Accessibility links

Қазақтың Әз Жәнібек пен Керей хандарының қола мүсіндерін Қазақ елі монументінен емес, иесіз даладан табасыз

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Астананың бір шетінде ашық далада тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 21 қазан 2009 жыл.

Астананың бір шетінде ашық далада тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 21 қазан 2009 жыл.

Осы аптада Астана билігі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсінімен толықтырылған Қазақ елі ескерткіш ансамблін ашты. Ал қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек ханның биіктігі бес метрлік қола мүсіндері ашық аспан астында ешкімге керексіз болып жатыр.

Астананың батпақты даласында иесіз жатқан Керей хан мен Жәнібек хан және қазақ батырларының қоладан құйылған мүсіндері арнайы тапсырыспен Қытайда жасалыныпты. Олар көрші мемлекеттен 2008 жылдың наурыз айында әкелінген. Содан бері XV ғасырда қазақ
Қазақ хандары мен батырларының ескерткіштері Астананың шетінде ашық далада тұр. 21 қазан 2009 жыл.
мемлекетінің негізін қалаған хандар мен батырлар мүсіндеріне қазақтың кең байтақ даласынан алақандай орын табылмай, батпақты далада шашылып жатыр.

Шын мәнінде жәдігерлердің орны – Қазақ елі монументі болуы керек екен. Керей мен Жәнібек хандар мүсіндерінің авторы Сембіғали Смағұлов өзінің төл туындысын «баласындай», сырттай күзетіп жүрсе, саясаттанушы Берік Әбдіғалиев мұны тарихқа жасалған қиянат деп біледі.

ҚАЗАҚ ЕЛІ МОНУМЕНТІ МЕН ДАЛАДА ҚАЛҒАН ЖӘДІГЕРЛЕР ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ АХУАЛЫНЫҢ КӨРІНІСІ

Тарихи жәдігерлер мүсінін кескіндеген суретші Сембіғали Смағұлов мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы тапсырған бұл аманатына Қазақ елі монументі қатарынан орын табылмауына әлі күнге дейін күйініп жүргенін айтады.

– Бұл мүсіндерді былтыр әкелгенбіз. Бірақ сол аралықта әкімдер өзгерді, монументтің де тұжырымдамасы өзгерді. Сол себептен хандар мен батырлардың мүсіндері қойылмайтын болды. Тапсырыс беруші Астана қаласы әкімдігінің құрылыс департаментіне жәдігерлердің
«Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенінде президенттің қолын Конституцияға қойып тұрғаны кескінделген. Астана, 19 қазан 2009 жыл.
ашықтан-ашық далада жатпау керектігін айтып жүрмін. Бірақ шамам жетпеді. Өзімнің қолымнан шыққаннан кейін, балам сияқты, тек сыртынан қарауылдап жүремін. Осы үшін шаштарым ағарып кетті. Оңтайлы сәті келетін шығар деп үміттеніп жүрмін, – дейді жәдігерлер авторы.


Таяуда ғана, Елорданы дүрліктіріп, Қазақ елі монументі екінші рет қайта ашылған болатын. Оған Астана әкімдігі Қазақстанның әр аймағынан 70 мыңнан астам адамды жинады. Аламан жиында қазақтың хан, батырларының ескерткішін көремін деп барған саясаттанушы Берік Әбдіғалиев көз алдында мүлдем басқа мүсіндердің ашылғанын айтады.

Берік Әбдіғалиев, мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі Президенттік қордың директоры. Астана, 21 қазан 2009 ж.
Тарихи тұлғалар бейнесінің қараусыз жатқаны – тарихқа жасалынған қиянат дейді Берік Әбдіғалиев

– Жақында ашылған Қазақ елі монументі мен ашық далада жайрап жатқан тарихи жәдігерлер қазіргі қазақтың өмірінің көрінісі іспетті. Шындығында да қазақ еліне әдейі қойылған екі ескерткіш сияқты. Бір жағы жылтыраған – кеудемізді керетін, мақтаншақтығымыз. Екінші жағынан – тарихымызды, тілімізді, ділімізді менсінбеушілігіміз. Немқұрайдылығымыз. Осыны көріп, әрбір қазақ ұялу керек. Бұл біздің намысымызды қамшылау керек. Астананың төрінде тұру керек хан-батырларымыз неге балшықтың арасында жатуы тиіс?! – деп ренішін білдіреді Берік Әбдіғалиев.

«ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ» БАЙҚАУ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТПЕН ӘҢГІМЕ

Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2007 жылдың күзінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елі сәулет-мүсін кешенінің қазығын
Ашық далада қалған ескерткіште Қазақстан Республикасының Конституциясы да кескінделген. 21 қазан 2009 ж.
қағу кезінде, «Бұл жерде қазақ мемлекетінің іргесін қалаған барлық хандардың, билердің бейнелері орын табу керек» деп мәлімдеген болатын. Содан кейінгі президенттің жоспарларының тікелей куәсі болғанын Сембіғали Смағұлов былайша баяндайды:

«2007 жылдың қазан айында, Бейбітшілік және келісім сарайында президенттің қатысуымен Қазақ елі монументінің макетіне байқау өтті. Оған еліміздің небір шебер монументалистері өз жобаларын ұсынды. Тіптен арнайы Мәскеуден келген мүсіншілер болды. Бірақ президент менің жасаған жобама тоқталып, байқауды мен жеңіп алдым. Осыдан кейін президентпен екеуара ұзақ әңгімелестік. Ол маған өзінің ойларын айтты. Сол кезде Керей хан мен Жәнібек ханның міндетті түрде болуы қажеттігін тапсырды.

Кейін бірге Венгрияға бардық. Сонда Елбасы қыпшақтардың алты батыры бар мүсінін көрді. Осыдан кейін мен «Қазақ елін» жасауда президенттің ойы өзгереді-ау деп ойладым. Айтқанымдай-ақ, бір аптадан кейін президенттен қағаз келді. Батырлардың суретін сызып, салып жіберіпті. «Осы бойынша, макетін жасасын» деп. Міне, мемлекет басшысының өзі тапсырған төл идеясының өзі қажетсіз болып қалды», – дейді суретші Сембіғали Смағұлов.

Мүсінші Сембіғали Смағұлов. Астана, 22 қазан 2009 ж.
Монументалист Смағұловтың айтуынша, байқау кезінде, президенттің мүсінін жасаған жобалар да болыпты. Оны көріп президент «маған ескерткіш қоятын сендер емес, бастарыңды қатырмаңдар» деп қатты ұрсып тастады дейді суретші.

Бұл оқиғалар Астана қаласының әкімі Асқар Мамин болып тұрған кезде орын алған. Кейін 2008 жылдың сәуір айында Иманғали Тасмағамбетов әкімдікке келгеннен кейін, мәслихат депуттары мамыр айында Қазақ елі монументінің жобасын қайта қарады. Сөйтіп, ол жерге Қазақстанның «тұңғыш президенті және оның халқы» деген мүсін қойылатын болып шешілді.

ТАРИХТЫҢ ҚАСТЕРЛЕНУІ ДЕ, 100 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ДЕ ШЫМБАЙҒА БАТПАЙДЫ

Осылайша, «тұңғыш президент» салтанатты түрде ашылып жатқан кезде, Әз Жәнібек пен Керей өзі салып кеткен мемлекеттің ұрпағына керексіз болып, межеленген тұғырына қона алмай айдалада қала берді.

Астананың шетінде ашық далада тұрған қазақ батырларының ескерткіштері. 21 қазан 2009 ж.
Батырлар мүсінін көргенде мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құлмұхаммед аяушылық білдірген көрінеді.

– Өткенде мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхаммедпен кездестім. Ол маған: «Батырлардың бәрін барып көрдім. Сондай жақсы екен. Мен оларды қараусыз қалдырмаймын» деп уәде берген. Содан кейін Мәдениет министрлігіндегі мемлекеттік комиссия қарап, жәдігерлерді Арай саябағына қоюды ұйғарыпты. Бірақ қазір қаржы тапшылығына байланысты кешеуілдетіп жатыр, – дейді суретші Сембіғали Смағұлов.

Алайда, президент жанындағы мемлекеттік тілді дамыту қорының төрағасы Берік Әбдіғалиев кемінде 100 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалынған Керей хан мен Жәнібек хан мүсіндерін саябаққа қоюдың өзін кемсітушілік деп біледі.

Ал бір жарым жылдан бері далада жатқан қола мүсіндер Қазақстан мемлекеті тәуелсіздік алғаннан кейінгі Керей мен Жәнібек хандарға жасалған алғашқы ескерткіштер екен.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG