Accessibility links

Кеңес Одағы кезінде де, одан кейінгі жылдарда да әскери оқу орнына түсу үшін бір орынға 25 үміткерден келсе, соңғы 3-4 жылда болашақта офицер болғысы келетін талапкерлер тапшы бола бастағанын айтады «Боевое братство» аймақтық соғыстар мен әскери қақтығыстар ардагерлер одағының президенті Сергей Пашевич:
Отанға қызмет ету мәртебесі түсіп кетті. Біріншіден пагон таққандарды әлеуметтік жағынан қорғаудың мемлекеттік кепілдігі жоқ.
- Өйткені, Отанға қызмет ету мәртебесі түсіп кетті. Біріншіден, пагон таққандарды әлеуметтік жағынан қорғаудың мемлекеттік кепілдігі жоқ. Оған қоса білім беру деңгейі де көп сұрақ туғызады. Егер Кеңес Одағы кезінде әскери оқу орындарына әскер қатарында кемінде 15 жыл қызмет еткен, ең төмен дегенде полк командирінің орынбасары қызметін атқарған мамандар дәріс берсе, қазір училищені жаңа бітірген жас жігіттерді оқытушылыққа оңай қалдырады. Бұл жоғары оқу орны мен әскер бөлімшелері арасындағы байланысты бұзады.
Қазақстанда Отан қорғау бойынша идеологияның жоқтығы, ал жастарға патриоттық тәрбие беру бойынша бағдарламаның тек декларация күйінде қалуы жастардың әсери маман болуға деген талпысын мұқалтып отыр.
Сергей Пашевичтің айтуынша, биыл әскери жоғары оқу орындарына тапсырушылар тапшылығы 10-15 пайыздан артық. Бұған дейін Астана қалалық қорғаныс департаментінің өкілі Аманғали Ерекешев «биыл әсери оқу орындарына талапкерлер жетіспеушілігі 10-15 пайыз. Сондықтан, Қорғаныс министрлігі курсантар қабылдау мерзімін тамыздың 10-ына дейін ұзартып отыр» деген.
Алайда, Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің басшысы Серік Шалов сәрсенбі күні Азаттық радиосына «әскери маман болғысы келетіндер тапшы» деген пікірдің шындыққа жанаспайтындығын мәлімдеді:
- Мысалы, бір оқу орнына 13-14 адам жетіспей қалды делік. Олардың арасында өз мүмкіндігін жоғары бағалап жібергендер бар. Кейбіреуі мұндағы тәртіпті көріп, өздерінің бұрынғы кезімен салыстырады. Соған бола улап-шулап дұрыс па? Бір орынға тіпті 7-8 талапкер таласып жатқан әскери оқу орындары бар.
Қазақстандағы жоғары әсери оқу орындарының бірі – Алматыдағы Жаяу әскер әскери институты бастығының орынбасары Марат Ботиннің сөзіне қарағанда, мұндай оқу орнына түсу үшін былтыр 50 балл жинау керек болса, биыл 45 балл алу жеткілікті саналған. Биыл осы оқу орнына түсу үшін бір орынға 2 жарым адам бағын сынып жатқан көрінеді:
- Біз, мысалы, 297 түлекті оқытып шығарсақ, 315 адамды оқуға қабылдаймыз. Оған қосымша институт бастығының шешімімен резерв тобын жасақтаймыз. Осылай оқиды. Бізде ешқашан талапкерлер жетіспеушілігі болған емес, - дейді Марат Ботин.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әсери институтының оқу бөлімінің қызметкері полковник Николай Артемчук талапкер тапшылығы болашақ шекарашыларды дайындайтын оқу орнына қатысты емес екендігін айтады:
Бізде ондай мәселе жоқ. Бұл - Қорғаныс министрлігі үшін үлкен мәселе. Ал жастардың шекара қорғауға деген ұмтылысы бар.
Дегенмен, тіпті әскери мамандар жеткілікті түрде дайындалып шығарылған күннің өзінде әскер қатарында қалатын офицерлер жыл сайын азаюда екендігін алға тартады Запастағы офицерлер одағының төрағасы Айтқали Есенқұлов:
Бізде жыл сайын мыңнан артық офицерлер училище, академия бітіреді. Ресей академиясын 500-ге тарта түлек тәмамдап, осында келеді. Соның бәрі біздің әскерге келіп құйылады. Бірақ әлеуметтік мәселелердің шешілмеуі салдарынан қанша әскери мамандар келсе, соншасы әскерден кетіп жатыр.
Қазақстанда Қарулы күштерге жоғары білімді әскери мамандар дайындайтын бес жоғары әскери оқу орны бар.
XS
SM
MD
LG