Accessibility links

Құқық қорғаушылар Астана абақтысында төрт тұтқынның соққыға жығылғанын хабарлады


Адам құқықтары жөніндегі бюроның Астана филиалының қызметкерлері бұл суреттегі адам – абақтыда соққыға жығылған тұтқын дейді.

Адам құқықтары жөніндегі бюроның Астана филиалының қызметкерлері бұл суреттегі адам – абақтыда соққыға жығылған тұтқын дейді.

Қазақстанда қамауда отырғандар түрмелерде адам төзгісіз жағдайда күй кешіп жатқандарына шағым айтады. Адам құқықтары жөніндегі бюроның Астанадағы филиалының қызметкерлері осы қаладағы тергеу абақтысында заң талаптары бұзылғанын анықтады.


ТАЗАЛЫҚТАН ЖҰРДАЙ, ЕГЕУҚҰЙРЫҚ ӨРГЕН КАМЕРАЛАР

Тамыздың 6-сы күні Астанадағы СИ-12 тергеу абақтысына аяқ астынан келген адам құқығын қорғаушыларға сол мекемеде қамауда отырғандардан оннан астам арыз түсті деп хабарлады Азаттық радиосына адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросының Астана филиалының заңгері Серік Бекенов.

Тұтқындағылардың төртеуі шілденің 30-ы күні Астана абақтысында өздерін арнайы топтың сабағанын айтып шағымданған. Заңгердің сөзінше, қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты мекемелердің біріне этаппен кетіп бара жатқан сотталғандар не үшін таяқ жегендерін де білмейді. Әйткенмен олар өздеріне СИ-12 тергеу абақтысы бастығының тәртіптік-жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Дмитрий Иванюк жолығып шығысымен камераға баса-көктеп кіріп келгендердің соққысына жығылғандарын баяндап берген.

Қостанайдағы әйгілі «төртінші» түрмеге этаппен бара жатқан Фарух Сәрсеновтің сөзінше, Иванюк оны «әуелі нәжіске малшындырып, онан соң «гаремге» тығуға» сөз беріп, сес көрсеткен деді Серік Бекенов Азаттық радиосына.

– Бұл тұтқындарды қылмыс әлемінің «күштілері», кәнігі қылмыскер деуге келмейді, себебі, олардың үшеуі алғаш рет сотталғандар, – дейді заңгер Серік Бекенов.

Оның айтуынша, түрме басшылығы тұтқындар «бұйрыққа бағынбай қойғандықтан» оларды жуасыту үшін күш қолданылды деп түсіндірген. Бірақ қамаудағылар ешқандай бұйрық естімегендерін алға тартқан.

Астанадағы тергеу абақтысының жағдайы сын көтермейді, тазалықтан жұрдай, егеуқұйрықтар өріп жүрген камерада не үстел, не желдеткіш жоқ, төсеніштердің әбден тозығы жеткен дейді Серік Бекенов.

– Тұтқындарды ұрып-соққандығы туралы хабарды біз тамыздың 5-і күні, шамамен кешкі сағат 10 кезінде алдық, – деді адам құқықтары жөніндегі Қазақстан бюросының Астана филиалының директоры Анар Ибраева Азаттық радиосына.

Алайда, Ибраева Астанадағы СИ-12 абақтысында тұтқындардың жағдайы талапқа сай еместігін айғақтайтын көптеген жайттар бұған дейін – биылғы маусым айында өздеріне мәлім болғанын жасырмады. Оның айтуынша, абақты басшылығы кемшілік-олқылықтың бәрін шілденің 1-іне дейін түзеуге сөз бергеннен кейін адам құқығын қорғаушылар өздері анықтаған жайттар туралы ешқайда хабарламаған.

Түрме жүйесін бақылауда ұстаудың бір мақсаты – билікті жұмыс істеуге мәжбүр ету, яғни олардың түзелуіне мүмкіндік беру деп санайды Анар Ибраева. Бірақ басшылар сөзінде тұрмағандықтан, қоғамдық-бақылау комиссиясы енді жақын күндері әлгі анықталған кемшіліктер туралы қоғамды хабардар етпекші.

ШАЙ ОРНЫНА ҚАРА СУ ІШКІЗГЕН

Маусым айында қоғамдық-бақылау комиссиясының жүргізген тексеру қортындысы бойынша жасалған анықтамада қамауда отырғандар күнделікті тамақты тиісті мөлшерден аз алатындарын айтып, тамақтың сапасына қатысты шағым жасағаны, сонымен бірге, тұтқындарға «қант берілмегеніне бесінші күн болғанын, ал шайдың орнына қара су ішіп отырғаны» баяндалған.

Бұған қоса комиссия унитаздар мен қол жуғыштарда су ақпайтынын, тұтқындағылардың шамамен 30 пайызында төсеніш жоқ
Адам құқықтары жөніндегі Астана бюросының қызметкерлері бұл абақтыда соққыға жығылған тұтқын денесінің суреті дейді.
екенін, ал барларының өзі іске алғысыз болып әбден тозығы жеткенін атап көрсеткен.

Комиссия Астананың тергеу абақтысындағы транзиттік пунктті «ауру ошағы» деп бағалады. Осы мекемедегі дәрігерлік пункт қарапайым деген дәрі-дәрмектің өзінен жұрдай екен.

Сол сияқты, адам құқығын қорғаушылардың әзірге жарияланбаған есебінде, бір тіс дәрігерінің өзіне қаралмақ болған СПИД дертіне шалдыққан науқас тұтқынды емдеуден бас тартқандығы жазылған. Стамотолог бұндай «зиянды» жұмыс істегені үшін үстеме ақы төленбейтіндігін алға тартқан. Комиссия бұл оқиғаны тұтқындарға қатыгездікпен қарау деп бағалаған.

Серік Бекенов Астана абақтысында таяққа жығылған төрт адамның денесіндегі жарақаттарды қоғамдық-бақылау комиссиясының мүшесі Иван Мельникпен бірге көргенін айтады. Арада бір апта уақыт өтсе де, әлгілердің денесінде сызылып, көгерген, қанталған іздер қалып қойған.

Адам құқығын қорғаушылар Азаттыққа берген екі сурет осы мақалада жарияланып отыр. Бұл суреттерде тұтқындар Фарух Сарсенов пен Арман Нұрмағамбетов бейнеленген. Олар өз аты-жөндерін көрсетіп жазып, жариялауға келісімдерін берді.

Қамаудағылардың құқығы бұзылып жатқаны жайында адам құқығын қорғаушыларға тағы бір суыт хабар жетіп отыр. Бұл хабарда Шымкенттен Солтүстік Қазақстанға тұтқындарды этаппен тасымалдау кезінде Петропавл қаласының айдауылдары қамаудағыларды жол-жөнекей астан қағып, тек қара су, қара нанмен шектейтіндігі туралы айтылады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG