Accessibility links

Әлнұр Мұсаев Рахат Әлиевпен ат құйрығын кесісіп, шындық іздеп қазақ сотына жүгінді


Әлнұр Мұсаев, Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы.

Әлнұр Мұсаев, Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы.

Қазақстанда 35 жыл абақтыға кесілген саяси эмигрант Әлнұр Мұсаев Азаттық радиосына сұхбат берді. Ол Нұрбанктың жоғалып кеткен екі менеджеріне байланысты өз тексеруін жүргізіп, жаңа байламдарға келгендігін айтады.

МҰСАЕВ НҰРБАНК ІСІНДЕГІ ӘЛИЕВТІҢ РӨЛІ ЖАЙЫНДА

– Әлнұр мырза, сіздің ісіңізде күтпеген бұрылыстар пайда болды. Алматылық ҚазТАГ агенттігі сізді Венада ұрлап әкетпекші болғандар қазақ арнаулы қызметі емес, Рахат Әлиевтің өзі деген болжамды жариялады. ҚазТАГ сіз сұхбат берген аустриялық «Крона» газетіне сілтеме жасайды. Және сіз осы газетке дәл осылай деген екенсіз.

– Қайдағы бір бос сөз. «Крона цайтунг» газетіне мен мұндай сөздерді айтқан жоқпын. Бұның барлығының анық-қанығына Аустрия соты жетуі керек. Ол жақында басталады.

Біріншіден, Аустрия баспасөзінде Қазақстан, біздің проблемаларымыз, қастандық, Нұрбанк менеджерлерінің ұрлануы жайында өте көп жазылады. Өте көп. Қазіргі уақытта бұл мәселе және осымен байланыстының барлығы өте өткір саяси сипатқа ие болды. Аустриядағы саясаткерлердің бір тобы экстрадициядан бас тартып, адам құқын қорғау жағында тұр.

Ал, екіншілері Аустрия жағы қылмыстың болған-болмағандығына қатысты оның анық-қанығына жетуі керек деген пікірді ұстанады. Олар адам ретінде Рахат Әлиевтің құқын қорғай отырып, дәл осы жерде жапа шегуші жақ Армангүл Қапашеваның да құқына нұқсан келіп жатқандығын айтады. Осыған байланысты парламент деңгейінде қызу пікірталастар өтуде.

Осы аптада бұл мәселеге орай Аустрия юстициясының жағдайы туралы парламенттік комиссияның шешімі болады.

Мен принципінде, азамат, адам ретінде өзге мемлекеттің ішкі ісіне қол сұқпау позициясында тұрмын. Бірақ, солай бола тұра мен де Нұрбанктің екі топ-менеджерінің ұрлануына байланысты тексерудің обьективті жүргізілгеніне мүдделімін.

Осыған байланысты, мен бұл істің жағдайларын анықтауға қатысты өз әрекеттерімнің барлық нәтижелерін Қазақстанға жолдадым. Мен барлық мәселені өз Отаным арқылы шешемін. Сондықтан да, мен шілденің басында менеджерлердің ұрлануына байланысты көзқарасымды Қазақстанға, сотқа жолдап, олардың бұл мәселені қайтадан обьективті түрде қарауларын өтіндім. Атап айтқанда: бұл істегі менің рөлім қандай, не себепті мен Нұрбанк менеджерлерін ұрлаған адамдардың ортасында қалдым? Бұл мәселе анықталып жатыр.

Бірден мынаны айтқым келеді, қазір мені Рахат Әлиевке қарсы Қазақстан жағымен саудаласты деп айыптай бастады. Мүлдем бұлай емес.

Мен әлі өзіме қатысты Қазақстан жағының қандай шешімге келгенін нақты білмеймін. Және осыған қарамастан, мен бұл іске қатысты
Ол жерде мен 2008 жылдың қаңтар айында өткен Алмалы аудандық сотының материалдарын қосымша зерттеу мүмкіндігіне ие бола отырып, бұл мәселенің Аустрияда да обьективті тексерілгенін қалайтындығымды айтқанмын.
көзқарасымды Аустрияның орталық «Кроне цайтунг» газетінде білдірдім.

Ол жерде мен 2008 жылдың қаңтар айында өткен Алмалы аудандық сотының материалдарын қосымша зерттеу мүмкіндігіне ие бола отырып, бұл мәселенің Аустрияда да обьективті тексерілгенін қалайтындығымды айтқанмын. Ол мақаланың негізгі мағынасы осы.

Бұл мақалада мен Қазақстан режимі жағына да, Рахат Әлиевке де ешқандай артықшылық білдірмеймін. Менікі тек аталған іс бойынша обьективті тексеру жүргізілсін деген азаматтық позиция ғана.

Менің тағдырыма байланысты, ең алдымен Нұрбанк ісінде Қазақстан тарапынан қандай шешімнің қабылданғандығына қатыссыз, мен тек осы азаматтық позицияны ұстанып қаламын. Және бұл істің анық-қанығына жетіп, қылмыс жасаған адамдарды тауып, олардың тиісті жазаларын алуы үшін қолымнан келгеннің барлығын жасаймын.

– Сіздіңше бұл істегі принципті басты бетбұрыс не?

– Мен бұны істегі принципті бұрылыс деп есептемеймін. Адамдар бұл жерден қандай да бір қызықты дерек іздеп отыр: ең алдымен мен кімнің жағындамын – президент Назарбаевтың ба, әлде Рахат Әлиевтің жағындамын ба деген сияқты.

Мен ешкімнің жағында емес екендігімді айтқым келеді. Қазақстан азаматы ретінде мен барлығын обьективті түрде анықтағым келеді. Бұл жерде ешқандай өзгеріс жоқ. Бұл проблемадан хабары бар адамдардың барлығының шындыққа жетуге мүдделі екендігін білемін және оған сенімдімін. Болды. Бұл жерде қандай да бір бұрылыс, өзгеріс жоқ.

– Сіз қазір ғана Қазақстан сотына хат жолдадым дедіңіз. Оның ішінде банкирлерді ұрлаушылардың арасына қалай тап болғандығыңыз жайында деталь бар көрінеді.

– Иә.

– Демек, бұл жерде негізгі акцент банкирлердің ұрлануына сіздің және Рахат Әлиевтің қатысы бар деген қазақ жағының ресми болжамына жасалып отыр ғой?!

– Иә. Мен бұл мәселеде Қазақстанның әділет жүйесі мәселенің байыбына обьективті түрде барғанын қалаймын. Мен Нұрбанк менеджерлерінің ұрлануына қатысымның жоқтығы туралы тиісті фактілерді, құжаттар мен куәліктерді ұсындым.

– Сіздіңше банкирлердің ұрлануына Рахат Әлиевтің қатысы бар ма?

– Мен бұны «Кроне цайтунг» газетіне айтқанмын, енді міне сіздерге де айтамын, бұл істің жағдайларын қосымша зерттеп, тиісті адамдардан сұрастырып, бұл оқиғадан хабары бар жекелеген адамдардың Аустрияға келуін сұрадым. Қазақстан сотының тексеруінде Нұрбанк менеджерлерінің ұрлануына, сонымен қатар, Рахат Әлиевтің де қатыстылығы жөнінде салмақты дәлелдер бар деп айтамын.

– Қазір сол менеджерлер қайда? Ең басты мәселе, тірі екі адам жоғалып кетті. Олардың әлі күнге дейін тірі немесе өлі екендігін ешкім нақты айта алмайды. Сіздіңше олар қазір қайда?

– Бұны мен де білмеймін. Мен қазір барлық адамдар сияқты бұл мәселені анықтау үшін қолымнан келетіннің барлығын жасаудамын. Егер сіз бұл жерде қандай да бір бетбұрыс бар деп ойлайтын болсаңыз, еркіңіз білсін. Бірақ, менің позициям әрқашан мынадай болатын: мен бұл істің обьективті тексерілуіне өте мүдделі болдым.

– Бірақ, Азаттық радиосына бұдан бұрын берген сұхбатыңызда сіз Нұрбанктің жоғалып кеткен екі менеджерін соңғы рет көрген адамдар ҰҚК төрағасы Амангелді Шабдарбаев пен сол кездегі Қазақстан президент әкімшілігінің жетекшісі, қазіргі қорғаныс министрі...

– ...Әділбек Жақсыбеков, иә. Бұл болжамға қатысты Рахат Әлиевтің тиісті материалдары бар. Ол да қарастырылып жатыр.

– Демек сіз өз тексеруіңізді жүргізіп, қандай да бір қорытындыға келіп, соның негізінде қазақ сотына қайрылдыңыз. Мен сізді дұрыс түсіндім бе?

– Иә.

– Сіз нақты қай сотқа қайрылдыңыз – аудандық па немесе қандай?

– Мен Алмалы аудандық сотынан жоғары тұрған Алматы қалалық сотына қайрылдым.

МҰСАЕВТЫ ҰРЛАУҒА ӘРЕКЕТТЕНГЕН КІМ?

– Енді қыркүйекте Аустрияда сізді ұрламақ болған әрекетке байланысты сот болғалы жатыр. Сіздіңше, сізді ұрламақ болған әрекеттің, бұл қылмыстың артында кім тұруы мүмкін?

– Мен бұның анық-қанығына Аустрия сотының жеткенін қалар едім. Осы соттың қарсаңында мен соттың шешіміне ықпал ететін болмаса басқадай әсері болатын қандай да бір мәлімдеме жасағым келмей отыр.

– Бірақ, шілде айында Қазақстанның Бас прокуратурасы Аустрияның Әділет министрлігіне қайрылып, Әлнұр Мұсаевты Қазақстанға депортациялау мәселесін қарауды тоқтата тұру жөнінде өтінген. Сіздіңше, олар бұл жерде нені басшылыққа алып отыр?

– Қазақстан жағы қазіргі уақытта менің мәлімдемемді қарауда. Олардың ол жерден нені көріп, байқағанын мен білмеймін. Солай бола тұра, Бас прокуратураның қазіргі позициясы менің мәлімдемемді тексерумен байланысты деп ойлаймын.

– Сіздіңше бұның барлығы немен аяқталуы мүмкін? Атап айтқанда, Қазақстан қазір экстрадиция мәселесін қарауды үш айға шегеруді өтінді. Үш айдан соң не болуы мүмкін? Мен әлденені болжаудың қиын екендігін түсінемін...

– Қиын, әрине. Мен ешнәрсе айта алмаймын. Бұл жолы Қазақстан соты бұл мәселеде обьективті болып, жағдайды анықтауға байланысты менің белсенді түрде жұмыс істеуіме мүмкіндік береді деген үміттемін.

– Сіздің атыңызға Рахат Әлиевке қарсы Астанамен келісімге барды деген айыптардың тағылып жатқандығын өзіңіз айтып қалдыңыз. Бұған байланысты не дейсіз?

– Сұхбаттың басында мен Қазақстан соты шешім қабылдамай тұрып, менің бұл қадамға баруым мәселенің анық-қанығына обьективті түрде жету мақсатында болғанын айтқан едім. Менің ешкіммен келісімге бармағандығым жайында 22 тамызда «Кроне цайтунг» газетінде жарияланған сұхбатта айтылған.

Мен ол жерде Қазақстанның, Қазақстан юстициясының атына ешқандай артықшылық білдірмеймін. Керісінше, егер Әлиев қандай да бір қылмыстық әрекеттер жасаса, онда бұған Қазақстан президенті де, Қазақстан жағы да, біз Қазақстанда болған кездегі саяси жағдай да кінәлі деп обьективті түрде айтамын. Осының барлығы Рахат Әлиевтің әрекетіне жағдай жасады... Яғни, болған оқиғаның барлығына
Мен ешқандай мемлекеттік төңкерістің идеологы болған жоқпын. Нұрбанк менеджерлерін ұрлаудың идеологы да мен болған жоқпын. Және мен осының барлығын дәлелдеуге тырысамын.
қатысты Қазақстан президенті де моральдік жауапкершілік тартады, сонымен бірге бұл үшін мен де моральдық жауапкершілік тартамын.

– Осыдан бірнеше ай бұрын Қазақстанның телеарналарында «Рахат Әлиев: күл-талқан болған қастандық» атты фильм қайта-қайта берілді. Онда Қазақстан жағы, керісінше, болжанып отырған ауыр қылмыстарға байланысты жауапкершілікті сізге артқан. Бұның барлығының негізінде сіздің билікке құмарлығыңыз жатқан, Әлнұр Мұсаев Рахат Әлиевтің мінезін зерттеп, оны пайдаланып, сол арқылы билікке келмек болған деп көрсетті. Сіздің қызметіңізге деген ресми көзқарас осындай болды.

– Дәл осы насихаттық науқан, әрине, мені де ерекше алаңдатты. Мен бұл істің анық-қанығына обьективті түрде жетудің әрекеті емес, турасын айтсақ, кінәні арта салатын адамды іздеу әрекеті екендігін түсіндім.

Және соңғы кезеңде, енді осында, Аустрияда бұл мәселедегі саяси кінәлі адам іздестірілуде. Мен ешқандай мемлекеттік төңкерістің идеологы болған жоқпын. Нұрбанк менеджерлерін ұрлаудың идеологы да мен болған жоқпын. Және мен осының барлығын дәлелдеуге тырысамын.

МҰСАЕВҚА ДЕЙІНГІ, ОНЫҢ КЕЗІНДЕГІ ЖӘНЕ ОДАН КЕЙІНГІ ҰҚК

– Сіз қазақстандық соттың обьективті болатынына үміт артатыныңызды айтасыз. Бірақ сіз мәжбүрлі жағдайда бірнеше жыл бойы өмір сүріп жатқан Батыста, демократиялық елдерде қазақстандық сот жүйесінің обьективтілігіне күмәнмен қарайды. Онда қазақстандық арнайы қызметтің зорлық-зомбылықты қолданатыны, қылмыстық істерді қолдан жасайтыны айтылады. Қазақстандық арнайы қызметтің бұл жағы туралы не айта аласыз?

– Білесіз бе, мен өзім де Қазақстандағы мемлекеттік жүйе құрылысының бастауында болдым. Жалпы бүгінгі күнде қалыптасқан саяси жүйе менің қатысымсыз жасалған жоқ. Мысал ретінде мен сіздердің таяуда Бектасовтан алған сұхбаттарыңызды айта аламын.

– Иә, иә, бұл кезінде оппозициялық қозғалыстар мен ұйымдардың мониторингімен айналысқан Әлихан Бектасов. Оппозиция басшылары оның өздеріне қарсы репрессияны ұйымдастырғанына шағымданады.

– Міне, оны мысалға келтіре отырып, пайда болатын проблемаларға қарамастан Қазақстанның мүддесін, осы жүйенің мүддесін қорғап жүрген бұл адамға құрметпен қарайтынымды айтқым келеді. Турасын айтайық, осының бәріне қарамастан ол өзінің азаматтық, саяси ұстанымын өзгертпейді. Білесіз бе, мен де сондай шынығудан өткен адаммын.

Соңғы екі жылда менің атыма айтылған айыптауларға, маған қарсы Қазақстанда кеңінен етек жайған үгіт-насихат науқанына қарамастан Қазақстанның құрылымына, билігіне байланысты саяси көзқарасымды өзгерткен емеспін. Қазақстан ілгерілеп, дамып келеді деген сол баяғы пікірімде қаламын. Қандай да бір демократиялық өзгерістер бар деп айтпай-ақ қояйын, бірақ бүгінгі уақытта, қазіргі жағдайда Қазақстан өте оңтайлы, саяси позицияда тұр деп ойлаймын.

– Бірақ соған қарамастан Қазақстан оппозициясы қазір де арнайы қызметтің Қазақстан заңдарын бұзатынын, олардың ұлттық қауіпсіздікті емес, Назарбаев режимінің мүддесін қорғайтынын айтады.

– Иә. Мұндай асыра сілтеу бар және оны кез-келген адам көріп, біліп отыр. Бұл жерде ешқандай жаңалық жоқ. Бүгінгі таңдағы Қазақстанның саяси құрылымындағы кез-келген өзгерістердің қандай да бір саяси өзгерістерге әкеле алмайтынын айта кету керек. Сондықтан ылғи да құқықтық бағытты басшылыққа алып және барлық мәселелерді құқықтық тұрғыда шешу керек.

Мен белгілі бір уақытта билікте болып, оны қорғаған, оппозицияға кеткеннен кейін өз көзқарасын өзгерткен саясаткерлердің позициясын сынамаймын. Олардың көбісін сіздер білесіздер. Қазақстандағы оппозициялық қозғалыстардың көптеген басшылары осындай адамдардан құралған. Бірақ мен өзімнің моральдық және адамдық танымыма байланысты мұндай жолға түсе алмаймын.

– Қазақстанның арнайы қызметін, соның ішінде ҰҚК-ін тек оппозиция басшылары ғана емес, кейде осы жүйенің адамдары да сынайды. Мысалы, генерал Сәт Тоқпақбаев, қазір ол парламент депутаты, бір кездері ол арнайы қызметтің телефон әңгімелерін тыңдау тәжірибесін қолданатынын сынға алған болатын. Сондай-ақ ол телефонының тыңдалып, өзіне психологиялық қысым жасалып жатқанына шағымданған-тұғын.

– Мен адам құқы бұзылуының, тамырын тереңге жіберген сыбайласқан жемқорлықтың жаңалық болып табылмайтынын айтқым келеді. Оны адамдардың бәрі көріп отыр. Мен де көріп отырмын. Сыбайласқан жемқорлықпен күресу қажет. Сол ҰҚК- де адам құқы бұзылады және соңғы уақытта бұл ахуал күрделеніп кетті.
Мұның немен байланысты екенін мен білмеймін. Бірақ адам құқы жаппай бұзылып, күштік құрылымдардың өктемдігі зорайып, құқықтары көбейіп, қысым жасау мүмкіндігі күшейіп барады.


Мұның немен байланысты екенін мен білмеймін. Бірақ адам құқы жаппай бұзылып, күштік құрылымдардың өктемдігі зорайып, құқықтары көбейіп, қысым жасау мүмкіндігі күшейіп барады. Обьективтілік жоқ.

Қазақстанда лауазымы жоғары қызмет атқарған кезімде президент Назарбаевтың елде қалыптасып келе жатқан тепе-теңдікті мұқият бақылағаны менің жақсы есімде. Заңнаманы өзгерту арқылы, ҰҚК-нің материалдық-техникалық қамтылуын күшейткім келген әрекеттерім күштік құрылымдардың күшейіп кетуінен қауіптенген Назарбаев тарапынан қолдау тапқан емес. Бүгінде бұл тепе-теңдіктің бұзылғаны анық байқалып тұр және күштік құрылымдар ең алдымен ҰҚК мүлде құқықтық алаңнан шығып кетіп, ұлттық қауіпсіздік мәселесін күштік тәсілдермен шешіп жатыр.

– Бұл тұрғыда Қазақстанның кейбір бұқаралық ақпарат құралдары ҰҚК төрағасы қызметіндегі сіздің ізбасарыңыз Нартай Дүтбаевтың жасырын жағдайда біршама уақыт «құпия пәтерлердің» бірінде тұтқында болғанын, қазір кезекті қызметінен алынғанын жазды. Осы құпия пәтерлер туралы сіз не айтасыз? Сіз комитетті басқарып тұрғанда ондай пәтерлер болды ма?

– Бұл толығымен заңға қарсы іс-әрекеттер, соңғы жылдары, нақтырақ айтқанда, Нұрбанктың басқарушыларын ұрлауға байланысты іс қозғалған соң пайда болды. Менің көптеген таныстарымды да сондай пәтерлерде ұстады. Мен бұны барлық заңды және моральдық нормаларды бұзудың шектен шыққан көрінісі деймін.

Білесіз бе, ұлттық қауіпсіздік қамтамасыз ету кезінде жедел мәселелерді шешу барысындағы айрықша мүмкіндіктерге ие арнайы қызметтер әрдайым құқықтық тұрғыда жұмыс істеудің әдістерін таба білетіндігімен ерекшеленетін. Бүгінде бұл бұзылды, ең қарадүрсін, ең оңай жол – адамның мүмкіндігін шектеу таңдап алынды, ол тұтқын емес, бірақ толықтай арнайы қызметтердің қарамағында отыр. Әлемде ешбір арнайы қызмет, дәл сол СССР КГБ-сының өзі бұндай іс-әрекетке барып көрген емес.

– Әйткенмен сіз ҰҚК төрағасы болып тұрған кезіңізде сіздің жұмысыңызға да аз сын айтылған жоқ. Оппозициялық саясаткерлер арнайы қызметтер заңға қайшы іс-әрекеттерге барады деп шағымданатын. Мысалы, телефондарды заңсыз тыңдау, тіпті ондағы әңгімені «Караван» газетінде жариялау. Оппозиция басшыларын митингке барғызбас үшін олар тұратын пәтерлердің есігіне бетон да құйып тастады.

– Мен бір нәрсені нық сеніммен айта аламын. Бұл істердің барлығына да – иттің басын іліп кетуге, есіктерді бетондап тастауге – ол кезде ҰҚК-нің қатысы болған емес. Бұның барлығы мүлде басқа адамдардың – оларды үшінші күш деп атайық, – солардың қолымен жасалды.

Мен ол істерді кім және қалай жасағанын жақсы білемін, бірақ бүгін ол туралы айта алмаймын. Мен дәл сол кезеңде Қазақстанның ҰҚК құқықтық шеңберде жұмыс істеді және сол шеңберде болуға тырысты дегенді қадап айтқым келеді. Мен барлығы да тамаша болды демеймін. Иә, адам құқығын бұзу оқиғалары, қандай да бір қуғын-сүргін болғаны рас. Бірақ, қараңыз, ол кезеңде оппозиционерлерді ашықтан ашық, арсыздықпен өлтіру болған жоқ, оның бәрі 2002 жылғыдан кейін басталды.

– Сіз өзіңіз білетін адамдардың аты-жөнін атап айтпасаңыз да болады. Бұл істерге қандай да бір мемлекеттік құрылымдардың араласы болды ма?

– Жоқ. Егер ол мемлекеттік құрылым болса, мен шара қабылдап, істің анық-қанығына жетер едім. Үшінші күштің ерекше дамығаны, оның қалай әрекет жасайтыны, неге өйтетіні есіңізде болар. Бұл енді құқықтық алаңнан тыс ішкі саяси күрестің тетіктері.

– Сол кезде тіпті ҰҚК-нің де шамасы келмеген үшінші күш қалай пайда болды?

– Түсінесіз бе, ол уақытта Назарбаевтың өзіне саяси қысым жасауға мүдделі адамдар көп болатын. Үшінші күш – ол нақты бір адамдар, партия немесе қозғалыс емес. Ол – Назарбаевтың айналасындағы элитадағы адамдардың уақытша ымыраласуы, оның құрамы өзгеріп отырды. Оған әртүрлі тұлғалар кіруі мүмкін еді.

Алайда нақты жайттар бойынша кімдердің болғаны белгілі. Және дәл сол иттің басын іліп кету немесе есіктерді бетондап тастау оқиғаларынан кімдердің зардап шеккенін де оны істегендер жақсы білді.

АЛТЫНБЕКТІҢ ҚАЗАСЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ

– Міне, Қазақстанда бұдан да жаңа, бұдан да ірі құпиялар бар. Сіз олардың – оппозициялық саясаткерлердің өлімі болып табылатынын атадыңыз. Солардың ең ірісі арасына үш ай салып мерт болған Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімі. Сіздің ойыңызша, бұл өлімдердің артында қандай күштер тұруы мүмкін?

– Мен бұл қылмысқа бүгінгі Қазақстанда өмір сүріп жатқан биліктің және өздеріне аса ерекше биліктік кепілдік, байлық алғысы келетін және Назарбаевтың позициясына ықпал еткісі келетін тұлғалардың мүддесі араласқан деп санаймын.

– Бірақ сіздің ұлттық қауіпсіздік органы қызметіндегі ұзақ жылдан бергі әріптесіңіз Рахат Әлиев сіздің де есіміңіз аталып, сілтеме жасалатын атышулы «Өкіл қайын ата» кітабында Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне Қазақстандағы лауазымы жоғары тұлғалар кінәлі деп санайды. Билікке ұмтылып жатқандар емес, ұзақ жылдан бері билікте отырғандар және одан айырылып қалғысы келмейтіндер.

– Мен дәл қазір Рахат Әлиевте бар бұл материалдарды, нақты құжаттарды, нақты телефон тыңдауларын көрдім. Негізі бұл мәселе бойынша расында да арнайы тергеу жүргізу керек. Әрине, оның Батыста жүргізілгені дұрыс болар еді. Менің ойымша, бұған барлық негіздер мен мүмкіндіктер бар.
Мен дәл қазір Рахат Әлиевте бар бұл материалдарды, нақты құжаттарды, нақты телефон тыңдауларын көрдім. Негізі бұл мәселе бойынша расында да арнайы тергеу жүргізу керек. Әрине, оның Батыста жүргізілгені дұрыс болар еді.


Онда бұл қылмысқа лауазымы жоғары бір тұлғаның қатысы бар екенін дәлелдейтін нақты материал бар. Мен, әрине, Өтембаевты айтып тұрған жоқпын.

– Оның үстіне ол кезде Ержан Өтембаев Қазақстандағы лауазымы жоғары тұлға болған жоқ.

– Иә, ол аппарат сенатының басшысы болды.

2001 ЖЫЛҒЫ ҚҰПИЯЛАР

– Және соңғы сауал, Әлнұр мырза, сіз осы сұхбатыңызда 2002 жылды айтып қалдыңыз. Бұл жерде сіз 2001 жыл мен 2002 жылды бөле-жара атағандай болдыңыз. Ол уақыт Қазақстан тарихында бетбұрыс кезең болды, содан кейін сіз бен Рахат Әлиев алғаш рет отставкаға кеттіңіздер. Сонымен 2001 жылы не болған еді?

– Сол кезге қарай Рахат Әлиевтің саяси амбициялары барынша айқын білінген болатын. Оның биліктің ұшар басына көтеріліп, мемлекеттің тізгінін иемденгісі келетіні аңғарылды. Мен бұл жерде ол президент немесе сол сияқты болғысы келді деп отырғаным жоқ. Алайда оның Қазақстанда өз ықпалын одан сайын күшейтуге ұмтылғанын барша жұрт байқаған-ды.

Дәл сондай мүмкіндіктерге ұмтылған көптеген адамдар ең алдымен Рахат Әлиевтің билікке деген дәмесін президент Назарбаевқа жеткізуге тырысты. 2001 жылдың қарсаңында, шамамен соңғы екі-үш жыл ішінде осының барлығы президенттің құлағына құйылып жатты.

2001 жылға қарай президент шынымен сақтана бастады, ол кезде Рахат Әлиев бұқаралық ақпарат құралдары мен құқық құрылымдарына зор ықпал жасайтын, қаржы мүмкіндіктері мол тұлғаға айналып үлгерген еді. Билікті басып алудың коммунистік сипаты сізге жақсы мәлім болар: ол почта, телеграф және темір жолды бақылауға алу. Ленин осылай деп айтқан болуы керек. 2001 жылға қарай Рахат құқық құрылымдары мен бизнеске ықпал жасап, телеарналарға иелік етті.

Менің көз алдымда президент Назарбаев сол кезде жас түркілер деп аталған адамдарды өзіне шақырды. Олар – Әбілязов, Жақиянов, Жандосов пен Сәрсенбаев болатын. Президент оларға: «Міне, елде әскери төңкеріс болғалы жатыр, күш құрылымдары тізе батыруда, сондықтан елді демократиялық жолға бастап, оларға қарсы тұру керек» деп турасын айтты.

Президент Назарбаев бұл адамдарға елді диктатурадан сақтап қалуды тапсырғанын мен жақсы білемін. ҚДТ (ДВК), Демократиялық таңдау қозғалысы атауын президенттің өзі ойлап тапқан болатын.

Бұл адамдарды қарсылық танытуға итермелегенімен, сол кезде оларға ешқандай қолдау жасамады. Керісінше, Жақиянов пен Әбілязовты түрмеге отырғызды, барлығын тырқыратып қуды.

Бұл уақытта мен Қауіпсіздік кеңесіндегі барлық қызметтерден, президенттің Күзет қызметі бастығы жұмысынан кетуге рапорт бердім. Мен мемлекет мүддесі үшін қызмет етуге тиіс адамдарды бір-біріне айдап салатын жағдайда жұмыс істей алмайтынымды айттым.

– Алайда сол кезде оппозицияның болашақ лидері Жақиянов пен оның жақтастары Рахат Әлиев Назарбаевтың беделіне нұқсан келтіретін қызмет атқарып жатыр деген еді ғой. Оның сондай бір әдісі ретінде сол кезде танымал болған «Азиопа» сайтын да атады. Олар бұны Рахат Әлиевтің ұйымдастырғанын, ол жұмысты ірі журналистер атқарып отырғанын дәлелдеумен болды. Және солардың бірін – Данияр Әшімбаевты дабырамен тұтқындады. Оны тұтқындауға қалалық полиция бастығы генерал Қасымовтың өзі келді.

– Мен Жақияновтың, Әбілязовтың, Сәрсенбаевтың мемлекет алдында сіңірген еңбектерін жоққа шығарғым келмейді. Бірақ тағы да айтайын: сонда да, бұл дағдарыстың бас дирижері Назарбаев болды. Соның сілтеуінен соң ғана олар ресми, ашық түрде Рахат Әлиевке қарсы шықты.

– Жағдай ушығып, қатерлі сипат алды ғой. Қазақстанның жаңа тарихын зерттеп жүрген кейбір талдаушылар осы текетіресте тіпті екі тарап қарулы қақтығысқа баруға сәл қалды деп жазды. Сол жолы бақайшағына дейін қаруланып алып, әлдебір бункерге тығылып, атысудан тайынбайтынын айтқан Рахат Әлиевтің жанында сіз де болды деген әңгімелер айтылды.

– Мен ешқайда тығылған жоқпын, ол кезеңде өзімнің жұмыс орнымда – президент Назарбаевтың жанында болдым, мен оның Күзет қызметін басқардым.

Сол кезде Рахат Әлиев, саяси дәмесі тұмсығымен тас иіскеген соң, ол шынымен бассауғалап қашып, бір елшілікке, шетелге тығылды. Назарбаевтың жеке тапсыруы бойынша мен оны чартермен Астанаға алып келдім. Содан кейін президент Рахат Әлиевті өз жанында қалдыратыны, ол менің бірінші орынбасарым болып тағайындалатыны, жағдайдың қалыпты екендігі туралы мәлімдеме жасады.

Тиісінше, әрқашан президенттің өзіне жұмыс істегені туралы Рахат Әлиевтің де мәлімдемесі жасалды. Ол президентке, Қазақстанға қарсы саяси әрекеттерге бармайтыны туралы айтты. Рахат ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары қызметінен президенттің күзет қызметі бастығының орынбасары болып ауыстырылды. Ал мен болсам, мемлекеттік және әскери қызметтерден өз еркіммен кететінім туралы рапорт жазып тапсырдым.

– Әлнұр мырза, сұхбатыңыз үшін рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG