Accessibility links

Шекарашылардың оғына ұшқан екі балықшының өлімінe жазықтылар жауапқа тартылaр емес


Асқар Таңатаровтың ата-анасы - Ғарифолла Таңатаров пен Нәбира Садықова. ақпан, 2009 жыл.

Асқар Таңатаровтың ата-анасы - Ғарифолла Таңатаров пен Нәбира Садықова. ақпан, 2009 жыл.

2008 жылғы тамыздың 14-інде Каспий теңізіне балық аулауға шығып, шекарашылардың оғынан қаза тапқан атыраулық екі балықшының өлімі үшін әлі ешкім жауапқа тартылған жоқ. Сол оқиғаның куәсі болған тағы екі балықшының айтуынша, оларды атқылаған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Астана» катері оқиғадан кейін дереу ізін жасырған.

ШЫРТ ҰЙҚЫДАН ОЯНҒАН БАЛЫҚШЫЛАРҒА ШЕКАРАШЫЛАР ОҚ ЖАУДЫРДЫ

Каспий төсіндегі төтенше оқиға Қазақстанды былай қойғанда мұхиттың ар жағындағы Американы да елең еткізген. Мұны АҚШ мемлекетік департаментінің жыл сайын жарияланатын әлемдегі адам құқықтарының сақталуы туралы баяндамасында 2008 жылғы мәліметтер қатарында аталғанынан көруге болады.

Жеті ай бұрын болған сол оқиғада тірі қалған екі балықшы – Серік Садықов пен Бектілеу Мауытов бейбіт балықшыларға оқ атқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің иелігіндегі шекарашылар әлі күнге жазаланбағанын айтады.

Бектілеу Мауытовтың айтуынша, 2008 жылғы тамыздың 13-і күні күні ағайындас төрт жігіт әдеттегідей балық аулауға қажетті құрал-саймандарын сайлап, рұқсат қағаздарын реттеп алған соң теңізге аттанады. Ауылдары Жанбайдан 100 шақырым қашықтыққа ұзап барып ауларын құрып, кеш батқан соң жайғасып ұйқыға кеткен олар таңғы сағат төрт шамасында естілген гуілден оянады.

Тастай қараңғыда жақындап келген белгісіз қайық алаңсыз балықшыларға естерін жиғызуға мұрша келтірмей оқ жаудыра бастайды.

– Атылған оқтың бірі рульді ұстамақ болған Қайрат Садықовтың басына тиіп, оның бас сүйегі жан-жаққа шашырап түсті. Ал зәкірді жинамақ болған Асқар Таңатаров ішінен және аяғынан тиген оқтан көз алдымда қансырап өлді, – дейді Б.Мауытов.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, әуелде оқ боратқан қайықты олар көршілес Астрахань немесе Дағыстаннан келген браконьерлер деп ойлапты. Өйткені, сол елдерден теңізге заңсыз балық аулауға келетіндердің жолдарында кездескенді тірі жібермейтіндері жайлы алып-қашпа әңгімелер балықшылар арасында бұрыннан айтылатын.

ШЕКАРАШЫЛАР БАЛЫҚШЫЛАРДЫҢ ҚАЗАСЫНАН БОЙЫН АУЛАҚ САЛУҒА ТЫРЫСАДЫ

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Батыс» шекара құрамы басқармасы болса осы оқиғадан кейін іле-шала «Интерфакс» агенттігі арқылы анонимді ақпарат таратып, балықшыларды браконьерлер қатарына жатқызуға тырысқан. Каспийден балық аулауға бірден-бір рұқсат беруге құқылы мекеме – «Атыраубалық» акционерлік қоғамының басшылығы да әлгі балықшылардың қолында арнаулы рұқсат қағазы болмаған дегенді алға тартып, бастарын алып қашады.

«Атыраубалық» АҚ президенті Г.Жайшыбеков Бас прокуратураға берген түсініктемесінде балықшылардың «Атыраубалықпен» ешбір келісімшарт жасамағанын көрсеткен. «Атыраубалықтың» Жанбайдағы өкілі Ержан Амандықов «рұқсат қағаздарың дайын, теңізге шыға берулеріңе болады» дегеніне қарамастан, адам өлімінен кейін айтқан сөзінен танып отыр дейді қанды оқиғадан тірі қалған балықшылар.

Жанбайлықтар басқа фактіні көлденең тартады. Олар жыл сайын мамыр айынан бастап, «Атыраубалық» кемесінің Каспий үстінде тұрып, балықшыларға рұқсат қағаз беріп, олардың аулаған балықтарын қабылдап отыратындықтарын айтады.
Қаза тапқан Қайрат Садықовтың әкесі - Сабыржан Садықов, Жанбай ауылы, ақпан 2009 жыл.

Жалпы, Жанбай ауылында 3000-ға тарта адам тұрады. Басқа тіршілік көзі болмағандықтан олардың бәрі нәпақасын балықтан тауып отырғандар. Шекарашылар оғынан қаза тапқан Қайрат Садықовтың ағасы Марат Садықовтың айтуынша, соңғы 15 жылда теңізге шыққан балықшылардың өлімі жиілеп кеткен.

«Осы аралықта 30-40 адам із-түссіз жоғалды», – дейді ол.

Осыдан барып балықшы ауылы арасында балыққа шыққандардың көзін жойып, олардың қайығындағы моторын, балығын болмаса уылдырығын бопсалап, қып-қызыл табыс көзіне айналдыруды әдетке айналдырған топ бар деген болжам бар екен.

Ал қамқоршыларынан айырылған қаралы отбасының адвокат жалдайтын да жағдайыі жоқ. Сондықтан, олардың мұңын жасы 60-тан асқан Ботагөз Дәукенбаева жоқтап жүр. Бірақ, жапа шеккендердің сенімді өкілі болып жүрген бұл кісі аманатты орындау барысында көптеген заңсыздықтарға тап болғандығын айтады.

– Менің қолымда арнайы рұқсатымның болғанына қарамастан, соңғы тергеуге дейін маған құжаттармен танысуға мүмкіндік бермеді. Тіпті, нағыз оқ атқандардың боцман Есқожаев және аға матростар Тілеулиев, Орынбек, ал атуға бұйрықты берген 3-ші дәрежелі капитан Руслан Шүршенов дегендер екенін де соңына дейін біле алмай қор болдық. Ең бастысы, әскери ережені сақтамай оқ атып, адам өлтіргендердің бәрі жәй ғана қателік жасағандай болып, әлі күнге қамауға алынған жоқ. Оның себебін тергеуші «Р.Шүршеновтың әйелінің аяғы ауыр» деп түсіндіреді. Сонда Шүршеновтың отбасының жазықсыз өлтірілген Қайраттың отбасынан артық болғаны ма? – деп күйінеді адвокат әжей.

Ол «әскерилердің шімірікпей қарусыз азаматтарға оқ атуы олардың дағдыланған тәсілі» деп есептейді.

Қайраттың әкесі Сабыржан ата Асқардың ішінен шыққан оқты сараптауға жібергенде оны «қолдан жасалған оқ болды» деп бұрмалауға тырысқандарын, сондай-ақ қайықты да тексеруден өткізуге апарарда ішіне 16 калибрлі оқ салып қойып, «мынау содан шықты» деп жала жапқан әрекеттерді де бастан кешіргендерін айтады. Мұндай іс бұрмалаушылықты заң орындарының жазған қағаздарынан оқуға болады.

Мәселен, істі алғаш қараған ҚР ІІМ Әскери тергеу бөлімінің аға тергеушісі О.Тұрлыбеков қылмыстық істің қозғалғаны жөнінде баяндалған қарарында: «Корабль командирі, 3-ші рангтегі капитан Р.Шүршеновтың бұйрығын алған шекаралық әскери қызметкерлер АК-74 және НСВП-12,7 ірі калибрлі пулеметінен оқ жаудырған» деп жазса, Батыс аймағының әскери прокуроры Б.Боранбаев мүлде басқаша уәж айтқан. Ол Ботагөз Дәуленованың атына 2008 жылғы 8 қазанда жазған хатында: «сараптама қортындысы А.Таңатаровтың денесінен табылған оқтың 10,8 мм калибрлі майдагерлік тәсілмен жасалған оқ екенін анықтады. Оқ 12,7 пулеметінен атылмаған» депті.

САРАПТАМАНЫ СЫЛТАУРАТҚАН İСТİҢ АЯҒЫ СИЫРҚҰЙЫМШАҚТАНЫП БАРАДЫ
Қайраттың әкесі Сабыржан Садықов сот, прокуор, облыс әкімі – бәрі бір жемқорлықтың айналасына топталған деп санайды. Істі жылдамдатып қаратпай отырған да Атырауда отырған бізге белгісіз мафия өкілдері деп есептейді азалы әке.

Баласын жоқтап көкірегі қарс айырылған Асқардың анасы Набира Садықова да «Неге атты? Жазықты болса неге ұстап алып, қамап тастамады? Шекарашыларға қаруды ат деп бергені ме?» деп еңірегенде етегі жасқа толады. Бірақ олардың зарлы үніне әзірге Ұлттық қауіпсіздік комитетінен де, Қорғаныс министрлігінен де ешқандай жауап болмай тұр.

Қаза болғандардың әке-шешелері заң орындары істі дұрыс жүргізбей, барынша созуға тырысып отыр деп есептейді. Атырау гарнизонының әскери прокуроры Б.Боранбаев соттың сөзбұйдаға салынып кеткенін сараптаманың көптігімен түсіндіреді:

– 15 сараптама жасалды. Әрбір сараптама жоқ дегенде бір ай жасалады. Бір сараптама Маңғыстауда, біреуі Оралда өтіп жатыр. Сол себепті созылып кетіп жатыр. Прокурор ақпан айының аяғына дейін соңғы сараптама қортындысы келсе, бірден шешім шығарып, ар жағын көрерміз дегенімен, ендігі наурыз да өтіп кетті. Соншалықты сараптама жасап, пулеметтің оғын анықтай алмай жатқан не деген сараптама?! – деп күйінеді ата-ана.

Ал «Азат» партиясының Оралдағы белсендісі Болат Мұхамбетов «Алтын ғасыр» газеті арқылы Қорғаныс министрлігіне Асқар Таңатаров пен Қайрат Садықовты өлтірген әскерилердің барлығын ашық сотпен 25 жылға соттау керек деген талап қойып отыр. Сондай-ақ Б.Мұхамбетов «ҚР Қорғаныс министрлігі қаза болған екі жігіттің отбасына 100 мың АҚШ доллардан айып төлеуі керек» дейді.

Асқардың әкесі Ғарифолла Таңатаров сараптаманы сылтауратқан соттан қайыр болмаса Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа шағымданатынын айтады. Олар бұндай ауыр қылмысты президент естімей отыр деп ойлайды.

Балықшы ауыл іс аяғына жетпей жабылып қала ма деп уайымдайды. Олар бұл іске жергілікті биліктің де, парламентке облыстан сайланған депутаттар да мойын бұрғысы келмейтіндерін айтады.

Арыстай екі азаматтың қазасына жазықтылардың заң алдында әділ жазасын алатындығына марқұмдардың жақын-туыстарының көңілдері күпті болып қалып отыр.
XS
SM
MD
LG