Accessibility links

Арон Атабек: «Өзі жасаған қылмысты маған жапқан биліктен рақымшылық сұрамаймын»


Ақын Арон Атабек Шаңырақ ісі бойынша сот үкімі шығар алдында. Алматы, 5 қазан 2007 ж.

Ақын Арон Атабек Шаңырақ ісі бойынша сот үкімі шығар алдында. Алматы, 5 қазан 2007 ж.

2006 жылы шілдеде Шаңырақта болған жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған деген айыппен 18 жылға сотталған ақын Арон Атабек, Азаттық радиосына түрмеден берген сұхбатында, өзінің іс-әрекеттері үшін өкінбейтіндігін және биліктен рақымшылық сұрамайтындығын айтты.

Тіркелмеген «Алаш» ұлттық тәуелсіз партиясының төрағасы, саяси диссидент Арон Атабек қазір Қарағанды облысының Қаражал қалашығындағы 159/22 түзеу мекемесінде жаза мерзімін өтеп жатыр.

ӨЗ БАСПАНАСЫН ҚОРҒАЙ АЛМАҒАН ОТАНЫН ДА ҚОРҒАМАЙДЫ

– Шаңырақ оқиғасына биыл үш толады. Десек те, қазіргі күні Алматы қаласының іргесіндегі ауылдарда баспана мәселесі түпкілікті шешімін тапқан жоқ: заңсыз баспаналардың қиратылуы жалғасуда.

– Қазіргі басшы билікте отырған уақытта халықтың әл-ауқаты жақсармайды. Тіпті, одан сайын төмендей бермек. Әсіресе, үйсіз-күйсіз жүргендердің жағдайы жақсарады деп ойламаймын. Шаңырақтағы жағдайдан бері үш жыл өтті. Осы уақыт аралығында не тындырылды? Ештеме де. Халықтың қаны мен ауыртпалығы биліктің мойнында.

– Шаңырақта халық баспаналарын күш біріктіріп қорғауға тырысты. Жалпы, ұжымдасып күресу қаншалықты дұрыс? Халық өз баспаналары үшін ұжымдасып күресуі керек пе?

– Әрине. Шаңырақта жағдай солай болды, біз ұйымдаса алдық. Оның қарсаңында да біршама жұмыстар жүргізілді. Халықты дайындадық. Мұндай жағдайда қалай күресу керектігіне қатысты әдістерін үйреттік. Жұртшылықтың көзін аштық.

Ал енді қазір біз түрмеде отырмыз. Сыртта қалған қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың өкілдері халықпен жұмыс істемейді. Олар баспасөз конференциялары мен форумдарды өткізуге, яғни өздерін жарнамалауға көңіл бөледі де, халықтың ішінде тұрып, олармен етене араласуды білмейді.

Сондықтан халық пен саяси партиялардың арасында алшақтық бар. Ал, халық бала сияқты, әлі де болса ұйымдаспаған. Соның салдарынан олар өздерін қорғай алмайды, өз құқықтарын да білмейді. Биліктің әрекеттеріне белсенді қарсылық көрсете алмайды.

Әрине, өзімді халықтан үлкен санамаймын. Біз де халықтың перзентіміз ғой. Бірақ, қара халықты сауатты адамдар үйретуі керек. Жалпы, әлемдегі қоғамдық қозғалыстар осылай басталған.

– Шаңырақтағы жағдайды басқаша шешуге болар ма еді, арада біраз уақыт өткеннен кейін сіз сол үш жыл бұрынғы оқиғаға қандай баға берер едіңіз?

– Жалғыз ғана жол бар еді. Басқасын білмеймін. Біз дұрыс жасадық. Егер адам өз үйін қорғамаса, ертең өз Отанын да қорғамайды. Адам тұрып жатқан үйді келіп бұзуға кімнің құқығы бар?

Ол биліктің арандатушылығы. Құжаты жоқ болса да, біздің ата заңымыз бойынша, адам баспаналы болуға құқығы бар. Біз өз құқығымызды қорғап, басқа да қазақстандықтарға үлгі көрсеттік.

Қазір үйлері күреліп жатқан ауылдардың тұрғындары ұйымдасып, баспаналарын қорғауы керек. Шаңырақта офицерді өлтірген біз емес, оны өлтірген билік. Елді басып-жаншитын жүйеге халық қарсы күш қоя білуі керек.

«БИЛІКТЕН МЕНІ ТОЛЫҚ АҚТАУДЫ ТАЛАП ЕТЕМІН»

– Шаңырақ ісіне қатысты сот процесі өзі ұзақ, әрі ауыр өтті. Сіз өзіңізге тағылған сот айыптарымен келісесіз бе?

– Әрине, келіспеймін. Ешқашан да келіспеймін. Қазір оппозициядағылар миллион қол жинаймыз деп, осы іс бойынша сотталғандарға рақымшылық беруін Назарбаевтан сұрағалы жатыр. Сұрасын. Бірақ, мен үшін ешкім рақымшылық сұрамасын. Менің талабым – толық реабилитация, ақтау. Рақымшылыққа мен көнбеймін, сұрамаймын да оны. Себебі, мен бұл қылмысты жасаған жоқпын. Оны жасаған биліктің өзі.

– Көпшілік жұрт сізді, іс-әрекеттеріңізді қарап, радикал деп таниды. Сіз осы пікірмен келісесіз бе?

– Келісемін. Мен радикалмын. Көбісі бұл сөзді жаман мағынасында түсінеді. Мен өзімді ұлт радикалымын деп санаймын. Радикал адамдар, радикал әрекеттер ғана өмірді өзгерте алады.

Қазіргі оппозицияның екі жаққа да ойнау, жағымпаздану, биліктен қорқу, халықтың мүддесімен санаспау сияқты тактикасымен халық ешқашан өспейді. Шаңырақ оқиғасы кезінде халықты тастап кетті ғой олар. Саяси ойындардың кесірінен халық осындай күйге түсті. Бізге дәл радикалды күштер жетіспейді.

ТҮРМЕДЕГІ ЖАҒДАЙ СТАЛИННІҢ КЕЗІНДЕГІДЕЙ

– Арон мырза, өзіңіздің және Қаражалдағы түзеу мекемесіндегілердің жағдайы қалай?

– Түзеу мекемесінің жағдайы нашар екендігі белгілі ғой. Бірақ, лагерь туралы айтуға қазір менің құқығым жоқ. Маған осындағы «братвалар» бұл туралы айтуға нақты тиым салды. Екінші жағынан, түрменің әкімшілігі де мұндағы жағдайды айтпауымды өтінді. Мұнда да өздерінің «авторитеттері» бар ғой.

Бұған дейін түрме туралы талай мақала шығарғанымды бұлар біледі. Түрме әлемінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Лагерьдің тіршілігі азат өмірге қарағанда өте күрделі. Сондықтан, бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын.

Түзеу мекемесіндегі жағдай баяғы Сталиннің кезіндегі жағдайға жақындады. Тек мұнда ғана емес, басқа лагерьлер де осындай. Бар айтарым осы.

– Сіз өміріңіздің біраз уақытын елден жырақта, саяси қуғында өткіздіңіз. Қазір міне ұзақ жылға сотталып, түзеу мекемесінде отырсыз. Жалпы, өз өміріңізде жасаған іс-әрекеттеріңізге өкінген кездеріңіз болды ма?

– Жоқ. Өткен өмірімді ой елегінен өткізіп, үнемі қорытынды шығарып отырамын. Өз өміріме шын мәнінде ризамын. Халыққа азғантай болса да пайда әкелгеніме, бір тамшы қанымды сол үшін арнағаныма іштей ризамын. Өмір тоғышарлықпен, жағымпаздықпен өткенде ғана өкінер едім.

Мен 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен бері күресіп келе жатырмын. Әрбір азамат осылай күресуі керек деп ойлаймын. Мақтанғаным емес, өз өміріме деген бағам осындай. Тағы бір өмір берсе, тағы да осыны қайталар едім.

– Сізді мұнда іздеп келушілер бар ма?

– Өткен жылдың қыркүйегінде қарындасым мен інім, тағы бірқатар таныстарым келіп кетті. Жол алыс, оның үстіне қымбатшылық болған соң, келмей-ақ қойыңыздар деп айтқанмын.

– Арон мырза, сізді жұрт ақын ретінде таниды. Шығармашылығыңыздан қол үзіп қалған жоқсыз ба?

– Ақындық «құйын» сияқты ұратын кездері болады. Жақын арада Шаңыраққа, лагерьге қатысты бірқатар өлеңдер жаздым. Реті келсе, жарыққа шығарармыз. Толыққанды шығармашылықпен айналысуға мұнда мүмкіншілік жоқ. Бұл жерде тіршіліктің өзі қиын болған соң жағдай жоқ. Түрменің жағдайы белгілі ғой.

– Түрмеде отырып, сырттағы елмен күнде хабарласа алмайсыз ғой, бостандықтағы дауысыңыз жетпейтін жандарға не айтарыңыз бар?


– Халық оянуы керек. Әрбір азамат, әсіресе интеллигенция тарапынан халыққа тек жанашыр емес, халық үшін күрескер болуы қажет. Қазақ халқы үшін тілегім де, аманатым да осы. Күреспеген халық өмір бойы тобыр ретінде қала береді. Болашақ үшін де күресу керек. Менің пікірімше, халық оянуы керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

P.S. Арон Атабек (Едігеев) 1953 жылы Ресейдің Астрахан облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлегі. Ленинград мемлекеттік университетінің моңғолтану және түркология кафедрасының аспиранты. Ғылыми және әдеби кітаптардың авторы.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, одан кейінгі екі жылды қуғында өткізді.

1990 жылы советтік Қазақстандағы алғашқы тәуелсіз саяси басылымдардың бірі – «Алаш» газетін шығарды. Сол жылы «Алаш» ұлттық тәуелсіз партиясының төрағасы болып сайланды.

1991 жылы саяси қысымның салдарынан Мәскеуге кетуге мәжбүр болды. Сол жақта «Хақ» атты газет шығарды. ТМД-ның бірқатар елдерінде саяси эмиграцияда жүрген ол бес жылдан кейін ғана Қазақстанға қайтып оралды.

2005 жылы Қазақстан баспанасыздарының қозғалысын ұйымдастырды.

2006 жылы шілде айында Арон Атабек биліктің Шаңырақтағы заңсыз салынды деген үйлерді бұзып, ол жерлерді босатуы барысында жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды, полицияның өліміне кінәлі деген айыппен ұсталды.

2007 жылы 5 қазанда Арон Атабек «Шаңырақ оқиғасы» бойынша, Алматы қалалық сотының үкімімен 18 жылға бас бостандығынан айрылды.

Жалпы, Шаңырақ ісі бойынша 24 адамның сотталғаны белгілі.

Олардың ішінде ең ұзақ мерзім арқалағаны Арон Атабек болса, Құрманғазы Өтегенов, Ерқанат Тараншиев, Рүстем Тұяқов 16-14 жыл аралығында түрме жазасына кесілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG