Accessibility links

Керей мен Жәнібек хан жобасының ауторы Назарбаевтың өзі болса да, мүсіндер тарихшылар көңілінен шықпапты

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Тарихшылар (солдан оңға): Оразақ Ысмағлұлы, Бүркітбай Аяған, Хангелді Әбжанов. Астана, 17 қараша. 2009 жыл.

Тарихшылар (солдан оңға): Оразақ Ысмағлұлы, Бүркітбай Аяған, Хангелді Әбжанов. Астана, 17 қараша. 2009 жыл.

Келбеті «қытайға ұқсап кеткен» ескерткіштерге қарсы акцияны жалғастырған тарихшылар оларды қазақ даласына қоюдың өзі артық десе, мүсіндерді жасаушылар хандар мен батырлардың келбетінде қазақтың Олимпиада чемпиондарының кескіні бейнеленгенін айтады. Олар сонымен бірге бұл іске Қаржы полициясының араласуын қалап отыр.

XV ғасырда қазақ елінің негізін қалаған – Керей мен Жәнібек хан мүсіндеріне қарсы акция Астанада да жалғасын тапты. Сейсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізген бір топ тарихшылар ескерткіштердің антропологиялық түр-сипатын сынға алды. Яғни, олардың айтуынша, хандар қытайдың императорына ұқсап кеткен. Олар мұндай бағаларын тарихи жәдігерлерді Қытайдан әкелген күні-ақ беріпті. Сол кезде қоладан құйылғанына да күмән келтіріпті.
Ескерткіштердің қоладан құйылғанын айғақтайтын құжат.


– Шынымызды айтсақ, мүсіндердің ешнәрсесі ұнаған жоқ. Шын мәнінде XV ғасырда Керей мен Жәнібек өте жас болатын. Олар топты жарып шыққан жастар еді. Біз соны көре алмадық. Жәнібек ханның басына киген бас киімі ол кезеңде болмаған. Олардың келбеттері сол кезеңдегі адамдарға ұқсамайды. Киімі де, түр сипаты да. XV ғасырдағы киімдерге келмейді. Кітаптарды ақтарып қарасақ, Жәнібек сұңғыла бойлы, атжақты келген адам болған. Ал мүсіндегі Жәнібек қытайдың балалары сияқты. Заңсыз ескерткіш. Құжаттары да жоқ, – дейді Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған.

«АРАЙҒА» ДА, САРАЙҒА ДА ҚОЮҒА ЖАРАМАЙДЫ»

Осындай уәждерін алға тартқан ғалымдар тарихи жәдігерлерді «Арайға» да, сарайға да қоюға жарамайды деп отыр. Осының алдында, ескерткіштер Астанадағы "Арай" саябағына қойылады екен деген әңгіме болған-тын.

Бірақ тарихшылар журналистердің «Бір жарым жыл бойында тарихшылар неге үнсіз жатты? Жүргізген сараптамалардың дәйекті құжаты қайда?!» деген сұрақтарына тіс жарып ештеңе айта алмады. Тек күмілжіп, күлумен ғана шектелді.

Енді «Қазақ елі монументінің ауторы» деген атақтан да айрылып қалған мүсінші Сембіғали Смағұлов өзінің назын тек 91 метрлік биіктікте хандар мен батырлар мүсінін «қорғап» тұрған алтын «Самұрығына» ғана жеткізуге шамасы келіп, қайрансыздықтан екі алақанын жаяды.

– «Алтын самұрығым, көз жазып қалма, мына батырлардан. Әлде сен де сыртыңды бердің бе, самұрығым. Мен бәтуа таппадым, батырларым. Бір тәңірге тапсырдым». Осылай деп тек өзім жасаған алтын самұрығыма ғана айта аламын. Күресуге менің қолым қысқа, – дейді суретші Сембіғали Смағұлов.

КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕК МҮСІНДЕРІНІҢ НЕГІЗГІ АУТОРЫ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨЗІ

Тарихи жәдігерлерді құйған мүсінші Асқар Нартов шын мәнінде хандар мен батырлардың ауторы – Нұрсұлтан Назарбаев екенін айтады. Президент бұл арманын суретшілермен болған кездесуде айтыпты.
Мүсінші Асқар Нартов, Керей мен Жәнібек хандар мүсіндері ауторларының бірі. Астана, 17 қараша 2009 жыл.


– 2006 жылы желтоқсан айында Астанада орнатылуы тиіс Тәуелсіздік монументіне байқау өтті. Оны расында мүсінші Нұрлан Далбай жеңді. Кейіннен президент «Астана жұлдызы» деген монументті ашуға келді. Сол кезде президент «Менің «Қазақ елі» деген монумент ашсақ, ол жерге Керей мен Жәнібек хандардың ескерткішін қойсақ деген арманым бар» дегенді айтты. Кейін осы жобаға байқау жарияланған кезде Сембіғали Смағұлов жеңіп алды. Мен Қарағандыда жүрген кезде Сембіғалидың өзі маған телефон соғып, сүйінші сұрағаны есімде. Сол себептен де далада жатқан ескерткіштердің ауторы Сембіғали Смағұлов та емес, оның ауторы – президент, – дейді Асқар Нартов.

Байқауды жеңіп алғаннан кейін суретші Сембіғали Смағұлов әркез президентпен кеңесіп отырғанын жеткізді. Ол қолындағы сол кезде Астана әкімі болып тұрған Асқар Маминге президенттің ескерткіштер жайында жазған сілтеме хатын да көрсетті. Астана әкімдігімен келісімшартқа отырған құжаттарын да жайып салды.

900 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН СУРЕТШІЛЕРГЕ КӨК ТИЫН ТИМЕГЕН
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ елі» монументіне байланысты Астана қаласының әкімі Асқар Маминге жазған хаты. 30 қараша 2007 жыл.


– Мен осыған дейін президенттің хаты әркімге қолжаулық болмасын деп тығып ұстап келіп едім. Көрсетуге тура келіп тұр. Міне, Астана әкімдігінен де келісімшарт арқылы алғашқысында 33 млн. теңге, екінші рет 67 млн. теңге аударылды, – дейді ол.

Барлығы ескерткіштердің жалпы шығармашылық жобасына 900 млн. теңге бөлініпті. Ал бұлардың ішінен суретшілердің еңбек ақысына бір тиын да бөлінбеген. Сол себептен олар бұл істі Қаржы полициясының өзі қолға алғанын қалап отыр. Сонымен бірге мүсіндердің қоладан құйылғанын айғақтайтын құжаттарын да көрсетті.

– Егер осындай құжаттарым жоқ болса, «Міне басым, алатын болсаңыздар, алыңыздар» деп алдарына салар едім. Егер жоғары жақтан пәрмен болмаса, кім бізбен келісімшартқа отырады. Міне, мемлекеттік сараптама деген құжат. Мұны қолдан жасауға менің құдыретім жетпейді, – дейді Сембіғали Смағұлов.

МҮСІНДЕР КЕЛБЕТІНІҢ ПРОТОТИПІ ҚАЗАҚ ЧЕМПИОНДАРЫ

Ал тарихшылардың «мүсіндер қытайға ұқсап кеткен» деген пікірлеріне мүсіншілердің айтар уәждері бар екен. Олар Қытайға қазақ елінің атақты Олимпиада чемпиондарының портреттерін ала барыпты.
Керей мен Жәнібек хандар мүсіндерінің авторлары Сембіғали Смағұлов (сол жақта) пен Тоқтар Ермеков. Астана, 17 қараша. 2009 жыл.


– Портреттердің ішінде Серік Қонақбаев, Ермахан Ибраимов секілді бокстан Олимпиада чемпиондарының суреттері болды. Біз олардың мінез беретін кескіндерін алдық. Сол кезде қытайлықтар «Біз бір жарым миллиардпыз. Бірақ бірде-бір бокстан чемпионымыз жоқ. Сіздер бақытты екенсіздер» деді. Батырлардан Ермахан Ибраимовтың келбетін көресіздер. Онда Серік Қонақбаевтың көз, қабақ-қиығы бар. Жәнібек ханның келбетінен Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың мұртын көре аласыздар. Батырлар туралы екі томдық кітап жазған Қалиолла Ахметжанов деген азамат бізге кеңесші болды, – дейді суретші Сембіғали Смағұлов.

Сембіғали Смағұлов сонымен бірге ескерткіштердің қоладан құйылғанына күмән келтіріп, оған қарсы акцияны бастағандардың ішінде кезінде осы мүсіндерге жоғары баға берген адамдардың да жүргенін айтады. Солардың бірі – ескерткіштерге қатысты мемлекеттік комиссияның мүшесі Мұрат Мансұров осы жылдың қыркүйек айында «Мүсіндер далада қалмасын, Арай саябағына қойылсын» деп қол қойғандардың бірі екен.
Қазақ елі» монументіне қатысты аймақтық суретшілер кеңесінің шешімі. Астана, 16 мамыр 2008 жыл.


Осылайша «Қазақ елі» монументінен орын табылмай, сыртта қалған хандар мен батырлар ескерткіші төңірегіндегі дау-жанжал бір күні Алматыда, келесі күні Астанада ұласып, тарихқа деген құрмет пен тағзым таразысының басы алмакезек түсіп тұр. Тарихшылар да, суретші, мүсіншілер де бір бәтуаға келер емес, ал идеяның негізгі ауторы, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі бұл жанжалға қатысты тырс етіп пікір білдірген жоқ.

Естеріңізге салар болсақ, алғашқы қазақ хандығының негізін қалаушы Жәнібек пен Керейдің және алты батырдың қола мүсіндерінен тұратын мемориал кешені Астана жанында иесіз далада жатыр. Ол жөнінде ең бірінші болып Азаттық хабарлаған еді, 20 қазанда Астанада «Қазақ елі» монументінің ашылу салтанаты болды, бірақ оның қатарынан хандар мен батырлар есекерткішіне орын табылған жоқ.

Ал ескерткіштер болса Астананың қар басқан даласында қалқиып әлі тұр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG