Accessibility links

Шаңырақ саяси брендке айналды, бірақ ол іс бойынша сотталғандар ұмытыла бастады


Диссидент Арон Атабек өзін 18 жылға түрме жазасына кесу туралы сот үкімі шыққан соң Алматының тергеу абақтысында. Ақпан, 2007 жыл.

Диссидент Арон Атабек өзін 18 жылға түрме жазасына кесу туралы сот үкімі шыққан соң Алматының тергеу абақтысында. Ақпан, 2007 жыл.

Шаңырақ ісі бойынша айыпталып 18 жылға сотталған, қазірде Қарағанды түрмесінде отырған қазақ диссиденті Арон Атабектің жаза мерзіміне, «тәртіп бұзғаны» үшін жаңадан тағы да 5 жыл қосылуы мүмкін, деді оның жары Жайнагүл Азаттық радиосына берген сұхбатында.


ШАҢЫРАҚ ТҰТҚЫНДАРЫ

2006 жылы қарашада Алматы қалалық соты белгілі қоғам қайраткері әрі диссидент Арон Атабекті «Шаңырақ шағын ауданында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны» және «полиция қызметкерін қасақана өлтіргені» үшін айыпты деп тауып 18 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сол жолы билік ауылдан қоныс аударып келіп, Шаңырақта күн кешіп жатқан жұрттың құжыра-баспаналарын заңсыз тұрғызылған деп тауып, оларды күреп тастауға әрекет жасаған-ды.

2006 жылы жазда сол елді мекенде тұрғындар мен полиция арасында болған қақтығыс салдарынан полиция офицері жас жігіт қаза болған еді. Билік Шаңырақ тұрғындарын жерді өз бетімен басып алып, заңсыз баспана тұрғызған деп кінәлаған болатын.

Арон Атабекпен бірге тағы үш адам ұзақ мерзімге сотталды. Атап айтқанда, Құрманғазы Өтегенов – 16 жылға, Ерғанат Тараншиев – 15
Ақын, диссидент Арон Атабек Шаңырақ ісі бойынша сот процесі кезінде.
жылға, Рүстем Тұяқов – 14 жылға түрме жазасына кесілді. Қазақ қоғамында бұл төртеуі нақақ айыппен сотталған деген пікірлер де айтылады. Әсіресе, олардың ішінен Арон Атабектің есімі ерекше аталады.

Арон Атабек дүйім жұртқа 1980-1990 жылдары «Желтоқсан» қозғалысының белсенді мүшесі ретінде танылды.

Ал қазір тар қапаста отырған Арон Атабектің биліктегі саяси режимді сынаған өткір өлеңдері мен мақалалары ара-тұра Интернетте жарияланып келеді. Бірақ сол үшін оны, темір тордың арғы жағында да, бір адамдық камераға қамап жазалайды, дейді оның әйелі Жайнагүл Айдархан.

ХИКАЯҒА ТОЛЫ ДИССИДЕНТТІК ӨМІР

– Жайнагүл ханым, 31 қаңтар – Арон Атабектің туған күні, ол 57 жасқа толады. Әдетте сіздер осы күнді қалай атап өтуші едіңіздер?

– Ондай күндерді біз, әрине, екі баламыз – ұлымыз Асқар және қызымыз Айданамен бірге өткізуге тырысатынбыз. Бірақ, хикаяларға толы диссиденттік өміріміз неше түрлі қилы жағдайларда өткен соң, туған күндерді атап өту біз үшін қалыптасқан дәстүр, әдеттегідей дағды
Асқар Айдархан, түрмеде отырған диссидент Арон Атабектің ұлы.
болды деп айта алмаймын.

Кей кездері достарымыз жиналатын. Екі басқа мемлекетте отырып, бір-бірімізге жылдап жете алмаған кездеріміз де болды.

Ұлым әкесінің бостандығы үшін күресіп жатыр деп мақтанышпен айта аламын. Ол Арон Атабектің сайтын ашып, соған редакторлық жасайды. Асқар әкесі үшін өте үлкен, бәрінен де көп шаруа атқарды деуге болады. Түрмеден үзік-үзік етіп алып шыққан кітаптың мәтінін өзі теріп шықты. «Шаңырақ – баспанасыздар көтерілісі» деп аталатын ол кітапты жазуды Арон тергеу абақтысында отырғанда бастап, сот үкімі шығысымен толық бітірді.

– Жұбайыңыз отбасында қандай адам?

– Жарқын мінезді, аса қамқор жан. Ақжүрек, кең пейілді, қарапайым. Өзіме өте ұнайтын, әрі өз мінезіме жақын қасиеттерінің бірі – әзілқой адам. Өмірдің сан қилы белестеріне қарамастан, күнделікті тұрмысында ақылды әзілқой бола білу – жоғары өнер деп санаймын. Бұл да оның ішкі жан-дүниесінің тереңдігін көрсететін дәлел.

Балаларын қатты сүйеді, жұмсақ қарайтын. Маған шынайы ілтипат білдіріп, өте сыйлайтын, еркелететін. Білгірлігімен тәнті ететін Арон дарындық пен сыпайылық үлгісі бола алатын текті тұлға. Жаратқанға шүкір, ондай мінез-құлқы балаларымызға да дарыған.

– Арон абақтыға жабылған соң өміріңізде қандай елеулі оқиғалар болды? Сіздің ересектерге арнап жазған ертегілеріңіз саяси карикатураға жақындау. Әйткенмен сіздің қаламыңыздан шыққан дүниелермен көпшілік таныс емес.

– Аронсыз өмір, әрине, өзгерді, дегенмен мен өз-өзімді ұстауға тырысып келемін. Ал елеулі оқиғалар арасынан екі жайтты атап өткім
Айдана Айдархан, түрмеде отырған диссидент Арон Атабектің қызы.
келеді. Біріншісі, ешқандай қиындықтарға қарамастан, шығармашылыққа деген құштарлығым арта түскендей. Ертегі, кейде әңгіме жазумен шұғылданамын. Мүмкін, өмір мені осылайша шыңдап, шынықтырайын деген болар.

Екіншісі, қайғылы жайт – өткен күзде ардақты анамнан айрылдым. Арон бұл қайғыны әлі естіген жоқ. Анаммен екеуі бір-бірін қатты сыйлайтын. Айтпақшы, 82 жасқа қараған шағында дүниеден өткен анам, Азаттық радиосының көп жыл бойғы тыңдарманы болатын.

– Сіз, кейде әйел адам ретінде, Аронның сол жолы Шаңырақтағы оқиғаларға қатысқандығына кейіп, оны кінәлаған сәттеріңіз болды ма?

– Жоқ, кінәламаймын. Қалайша кінә тағам? Арон Шаңырақта өзінің азаматтық борышын орындады. Ары бар адамның шегінуге құқы жоқ. Бұндай әрекетке өжеттік емес, бойда жатқан жанның шынайы тазалығы мен пәк сезімі итереді. Бірақ, жадымда жатқан терең өкінішті сеземін. Осы оқиға менің елімде болғанына өкінемін.

ХХІ ғасырда өмір сүретінімізді ұмытқан сияқтымыз. Бұл тарихымыздың өшпейтін тағы бір масқара беті, қоғамымыздың драмасы мен трагедиясы. Аузын жұмған зиялы қауымның Шаңырақ оқиғаларына көрсетіп отырған селқостығынан жүрегім тітіркенеді. «Халықты биліктің тас диірменінен өткізе беріңдер, тек бізге тиіспеңдер» дейтін сияқты.

«ДҰРЫС ФОРМА КИМЕГЕНІ ҮШІН ТАҒЫ 5 ЖЫЛ ҚОСПАҚ»

– Арон Атабектің қазір Қарағанды облысы, Қаражал елді мекеніндегі түзету мекемесінде (бұрынғы Карлаг), қатал режимдегі камерада жатқаны туралы әңгімелер айтылып жүр. Күйеуіңіздің бүгінгі хал-жағдайы жөнінде сізде қандай да бір ақпарат бар ма?

– Оның жалғыз адамға арналған камерада жатқанына үш айдан асты. Ресми мәлімет жоқ. Естуімше, оның камерасына тәулік бойы видеобақылау орнатылған. Денсаулығы мәз емес. Аронға медициналық көмек қажет. Тамағы нашар. Суы сапасыз, уран кеніштерінің маңы болғандықтан, ішуге келмейтін, денсаулыққа зиянды су. Оған медициналық көмек көрсетілмейді.

Оның жеке заттары, дәрісі мен хаттары, киім-кешегі, су сүзгіші жойылды. Хат алысуға рұқсат жоқ. Тіпті, қалам мен қағаз ұстауға да рұқсат жоқ. Ресейлік тұтқындар Ресей Федерациясының заңы бойынша, баспасөз құралдарына жаза алады.

– Бірде сіз Арон Атабектің өміріне қауіп төніп тұр дегенді айтып едіңіз, бүгінде жағдай қалай?

– Ондай қауіп әлі сол күйінде, тіпті, одан сайын күшейе түскен деуге болады. Тамағына у қосылуы мүмкін деген күдік бар. Ондай қастандықты лагерьді басқаратын астыртын күштердің тарабынан күтуге болады. Қарауылдарға да сенім жоқ.

Арон түрмедегі екі жаққа да қолайлы емес. Қатал режимді лагерьде қауіп аз емес. Әсіресе, Арон сияқты жандар үшін. Елді өз халқына өз
Жайнагүл Айдархан, түрмеде отырған диссидент Арон Атабектің жары.
қолымен геноцид жасайтын сатқын билік басқарса, қауіп өрби түседі. Камерада жалғыз отырған адамға бәрін де жасауға болады.

Бірақ, өлі ақын Атабектен гөрі, тірі тұтқын Арон Едігеев артық екенін билік түсінетін шығар деп үміттенем. Билік өз қолымен Аронды барша елге танымал батыр қылды. Ал оны өлтіріп, аңызға айналдыру керек емес екенін басшылар тағы да түсінеді деп ойлаймын.

– Ақын, қоғам қайраткері Арон Атабектің темір тордың арғы жағында саяси күреске қатысты көзқарасы өзгерді ме?

– Жоқ, өзгерген емес. Қайта оның көзқарастары, идеялары шынықты, шымырланды. Оған көз жеткізгіңіз келсе, тығып жазып, жариялаған мақалаларын оқып қараңыз. Соңғы жеткені – «Революция мен назарбаевщина» деген мақаласы. Дәл сол жұмысы үшін өштенген билік одан кек алмақшы боп жаңа айыптау тағып отыр.

«Арнайы үлгідегі форманы кимегені» үшін Арон Атабектің 18 жыл мерзіміне тағы 5 жыл қосқалы отыр. Бұл соңғы жеткен дерек. Олар Аронды иліктіре алмайды. Ол өз дегенінен қайтпайтын адам. Аронды саяси күрестен тайдыру ешкімнің қолынан келмес. Тек ажалдың қолынан келер. Бірақ Тәңір оған жеткізбес.

ШАҢЫРАҚ ТҰТҚЫНДАРЫ КӨМЕКСІЗ ҚАЛДЫ

– Жайнагүл ханым, бүгінде Қазақстан оппозициясы мен құқық қорғаушылар Арон сияқты саяси тұтқындарға араша түспей отыр. Сіздіңше, неліктен олай?

– Біздегі оппозицияның қатары азғантай. Сондықтан да олар қазіргі режимге қарсы тұрарлық күшке айнала алмай отыр. Олар мүлдем қол ұшын бермеді деп айту қате болар еді. Процесс кезінде белсенділік танытты. Саяси және қоғам қайраткерлері қолынан келгенін істеді. Алғыс білдіретін азаматтар бар, әрине. Бірақ, солардың арасынан Шаңырақ ісі бойынша сотталғандарды қорғау жөніндегі комитет құрып басқара алатын ешкім шықпады.

Өзім болсам, күнделікті тұрмыстың күйбеңі мен балалардың қамынан аса алмай келемін. Бұл шындығында қиын кезең еді. Адам құқын қорғаушыларға қатысты тек сын ғана айта аламын. Қазақстандық адам құқын қорғау жөніндегі бюро жетекшісі Жовтис Шаңырақ проблемасына селқостық танытты. Өз наразылығын білдірген жоқ, бір де бір рет сотқа келген емес.

Ал енді қазір оның өз басын бұлт шалып отыр, өкінішке қарай. Менің ойымша, бір-екі жылдан соң оның жаза мерзімі өзгереді. Үлгілі мінез-құлқы үшін – оны жақтаушы команданың арқасында – шартты мерзім алып бостандыққа шығады деп ойлаймын. Біздің елде туыстық, белгілі әулеттің адамы болу, қалтадағы қаражаттың молдығы көп нәрсені шеше алады.

Ал Арон болса жалғыз. Көк тиыны да жоқ. Мен оған ұялы телефонға арналған бірлікті өте жиі жіберудемін. Түрмеде ол ақша бірлігі ретінде саналады. Оған азық-түлік пен керекті зат айырбастауға болады. Бүгінде Шаңырақтың төрт тұтқынына көмек жасамайды. Оларға ондай көмек беру үшін арнайы комитет ашу керек. Егер де бұл төртеуіне түрменің сыртынан көмек көрсетіліп тұрса, олардың түрмедегі хал-жағдайы қазіргідей мүшкіл болмас еді.

Асылбек Қожахметов басқаратын «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі не бітіріп жүр? Неліктен олар Шаңырақ тұтқындарының ешқайсысына жәрдем етпейді? «Шаңырақ ісіне» қатысты қайтадан жаңа тергеу қажет. Басты куәгерлер – ағалы-інілі Ибрагимовтердің айып тағудан бас тартып отырғаны неге ескерілмеді? Астанадағы Жоғарғы сот құлағы керең кісідей ауыз ашпады. Әділетсіз үкім шығарды.

Билік өз жұртын соқыр, топас деп санайды. Ал халық болса бәрін де біліп отыр, тек наразылық білдіретіндей санаға келген жоқ. Дәрмені аздау боп тұр. Шаңырақты қантөгіс шайқасына апарған жендеттер мен шенеуніктер, атап айтқанда – әкім Иманғали Тасмағамбетов пен бұрынғы ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджанов, бостандықта тайраңдап жүрген нағыз қылмыскерлер. Солар жауапқа тартылсын!

Сөзімнің соңында Аронға зынданнан тезірек босап шық деген тілек білдіремін. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ басқаруға кірісті, ендеше дәл осы ұйым Арон Атабекке бостандық әкелсін. Ондай әділетті әрекет пен шешім еліміздің шынайы тәуелсіздік пен азаттық жолына түскендігінің дәлелі болар еді.

– Сұқбатыңызға рақмет, Жайнагүл ханым.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG