Accessibility links

Қашағандағы жұмысшылар талабы жартылай қанағаттандырылды


Каспийдегі Қашаған кен орнындағы D жасанды аралы. 2009 жыл.

Каспийдегі Қашаған кен орнындағы D жасанды аралы. 2009 жыл.

Agip KКO мердігері Consolidated Contractors Company құрылыс компаниясының Қашағандағы жасанды D аралында еңбек етіп жатқан қазақстандық жұмысшылардың жалақысы тамыздың 1-інен бастап кәсіби санаттарына қарай өсетін болды.



ЖАЛАҚЫ МӨЛШЕРІ ЖҰМЫСШЫЛАР КӨҢІЛІНЕН ШЫҚПАЙ ОТЫР


Өткен аптада D аралындағы жиналыстан соң ССС компаниясының әкімшілік менеджері Фади Мұстафа жұмысшылар жалақысын орташа есеппен 57 пайызға (шамамен 20 мың теңге) көбейту туралы бұйрық шығарған. Бұл туралы Азаттық тілшісіне Атырау облыстық бақылау
Consolidated Contractors Company жұмысшылары ереуілге шықты. D аралы, Қашаған, Каспий теңізі. 3 тамыз 2010 жыл. Жұмысшылардың бірі жолдаған сурет.
және әлеуметтік қорғау жөніндегі департаменті директорының орынбасары Әліпқали Дәулетияров хабарлады.

– Мен кеше ғана Мақат ауданы прокурорымен сөйлестім. Кәсіпорындағы алдын-ала тексеру өрескел заң бұзушылықтың болмағанын көрсетті. Еңбек ақысы бекітілген 6-разрядты тариф кестесімен төленіп келеді. Мәселе – тек жалақы мөлшерінің жұмысшылар көңілінен шықпай отырғандығында. Алайда жұмысшылар өздері қол қойған еңбек шартында осы жалақы көлемі көрсетілген, – деді ол Азаттық тілшісіне.

Шенеуніктің сөзіне сүйенсек, тексеру барысында ССС компаниясындағы жеке еңбек шартын жасауда бірқатар қазақстандық заңдардың бұзылғаны анықталған.

– Мәселен, Қазақстан Еңбек кодексінің жұмыстың басталуы мерзімін, сақтандыру шарттарын көрсету тәрізді кейбір талаптары сақталмағаны белгілі болды. Бірнеше жұмысшының кезекті еңбек демалыстарының ақшасы кешіктіріліп берілген, жұмыс орындарын қысқарту кезінде жұмысшыларға басқа қызмет ұсынылмаған. Қазір ССС компаниясына ескерту жасалды, – дейді Әліпқали Дәулетияров.

«ЕРЕУІЛ БОЛҒАН ЖОҚ»

Ал Мақат ауданы прокуроры Жұбан Қыдыров жасанды аралдарда жұмысшылар ереуілі болғанын жоққа шығарып, бұл жайлы түсініктеме беруден бас тартты.

– Бұл көтеріліс емес. Тіпті, оны жұмысшылардың өздерінен сұрауыңызға да болады. Егер ереуіл болса, оған қатысқандар жауапқа тартылатын еді. Жұмысшылар құқық органдары, мекеме басшыларымен кездесуге талап білдірген. Қазір тексеру жүріп жатыр, сондықтан алдын-ала ешнәрсе айта алмаймын, – деді ол Азаттық тілшісіне тамыздың 18-і күні.

Бұған дейін Каспий теңізі қайраңында құбыр эстакадаларын дайындап жатқан ССС компаниясының жұмысшылары тамыздың 1-інен бастап жұмысты тоқтатқаны туралы Азаттық хабарлаған болатын. Жасанды D аралындағы құбыр және ағаш құрастырушы жүздеген жұмысшының наразылығы үш күнге жалғасты.

Олар жалақыны 80 пайызға өсіруді, еңбек шартында қарастырылған теңіздегі ауыр еңбек жағдайына сай төленетін үстеме коэффициенттерді төлеуді, еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен.

ҚАШАҒАНДЫ ИГЕРУ ҚАШАН БАСТАЛАТЫНЫ ӘЛІ ДЕ БҰЛЫҢҒЫР

Тамыздың 16-сы күні Қазақстан мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев алып кенішті игерудің екінші фазасы консорциум қатысушылары тартатын шығынның салдарынан тағы да кейінге қалдырылатынын мәлімдеген соң Қашаған жобасының уақытында жүзеге асатынына күдік ұлғая түсті.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басшысы Қайыргелді Қабылдин Қашаған кенішін игеруді 2018-2019 жылдарға шегеру Каспий
Қазақстанның мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев. Атырау, 18 қыркүйек 2008 жыл
құбырлар жүйесі тасымалы жобасына әсер етуі мүмкін деп ескерткен еді. Өйткені, бұл жоба Қашағанның екінші фазасымен тікелей байланысты.

Алайда Сауат Мыңбаев «екінші фаза үшін адам айтқысыз шығынға батудың қажеті жоқ, ал шығынды болдырмауға келісімге сәйкес құзырымыз жетеді» дейді.

Кенішті игеру басталатын уақыт бұған дейін де бірнеше мәрте кейінге қалдырылып, соңғы қабылданған меморандумға байланысты Қашаған мұнайы 2012 жылдың аяғында өндірілетіні хабарланған.

Каспий қайраңының қазақстандық бөлігіндегі Қашаған кен орыны елдің мұнай-газ саласында аса маңызды жобалардың бірі. Қашағанның арқасында Қазақстан әлемдік мұнай державаларының алғашқы бестігіне енеді деген болжам да айтылып жүр.

Қашаған жобасының қатысушылары – әрқайсысының 16,81 пайыз үлесі бар итальяндық Eni, қазақстандық KMG Kashagan B.V. («ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорыны), америкалық ExxonMobil, ағылшын-нидерландық Royal Dutch Shell, 8,4 пайызы үлесі бар америкалық ConocoPhillips пен 7,56 пайыз үлеске ие болған жапондық Inpex компаниялары.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG