Accessibility links

Назарбаев Қазақстан сындарды қабылдай отырып, өз жолымен жүре береді деп мәлімдеді


Франция президенті Николя Саркози мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 қазан, 2009 жыл.
Франция президенті Николя Саркози мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 қазан, 2009 жыл.

Қазанның 6-сы күні Астанаға мемлекеттік сапармен келген Николя Саркози Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Ол «Қазақстан ЕҚЫҰ стандарттары барлық нормаларын толық іске асыруға ұмтылуда» деп баға берді. Назарбаев тұңғыш президенттің сайлауға түсу саны бойынша артықшылық барына тоқталды.


Францияның мемлекеттік энергетикалық ірі компаниялары Total мен Gas de France Қазақстанның Каспий теңізіндегі Хвалинское газ кенішін дамыту бойынша "ҚазМұнайгаз" компаниясымен келісім жасады. Франс-пресс ақпарат агенттігінің хабарлауынша, осы келісімдер жасалғаннан кейін Франция президенті Николя Саркози Қазақстанның стратегиялық маңызын айрықша атап өткен.

Саркозидің сапары кезінде тағы бір меморандумға қол қойылды. Ол құжат Қашаған мұнай кеніші үшін салынатын мұнай құбыры құрылысына Францияның консорциум компанияларының қатысуына жол береді.

Франция президентінің Астанадағы сапары барысында сонымен қатар қорғаныс саласындағы келісімдер жасалды. Ол келісім бойынша француз әскерінің Ауғанстанға Орталық Азия елі арқылы әскери және жеке жабдықтарын тасымалдауға жол беріледі.

"Саркозидің президент ретіндегі Қазақстанға жасаған алғашқы сапары аймақтағы адам құқтарына қатысты кемшіліктерге қарамастан, француз компанияларының Орталық Азияның үлкен экономикасындағы ролін қамтамасыз етуге бағытталған дипломатиялық шаралардың шегіндей жарнамаланған болатын" деп жазады Франс-пресс агенттігі.

Франция президентінің Астанаға сапары қарсаңында халықаралық адам құқығын қорғаушы Human Rights Watch ұйымы Саркозиді Қазақстандағы адам құқығының сақталуына, атап айтқанда, жол апатында кісі өліміне себепкер болғаны үшін 4 жылға түрме жазасына кесілген адам құқын қорғаушы Евгений Жовтистің ісіне назар аударуға шақырған болатын. ЕҚЫҰ мен АҚШ сот үрдісі әділ жүргізілген жоқ деп алаңдаушыдық білдірген еді деп атап көрсетеді француз агенттігі.

Екі ел президенттерінің кездесуінен кейін өткізілген баспасөз-мәслихатында Назарбаев өзін мәңгілік президент сезінгісі келеді деген айыптауларға қатысты Конституцияға сілтеме жасай отырып жауап берді.

Осы ретте француз журналисінің сұрағына Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Конституциясында тұңғыш президенттің бұл қызметке қайта сайлану мәселесі шешілгенін айтып өтті.

«Конституцияда тұңғыш президенттің қанша рет сайлауға түсетініне шектеу қойылмайды, саны бойынша артықшылық бар. Қалғандарына үшін 5 жыл берілген, олар бір рет қана қайта сайлауға түсе алады» - деді Н. Назарбаев.

Ол сондай-ақ Қазақстан елдегі сайлауларға қатысты Батыстың тарапынан айтылған сындарды қабылдай отырып, өз жолымен жүре беретіндігін білдірді.

«Біз жас мемлекет екенімізді ескеріп, айтылған сынды қабылдаймыз. Өз халқының тарихы мен дәстүрі бар демократиямыз да әлі жас. Міне сондықтан біз өз жолымызбен жүріп келеміз деп санаймыз. Біздің көпұлтты және көп конфессионалды еліміздің болашағы үшін кез-келген революция қауіпті. Біздің негізгі мақсатымыз – тәуелсіздігімізді сақтап, нығайтып, ел экономикасын көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартып және ақырындап, Батыс әлемінде бар демократия мен еркіндіктің барша құндылықтарын қабылдай отырып өркениетті елдер қатарына жақындау», – деді Н. Назарбаев.

Өз кезегінде Франция президенті Николя Саркози «Қазақстан ЕҚЫҰ стандарттары барлық нормаларын толық іске асыруға ұмтылуда» деп баға берді. Ол Қазақстан басшысымен демократия, адам құқықтары сияқты көптеген проблемалар туралы сөйлескенін айтты.

«Проблемаларды шешудің ең жақсы әдісі – осында келіп нені қалай жасау керектігін үйретуде емес, ал проблемалар бар. Оның орнына дос ретінде келіп, проблемаларды реттеуге, шешімін табуға тырысу қажет», – деген Саркозидің сөзін келтіреді Франс-пресс агенттігі.

Ақорда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Николя Саркозиді қазақ-француз қарым-қатынасының дамуына қосқан зор үлесі үшін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады деп хабарлады.

Ал Қазақстан президентінің өткен жылғы маусым айындағы Францияға сапарында Николя Саркози Нұрсұлтан Назарбаевты Францияның ең жоғары мемлекеттік наградасы - Үлкен Крест орденімен марапаттаған болатын.
XS
SM
MD
LG