Accessibility links

Тұтқындардың шағымынан соң Астана абақтысында төсеніштерді алмастырды


Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Астана қалалық комитеті бастығы міндетін атқарушы Бауыржан Оразалин. 17 қыркүйек 2010 жыл.

Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Астана қалалық комитеті бастығы міндетін атқарушы Бауыржан Оразалин. 17 қыркүйек 2010 жыл.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Астана департаментінің бастығы міндетін атқарушы Бауыржан Оразалин «Құқық қорғаушылар Астана абақтысында төрт тұтқынның соққыға жығылғанын хабарлады» атты мақалада айтылғандарға орай Азаттық радиосына өз уәжін білдірді.


Бұған дейін адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның Астана бөлімшесінің заңгері Серік Бекенов өзіне Астанадағы СИ-12 тергеу абақтысында отырған төрт тұтқыннан оларды 2010 жылы шілденің 30-ы күні арнаулы топтың соққыға жыққаны жөнінде шағым түскені туралы Азаттық радиосына хабарлаған еді.

Сол жолы Серік Бекенов қоғамдық бақылау комиссиясының мүшесі Иван Мельниченко екеуі төрт тұтқыннан да соққы іздерін көргендерін айтып, Азаттық радиосына фотосуреттерін берген-ді. Олардың ішінде Фарух Сәрсенов пен Арман Нұрмағамбетов қана өз аты-жөндерін жариялауға келісім берді.

Бұл туралы мақала Азаттық сайтында 2010 жылы тамыздың 6-сы күні жарияланған болатын.

РЕДАКЦИЯҒА ХАТ

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Астана қалалық департаментінің бастығы міндетін атқарушы Бауыржан Оразалиннің ойынша, мақалада айтылған дәйектер шындыққа сай келмейді.

Ол қамауда отырғандарға қарсы арнаулы құралдардың қолданылғанын жоққа шығармайды, алайда «сотталғандардың төртеуі де мекеме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынудан бас тартып, белгіленген тәртіпке қарсы келді, боқтық сөздермен ар-намысқа тиіп, өз дене мүшелерін зақымдамақ болды» дейді.

Бір қызықтысы, ол хатында тұтқындарға тек кісен салынғанын ғана жазған еді, алайда өзімен тікелей әңгіме барысында резеңке тоқпақтардың да қолданылғаны белгілі болды.

Бауыржан Оразалин Азаттық радиосына дәл сол кезеңде СИ-12 тергеу абақтысына әкелінгендердің арасында «тәртібі қиындардың» көбейіп кеткенін, соған орай астаналық тергеу абақтысының қызметкерлері есірткі, байланыс құралдары, спирттік ішімдіктер, өткір заттар секілді тыйым салынған бұйымдарды алу үшін күн сайын тінту жүргізуіне тура келгенін және камераның техникалық жағдайын тексеріп тұрғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, сотталушылар тінтуден, яғни қызметкерлердің заңды талабынан үзілді-кесілді бас тартқан.

СИ-12 тергеу абақтысында отырған тұтқындарға тыйым салынған заттарды жеткізу жолдары сөз болғанда ол кездесу бөлмелерінде, сәлем-сауқат жібергенде және этаппен айдау кезінде айдауылдар арқылы тыйым салынған заттар да өтіп кететінін айтты. Кейбіреулерге қоршау сыртынан да лақтырылатын көрінеді. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қызметкерлерінің «мұқият» қарамауы мен олардың «әлеуметтік пакеттің әлсіз» болуына байланысты тыйым салынған заттарды жеткізуге қосатын үлесін ең соңғы кезекке қойды.

Түзеу мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды жеткізуге септесетін өз қызметкерлері туралы ол «әр үйдің өз тентегі болады» деп бағалады.

ЗАҢГЕРДІҢ УӘЖІ

Бауыржан Оразалиннің дәйектерін Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның Астана қалалық бөлімшесінің заңгері Серік Бекенов теріске шығарды. Оның сөзіне қарағанда таяқ жегендері туралы шағым түсісімен-ақ ол арнаулы құралдардың не себептен қолданылғаны туралы мекемеге сауал қойған.

«Әкімшілік үндемеді. Ешкім ештеңе білмейтін болып шықты. Ешкім үндемеген соң, бәрі заңсыз жасалған деп ойладым да, ақпарат
Әкімшілік үндемеді. Ешкім ештеңе білмейтін болып шықты. Ешкім үндемеген соң, бәрі заңсыз жасалған деп ойладым да, ақпарат құралдарына хабарлауға мәжбүр болдым.
құралдарына хабарлауға мәжбүр болдым» дейді бізбен сұхбатында Серік Бекенов.

- Оның үстіне, дейді ол, айдауға жіберілетіндер отыратын №2 камераны тінту кезінде қандай да бір қарсылық көрсетілгені туралы қызметкерлердің ешқайсысы айтқан жоқ. Ең қызығы, жәбірленушілердің айтуынша, ұрып-соққан адамдар өздерінің ешкімнің де бұйрығын орындамағанын және ондай бұйрықтың мүлде болмағанын айтқан. Олардың сөздеріне қарағанда ұрар алдында камераға СИ-12 тергеу абақтысы бастығының тәртіптік-жедел жұмыс жөніндегі орынбасары Дмитрий Иванюк кіріп, оларды нәжіске батырып, «гаремге» тығуға сөз берген көрінеді.

«Құқық қорғаушылардың жәбірленушілер отырған жерге кіруіне кедергі жасамақ болған да дәл осы Дмитрий Иванюк болатын,-дейді құқық қорғаушы Серік Бекенов. Тергеу абақтысында отырған тұтқындар, оның үстіне бір түзету мекемесінен екіншісіне айдалатын тұтқындар жұмыс істемейтіні бесенеден белгілі болса да ол «тұтқындардың барлығы жұмыста» деген сылтау айтқан.

ПРОКУРАТУРА ЖҮРГІЗГЕН ТЕКСЕРІС

Редакцияға келген хатта хабарланғандай, мақала жарияланған соң Астана прокуратурасы мен полициясы қызметтік тексеріс жүргізген, соның нәтижесінде тергеу абақтысының қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартылатыны туралы қаулы шығарған.

Алайда, арнаулы құралдарды қолданудың заңдылығын тексерген Астана қаласы прокурорының түзеу мекемелеріндегі заңдылықтарды қадағалау жөніндегі көмекшісі Юрий Ли Азаттық радиосының бірнеше рет өтініш жасағанынан қарамастан, басқа қызметке ауысқанын алға тартып, кездескісі келмеді. Астана қаласы прокурорының түзеу мекемелеріндегі заңдылықтарды қадағалау жөніндегі қазіргі көмекшісі Нұрлан Рабатов та бұл уақиғадан хабарсыздығын айтып, бас тартты.

Прокурорлық тексеріс қалай өткендігін Серік Бекенов айтып берді. Ол мақала жарияланған күннің ертесіне, құқық қорғаушыларға шағым жасағаннан кейін №2 камерадағы тұтқындардың аман-саулығына көз жеткізу үшін СИ-12-ге тағы да барғанын айтты.

«Мен қайтқалы жатқанда, шамамен сағат 10:30 кезінде абақтыға қолына мақала ұстап Юрий Ли келді, сөйтіп мені осы істі қарау барысына қатысуға шақырды. Мен оған су шүмектерінің істен шыққандығы, төсеніштердің жиіркеніштілігі және абақтыда егеуқұйрықтардың өріп жүргендігі туралы тұтқындардың шағымын айтып бердім» деп есіне алады ол.

Белгілі болғандай, Астана қаласы прокурорының түзеу мекемелеріндегі заңдылықтарды қадағалау жөніндегі көмекшісі бұған дейін
Мен оған су шүмектерінің істен шыққандығы, төсеніштердің жиіркеніштілігі және абақтыда егеуқұйрықтардың өріп жүргендігі туралы тұтқындардың шағымын айтып бердім.
тұтқындарға қарсы тергеу абақтысында арнаулы құралдардың пайдаланылғанын білмеген.

Еске сала кетейік, 2001 жылы желтоқсанның 11-і күні Әділет министрлігі бекіткен арнаулы құралдарды қолдану жөніндегі нұсқаудың 10-шы бабындағы 6-шы тармақ бойынша, мұндай әрбір факті жөнінде түзеу мекемесінің бастығы прокуратураға хабарлауға міндетті.

«Тек екі сағаттан кейін, түскі үзіліске жақындағанда ғана олар (тергеу абақтысының қызметкерлері) факс қағазын әкеліп, прокуратураға бұл жөнінде ескертілгенін хабарлады, бірақ Юрий Ли сол күні факс жұмыс істемегенін, прокуратура ондай қағаз алмағанын айтты» деді Азаттық радиосына куәгер Серік Бекенов. Аайда ол түзеу мекемесінің хабарламалар тіркелген журналын көрмеген, сол себепті, кейін прокуратура қызметкері факс арқылы хабарлама жіберілгенін тексеріп, оған көз жеткізген болар, өйткені қадағалау органы тергеу абақтысы қызметкерлерінің үстінен әрі қарай қылмыстық іс қозғауға үшін негіз жоқ деп санады деген болжам ғана айта алады.

БАРЛЫҒЫ ЗАҢДЫ МА?

Астана қаласы прокурорының аға көмекшісі және баспасөз хатшысы Дариға Мусина Азаттық радиосына берген сұхбатында тергеу абақтысы қызметкерлерінің әрекеті заңды ма деген сауалға тура жауаптан жалтарды.

Бірақ ол белгілі бір қауіп төнді және резеңке таяқтар қарсылық әрекеттерді басу үшін қолданылды деп санайды. Алайда, оның сөзіне қарағанда, қылмыстық іс қозғаудан бас тарту деген сөз - барлығы заңды әрекет болды дегенді білдірмейді, олар қажет болған жағдайда тәртіптік жазаға тартылуы да мүмкін.

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Астана қалалық департаментінің бастығы міндетін атқарушы Бауыржан Оразалин Әділет министрлігінің нұсқаулығына сілтей отырып, кейбір жағдайларда, мәселен, сотталушы тарапынан сотталушының өз өміріне немесе өзге біреулердің өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда арнаулы құрал қолдануға рұқсат сұрайтын уақыт болмайды, тіпті, мұндай кезде әрекетсіз отырғаны үшін мекеме қызметкерлерінің өзін жазаға тартуға болады деп санайды.

ДҮРБЕЛЕҢ

Бауыржан Оразалин мақала жарық көргеннен кейін дүрбелең басталды және «мені бас прокуратураға әлденеше рет шақырды» дейді, бірақ ол Астана қалалық тергеу абақтысындағы айдауға кететіндер отыратын жердегі тәртіпке алаңдайды.

«Егер оларды жазаға тартатын болсақ, онда олар мұнан кейін арнаулы құралдарды қолданғысы келмеуі де мүмкін» деп санайды ол.

Алайда осынау шым-шытырық қолайсыз оқиғаның пайдалы жағы да болған сияқты. «Прокуратура тез арада назар аударды, соның нәтижесінде сөз болған абақтыда барлық тұтқындардың төсеніштері тамыздың 7-і күні ауыстырылды, су шүмектері жөнделді, ал дәрет орындарын ауыстырып үлгермеді, өйткені оны түбегейлі жөндеу керек екен» деп еске алады заңгер Серік Бекенов.

Айтпақшы Серік Бекеновтің де қызметінде де өзгеріс болыпты, ол мұнан әрі адам құқығы жөніндегі бюроның Астана бөлімшесінде жұмыс істемейді. Жұмысын не себептен ауыстырғанын айтып жатпады.
XS
SM
MD
LG