Accessibility links

Капиталға рақымшылық жасау — Қазақстанды жекешелендіріп алудың бір амалы боп шықты


Кредиттік карточкалар салынған әмиян.

Кредиттік карточкалар салынған әмиян.

2001 жылғы 14 маусымда Қазақстанда капиталға рақымшылық жарияланды. Халық билікке сенбеді және, шын мәнінде, қарапайым жұрттың қайтаратын да ештеңесі жоқ еді.

АЩЫ ШЫНДЫҚ АҚШАНЫ ЕЛГЕ ҚАЙТАРУҒА МӘЖБҮРЛЕДІ

Жоқ, «бәріміз бірдей Гогольдің «Шинелінен» шықпаған екенбіз. 2001 жылғы 14 маусымды Қазақстандағы маңызды санаулы күн деп есептейтіндер де бар екен. Тура сол күні барлық қалтарыс-көлеңкедегі және заңсыз ақшаларға рақымшылық жасауды көздейтін, «Қазақстан Республикасының ақша заңдастырған азаматтарына рақымшылық жасау туралы заң» деген әдемі де әсерлі атаумен арнайы заң күшіне енді.

Ондаған жылдар бойы елден сыртқа қыруар қаржы кетіп жатты және іс жүзінде бұл бұрынғы советтік елдердің бәрінде бар жағдай еді.

Бұған қоса аса көп ақша ел ішінде шөгіп қалды, ал жұрт болса ақшасын отандық банктерге салуға асықпады. Сол кездің өзінде-ақ халық пен билеушілер арасында сенімсіздік қалыптасқан еді. Дәл осындай жағдай Украина, Ресей, Грузия, Әзірбайжан елдерінде де орын алды.

2001 жылдың жазында Қазақстан бұрынғы советтік елдердің ішінде бірінші болып, азаматтардың режимге деген жаппай күдігін жою мақсатымен, халықты қаржылық ынтымақтастыққа шақырды.

Ащы шындық ақшаны елге қайтаратын батыл қадамдарға баруға мәжбүр етті. Өйткені, сол кездің өзінде, мамандардың есептеуі бойынша, Қазақстанда инвестициялық мүмкіндіктердің 25 пайыздайы ғана пайдаланылған еді.

Басқа қаржының бәрі елдің ішінде қолма-қол айналымда жүрген долларлар болатын. Және де ақшаның басым бөлігін кәсіпкерлер Қазақстанның сыртына тасып жатты. Сенімге ие болу – күн тәртібіндегі шешуші мәселе болды.

Ұлттық банктің ресми мәліметі бойынша, 1999 жылы 650 миллион долларға жуық сома елден сыртқа жосылған.

Бұл сан да жұрт көңілінде күмән туғызғандықтан, мемлекетке деген сенім одан сайын сарқыла түсті. Жоғарыдан төмен, төменнен жоғары қарай көзбояушылыққа құрылған баяғы советтік тәжірбие көзге ұрып тұрды.

Қазақстан үкіметі ақылға сыймайтын қадамға барды — халықтан бітім сұрады. Бір қарағанда, үкімет қолындағының бәрін жасағандай еді. Арнайы заң қабылданып, ол бойынша «экономикалық айналымнан шығарылған және есепке алынбаған ақшаны заңдастыруға бағытталған айрықша бір реттік (20 күнге есептелген) шарасын өткізу керек болды.

Заң экономика саласында жекелеген бір құқықбұзушылықтарды жасаған тұлғаларды жауапкершіліктен босатты. Әрі ол рақымшылық тек Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның Қылмыстық кодексінің де бірқатар баптарын қамтыды.

Ол баптардың қатарында заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банктік қызмет, жалған кәсіпкерлік, салық төлеуден жалтару, т.б. бар еді».

КӨЛЕҢКЕДЕГІ НЕГІЗГІ КАПИТАЛ ШЕТЕЛДЕРДЕ ҚАЛДЫ

Құлақ естіп, көз көрмеген соншалықты ғажайып ұсыныстың халыққа әсері қандай болды? Ондай ашықтыққа советтік билік ешқашан, ешбір жағдайда бармап еді ғой!

Бұрынғы алып елдің тарихында билік халыққа «терезесі тең дәрежеде» тек бір рет қана үндеу тастағаны бар-тын. Ондай жағдай гитлершілдер Совет Одағына басқыншылық соғыс ашқанда ғана болып еді. Ел басына күн туған сол бір кезде Сталин халыққа арнаған тарихи сөзін «ағайын-бауырлар мен апа-қарындастар» деп бастаған болатын.

Ал енді капиталды ел экономикасына қайтаруға үндеген өз үкіметінің шақыруына қазақстандықтардың жауабы қандай болды?

Елдің жауабы бір ай өткенде-ақ айтарлықтай белгілі болып қалды. Ресми адамдар елге үш миллиард долларға дейін қайтуы мүмкін деп болжам жасаған-ды. Ал, іс жүзінде ондай соманың тек 15 пайызға жуығы ғана заңдастырылды. Жалпы сома 480 миллион доллардан аспады.

Салымдардың басым бөлігі – 90 пайызы дерлік – шекараның сыртынан емес, елдегі жұрттың қолындағы ақшадан түсті.

Мұны Ұлттық банктің басшысы Григорий Марченконың өзі де мойындаған еді. Яғни, көлеңкедегі негізгі капитал шекараның сыртында қалуды жөн санады.

КАПИТАЛДЫ ЗАҢДАСТЫРУДЫҢ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРБИЕСІ

Көлеңкедегі капиталды заңдастыру, әлбетте, әлемдік тәжірбие үшін жаңалық емес. Мұндайды Ұлы күйзеліс кезеңінде Франция мен АҚШ тәрізді алып елдер де басынан өткерген. Мұндай әурешілік Аргентина, Үндістан, Ирландияның басында да болған.

Бұрынғы советтік елдер Қазақстанға қарап, бірдеңелерді заңдастыруға талпынып көрді, бірақ, әдеттегіше, ол айтарлықтай нәтиже бермеді.

Қазақстан үшін Түркияның тәжірбиесі қызығуға тұрарлық еді. Түрік экономикасының 40 пайызы көлеңкедегі бизнестің құрсауында болатын. Ол ел 1998 жылы жасырын капиталға рақымшылық жариялады. Соның нәтижесінде көлеңкедегі айналымнан 20 миллиард долларға жуық қаржы заңды айналымға қайтты. Түріктер өз билігіне сенуден қорықпады.

АВТОКРАТИЯНЫҢ ЗАҢНАН ЖОҒАРЫЛЫҒЫ


Алайда қазақтар түріктердей емес. 2001 жылғы маусым-шілде уақытында Қазақстандағы заңдастырылған ақшалардың жай-жапсары әлі күнге дейін бұлыңғыр. Рақымшылық аяқталысымен-ақ заңдастырылған миллиондар қайтадан шекара асып кетті деген сыбыстар шықты.

Таразыны тағы да сенімсіздік басты. Сол кезде бұл мәселе белсенді жұмыс істейтін кәсіпкерлер мен аласапыран кезеңді пайдаланып небір айла-шарғымен үлкен капитал жасағандарға ғана емес, қатардағы азаматтарға да қатысты болды. Халық советтік билік кезінде бекітілген заңға қалай сенбесе, тура солай, қазіргі билікке де сене алмайтынын білдірді.

Ең бастысы – сол жаппай сенімсіздік бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Ол қарасы өшкен советтік дәуірмен бірге кетпеген екен.

Және де, сол сенбеушіліктің неден пайда болатыны да бүкіл әлемге баяғыдан мәлім. Ол қоғамда заң мен құқық үстемдігі анық жоқ дегенді білдіреді. Советтік заманда бұлардың орнына идеологияның, саяси мақсаттың үстемдігі жүрді, ал бүгінде идеологияны автократияның үстемдігі ауыстырған.

Заң емес, нақты бір билеушілер басқаратын заман. Түгел сөздің түбі барып тірелетін, түпкілікті шешім айтатын да солар.

ЖОҒАРҒЫ БИЛІК СЕНІМНЕН ЖҰРДАЙ

Қазақстанда барлық мәселеге қатысты түпкілікті шешім қабылдаушы кім екенін елдің бәрі біледі. Барлығы бәрін дұрыс түсінеді. Оның үстіне, ақша дегенің бақылаудан тыс, еркіндікте болғанды қалайды емес пе?

Қаржы полициясы мен ҰҚК құрамындағы даңқты қазақстандық ревизорлар апта сайын дерлік ірі басқарушылардың үстінен іс қозғап жатқанда, төмендегілер мен жоғарыдағылардың арасында өзара сенімге құрылған әңгіме қайдан болсын?

Ал, айтылып жатқандарға онша сене бермейтін көпшілік мұны айтқанға көніп, айдауға жүрмейтін, болашақта бақталасқа айналуы мүмкін қайраткерлерден тазалау деп бағалайды.

Сол себепті де, әлі күнге дейін көлеңкедегі ұлан-асыр капиталды заңдастыруға бағытталған кез-келген талпыныс, сол баяғы 2001 жылғы 14 маусымда жүргізілген заңдастыру секілді, нәтижесіз болып қала бермек.

Әу бастан-ақ қазақстандық қоғам ол рақымшылықты биліктегі жоғарғы бюрократтардың өз жинақтарын заңдастырып, құжаттандырып алуға деген талпынысы деп білді.

Олардың кейбіреуі тіпті, америкалық «Форбс» журналының шамалауы бойынша, миллиардерлер тізіміне де енген. Мәселен, сондайлардың бірі бүкіл Қазақстанға танымал президенттің көмекшісі Болат Өтемұратов болды.

Жоғарғы билеушілердің әлгіндей талпыныстары кейіннен мүлікті заңдастыру кезінде де байқалды.

Биліктің жоғарғы сапы сенімнен ада ортаға айналды. Олардың да негізгі, қомақты ақшасын елден қашықта ұстауды жөн көретіні белгілі болғанға дейін қазақстандық билік басындағылар енді жұртты қанша қызыққа батырар екен?

Олар өз жағдайларының қаншалықты сенімсіз екендігін, шалқыған бай-батшадан құл-құтанға айналудың қаншалықты жылдам болатынын басқадан гөрі жақсырақ біледі.

Ал, мүмкін, капиталға рақымшылық жариялаудың негізгі өзегі солар шығар, олар көпшіліктің арасына тастай батып, судай сіңіп, елдің көзіне түспей, қалтарыста қалуды жөн көретін болар?

(Журналист Александр Народецкий бұл мақаласында өзінің көзқарасы мен байламын айтады. Ол Азаттық радиосының позициясымен сәйкес келмеуі мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG