Accessibility links

Асылы Осман: Қазақ халқына мәңгі қарыздармын, барым да, базарым да қазақтың тілі


«Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы ғалым Асылы Осман Азаттықтың Алматыдағы бюросында. 8 қыркүйек 2009 жыл.

«Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы ғалым Асылы Осман Азаттықтың Алматыдағы бюросында. 8 қыркүйек 2009 жыл.

Үш жасында сталиндік саясаттың әмірімен тарихи Отанынан Қазақстанға күштеп жер аударылған Асылы Осман бүгінде Қазақcтанда қазақ тілінің өркендеуін мақсат тұтқан «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы. Ғалым-филиолог өмірде көрген-түйгені жайында Азаттық тыңдармандарымен бөліседі.

Қазақтың әйгілі партизан жазушы Қасым Қайсенов Асылы Осман туралы: «Оның барлық іс-қимылына сырттай риза болып отырамын, ал осы қарындасымның тек мемлекеттік тілмен емес, ел тарихына қатысты, оның ішінде Желтоқсан оқиғасына қабырғасының қайысатынын сезгенде, еріксіз көзіме жас алдым», – деген екен.

«ЕРІКСІЗ АЙДАЛЫП, ЕРКІН ӨМІР СҮРГЕН ЖАНДАРМЫЗ»

– Асылы ханым, сонау Қап тауынан қазақ жеріне қалай келгеніңіз туралы айтып берсеңіз?

– Біз Қазақстанға 1944 жылы Грузияның Түркияға шекаралас Ахалкалак деген қаласынан жер аударылғанбыз. Ол кезде мен ес біле қоймаған жас баламын. Үлкендердің айтуынша, тып-тыныш өмір сүріп, айрандай ұйып отырған елді бір түннің ішінде келіп, басқа жаққа көшесіңдер деп жылаған бала мен еңіреген анаға қарамай, қорадағы қойын маңыратып, сиырын мөңіретіп есікке көлікті тақап қойып, бір машинаға 2-3 үйден тиеп теміржолға әкеліп, мал таситын вагондармен жөнелткен.

Атасы мен келіні бір бөлмеде отырмайтын мұсылман дінін ұстанатын халық үшін сол вагонда малдан да төмен жағдайда бірнеше ай өмір сүру, ас-сусыз қалудың қандай болғанын елестетудің өзі қиын. Сондай ауыр жағдайдан жол бойы қырылған адамдар да болған, оларды ақ жуып, арулап көметін мүмкіндіктің жоғынан, талай адамның жүзін топырақ та жаппай қалып қойған деседі.

Ол кезде Қазақстанда да жағдай нашар, соғыстың халықты тұралатқан шағы. Бірақ өзінің даласындай дархандығы, пейілінің кеңдігімен біздің халықты жақсы қарсы алған қазақ халқы жер аударылып келгендерге бір бөлмелі үйінің бір бұрышын, екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, өздерінен кем құрмет көрсетпей, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, аман-есен бейбіт күнге жеткізді.
Өзінің даласындай дархандығы, пейілінің кеңдігімен біздің халықты жақсы қарсы алған қазақ халқы жер аударылып келгендерге бір бөлмелі үйінің бір бұрышын, екі бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып беріп, өздерінен кем құрмет көрсетпей, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп аман-есен бейбіт күнге жеткізді.


Менің шешем ерте қайтыс болған, мен және менен кейінгі бауырларым, 9 жастағы әпкем Гүлсара мен көршіміз Айтбике жеңеше дейтін әйелдің арқасында адам қатарына қосылдық. Соншалықты қиын заманда қынадай қырылған адамдардың арасынан аман қалғанымыз үшін мен Құдайдан бір жас кіші қазақ деген халыққа мәңгі қарыздармын!

Сонау Алтайдан Атырауға дейінгі тұлпар шапса -тұяғы тозатын, сұңқар ұшса- қанаты талатын байтақ жерге ие болуының өзі – қазақтың пейіліне қарай біткен байлығы. Адамгершілігі асқақ, арамдықтан ада, тумысынан таза, қиянаттан шет, өзі дара, жүрегі бала халық – қазақ имандылығымен де ерекшеленген.

Біздің көршіміз Серікбай көке деген кісі намаздың уақыты бола қалғанда қалтасындағы орамалын жайып жіберіп, оқи жөнелетін. Оның орамалы таза ма, кір ме, намазды оқып жатыр ма, жоқ па – ол жағы бір Аллаға ғана аян. Бірақ оның ниеті таза, адалдығы шүбәсіз еді.

Осындай адалдығынан танбаған тақуа адамдардың арасында өмір сүрдік, қандай да бір қасиеттердің ананың сүтіне қоса, ортаның тәрбиесімен де сіңетіні белгілі.

Адам баласының бойында бір кесім таза ет бар, ол — жүрек, осы бір кесім ет таза болса, әлем таза болады деп түйдім мен, сырттан келгендердің панасызына пана, анасызына ана бола білген, ораза-намазын қаза қылмаған көңілі дархан қазақтың мінезінен.

АБАЙ МЕН ӘУЕЗОВТІ ОҚЫМАҒАН ҚАЗАҚ ҚАЗАҚ ЕМЕС

– Өзіңіз тәрбиесін көрген орта турасында айтып берсеңіз?

– Біз бір анадан алтаумыз, алғашқы үш бауырым біз кішкентай болғандықтан, әрі уақыттың қиындығына тап келіп, оқи алмай қалды, кейінгі үшеуміз оқып жоғарғы білім алдық.

Әкем тауда мал бақты да, біз қар түскенше мектепте оқып, қыс кезінде үйде отырып, өз бетімізше оқитынбыз. Сонда да сабақты жақсы оқыдық, математикадан жүйрік едік, ағам мектепті медальға бітіріп, математик болды, ал мен математикадан сабақ берген ұстазымды таңғалдырып, тілші болып кеттім.

Менен кейінгі марқұм боп кеткен сіңілім биолог мамандығын иеленген еді. Мен математик емес, филолог болғаным үшін еш өкінбеймін, ұлтым әзірбайжан болғанымен, қазақтың қадірлі қызы болып жүргенім осы тілдің арқасы. Қазақтың тілі киелі, киелі тіл жүрген жерде күйе жұқпайды.

Мен мектептің 7-класынан кейін Түркістандағы педагогикалық училищеге оқуға түстім, одан кейін Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтында оқыдым. Содан соң академияға аспирантураға қалып, екі жарым жылда ғылыми жұмысымды жазып, «Қазақ тіліндегі синонимдес етістіктердің семантика-стилистикалық қызметі (Абай романы бойынша)» атты кандидаттық диссертациямды қорғап шықтым. Осы жерде табаны күректей 20 жыл жұмыс істедім.

«Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін» құрастырушыларының бірімін. Мен мұны ылғи мақтанышпен айтамын, ешбір түркі тілдес халықта 10 томдық түсіндірме сөздік жоқ, бұл деген қазақ тілінің бай екендігінің бір дәлелі.
Қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігін құрастырушыларының бірімін, мұны ылғи мақтанышпен айтамын, ешбір түркі тілдес халықта 10 томдық түсіндірме сөздік жоқ, бұл деген қазақ тілінің бай екендігінің бір дәлелі.


Менің ғылыми жетекшім, тілші-ғалымдардың арасында «кіші Ахаң» аталып кеткен Ахмеди Ысқақов ағай, білімділігімен қатар үлкен жүректі, мейірімді азамат еді. «Қайдағы бір әзірбайжанның қызын кандидат қылғанша» деп тарлық көрсетпей, мені өзінің перзенті сияқты ғылымға баулыды.

Менің қазақ тілін осындай дәрежеде үйреніп, сөйлеп жүргенім, осы тілге деген ерекше құрметім сол Абай романындағы Әуезовтің тіл қолданыс ерекшелігін зерттеу аясына алғандығымнан деп білемін. Менің пікірімше, Абайды, Әуезовті оқымаған қазақ қазақ емес.

Мен біздің ұлттан алғашқы болып оқығандардың бірімін, ол кезде біздің ауылдан көрші ауылға адамдарды қазаға да жібермейтін. Осындай қиын-қыстау кезде біздің оқимыз деген ниетімізге қарсы болмағаны үшін, жатқан жері жайлы болғыр, марқұм әкеме деген алғысым шексіз.

Училищеде оқып жүргенімде ұстаздарым мені «арпа ішінде бір бидай» дейтін, біз тұрған ауылдың төменгі жағында менің әкем аттас Әли деген бір кісі болатын, жергілікті халық ол кісіні «Қарабастаудың» Әлиі, ал әкемді «Жаңаталаптың» Әлиі дейтін. Қазақтың ешкімді алаламайтын, ешкімнің бөтендігін бетіне баспайтын қасиетіне осыдан кейін қалай бас имессің?

Алғашқы көшіп келгендегі қиындықтарымызды ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Сондай қиын жағдайда өсіп, осы күнге аман жетіп, осы дәрежеде жүргенім үшін қазақ халқына қарыздармын деп тағы да айтқым келеді.

1989 жылы газетке мақала жазыппын, соның тақырыбы да осы тектес болатын, ал қазір мен қазаққа мәңгі қарыздармын деймін. Еш уақытта жақсылықты ұмытуға болмайды және оның қайтарымы болуы керек. Сондықтан да мен қазақ тілінің дамуы үшін бар күш-жігерімді салып жұмыс істеймін.

1993 жылы Тіл комитеті ашылып, мені сонда жұмысқа жіберді, ол жерде «өзге тілдер» бөлімінде қызмет еттім.

– Қазіргі жұмысыңыз да тілмен байланысты ғой?

– 1998 жылы «Мемлекеттік тілге құрмет» деген бірлестік ұйымдастырдым, мұндағы мақсатым – өзге ұлттың өкілдерін қазақ тілін құрметтеуге шақыру болатын. «Қазақ тілі» қоғамының мүшесімін, біраз уақыт мұнда да қызмет еттік.

Бірақ, қазақ тіліне тек қана қазаққа керек дүние ретінде қарайтындар бар, екінші жағынан, менің өзімнің де еңбегім сіңсін қазақтың тіліне деген оймен осы бірлестікті құрдым, қазір өзім төрайымы болып отырған бұл бірлестік арқылы да тілдің өркендеуі үшін біраз шаралар атқардық.

«Мемлекеттік тіл – менің тілім» деген тұрақты тіркеске айналып кеткен сөзді де алғаш қоғамға қалыптастырып, қолданысқа қосқан мен едім. Өйткені қазақ тілін басқа ұлт менің тілім деп иелене алмайды. Ал мемлекеттік тіл осы мемлекетте тұратын барлық азаматқа ортақ.

Осы бірлестіктің аясында телерадиохабарлар жасадым, соның арқасында қаншама басқа ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген сүйіспеншілігі оянды, көп адам тілді меңгерді. Қазіргі қазақ тілінің жағдайына тәубе деуге болады.

«АНА ТІЛІНІҢ ШАРУАСЫН НАУҚАНДЫҚ, МЕЗГІЛДІК ШАРА ЕТУГЕ БОЛМАЙДЫ»

– Осы жерден бір сұрақ туындайды, «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 20 жыл болды. Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрып заң қабылдаса да қоғамдағы қазақ тілінің проблемасы бүгінге дейін өзекті күйінде қалып отыр ғой, бұған не дейсіз?

– Мен бұл 20 жылдың нәтижесіне шүкіршілік деп қараймын. 70 жыл желкемізден ұстап жерге қаратып келген саясат пен орыс тілін білсек коммунизм тез орнайды дегенге қатты «сеніп» кеткен идеологияны ескеретін болсақ, одан арылу оңай болған жоқ.

Парламенттегі қазақ тіліне мемлекеттік тіл деген мәртебе берердегі дау ел-жұрттың есінде болар. Сонда орыс тілі мемлекеттік тіл болсын деп шалғайымызға жармасқандар болды емес пе, тіпті осы екі тіл бір дәрежеде мәртебе алып кету қаупі де төнді, Мұхтар Шаханов сияқты адамдардың жанайқайының арқасында ғана қазақтың ана тіліне «мемлекеттік» деген мәртебе тартып алғандай болып берілді ғой.

Мен осының өзіне қуанамын, себебі осы мемлекеттік деген мәртебені алғаннан кейін ғана қазақ тілі қоғамда кеңірек қанат жайып, қарқын ала бастады. Ал егер екі тілге бірдей мәртебе беріліп кетсе ше, ол да мүмкін болған кездер болды ғой, сондықтан мен тәубе деуге мәжбүрмін.

Сол алғашқы уақытта қазақтардың ана тіліне деген құрметі мен оның қоғамдағы орнына деген қызығушылығы ойдағыдай болған еді, кейіннен, неге екені белгісіз, суып қалды. Қазіргі күнге дейін өз дәрежесінде толыққанды күш алып кете алмай отырғандығы осының кесірі.

Ана тілінің шаруасын науқандық, мезгілдік шара етуге болмайды, оған сол тілдің иесі жергілікті халықтың басы ауыруы керек алдымен, ал басқаларға ол әсер етпей қоймайды.

Дегенмен, бұл мәселеде ілгерілеу бар, мойынсұну да бар, бірақ толық мойындамай отырмыз. Менің ойымша, тілдің мәртебесін көтеру үшін қажеттілік, сұраныс және соны орындататын талап керек. Ол үкімет пен шенеуніктен ғана емес, қоғамның әрбір мүшесінен талап етілетін шаруа.

Біздің үлкен-кішіміз бірдей осы заңның «Қазақ тілі — мемлекеттік тіл» дегенінен гөрі, «Орыс тілі — ресми тіл» деген тармағын көп басшылыққа алатын сияқтымыз, қит етсе соны айтып шыға келеміз. Заңымыздың тетігі жоқ, қоғамның талабы жоқ, тілдің қажеттілігін арттырмаймыз, сөйтеміз де тіл дамымады деп өкпелейміз. Сонда біз кімге өкпелеуіміз керек, өзіміздің құрметіміз бір-бірімізбен орысша сөйлесуден артпаса, соны да біреу қадағалауы керек пе?

«БАРЫМ ДА, БАЗАРЫМ ДА — ҚАЗАҚТЫҢ ТІЛІ»

– Біздің әрбіріміз үйіміздегі баламыздан бастап осы мақсатта тәрбиелеуіміз керек, ал біз бәлен жыл орыс тілі деген тұлыпқа мөңіреп, енді ағылшынның жетегіне еріп барамыз. Біз қызметке аларда ол адамнан қазақ тілін талап етпейміз, керісінше, талай адам орысша білмегендіктен сорлап жүр, осындай жағдайда не деуге болады?


Кейбір отандастарымыз орыс тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін сұрап жүр. Оның қоғамдағы мәртебесі мемлекеттік тілден де артық болып тұр ғой, менің имандай шыным, қазақ тілі қазіргі орыс тілінің деңгейіне жетсе қуанған болар едім.

Тілдің дамуы үшін үкіметтен қаржының да бөлінуінің кемі жоқ, бірақ сол ниеттің дұрыс еместігінен ол қаржы да басқа мақсаттарға пайдаланылып кетіп жатады. Әйтпесе, қазақ тілі тұрмақ, басқа ұлттардың балаларының оқуы үшін керекті құрал-жабдыққа дейін ақша бөлінетінін көзім көріп отыр.

Қазақ деген жан-жағына қамқоршы болып жүретін халық қой, ол кезінде артта қалғанды алға жетелеп, жалаңаш қалғанды киіндірді, аш қалғанның қарнын тойдырды, енді бүгін біз неге сол қазақтың тілінің дамуы үшін сен, мен деп бөлінбей түгел қауым болып жұмылмаймыз? Осыған қаншалықты ақыл керегін түсінбеймін.

Мемлекет басшысы Қазақстан халық ассамблеясының ХХІІ съезінде сөйлеген сөзінде «15 жылда аюға да тіл үйретуге болады, біз қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде меңгеруіміз керек, орыс тілін сақтауымыз қажет, ал ағылшын тілін қазіргі экономиканың тілі ретінде бүгінгі күннің талабы тұрғысынан үйренуіміз керек» демеп пе еді, мен сонда шын жүректен қуанып едім, өкініштісі, сол қазақ тіліне әлі басымдылық берілмей келе жатыр.

– Ал бұған кім немесе не кедергі деп білеміз?

– Бұған басты себеп әркімнің көңіліне қарауымыз болып тұр деп ойлаймын. Оның үстіне мемлекет басшысының айтқанын іске асырудың негізгі тетігі жоғарғы шенді азаматтардың көбі қазақ тілін білмейді және тіл білмейтін баласы мен немересінің жайын ойлап, қазақ тілінің басымдық алуына қол көтере қоймайды.

Жаңағы мен айтқан талапты да орындататын осы шен-шекпенділер екенін ұмытпауымыз керек. Тіпті анау «Болашақ» стипендиясымен
Жоғарғы шенді азаматтардың көбі қазақ тілін білмейді және тіл білмейтін баласы мен немересінің жайын ойлап, қазақ тілінің басымдық алуына қол көтере қоймайды.
шетелге оқуға кеткендердің өзінен қазақ тілі кейіннен барып талап етіле бастады. Ал олардың да талапқа қаншалықты сай екенін бір Аллам білсін.

Ал қазақтың тілі мен тарихын білмеген жастың бойында бұл елге деген құрметі бола ма, ол қазақтың жерін қалай қадірлесін?! Мұхтар Шахановтың өлеңіндегідей «Төрт анамыз» түгел болуы керек. Менің ылғи айтып жүретінім осы тілдің жайы, қайткен күнде қазақтың тілі өзінің тұғырына қонады деген мәселе, өйткені менің барым да, базарым да, кәсібім мен нәсібім де – қазақтың тілі.

Қазақстанның көпқырлы саясаты мен ұлттар достығын сақтауы деген мәселелерде көптеген ел бізден үлгі алады, бірақ біздің елдің мемлекеттік тіліне де маңыздылық беруін үйретуіміз керек.

Басқа елде мемлекеттік тілді білмесең, саған азаматтық та, қызмет те жоқ, ал біз осыған қарап жатқан жоқпыз, осы жағы мені қынжылтады. Өзгені сыйлаған да жақсы, татулыққа сол арқылы қол жеткізіп отырмыз ғой, бірақ «кісі бетін аяғанның өз беті шиедей болатынын» ұмытпауымыз керек.

Олай болатын болса, біз жұрттың көңіліне қарай бермей, өзіміздің де жайымызды ойлауымыз керек, бұл осы елде өмір сүріп отырған барлық ұлтқа сын, өйткені қазақ олардың ешбірін ренжітіп отырған жоқ, неге олар осы қоғамдағы шешімін таппай отырған жалғыз мәселе – тілдің жайына көп болып атсалыспайды?

«ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛДІҢ» ТҰҒЫРЫНА ҚОНУҒА ТИІСТІСІ — ҚАЗАҚТЫҢ АНА ТІЛІ

– Соңғы кезде көп айтылып, жазылып жүрген «Үш тұғырлы тіл» дегенге көзқарасыңыз қалай?

– Иә, бұл мәселені сіздердің әріптестеріңіздің көбі әр саққа жүгіртіп, әркім өз жағына қарай бұрмалап та айтып жіберді. Бірақ менің айтарым, осы үш тілдің ішінде біздің тұғырымызға қондыруға міндетті, соған тиісті бір-ақ тіл бар, ол – осы мемлекеттің атын иеленген қазақтың ана тілі.

Орыстың тілі менің Отанымда емес, өзінің жерінде тұғырлы болуы керек, ал ағылшынның тілі бізсіз де әлемді жайлаған, қонатын тұғырын әлдеқашан тапқан тіл. Сондықтан да сіз болып, біз болып біздің бас қатырғанымыз өзіміз мейірлі мекен етіп, суын ішіп, жерін жайлап отырған халықтың тілі болуы керек, соған бәріміз міндеттіміз.

Орыстың да, ағылшынның да тілін біл, тіпті, әл-Фараби бабамыз секілді, бірнеше тілді меңгер, біреудің жолына екінші адам кедергі болмайды. Бірақ, жергілікті халықтың тілін білу сол халыққа деген сыйластығыңды білдіретінін ұмытпа дегім келеді отандастарыма.

Ал ана тілін білмейтін шенеуніктер жайлы тіптен сөз басқа. Олар өз жұмысымен алдына келген орыс тілін білмейтін қазақпен (егер ондай
Қазақстанның шекарасынан асқаннан кейін ешкім сізбен қазақ тілінде сөйлеспейді, оны біреу қажет те қылмайды. Сондықтан ол тілдің өсіп-өркендейтін басқа жері жоқ осы елден басқа, осыны мәңгі есте ұстауымыз керек.
қазақ табылса) бір тілде түсінісе алмаған кезде анау қазақты қаншалықты қорлап тұрғанын сезінер ме екен, әй қайдам-ау?

Қазақстанның шекарасынан асқаннан кейін ешкім сізбен қазақ тілінде сөйлеспейді, оны біреу қажет те қылмайды. Сондықтан ол тілдің өсіп-өркендейтін басқа жері жоқ осы елден басқа, осыны мәңгі есте ұстауымыз керек. Қазақстандықтардан өтініп сұрайтыным – малшысы да, манабы да бір тілде сөйлейтін халықтың бай тілін баянды етейік, осы тілді көзіміздің қарашығындай сақтайық.

Бір үлкен кісі келінін сынамақшы болып, оны шақырып алып: «Келін бізден береке кетіп барады, не істейміз?» – деп сұрапты. Сонда ақылды келіні: «Ата, оны уайым қылмаңыз, береке кетсе де ынтымақ-бірлігіміз кетпесін» деген екен. Сол айтпақшы, осынау ұланғайыр елді мекен еткен халықтың ынтымағы кетпесін, бірлігінен ажырамасын деп тілеймін.

Кейіпкер туралы мәлімет:

Асылы Әлиқызы ОСМАН


1941 жылы 13-тамызда Грузин ССР-і, Ахалкалак ауданы, Хавет селосында дүниеге келген. 1944 жылы ол отбасымен бірге Қазақстанға, Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас ауданы, Жаңаталап колхозына көшіріледі. Жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін Түркістандағы педучилищеге оқуға түсіп, мектепте сабақ берген. 1963 – 1967 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік Қыздар институтында оқып, оны өте үздік бітіреді. 1973 жылы кандидаттық диссертация қорғады. 1973-1993 жылдар аралығында Қазақстан ҒА Тіл білімі институтында қызметте болды. Монографиялар мен 200-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

2004 жылы Американың өмірбаяндық халықаралық зерттеу институты Асылы Әлиқызына «Әлемдегі 2004 жылдың ең таңдаулы әйелі» деген атақ берді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG