай жұмсалмаған. Ақшаның бір бөлігі «Күрделі құрылыс кәсіпорнының» үлескерлеріне қайтарылып жатыр. Олар 1996 жылы мемлекеттік кәсіпорынға ақшаларын берген. Біз бөлінген қаржының жұмсалғаны жөнінде құжаттарды талап етеміз. Егер бұл құжаттарды көрсетпесе, «Верный.KZ» құрылыс компаниясының үлескерлерін пәтермен қамтамасыз ету туралы хаттамаға қол қоймаса, онда біз мүмкін болған наразылық шараларының барлығына барамыз. Үйлестіру кеңесі аштықты қашан жариялайтынымызды шешеді. Оған барлық құрылыс компаниясының үлескерлері қатысады, — деді «Верный.KZ» компаниясының үлескері Айгүл Жылқыбаева.

Оның айтуынша, осы аптада үлескерлерден жасақталған делегация премьер-министр К.Мәсімовпен кездесуге жиналып жатқан көрінеді.

Өткен айдың 26-сы күні Алматының Медеу аудандық сотының үкімімен «Верный.KZ» құрылыс компаниясының директоры мен орынбасары ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айрылған болатын. Ал, былтырғы жылдың тамыз айынан бастап із суытқан компанияның негізгі құрылтайшысы Жанат Ақибев қазір халықаралық іздеуде.

Сот үкімінде «Верный.KZ» құрылыс компаниясының басшылары 2004 жылдан бері 235 үлескерден жиналған 1 млрд. 763 млн.435 мың 911 теңге көлеміндегі қаржыны жалған компаниялар ашу арқылы өз істеріне және жеке бастарына пайдаланғаны айтылған болатын.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG