Accessibility links

Қазақ әскеріндегі кадр саясаты офицерлердің қызметте өсуіне кедергі келтіруде


Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 14 жыл толуына орай өткізілген әскери шеру. Астана, 30 тамыз 2009 жыл.

Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 14 жыл толуына орай өткізілген әскери шеру. Астана, 30 тамыз 2009 жыл.

Қазақстанның қорғаныс министрлігінде кадрлар үнемі ауысып отырады. Бұл жайт көпшілік талқысына салына бермегенімен, Азаттықтың кезекті дөңгелек үстелінің қонақтары, елдің қорғаныс жүйесін тоқырауға алып келген аталған мекемеде шешімін таппай жатқан мәселелер жетерлік екендігін атап өтті.


2010 жылдың 11 наурызында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елдің қорғаныс министрлігінде бірқатар ауыс-түйістер жасады.

Батыстағы демократиялық елдерде бұл айтарлық маңызды әрі елеулі жағдай болып табылады. Ал Қазақстанда жағдай өзгеше. Мәселен, жақындағы болған өзгерістер дабырасыз әрі көпшілікке жарияланбай жасалды.

Атап айтқанда, мемлекет басшысының жарлығымен полковник Талғат Жанжүменов – Қазақстан Республикасы қорғаныс министрінің орынбасары, полковник Мүсілім Алтынбаев – «Астана» аймақтық қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Василий Рысбаев – «Шығыс» аймақтық қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы және Мұрат Майкеев – Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы қызметтеріне тағайындалды.

Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстелі Қазақстан әскеріндегі кадр саясатына арналады.

Дөңгелек үстелдің қонақтары: запастағы полковник, «Боевое братство» одағының төрағасы – Сергей Пашевич, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, генерал-майор Әмірбек Тоғысов, запастағы подполковник, баспанасыз әскерилердің қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дәулет Жұмабеков және қорғаныс министрінің бұрынғы бірінші орынбасары, генерал-майор Айтқали Есенғұлов.

Азаттық радиосы аталған дөңгелек үстелге Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің ресми өкілдерін қатыстыру мақсатында тиісті сұрақтарын министрліктің БАҚ және қоғаммен жұмыс істейтін департамент басшысы Михаил Чирков пен оның орынбасары Қайсар Мугуловқа жіберген еді.

Алайда, біршама уақыттан кейін қайта хабарласқан Мугулов мырза біз жіберген сұрақтардың обьективті емес екендігін айтып, радионың пікіраласына қатыспайтындығын мәлімдеді.

ІРІКТЕУ ШАРТТАРЫ

– Қазақ әскеріндегі кадр саясаты сөз болғанда, көпшілік әскер қатарына взвод командирі, рота, батальон, полк, дивизия командирі, т.с.с. командалық сатыны толығымен өтпеген адамдар келіп жатқандығын айтады.

Қазақстан әскеріндегі кадр саясаты жүйелі әрі түсінікті жүргізіледі деуге болады ма? Әскердегі маңызды қызметтерге тағайындау барысында қандай шарттар қойылады?

Әмірбек Тоғысов:

– Біріншіден, бұл жүйесіз деп айтуға келмейді. Кез келген организмге тән секілді, мұнда да жүйе бар. Дегенмен бұл жерде ара-тұра ағаттықтар болып жатады. Мен тиісті әскери қызмет атқармай-ақ жоғары қызметтерге отырған адамдардың бар екендігімен келісемін.

Қорғаныс министрлігінде бір кабинетте бір креслода отырып-ақ полковниктен генерал- лейтенантқа дейін көтерілген азаматтардың да бар екендігін білемін. Әрине, осындай қарым-қатынас пен осындай кадр саясатын қалыпты деу дұрыс емес.

Таңдау қандай болу керек? Өзіңіз байқағандай, негізгі сатылардан өткен, взвод командирінен бастап, рота, батальон, полк, бригада және т.с.с. әскери басшының тәжірибесі болуы шарт. Осындай сатылар бойынша өткен кезде ғана тәжірибе мен жүйелілік болады.

Мен, қазақ әскерінде жаңадана қызметке келген бір министр өзімен бірге командасын ала келгенін емес, дәл осылай тәжірибе мен жүйе негізінде тағайындалғанын қалаймын.

Айтқали Есенғұлов:

– Ешқандай шарттар көріп тұрған жоқпын. Тағайындаулар барысында қандай талапттарға негізделетіндігін түсіне алмаймын.

Сергей Пашевич:

– Менің ойымша, 1990 жылдардың басында офицерлердің жаппай кетіп қалуынан соң қазақ әскері әлі де айыға алмауда. Капитан, майор шеніндегі көптеген офицерлер Қазақстан әскерін тастап кетіп жатты. Сол кезде осы кәсіби әскери қызметтен өтпеген азаматтарға әскери шен беріліп, басшылық қызметіне тағайындалу белең алды. Өкінішке қарай, қазір де солай жалғасуда.

Бұл жүйесіз іріктеу келісім бойынша борышын өтеушілер арасында да бар. Мен алғашқы қазақстандық бітімгершілік батальонын жасақтау барысынан бір мысал келтіре аламын. Сол кезде 520 адам іріктеліп алынды. Әлеуметтік тексеріс барысында солардың 15-і сотталғандығы анықталды. Ал олардың бесеуі аса ауыр баптар бойынша сотталған болып шықты. Міне, бітімгершілік операцияларына арналған жасақ осылайша іріктелген. Өзге туралы не айтуға болады?

Адам офицер болып өмірге келмейді, офицер болып қалыптасу керек. Қазақстанда офицерлік каста деген құрып барады. Көптеген адамдар әскери жоғарғы оқу орындарына Отанын қорғау үшін емес, тегін білім алу үшін ғана барады.

Сондықтан генерал Есенғұлов дұрыс айтады, өкінішке қарай, қызметке тағайындау барысында ешқандай талаптар мен шарттар жоқ.

Даулет Жұмабеков:

– Қандай шарттарды басшылыққа алу керек дегенге келсек, алдымен кәсіби біліктілікке қарау керек. Қорғаныс министрлігіне тағайындалған офицерлер мен генералдардың барлығын өз ісінің маманы емес деуге болмайтындығын атап өткім келеді. Олардың көпшілігі әскери сатының барлығынан өткендер.

Бұдан бөлек, әр басшының өз командасын жинауда адамға деген адалдық принципі болуы мүмкін. Бұл тек әскери ғана емес, өзге де министрліктерде бар. Басшылыққа келген адам текөзіне адал әрі сенімді адамдарды ала келеді. Әрине, бұл – кәсіби біліктілік талаптарынан ада.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG