Accessibility links

Ақорда кейіннен салынған киімілгіштен басталады


Қазақстан президентінің сарайы - Ақорда. Астана. Сурет Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке сайтынан алынды.
Қазақстан президентінің сарайы - Ақорда. Астана. Сурет Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке сайтынан алынды.

Шілденің алтысында Қазақстан Астана күнін атап өтпек. Астананың, оның жаңа құрылыстарының тағдыры қайшылыққа толы. Қазір белгілі болғанындай, құрлысшылар Назарбаевтың басты сарайы Ақордада киім ілетін орын жасауды ұмытып кетіпті.



«БАТЫҒАЙ» ЖОБАСЫ


Бұл жолғы кезекті Астана күні мен Қазақстанның үздіксіз президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жетпіс жылдық мерейтойының есте қалар бір тұсы – дәл осы күні «Хан шатыры» сауда, ойын-сауық орталығының салтанатты түрде ашылу рәсімі өтпек. Жақында ғана Назарбаев университеті – Nazarbaev University ашылды. Сонымен бірге, Астанада «Шабыт» шығармашылық үйі мен Тәуелсіздік алаңында «Қазақ елі» монументі пайда болды.

«Хан шатыры» да, халық арасында «Назарбаев пирамидасы» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы да британдық сәулетші Норман Фостердің кезекті жобалары. Сонымен бірге, «Жабық қала» жобасы да кезегін күтуде.

Осындай «әлем кереметін» салу идеясын Қазақстанның басшысы 1990 жылдардың соңынан бастап айта бастаған. Алайда БАҚ-тың жазуынша, «Жабық қала» жобасы идея ауторына 2006 жылы ғана ұсынылып, мақұлданған екен. Ақорда қожасы бұл жобаға «Батығай» деп ат қойып та үлгеріпті. Бұл осы жерді ертеде мекендеген далалықтар астанасының аты көрінеді.

«Жабық қала» әзірге жоба күйінде тұр. Астананың қаһарлы қысына есептелген бұл қалашықтың аумағы екі шақырымдай және Лондондағы «Мыңжылдық күмбезінен» екі еседей үлкен болмақ.

БАҚ-тың жазуынша, «Батығайда» он мың көп қабатты тұрғын үйлер салынбақ. Жобаның инфрақұрылымына ерекше назар аударылатын болады. Құрылыстардың жалпы көлемі бір миллион шаршы метрден асып, барлық нысандар монорельсті көлікпен жалғастырылмақ. «Жабық қалада» дүкендер мен емханалардан бастап SPA-салондарға дейінгі өмірге қажеттінің барлығы болуы керек. Сондықтан мұнда негізінен Ақорда шенеуніктері тұратын сияқты.

«Сияқты» деуіміздің өзіндік сыры бар. Өйткені Астанада жобаланған және іске қосылған жобалар арасында көп жағдайда жер мен көктей айырмашылық болады.

КӨЛБЕУ АСТАНА

Ресми хроникадан бір хабарламаларды келтіре кетейін. «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Абдулла Гүл сейсенбі күні кешкісін (2010 жылдың 25 мамыры күні. Азаттық) Астананың бірқатар жаңа нысандарында болды. Екі мемлекет басшысы ең жоғары әлемдік стандарттар бойынша жабдықталған «Қазақстан» әмбебап киноконцерт залын қарап шықты.
«Хан шатыры» ойын-сауық орталығының құрылысы
жүріп жатқан кез. 22 шілде 2009 жыл.

Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаев пен Абдулла Гүл әлемдегі шатыр тәріздес биік ғимараттардың бірі болып саналатын «Хан шатыры» бірегей кешенінде болды. Бұл нысанды биылғы жазда пайдалануға беру жоспарланып отыр». Бұл жайында президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Ресми хабарламаларға сәйкес, бұл нысандар жай ғана «әлемдік стандарттарға» ғана емес, «ең жоғары әлемдік стандарттарға» сай келетін көрінеді. Көбінесе «әлемдік», біраз жағдайларда «еуразиялық кеңістіктегі» болса, Орталық Азиядағы деген теңеу сирек аталады. Бір сөзбен айтқанда «ең-ең» дегеннің барлығы осында.

Ал енді айналасына сәл де болса назар салған адамның көз алдына сырт көзге байқала бермейтін біраз нәрсе көрінбек. Жай көзге көрініп тұрғанынының өзі алып айсбергтің шыңы ғана.

Осы саланың маманынан Азаттық радиосы алған Астанадағы барынша елеулі деп саналатын құрылыстардың тізбесін келтіремін. Ол адам түсінікті себептерге байланысты атын атағысы келмеді. Тізбе қысқаша түрде аталған маманның түсініктемесімен келтіріледі:

«Астанада салынып жатқан ерекше нысандар жайында айтар болсақ, біздің сәулетшілеріміздің техникалық жағынан салынуы күрделі (тиісінше қымбат) ғимараттарға әуестігіне тоқтала кету керек. Көлбеу конструкциялар жобалау барысында да, құрылысты жүргізген кезде де қиындық тудырады. Халық арасында «Назарбаев пирамидасы» аталып кеткен Бейбітшілік және келісім сарайының, «Хан шатырының», «Шабыт» шығармашылық үйінің, «Қазақстан» киноконцерт залының көлбеу жазықтықпен салынған тұстары бар.

Сәулетшілердің қиялын жүзеге асыру үшін жобалаушылардың біраз тер төгіп, еңбектенуіне тура келді. Өйткені екінші жағынан тіреуі болмаған көлбеу жазықтық үнемі құлап кететін сияқты болып тұрады. Сол үшін есептеулер өте дәл болып, арнайы іргетастар, стандарттан тыс металл конструкциялары қажет.

Ғимараттардың қасбеті мен ішін әрлеу жұмыстары, әрлеуші материалдардың сапасы туралы әңгіме өз алдына. Ал енді түгелдей дерлік шынымен, алюкобондпен немесе қытайдың плиткасымен қапталған ғимаратта қандай акустика болуы мүмкін? Бұлардың қандай «өлі» материалдар екендігін кез-келген құрылысшы біледі. Өкінішке қарай, бұл ғимараттардың бір де біреуінде табиғи тастар мен ағаш пайдаланылмаған.

Отыз мың адамға арналған «Астана арена» жабық стадионы. Қазір оның сметалық құны нақтылануда. Стадионның табанына жасанды төсеніш төселуінің өзі бұл құрылыстың беделін түсіреді. Жоба бойынша стадионның шатыры ашылып жабылуы керек. Алайда түсініксіз себептерге байланысты осы уақытқа дейін бұл жүйе жұмыс істемей тұр.

Бейбітшілік және келісім сарайы. Тапсырыс беруші - Астана қаласының әкімдігі. Құрылыс формасы кәдімгі геометриялық фигура болғандығына қарамастан, неге екендігі белгісіз, оны бірегей ғимарат деп атайды. Шыныдан жасалған бұл «саркофагтың» бірегейлігі неде екендігі түсініксіз. Техникалық параметрлері мен құны нақтылануда.

Тәуелсіздік сарайы (жаңа Конгресс-холл). Құрылыстың жалпы көлемі 18211 шаршы метр. Дербес жылыту жүйесі мен апаттық электрмен қамтамасыз ету жүйесі бар. Сметалық құны нақтылануда.
Тәуелсіздік сарайы құрылысынан көрініс.
Aстана, 22 қазан 2008 жыл.

«Қазақстан» киноконцерт залы. Құны мен техникалық сипаттамалары нақтылануда.

«Шабыт» шығармашылық үйі. Жалпы көлемі 30450 шаршы метр. Шығармашылық үй негізінде Ұлттық шығармашылық университеті құрылған. Оқу сыныптарынан бөлек оның құрамына 430 орынға арналған үлкен концерт залы, 140 орынға арналған кіші концерт залы, холлы мен көрме залы және мұражай кіреді. Нысанның құны - 8,584 миллиард теңге.

«Хан шатыры» ойын-сауық орталығы. Құрылыстың бітетін уақыты 2008 жылдың маусымынан бері жылжытылып келеді. Пайдалануға берілетін мерзімі – 2010 жылдың шілдесі. Нысанның жалпы сметалық құны – 42 миллиард теңге. Нысан шамамен жобадағыдан 12 миллиард теңгеге қымбатқа түсті.

«Жаңа университет» ғылыми білім беру кешені немесе Назарбаев университеті. Жер телімінің көлемі – 79,23 гектар; құрылыстың бірінші кезеңінің жобалық қуаты – төрт институтқа үш жарым мың студент және бір даярлау факультетіне 600-700 студент. Келісім бойынша құны – 39,472 миллиард теңге.

Республикалық велотрек. Бас жобалаушы – «Биро» компаниясы, Словения. Құрылыстың сметалық құны – 30 миллиард теңге.

Конькимен сырғанау стадионы. Жалпы көлемі – 33681 шаршы метр. Мердігер: «Сембол иншаат» компаниясы, Түркия. Қазіргі баға бойынша сметалық құны – 10,92 миллиард теңге.

ЖАРЫЛҒАН КОЛОННА

Сонау 1997 жылы «Окан-Интерконтиненталь» қонақ үйін жоғары қарқынмен салып жатқан уақытта батпақты жерде ғимараттың шөгуіне байланысты орталық негізгі колонна ортасынан жарылды. Қазір қонақ үй қожалары оның бетін қаншалықты әрлесе де колоннадағы жарықты жай көзбен де көруге болады.

Астананы абаттандыру мәселелері бойынша 2001 жылдың 5 мамырында жаңа астананың бас сәулетшісінің қатысуымен қала әкімдігінде болған кеңесте сол кездері Еуразиялық университеттің ректоры болып жұмыс істеген Мырзатай Жолдасбеков залда отырған түрік құрылыс компаниясының басшысының үстінен президент Нұрсұлтан Назарбаевқа шағымданды.

Ректордың шағымдануына қарағанда, ЕАУ жаңа ғимаратының конференц-залының төбесінен су аққан көрінеді. Ал мердігер компания болса асығыста жіберілген кемшіліктерді жөндеуге асығар емес. Бұл ғимарат осыдан бір жыл бұрын әдеттегідей Астана күніне орай президенттің қатысуымен салтанатты түрде ашылған болатын.

Ал жаңа астананың басты ғимараты Ақорда сарайын жобалау мен салу барысында күлкілі жағдай орын алған еді. Бүгінде Астананың бас сәулетшісі және құрылысшысы отырған Ақорда сарайының негізгі холлында киім ілетін орын болмай шықты. Бұл жағдай 2005 жылы жаңадан сайланған президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таққа отыру рәсімі қарсаңында ғана белгілі болды.Кейін бұл "қателік түзетіліп", негізгі салтанатты рәсім өтетін холлдың түкпір жағынан киімілгіш ашылған еді.
XS
SM
MD
LG