Accessibility links

Жабық жағдайда басталған Мұхтар Жәкішевтің сотында үзіліс жарияланды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Тіркелмеген «Алға!» партиясы белсенділері сотта Мұхтар Жәкішев пен Талғат Қыстаубаевтың құқықтарының сақталуын талап етіп, наразылық шарасын өткізді. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.

Тіркелмеген «Алға!» партиясы белсенділері сотта Мұхтар Жәкішев пен Талғат Қыстаубаевтың құқықтарының сақталуын талап етіп, наразылық шарасын өткізді. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.

Астанадағы сот процесінің алғашқы отырысына айыпкердің зайыбы Жәмила Жәкішеваны кіргізбеді. Сотты Алматыға ауыстыруды сұраған адвокаттың өтініші қаралғанша сот тыңдауында үзіліс жарияланды. Оппозиция сот ғимаратының сыртында наразылық шарасын өткізді.


КҮШЕЙТІЛГЕН КҮЗЕТПЕН БАСТАЛҒАН ЖАБЫҚ СОТ

Қаңтардың 5-күні Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша сот процесі басталды. Сот жабық есік жағдайында өтті. Оған тіпті, Жәкішевтің зайыбы Жәмила да жіберілмеді.

Процестің алғашқы отырысында сот Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеевтің өтініштерін қараған. Алайда, адвокаттың өзі сырқаттанып қалғанына байланысты бұл күні сот отырысына келмеді. Сол себептен соттың немен жалғасқанын ешкім білмейді. Ал сот ғимаратының сыртында оппозициялық партияның өкілдері соттың әділетті болуын талап етіп, наразылық шарасын өткізді.

Сот отырысы басталатын күні №2 Сарыарқа аудандық соты күзетті бірнеше есеге көбейтіпті. Таңертеңгілік ғимараттың алдына келген журналистер оның айналасында толған полиция жасақтары тұрғанын көрді. Кіреберіс есікті қара қағазбен жапсырып тастаған. Іштегі
Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Жәкішева Сарыарқа аудандық сотының алдында. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.
адамдар көрінбес үшін.

Дәл осы жерде бір жыл бұрын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеевтің ісі қаралған кезде, есіктердің шынылары мөлдір болатын. Бірақ ол сотта күзет дәл мұндай көп емес еді. Журналистер үшін есік ашық-тын.

Мұхтар Жәкішевті айдауылмен сот ғимаратына жеткізген кезде де, полиция жасақтары журналистерге оны видеотаспаға, фотоға түсіруге рұқсат бермеді. Олар өздері Мұхтар Жәкішевті көрсетпес үшін, көлікті бүркемелеп тұрды.

Жәкішевтің зайыбы Жәмиланың айтуынша, алғашқы сот отырысы кезінде адвокат Нұрлан Бейсекеевтің өтініштері қаралған. Бірақ сотқа адвокаттың өзі сырқаттанып қалуы себепті келе алмаған.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ӨТКІЗУГЕ РҰҚСАТ ЕТПЕДІ

Нұрлан Бейсекеев өткен жылдың желтоқсан айында соттың алдын ала тыңдауынан кейін Астана қалалық сотына бірнеше өтініш берген. Оның біріншісінде осы іс бойынша сот отырысын Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына ауыстыруды сұраса, екіншісінде, істі жүргізетін судья Нұрлан Жолдасбековке наразылық білдірген болатын.

Оның себебін адвокат алдын ала тыңдау кезінде Мұхтар Жәкішевтің оққағары Талғат Қыстаубаевтың сот отырысын қазақ тілінде жүргізу жөніндегі өтінішін судьяның қанағаттандырмай тастағандығымен негіздеді. Судья Жолдасбеков осы шешімі арқылы Талғат Қыстаубаевтың Конституциялық құқығын, Қазақстан заңдарын өрескел бұзды деп жазды адвокат Нұрлан Бейсекеев.

Ал Талғат Қыстаубаевтың жары Сара Сағындықова бүгінгі күнге дейін жұбайы өзіне қарсы қозғалған іспен мемлекеттік тілде таныса алмай отырғанын айтады.

– Сот отырысы орыс тілінде өтеді деп, күйеуіме қазақша сөйлетпей жатыр. Оған аудармашы беріпті, бірақ ол дұрыс аудармайды екен. Адвокаты да бір ауыз қазақ тілін білмейді. Өзі бұл істерге мүлдем қатыспайды. Ал біздің отбасы ұсынған адвокатты сот қабылдамай отыр, – дейді Сара Сағындықова.

Ал, осы мәселеге байланысты адвокат Нұрлан Бейсекеевтің судьяға наразылық білдіру жөніндегі өтініші қанағаттандырылмаған. Бұл
Мұхтар Жәкішевтің балалары Сарыарқа аудандық сотында. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.
жөнінде Жәмила Жәкішева тек соңғы сағаттарда ғана біліпті.

– Маған Нұрлан Бейсекеев хабарласып, өзіне судья Семеновтан хабарлама келгенін айтып отыр. Онда «30-желтоқсан күні Бейсекеевтің өтініші қаралды. Қанағаттандырылған жоқ» деген қолы қойылған қағаз жіберіпті. Бірақ ол тыңдауға ешкім бармаған. Яғни, ешқандай тарапсыз өзі отырып, шешім шығара салған. Демек, 30-желтоқсанда отырыстың өткеніне де күмәнім бар, – деді Жәмила Жәкішева Азаттық радиосына.

МҰХТАР ЖӘКІШЕВТІҢ БЕС БАЛАСЫ ӘКЕЛЕРІН КӨРЕ АЛМАДЫ

Астанаға әкелерін көру үшін Мұхтар Жәкішевтің бес баласы түгел келіпті. Бірақ олар бұл күні әкелерін көре алмады. Жәмила Жәкішеваның Азаттық радиосына айтуынша, ол жұбайымен кездесу жөнінде судьяға өтініш жазып тапсырғанымен, судья одан сырт айналып, қашып кетіпті.

Ал Мұхтар Жәкішевтің үлкен қызы Әйгерім соттың әділетті шешім шығаратынынан үміттенеді.

– Біздің елде соттардың сатылатынын бәрі біледі. Бірақ соған қарамастан, судьяның ар-ұжданы оянады ма деп үміттенемін. Өйткені, бұл
Мұхтар Жәкішевтің қызы Әйгерім Жәкішева Сарыарқа аудандық сотының алдында. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.
істі барлығы қарап отыр. Әкемді қолдайтындар көп, – дейді Әйгерім.

Ол інісі және кішкентай сіңілілерімен бірге әкелерін көре алмай пұшайман болып отырғанын да жасырмады.

– Соттың есік, терезелерінің барлығын қара қағазбен жапсырып тастапты. Әкемізді әкелген кезде, сот ғимаратындағы жарықты сөндіріп тастады, – дейді Әйгерім.

НАРАЗЫЛЫҚ ПИКЕТІ ЖӘНЕ АШЫҚ ХАТ

Ал осы кезде, сот ғимаратының сыртында ресми тіркелмеген «Алға!» партиясы және «Азат» жалпыұлттық социал демократиялық партиясының ондаған белсенділері соттың әділетті болуын талап етіп, наразылық шарасын ұйымдастырды.

Олардың ішінде Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Петропавл қалаларынан арнайы келгендер де бар. Жиналғандардың әрбірі судья Нұржан Жолдасбековтің атына соттың ашық өтуін, Мұхтар Жәкішевті дәрігермен қамтамасыз етуін және Талғат Қыстаубаевқа мемлекеттік тілде сөйлеуге мүмкіндік беруін сұрап өтініш жазды.

Мұхтар Жәкішевке қолдау танытып наразылық шарасын өткізгендер. Оң жақта тұрған - тіркелмеген «Алға» партиясы үйлестіру кеңесінің төрағасы Владимир Козлов. Астана, 5 қаңтар 2010 жыл.
Тіркелмеген «Алға!» партиясы үйлестіру кеңесінің жетекшісі Владимир Козлов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып тұрған Қазақстандағы жағдайды 1937-ші жылдармен салыстырды.

– Биліктің өзі мемлекеттік тілді дамытамыз деп мәлімдеп жатыр. Бірақ соттың, ҰҚК-нің қазақ тіліне қарсы әрекетін қалай түсінуге болады? Бұл нағыз қорлау. Егер әділетті шешім күтетін судьялардың өздері мемлекеттік тілді менсінбей жатса, басқаларға не айтуға болады?! – дейді Владимир Козлов.

Қаңтардың 5-күні Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша Алматыда бір топ қоғам қайраткерлері арнайы мәлімдеме жасады.

Олардың арасында диссидент жазушы Кәрішал Асан-ата, қоғам қайраткері Жасарал Куанышәлі, совет дәуірінде бірнеше рет сотталған диссидент Хасен Қожа-Ахмет, кинорежиссер Қалдыбай Әбенов бар.

Жасарал Қуанышәлі Жәкішевтың соты заңсыздықтарға толы екендігін айтты.

– Мұхтар Жәкішевтің қан қысымы қазір 230-ға дейін көтеріліп, қайта-қайта есінен танып, аяқ-қолы жансызданып, жүрегі ауырып, денсаулығы өте ауыр халге жетті. Уақыт өткен сайын жағдайы нашарлап барады. Соған қарамай сот оның өзінің де, қорғаушыларының
Қоғам қайраткері Жасарал Куанышәлі (сол жақта) және совет дәуіріндегі қазақ диссиденті Хасен Қожа-Ахмет. Алматы, 5 қаңтар 2010 жыл.
да қойған талаптарын орындамай, оны стационарлық емдеуге жібермей отыр. Бұл – өрескел заң бұзушылық. Өйткені, мемлекет үшін азаматтың денсаулығы мен өмірінен қымбат не болуы мүмкін? Егер мемлекет адамның денсаулығына нұқсан келтіретін болса, онда ол неғылған мемлекет? Ал екінші орыс тілін жетік білмейтін Талғат Қыстаубаевқа сот ісі материалдарымен ана тілінде танысуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл – шектен шыққан, ақылға симайтын заң бұзушылық! – деді Ж.Қуанышәлі.

Ал Хасен Қожа-Ахмет Жәкішевтің сотының бас прокуратураның өтінішіне қарамастан жабық өтіп жатқандығына наразылық білдірді.

– Мені соттаған совет заманында, әрине, шындықты жасыруға тырысты, соның өзінде де «жабық сот» деген болған емес. Екі күн бойы ашық сот болып, 56 адамнан жауап алынды. Сондай-ақ, 1986 жылы сот болғанда да ашық сот болды. Қарап отырсаңыз, ол кез тоталитарлық кезең еді. Ал енді егемендігімізді алып, демократиялық ел болдық дегенде жабық соттардың саны көбейіп отыр, – деді Хасен Қожа-Ахмет.

Алматыда бас қосқан азаматтар Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша өтіп жатқан соттағы өздері әділетсіз деп тапқан жайттарға наразылықтарын білдіріп, Қазақстанның бас прокуроры Қайрат Мәмиге ашық хат жолдады.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке 2003 жылы компанияның Венадағы өкілдігін заңсыз ашқан, өкілдіктің басшылары және жұмысшылары ретінде ұлттық компанияға ешқандай қатысы жоқ, Қазақстанның Аустриядағы елшілік қызметкерлерін формалды түрде тіркеп, оларға жалақы беріп отырған деген айыптаулар тағылып отыр. Қазақстандық баспасөз ол адамдар Қазақстан президентінің бұрынғы күйеу баласы, қазірде шетелде бассауғалап жүрген Рахат Әлиевке жақын кісілер деп жазады.

Сонымен бірге, Мұхтар Жәкішев мердігер кәсіпорындардың басшыларынан мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстарда оларды жеңімпаз деп тану үшін бірнеше рет аса ірі көлемде пара алған деп айыпталып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG