Accessibility links

Наразы үлескер: «Енді нәтиже шықпаса, Канадаға көшем!»


Асқар Сүлейменов, Өзбекстаннан келген оралман үлескер. Астана, 1 қараша 2010 жыл

Асқар Сүлейменов, Өзбекстаннан келген оралман үлескер. Астана, 1 қараша 2010 жыл

Дүйсенбі, қарашаның 1-і Астанада аштық жариялап жатқан үлескерлер жоғарғы соттың алдында наразылық акциясын ұйымдастырды. Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбековтің қабылдауында болып қайтқан үлескерлер Қазақстанның бас судьясымен болған кездесудің нәтижесіз аяқталғанын айтады.


Дүйсенбі күні Астанада аштық жариялап жатқан үлескерлер жоғарғы соттың ғимараты алдында наразылық акциясын ұйымдастырды. Жоғарғы сот алдына жиналған қарасы 150 адамның әрқайсысы жоғарғы сот төрағасымен тікелей кездескілері келетіндерін айтады.

ТАЛ ҚАРМАУ

Алайда үлескерлердің жолына жоғарғы сот ғимаратының күзетшілері тосқауыл болды. Ашынған адамдар ғимаратқа күшпен кірмек болған. Бірақ, жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік бөлімінің жетекшісі Аян Мәліков сыртқа шығып наразылық танытушылармен келісімге келді.

Ол жиналған топтың ішіндегі белсенді бесеуінің жоғарғы сот төрағасымен жолығуына жағдай туғызды. Қалғандары арыз-шағымдарын қағаз жүзінде қалдырды.

ТӨРАҒАДАН ТҰШЫМДЫ ЖАУАП ШЫҚПАДЫ

Жоғарғы сот төрағасы Мұсабек Әлімбековпен жолығып шыққан үлескердің бірі Ләзима Сайбанова кездесуден ешқандай қанағаттанарлық жауап алмағанын айтады. Жоғарғы сот төрағасы «арыздарыңызды қараймыз» деп шығарып салды дейді.
Аян Мәліков, жоғарғы соттың ішкі қауіпсіздік бөлімінің меңгерушісі. Астана, 1 қараша 2010 жыл.

- Ол тіпті бізге не істеу керек екенін де айтқан жоқ. Қысқасын айтқанда кездесудің еш мәні болмады, дейді Ләзима Сайбанова.

Жоғары сот алдына жиналғандардың арасында үлескерлермен қатар, үйінен мәжбүрлеп шығарылғандар және несиеге баспана алып төлей алмай жүргендер де бар.

ШАРАСЫЗДЫҢ АМАЛЫ

Шілденің 16-ынан бері аштық жариялап жатқан астаналық үлескерлер соңғы кездері наразылық шараларын үдете түсті. Өткен жұма күні «Нұр Отан» партиясының орталық аппараты ғимараты алдында пикетке шыққан үлескерлер, желтоқсанның алғашқы күндері Астанада өтетін ЕҚЫҰ саммитінде шет елдік саясаткеркерлердің назарын өздеріне аударамыз дейді.

- Саммиттен кейін Азиада, соған дейін үмітіміз бар. Төрт жылдан бері жүрміз, «үмітсіз шайтан» дегендей егер осыдан бір жақты нәтиже болмаса Канадаға кетеміз. Менің кейбір таныстарым сонда кетті, басқа лаж қалмады, - дейді үлескер Асқар Сүлейменов.

Соңғы күндері белсенділік танытып жатқан үлескерлер алдағы сенбі күні митинг өткізуге жергілікті биліктен рұқсат алғандарын айтады. Астаналық үлескерлердің аштық жариялағанына 108 күн болды.
150 үлескер жоғарғы соттың алдына наразылық шарасына жиналып, жоғарғы соттың төрағасына арыздарын қалдырды. Астана, 1 қараша 2010 жыл.

Биылғы шілденің 16-сы күні бір топ үлескер өздеріне заң бойынша тиесілі пәтерлерге қол жеткізе алмай, шарасыздықтан аштық акциясын бастағандықтарын мәлімдеген еді. Олар екі және одан да көп пәтер үшін ақша салып, ақыр аяғында үкіметтің сәуірдің 1-індегі қаулысының негізінде тек бір ғана пәтерге ие болған азаматтар. Олар өздеріне тиесілі үйдің берілуін немесе қаржысының қайтарылуын талап етеді. Наразылық акцияларына әр жолы оншақты адам қатысып, он күн сайын денсаулығы сыр бергендерді басқалары алмастырып отырады.

Наразылық шараларына ашық түрде қатысып жүрген 120-дан астам адам - «Алматы», «Европейский», «Эгалите», «Орнек», «Байконур», «Кампус», «Алтын гасыр», «Возрождение», «Аламан», «Бейбітшілік», «Жас қанат», «Солнечный город», «Береке», «Аулет», «Окжетпес», «Аль-Фараби», «Жанбулан-ТК», «Турсын-Астана», «Ажар», «Гранд-Астана», «Независимость» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері. Одан өзге екінші деңгейлі банктер мен «Астана-Финанстың» несие алушылары мен Пригородный поселкесіндегі жатақхана тұрғындары да осы қатарда.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG