Accessibility links

Пара алғаны сотта дәлелденбеген Анатолий Рябцев түрмеге отырғызылды


Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің бұрынғы төрағасы Анатолий Рябцев сот залында. Астана, 14 қазан 2009 жыл.

Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары жөніндегі комитетінің бұрынғы төрағасы Анатолий Рябцев сот залында. Астана, 14 қазан 2009 жыл.

Астанада ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы жауапты қызметкерлеріне сот үкімі шықты. Анатолий Рябцев төрт жылға жалпы режимдегі колонияға сотталды. Оның бұрынғы орынбасарлары Нұртай Каменов пен Әмірхан Кеншімов шартты мерзімге кесілді.


ҮКІМ

Дүйсенбі күні Астана қаласының №2 Есіл аудандық соты Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары жөніндегі комитетінің бұрынғы төрағасы Анатолий Рябцевтің ісі бойынша үкім шығарды. Сот Рябцевті Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша - «мемлекеттік қызметін асыра пайдаланғаны», «қызметте жалған ақпарат бергені» және «жалған құжат жасағаны» үшін айыпты деп таныды.

Қылмыстық істі қараған Астананың №2 Есіл аудандық сотының судьясы Айым Рысалина айыпкер Анатолий Рябцевті төрт жыл мерзімге бас еркіндігінен айыруға үкім шығарды. Ол жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтейтін болды. Сондай-ақ осы соттың үкімімен А.Рябцев бес жыл бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айрылды.

Сот үкіміне сәйкес, Анатолий Рябцевтің сотталу мерзімі 2009 жылдың 25 маусымынан бастап есептелетін болды.

Анатолий Рябцевке Қылмыстық кодекстің 307-бабында қарастырылған «қызмет бабын асыра пайдалану», 314-бабындағы «қасақана түрде ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу», 235-бабындағы «ұйымдасқан қылмыстық топты немесе қылмыстық қоғамдастықты құру және оны басқару», қылмыстық қоғамдастыққа қатысу және 312-бабындағы «пара беру» қылмыстарын жасаған деген айыптар тағылған еді.

А.Рябцев өзінің кінәсін жартылай ғана, 307 және 414-баптар бойынша ғана мойындады. Ол айыптаудың басқа тармақтары бойынша толығымен келіспеді.

Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы бірқатар баптар бойынша ақталды. Бұған дейін қаржы полициясы Рябцевке «пара берген»,
Есіл аудандық сотының судьясы Айым Рысалина.
сондай-ақ кувейттік несие ісіне қатысты «мемлекеттік қызметін асыра пайдаланған» деген айыптар таққанымен, сот төрешісі Айым Рсалина айыпталушыны бұл айыптар бойынша ақтап шықты.

Ал оның бұрынғы орынбасарлары Нұртай Каменов пен Әмірхан Кеншімов тиісінше екі және бір жыл мерзімге шартты жазаға кесілді.

Қаржы полициясы Анатолий Рябцевті 2009 жылы 18 наурызда мемлекеттік сатып алу тендерлерін өткізу барысында қызмет бабын асыра пайдаланған деген күдікпен қамауға алған болатын.

Айта кетерлік жағдай, бұрынғы комитет төрағасына қарсы қылмыстық істі ҰҚК қозғаған еді, бірақ прокуратура бұл істі қарауды қаржы полициясының органдарына қайтарған болатын.

РЯБЦЕВ СОТҚА РИЗАШЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Сот шешімі көпшілікке тосын болмағанымен, үкім шығарылғаннан кейінгі Анатолий Рябцевтің мәлімдемесі біраз адамды таңқалдырғаны анық: бұрынғы комитет төрағасы сотқа осындай үкім шығарғаны үшін алғысын білдірді.

- Мен сот әділ шешті деп есептеймін, сондықтан сотқа рақмет айтамын. Біз Сәтпаев каналына қатысты эпизодқа қатысты ғана шағым түсіреміз. Ал қалғандарының барлығы дұрыс, - деді Анатолий Рябцев.

Айыптаушы жақ Анатолий Рябцевті Қарағандыдағы Сәтпаев каналын қалпына келтіруге бөлінген қаржыны «талан-таражға салды» деп айыптаған болатын. Прокуратураның мәліметі бойынша, су комитетін басқарған уақытта Анатолий Рябцев 2006 жылдың басында Сәтпаев каналын қалпына келтіру жұмыстары үшін өткізілген мемлекеттік сатып алу байқауында 475 миллион теңге көлеміндегі тендерді өзінің жақын жолдасы, «ЮСТ» компаниясының директоры Елезаровқа алып берген.

Келісім-шартқа сәйкес, каналға сорғыш құралы орнатылып, қалпына келтіру жұмыстары 2006 жылдың қараша айына дейін аяқталуы тиіс еді.

Бірақ Анатолий Рябцев каналдағы жұмыс толық аяқталмай жатып, маусым айында-ақ тиісті құжаттарға қол қойып, «ЮСТ» компаниясына ақшаны толық аударған. Тексеру барысында 52 млн. теңге жоқ болып шыққан.

СОТТАЛҒАН ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕР ЖӘНЕ РЯБЦЕВ

Анатолий Рябцевтің ісі Қазақстанда сотталған ірі лауазымды шенеуніктердің тізімін толықтыра түсті. Бұған дейін, биылғы қараша айында «мемлекет қаржысын талан-таражға салған» деген айыппен қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов төрт жылға бас бостандығынан айрылып, оның орынбасарлары - Әлжан Брәлиев пен Зейнолла Сәрсембаев екі және үш жылға шартты мерзімге сотталған болатын.

Биыл көктемде «Қазатмопром» компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев ұсталды. Қараша айында оның ісі сотқа жіберілгендігі хабарланды.

Банк секторында үстілерінен қылмыстық іс қозғалған топ-менеджерлердің есімін ұзағынан тізіп келтіруге болады: Мұхтар Әблязов, Роман Солодченко, Марғұлан мен Ержан Сейсембаевтар, Дәурен Керейбаев, Жомарт Ертаев, Ерік Сұлтанқұлов және тағы басқалары.

Бұлардың көбісіне Қазақстанның заң орындары халықаралық іздеу жариялады.

Жалпы, істі болған топ-менеджерлердің тізімін осыдан бір жарым жыл бұрын "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Жақсыбек Күлекеев бастаған-ды. Сот Күлекеевті үш жылға бас бостандығынан айырды, жазаның жартысын қамауда өтеген ол биыл қараша айында шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

Бірақ Анатолий Рябцевтің бұл аталған кісілерден бір айырмашылығы бар: бұған дейінгі сотталған топ-менеджерлердің ешқайсысы ол секілді сотқа рақмет айтпаған еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG