Accessibility links

Атырау облысы әкімінің есеп беру жиынына «ыңғайсыз» сауал қоймайтын таңдаулылар ғана қатыстырылды


Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің есеп беру жиналысында қол соғыш, қошеметтеушілер. Атырау, 11ақпан, 2009 жыл.

Облыс әкімі Бергей Рысқалиевтің есеп беру жиналысында қол соғыш, қошеметтеушілер. Атырау, 11ақпан, 2009 жыл.

Ақпанның 11-і күні Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев өткен жылдың кезекті есеп беру жиылысын өткізді. Жиынға тек арнайы тексеру мен тіркелуден өткендер ғана қатыстырылды. Оппозициялық партиялар мен бірқатар журналистер, сондай-ақ әкім есебін тыңдауға келген қарапайым жұрт оған кіргізілмеді.

Әкім есебі өтетін «Атырау» мәдени орталығын алдын- ала полиция және әкімшілік қызметкерлері қоршап тұрды. Жиынға қатысушылар қатаң түрде белгіленген тізімге сай кіргізілді. Азаттық радиосының тілшілері бұл тізімге енгізілмеді. Сонда да облыс әкімінің халыққа есебін тыңдауға барған журналистерді өздерінің аты-жөндерін айтудан және құжаттарын көрсетуден бас тартқан әкімшілік қызметкерлері есіктен кері қайтарды.

Сол күні облыс әкімінің есебіне кіре алмағандардың арасында оппозициялық «Азат» партиясының Атырау облыстық филиалының жетекшісі Жалғас Тікенбаев та болды.

- 11-ші ақпан күні жергілікті уақытпен сағат 15.00.-те облыс әкімінің есеп беру жиыны болатынын естіп, оған қатысуға мен де жиналдым. Бірақ, мені үйімнің қасынан-ақ торуылдай бастады. Сағат 14.10.-да үйден шығып бара жатып, қолында рациясы бар жас жігіттің менің кетіп бара жатқанымды әлдекімге хабарлап жатқанын құлағым шалды.

Облыстық әкімшілік жанына көлігімді қойып, жиналыс өтетін жерге жақындай бергенімде, қарапайым киінген бес адам мені тоқтатып, маған ол жаққа баруға болмайтынын айтты. Мен олардың кім екенін сұрағанымда, өздерін осы шараны өткізуге жауапты әкімшілік қызметкерлеріміз деп қана таныстырған олар бұл жиынға арнайы шақырылмағандықтан, маған мұнда келуге рұқсат жоқ екенін айтты. Оларды суретке түсіріп алмақ болған әрекетімнен ештеме шықпады.

Бұл әкімнің өз активтері мен депутаттары алдындағы есеп беруіне қатысуға барған маған жасалған алғашқы тосқауыл емес. Әкімнің халық алдында ашық есеп беруден жалтаруы әкімнің өз бетінше, ал халықтың өз бетінше өмір сүріп жатқанын көрсетеді, – деді өзінің азаматтық құқығының шектелгеніне қынжылған Жалғас Тікенбаев Азаттық радиосына.

Атырауда шығатын «Алтын ғасыр» газетінің редакторы Жұмабай Доспановтың айтуынша, облыс әкімі есеп берерден бір күн бұрын ғана әкімшілік қызметкерлері арнайы хабарласып, журналистің қайда жүргенін сұрағанымен, жиын жайлы ешкім тіс жармаған көрінеді. Доспанов осындай жағдайды бұған дейін де басынан өткергенін айтады:

- 2006 жылы облыс әкімі болған Аслан Мусин осындай қоғамдық тыңдау есебін өткізерде мені арнайы шақырған еді. Алайда, жиынға келгенімде сол кездегі әкім аппараты жетекшісінің орынбасары Ғибарат Сүлейменов мені тоқтатып, жиынға қатысуыма қатаң тиым салынғанын айтып, кіргізубей қойған болатын. Содан бері мұндай жиындарға баруға талпынбаймын да.

Тек қана оппозиция мен журналистер ғана емес, облыс әкімінің есебін тыңдауға арнайы келген қарапайым қала тұрғындары да бұл жиынға бас сұға алмады. Солардың бірі, өзін Сағынғалиевпін деп қана таныстырған азамат, өз наразылығын Азаттық радиосына былайша білдірді:

- Президент Н.Назарбаев барлық шенеуніктерге халық алдында ашық болыңдар, халыққа жақын болыңдар деген жоқ па? Ал Атырауда керісінше, жергілікті билік халыққа есігін тарс жауып, елмен сөйлесуден қорқады. Сонда әкім кімге есеп беріп жатыр?

Сол күні кешке облыстық телеарнадан сөйлеген Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев журналистермен араласудан бас тартпау керек, олар сұраған сауалдарға сай ақпарат берілуі тиіс деген нұсқау айтып жатты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG