Accessibility links

Алтынбектің рухына тағзым еткен пікірлестері оның қазасын қайта тергеуді талап етіп, Назарбаевқа үндеу жолдады


Алтынбектің денесі үш жыл бұрын осы жерден табылған еді.Алматы, 11 ақпан, 2009жыл.

Алтынбектің денесі үш жыл бұрын осы жерден табылған еді.Алматы, 11 ақпан, 2009жыл.

2006 жылы ақпанның 11-і күні Алтынбек Сәрсенбайұлы екі көмекшісімен бірге қасқүнемдердің қолынан қаза тапқан болатын. Бүгін оппозиция жетекшілері Алтынбекпен оның көмекшілерінің және Нұрқаділовтің өлтірілуіне қатысты істерді қайта қарауды талап етті.

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның екі көмекшісіне құран бағыштап болған соң марқұмның үзеңгілес достары, туыстары қайраткер туралы естеліктерімен және елдегі саяси ахуал жайында ой-пікірлерімен бөлісті.

Олар Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның көмекшілерінің қастандықпен өлтірілуіне байланысты қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстарын қайта жүргізуді талап етіп, Қазақстан президентіне жолдаған мәлімдемесін ақпарат құралдарына таратты. Шара соңында жиналған жұрт Кеңсайдағы зират басында есіл азаматтарға қастандық жасаған жауыздарға лағынет айтып, аспанға қара шар ұшырды.

Оппозициялық «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілов Алтынбек пен оның серіктерін өлтіруге нақты тапсырыс бергендер әлі табылған жоқ деп санайды.
"Азат" партиясының төрағасы Болат Әбілов. Алматы, 11 ақпан, 2009 жыл.


- Әрине, бұл жан түршігерлік қылмыстың нағыз тапсырыс беруші адамдардың әлі табылмағанына біз сенімдіміз, олар әлі күнге дейін тиесілі жазасын алған жоқ. Олар Астананың биік кабинеттерінде отыр немесе қазір жасырынып жүрген Рахат Әлиевтің де өзі болуы мүмкін. Біз тергеу жұмыстарын қайтадан жаңғыртып, әділетті өтуін талап етіп отырмыз. Және біз оған сенеміз де. Себебі, мұның барлығын Ержан Өтембаев Ибрагимовпен бірге Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен арнайы бөлімшені іске қосып, ұйымдастырды дегенге ешкім сенбейді. Әрине, біз мұнымен қатар Заманбек Нұрқаділовтың өліміне қатысты қосымша тергеу жұмыстарының жүргізілуін де талап еттік, - деді Б.Әбілов.

Алтынбек Сәрсенбайұлының әріптесі Ораз Жандосов елдің саяси жүйесінде Алтынбектің орны үңірейіп тұрғанын айтады.

- Алтынбек секілді тұлғалар өмірде өте сирек. Оның мына дүниеден өтіп кеткеніне мойынсұну өте ауыр тиді. Ол туралы естелік- очерк жазсам ба деген жоспарым бар, - деді О.Жандосов.

Қоғам қайраткері туралы көрме өткізбек болып, бүгінгі таңда біраз тосқауылдарға ұшыраған Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы болса, күнді көлегейлеуге болмайтыны секілді, шындықты да жасыру мүмкін емес екенін айтады.
Әріптестері мен үзеңгілестері Алтынбектің бейіті басында құран бағыштады. Алматы, 11 ақпан, 2009жыл.


- Биыл біз бұл оқиғаға байланысты фотожурналистердің көрмесін өткізгелі отырмыз. «21 ғасыр – тар жол, тайғақ кешу» деп аталады. Көрменің суреттері, мәтіндері толығымен дайын. Оны Орталық мұражай қабылдап алған болатын. Бірақ, көрмені ақпанның 13-і күні өткізу мәселесі әлі шешілмей тұр. Мұражай басшылығы жалтақтап жоғарыға қарайтын сияқты. Сурет, қанша дегенмен, бұлтартпайтын ақиқат, шындық. Сурет - өмірді қаз-қалпында көрсететін нәрсе. Бұл суреттерде өмірдің өзінің шындығы тұр. Қазақстандағы демократияның, әлеуметтік жағдайдың ахуалы қаншалықты екенін көрсетеді. Сондықтан, сол шындықтың жұртқа жария болғанынан, көзге түскенінен қорқып, жасқаншақтап отырған жағдайлары бар, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG