Accessibility links

Ардақ Әмірқұлов кино әлеміне Гүлсарымен қайта оралды


"Ардфильм" ЖШС-нің директоры,режиссер Ардақ Әмірқұлов. Алматы, 3 қараша, 2008 ж.
"Ардфильм" ЖШС-нің директоры,режиссер Ардақ Әмірқұлов. Алматы, 3 қараша, 2008 ж.

Қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсары» повесінің желісімен түсірілген қазақ режиссері Ардақ Әмірқұловтың «Қош бол, Гүлсары» картинасы жақында көрермендермен қауышады.

«Қош бол, Гүлсары» фильміне бас-аяғы 105 млн. теңге қаржы жұмсалыпты. Басты рөлде қырғыз актері Доктурбек Қыдырәлиев ойнаған фильмнің 15 данасы орысша, 5 данасы қазақ тілінде таратылып, Қазақстанның барлық кинотеатрларында 5 қарашадан бастап көрсетілмек.

Осыған дейін «Отырардың күйреуі», «Абай» фильмдерін түсірген режиссер Ардақ Әмірқұлов соңғы жылдары кино саласында көрінбей кеткен болатын. Режиссер он жыл бизнеспен шұғылданып, кәсібі пайда бере бастаған соң, қайтадан киноға оралған екен. Бизнесі — асыл тұқымды жылқы түрлерін өсіру екенін өз аузынан естідік. Және кинодағы Гүлсары атты жылқыны сомдауға Ардақ Әмірқұловтың жекеменншік жылқы фермасындағы «Гарпун» деген тұлпары түсіпті.
Аталған кинокартина қыркүйек айында Астанада V халықаралық «Евразия» кинофестивалінде бас жүлдені алғанына қарамастан, режиссердің халықаралық деңгейдегі фестивальдерге қатысуға құлқы жоқ екен.

— Алғаш кино түсіре бастаған жас кезімізде халықаралық кинофестивальдерге қатысуға деген құлшынысымыз зор еді. Қазір киноны көрерменге жеткізсек деген ой ғана бар. «Қош бол, Гүлсарыны» еуропа көрермендері көрсе, коммунизмнің өткен тарихы деп қабылдайды. Ал, біздің көрермендер коммунизмге назар аудармайтынын байқадым. Себебі, коммунизмді біз өзіміз көрдік қой. Сондықтан да біздің көрермендерді кинодағы кейіпкерлердің тағдыры және олардың іс-әрекетінің бүгінгі күнмен сабақтастығы қызықтырады, – дейді Ардақ Әмірқұлов,
«Қош бол, Гүлсары» повесін түсіруді қолға алған кезде Шыңғыс Айтматовтан рұқсат сұрадық. Ол кісі киноның түсіру жұмыстары аяқталғанын естіді. Бірақ, фильмді толық нұсқасында көре алмай кетті. Ал, «Қош бол, Гүлсары» повесін таңдағаным кездейсоқтық емес. Бұл шығарманы бала кезімнен жақсы көремін.

Талантты қазақ актерлері бола тұра, «Қош бол, Гүлсары» фильмінің басты рөлі неліктен қырғыз актері Доктурбек Қыдырәлиевке бұйырғанын режиссер А.Әмірқұлов түсіндіруге тырысып бақты.
— Қазақстанда кино аз түсіріледі. Сондықтан киноактерлер таңдау бізде қиындау. Ал, Доктурбекпен мен бұған дейін де «Отырардың күйреуі» фильмінде бірге жұмыс істегенмін. Ат үстінде жасалатын қимыл-әрекеттерді, болмаса басты кейіпкердің басқа да мінез-құлқын Доқтурбек ойдағыдай алып шығатынына сценарий жазылып жатқан кезде-ақ сенімді болдым.

Айтпақшы, бұл киноға қазақ актерлерінен көрермендеріне «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожа бейнесі арқылы жақсы таныс Нұрлан Санжар және жас актриса Жанел Мақажанова түскен екен.

Санжар Қожадан кейін экраннан көрінбегенімен, кино саласынан алыстамаған Нұрлан 10 көркем фильмнің, 5 деректі картинаның сценарий авторы.

«Қазақфильм» киностудиясының кинопрокат бөлімінің бастығы Салтанат Жекебаеваның сөзіне сүйенсек, «Қош бол, Гүлсары» көркем фильмі желтоқсан айында DVD дискіде 1000 данамен таратылмақ. Егер сұраныс туып жатса, көшірме данасы көбейтіледі екен. Сонымен бірге, 20 қарашадан бастап режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Мұстафа Шоқай» фильмі 20 данасы орысша, 5 данасы қазақша таратылып, Қазақстан кинотеатрлары бойынша көрсетілімге шығарылмақ көрінеді.
XS
SM
MD
LG