Accessibility links

Оқу комбинатына оқуға келген құрылыс фирмасының жұмысшылары қазақ тілінде оқыту туралы талаптары орындалмаған соң ол мекемед оуқдан бас тартты. Комбинат директоры мамандар мен арнайы әдебиеттің тапшылығын алға тартады.

САРАПШЫ ҮШІН БІР МЫСАЛ

14 шілдеде, Астанада БҰҰ-ның аз ұлттар жөніндегі тәуелсіз сарапшысы Гей Макдугалл Қазақстан үкіметінің, үкіметтік емес ұйымдардың, ұлттық-мәдени орталықтарының өкілдерімен болған екі апталық кеңесулердің қорытындысын шығарды.

БҰҰ сарапшысының айтуынша, ұлттық азшылық өкілдері салыстырмалы алғанда теңдікте өмір сүріп жатқандарын мәлімдеген. Бірақ, олардың барлығы мемлекеттік тілді енгізу мен орыс тілін Қазақстанның ресми тілі ретінде пайдалану мәселелерін көтерген.

Гей Макдугаллдың дерегі бойынша, ешкім де бұл мәселелерге байланысты сотқа арызданбаған. Алайда, дәл осындай шағымдардың болмауына БҰҰ сарапшысы алаңдаушылық танытты.

Әйткенмен, 20 шілдеде Астананың бір оқу комбинатында болған оқиға жергілікті ұлт өкілдерінің де айтар арыз-шағымдарының барлығын байқатты. Гей Макдугаллдың назарына ілінбеген мәселеге байланысты жақын арада сот талқылаулары басталып қалуы да мүмкін.

«САБАҚТАН СОҢ ТҮСІНДІРЕМІЗ»

Ақмола оқу комбинаты, келісім-шарт бойынша, қазіргі уақытта Астанадағы «Хан шатыры» бірегей сауда - ойын-сауық орталығының құрылысын жүргізіп жатқан фирманың биік үй салып-құрастырушы жұмысшыларына құрылыс нормасы мен ережелері, техника қауіпсіздігі туралы арнайы курс өткізуі тиіс болған. Бірақ олар оқудан бас тартты. Болған оқиғаны Ақмола оқу комбинатының директоры Людмила Лашта былайша әңгімелеп берді:

Людмила Лашта, Ақмола оқу комбинатының директоры. Астана, 22 шілде 2009 жыл.
«Алғашқы лекциялар басталар алдында мен студенттерге біздің оқу орнымыздағы тәртіп-ережелерді түсіндіре бастадым. Әңгіме әжетханаға келгенде олардың бірі ашуланып, қазақ тілінде оқытуымызды талап ете бастады. Біздегі ұлты татар оқытушы Раис Галиуллин тек орыс тілінде ғана емес, қазақ тілінде сөйлейтіндер үшін сабақтың мағынасын ауызекі қазақ тілінде айтып түсіндіріп бере алады. Алайда, біздің оқытушы әлі аузын ашып үлгерместен аталған фирманың барлық студенттері сыныпты тастап шығып, оқудан бас тартты. Жарты сағаттан соң олар журналистерді алып келді».

Оқу комбинатының ұжымы Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы Ономастика және талдау бөлімінің бастығы Гүлмира Тәшенованың іс-әрекетіне де наразылық білдіруде. Олардың айтуынша, Тәшенова мемлекеттік органдар тарапынан тексерістер жүргізетіндігін айтып қорқытқан. Оқытушылар ол өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып отыр деп есептейді.

Бұған жауап ретінде шенеунік ҚР Конституциясы 19-бабының 2-тармағын көлденең тартады. Онда «әркім өзінің ана тілі мен мәдениетін пайдалануға, әңгімелесу, тәрбиелеу, оқу және шығармашылық тілін таңдауға құқылы» деп жазылған.

«Директор мені арызданушылардың сөзін сөйлеп отырсың деп кінәлайды. Бірақ мен Қазақстан Республикасы заңдарының орындалуы жағындамын. Оқу орталығының мемлекеттік тілде оқытуға дайын болмағандығы шындық», - деді Гүлмира Тәшенова Азаттық радиосының тілшісіне.

Альпинист-монтажшылар тобының жетекшісі Болатбек Құрмет өзінің ашуын туғызған жайт туралы былай дейді:

«Арыз берген кезде-ақ мен бізге қазақ тілінде оқудың қажеттілігін жазғанмын. Өйткені, топтағылардың барлығы бірдей орысша білмейді.
Ақмола оқу комбинатының кіре берісі. Астана, 22 шілде 2009 жыл.
Мен өзім төрт тілді білемін, сондықтан маған байланысты проблема жоқ. Бірақ, төрт өзбек пен Аралдан, Ақтөбе облысынан келген екі қазақ шынымен де орысша түсінбейді. Сабақ басталар алдында мен директорға қазақша оқытудың қажеттігі туралы тағы да ескерттім. Бірақ, ол «орысша білмейтіндер сабақтан соң оқытушыдан қосымша қазақша сұрауларына болады» деді. Бірақ біз өндірісте жұмыс істеп жатқан адамдармыз, сондықтан біз үшін әр минут қымбат!»

Ол директордың дәретхананы қалай пайдалану керектігі туралы ақыл айта бастағанда ашуланып кеткенін жасырмайды. Бірақ, ол өзімен сөз таластырып қалған Людмила Лаштаның «көзіңді жоғалт» деген сөзінен соң бригадасымен бірге оқу сыныбынан шығып кеткенін айтады.

Болатбек Құрмет бұл мәселенің төркінінде ешқандай ұлтшылдық негіздің жоқтығын да атап айтады.

«Менің бригадамда жұмыс істейтіндердің 8-і қазақ, 8-і қытайлық, 4-і өзбек. Біз барлық қиындықты тең көтереміз. Біздің басшыларымыз да интернационалды - ағылшындар мен немістерден тұрады. Олардың барлығымен тіл табыса аламын. Сондықтан, бұл жерде мәселе менде емес, оқу орталығында» дейді ол.

ЕЛГЕ ОҚУЛЫҚТАР МЕН ҚАЗАҚ ТІЛДІ ОҚЫТУШЫЛАР ЖЕТПЕЙДІ

Ақмола оқу комбинаты оқытушыларының пікірінше, қазіргі уақытта олар үшін оқу процесіне мемлекеттік тілді толыққанды енгізуге кедергі келтіретін үш проблема бар. Біріншіден, жұмысшы мамандарын даярлау үшін сонау Совет Одағының кезінде қабылданған білім саласындағы кейбір нормативтік актілер мен құжаттар әлі қазақ тіліне аударылмаған. Мысал ретінде олар, Қазақстанда қабылданған, жоғары қысымдағы ыдыстармен жұмыс істеудің қауіпсіздік ережелерін келтіреді.

«Нормативтер әлі қазақшаға аударылмаса, қазақша қалай оқытуға болады?» дейді Людмила Лашта.

Қазақ тіліндегі әдістемелік әдебиеттер бағасының негізсіз жоғарылығын олар екінші проблема деп есептейді.

«Егер орыс тіліндегі оқу кітапшасы 1300 теңге тұратын болса, қазақ тіліндегі дәл сондай кітапша 4000 теңге тұрады» дейді Ақмола оқу комбинатының есепшісі Светлана Лашта.

Олар ең басты үшінші проблема ретінде қазақ тілді оқытушылардың тапшылығын айтады:

«Біз жоғары оқу орындарынан (ЖОО) мамандарды шақырып, оқу комбинаты оларға ЖОО-ға қарағанда жоғарырақ жалақы төлемек те болды. Бірақ, олар теорияны жақсы білгенімен, жұмысшы мамандықтары бойынша практикалық тәжірибелері жоқ».

1974 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан, 15 мамандық бойынша жұмысшы мамандарын даярлайтын оқу орталығы ұжымының пікірі осындай.

Гүлмира Тәшенова, Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасы Ономастика және талдау бөлімінің бастығы. Астана, 22 шілде 2009 жыл.
Өз кезегінде ономастика бөлімінің бастығы Гүлмира Тәшенова проблемалардың бар екендігін жоққа шығармайды:

«Егер адам жұмыс істегісі келмесе, онда ол жұмыс істемеу үшін мыңдаған сылтау табады. Проблеманың барлығы шындық, оны мен студент кезімде өзім де басымнан өткергенмін. Бірақ, ғылыми-әдістемелік әдебиет толық жеткілікті болмаса да бар. Қазақ тілінде оқыту совет кезеңінен жүргізіліп келеді. Қазақ топтары болған да, қазір де бар. Қажетті әдебиет мүлдем жоқ деген шындыққа жанаспайды. Мен оларға ЖОО-лармен ынтымақтаса жұмыс істеуге кеңес берер едім».

Гүлмира Тәшенова жұмысты жоспар мен сабақ кестесін қазақша жазудан бастау керек деп есептейді.

«Олар оқытушыларды оқта-текте бір рет шақырумен шектелмей, қазақ тілінде іс жүргізуді жоспарлы түрде енгізуі керек» дейді қалалық әкімдіктің шенеунігі.

ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР БӘСЕКЕЛЕСТЕРДІ ЕСКЕ АЛАДЫ

Альпинист-монтажшы Болатбек Құрмет те айтқанынан қайтпай отыр: «Мен кешірімді адаммын, сондықтан, егер ол менен кешірім сұраса, оқу комбинатының директорын кешіремін. Бірақ, біз ол комбинатқа енді қайтып бармаймыз. Олар оқу тілін таңдау еркіндігі туралы
Астанадағы «Хан шатыры» бірегей сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы. 22 шілде 2009 жыл.
менің Конституциялық құқымды аяққа басты. Енді мен өзім қалаған тілде оқуға құқымның барлығын заңды түрде дәлелдемекпін».

Оқу комбинатындағы бұл дау жайдан жай басылар емес. Оқу комбинатының қызметкерлері бұл жанжалдың түпкі себебін алыстан іздейді. Мысалы, олар бұны әдейі жоспарланған оқиға деп ойлайды. Олар бәсекелестерін еске алып, бұл оқиғаның рейдерлік астары болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Олар бұндай болжам жасауға 1991 жылдан бері оқу жүргізіліп келе жатқан жартылай жертөледегі оқу ғимаратындағы терезенің бірінші рет сынғанын себеп ретінде айтады. Ол терезені тілге қатысты дау шыққан күннің ертесінде әлдекім сындырып кетіпті.

Болатбек Құрмет болса «жала жапқаны үшін оларды сотқа беретінін» айтады. Ол өзіне жала жапқысы келетіндердің барлығы өзімен бірге жұмыс істейтін компанияның қызметкерлеріне жолығып, бұның қандай адам екендігін солардан сұрап білуге кеңес береді.

«Олар менің терезеге тас лақтырмақ түгілі, құрылыс алаңдарында да боқтық сөз айтпайтынымды растап береді», - дейді ол.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG