Accessibility links

Жәкішевтің адвокаты істі Астанада емес, Алматыда қарауды сұрады


«Қазатомпром» ұлттық компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішев өзі тұтқында отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысында «Время» газетіне сұхбат беріп отыр. Астана, шілде, 2009 жыл. www.time.kz сайтындағы сурет.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішев өзі тұтқында отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысында «Время» газетіне сұхбат беріп отыр. Астана, шілде, 2009 жыл. www.time.kz сайтындағы сурет.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша соттың алдын ала тыңдаулары басталды. Прокурор соттың ашық өтуін сұраса, адвокат істің бұл сотта қаралуының заңды екендігіне күмән келтірді. Сотқа әкелінген айыпкердің қасында дәрігер болды.


АДВОКАТ ІСТІҢ САРЫАРҚА СОТЫНДА ҚАРАЛУЫ ЗАҢСЫЗ ДЕЙДІ

Желтоқсанның 22-күні Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша алдын ала сот тыңдаулары басталды.

Жәкішевтің жақын-туыстары мен жұртшылық және баспасөз өкілдерінің бұл тыңдауларға қатысуына судья рұқсат етпеді. Сотқа Мұхтар Жәкішев пен оның адвокаты Нұрлан Бейсекеев, сондай-ақ, екі прокурор қатысты.

Процесті аудандық соттың төрағасы Нұржан Жолдасбеков жүргізді. Бұл судья кезінде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының
Нұржан Жолдасбеков, Сарыарқа аудандық сотының судьясы, Астана, 13 қараша 2008 жыл.
бұрынғы президенті Жақсыбек Күлекеевтің ісін қараған болатын.

Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, алдын ала сот тыңдаулары айыпталушы жақтың ұсынысы негізінде тағайындалған. Оның барысында адвокат сот төрелігінің талқысына бірнеше мәселе ұсынбақшы болыпты.

– Біз істі қайта тергеуге жіберуді, қылмыстық істі тоқтатуды, сондай-ақ, күдіктіге шара қолдану түрін өзгертуді мәселе етіп көтермек болдық. Бірақ бұл сұрақтарды біз қойған жоқпыз. Өйткені, мен бұл қылмыстық істің Астана қаласының Сарыарқа аудандық сотында қаралуының қаншалықты заңды екендігіне қатысты өтініш түсірдім, – деді Нұрлан Бейсекеев.

Ол бұл істі Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қараған жөн деп санайды.

Процестің тікелей соттың өзіне қатысты сұрақтан басталуына байланысты, сот төрағасы Нұржан Жолдасбеков басқадай өтініштерді қарауды жөн деп таппаған. Ал, адвокаттың әуелгі сауалының жауабы сейсенбі күні Нұрлан Бейсекеевтің қолына тиіпті.

– Сот менің бұл өтінішімді қабылдаған жоқ. Қылмыстық-процессуалдық заңға сәйкес, мұндай мазмұндағы жауапқа шағым түсіруге болады. Соттың қаулысы осыдан бірнеше минут бұрын ғана қолыма тиді. Мен қазір шағымды Астана қалалық сотына жазамын, бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешімді сол сот қабылдайды.

Адвокат Бейсекеевтің айтуынша, егер осы істің бұл сотта қаралуы заңсыз екендігі туралы шешім қабылданса, онда айыптау үкімі де күшін жояды. Қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес, сот ең әуелі бұл істі қарауға құқығы бар-жоқтығын анықтап алуы тиіс.

– Сот бұл мәселені қойған жоқ, сондықтан мен осы сұрақты қоюға мәжбүр болдым, – деді адвокат.

ПРОКУРАТУРА ПРОЦЕСТІҢ АШЫҚ ӨТУІН СҰРАДЫ

Процеске айыптаушы жақтан екі прокурор: Тоқбергенов және Адай қатысқан. Олар соттан бұл процестің ашық өтуін сұраған.

– Прокуратура тарапынан сот процесінің ашық өтуі мәселесі көтерілген еді. Сот бұл мәселені талқылаған да жоқ. Тіпті, бұл мәселеге қатысты адвокаттың пікірі сұралған жоқ. Яғни, осыдан-ақ сот мәселені қараусыз қалдырғандығын аңғаруға болады, өйткені, істің дәл осы
Солдан оңға: Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев және Жәмила Жәкішева. Астана, 10 желтоқсан 2009 жыл.
сотта қаралу-қаралмау мәселесі түпкілікті шешілген жоқ, – деді Нұрлан Бейсекеев.

Дегенмен жабық сот процесіне медициналық қызметкер қатыстырылған. Бұған дейін айыпкер Мұхтар Жәкішев өзінің денсаулық жағдайының нашар екендігін, атап айтқанда жүрегі ауыратындығын және қан қысымы өте жоғары екендігін айтып бірнеше мәрте құзырлы органдарға өтініш жазған болатын.

Бейсекеевтің айтуынша, егер сот процесі жалғасатын болса, онда алдағы уақытта сот отырыстарының барлығына дәрігер қатысатын көрінеді.

Алайда Жәкішевтің өзі соттың алдын ала тыңдаулары барысында өзінің денсаулық жағдайы туралы мәселе көтермеген, сот төрағасының сауалдарына жауап беріп, әлі келгенше процеске қатысуға тырысты дейді адвокат.

– Процесс басталар қарсаңында жаңағы дәрігер Мұхтар Жәкішевтің қан қысымын өлшеп көрді: 185/125 екендігі анықталды. Дәрігер оның қан қысымын тұрақты ұстап тұру үшін бірқатар дәрілер берген екен. Бұған дейін біз осы мәселені талқылаған едік. Яғни, ол әлі келгенше шыдауға тырысады. Өйткені, Жәкішев өзінің кінәлі еместігін осы сотта ғана дәлелдеуге мүмкін екендігін жақсы түсінеді, – деді адвокат Нұрлан Бейсекеев.

Судья Нұржан Жолдасбеков алдын ала сот тыңдауларының келесі отырысын сәрсенбі күнгі сағат 11-ге белгіледі.

Мұхтар Жәкішевтің оққағары Талғат Қыстаубаевтың зайыбы Сара Сағындықова. Алматы, 13 тамыз 2009 жыл.
Мұхтар Жәкішевке ұйымдасқан топ құрып, мемлекетке ірі көлемде, шамамен 670 мың доллар залал келтірді және мердігер кәсіпорын басшыларынан ірі көлемде пара алды деген айып тағылды.

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев биылғы жылғы мамыр айының соңында тұтқындалғалы бері ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысында отыр.

Мұхтар Жәкішевпен бірге осы қылмыстық іс бойынша сот процесіне оның оққағары болған Талғат Қыстаубаев та айыпкер ретінде қатысады. Жәкішевтен кейін іле-шала қамауға алынған Қыстаубаевта әлі күнге дейін адвокат жоқ. Мемлекет тағайындаған қорғаушы Қыстаубаевтың отбасының көңілінен шықпады, ал айыпталушының туыстары жалдаған адвокат Хамида Айтқалиева әлі күнге дейін мемлекеттік құпия құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат ала алмай отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG