Accessibility links

Айыпкердің анасы соттың қабылдау бөлмесінде өзіне қол жұмсап, наразылық білдірді


Атырау облыстық сотының ғимараты. 15 сәуір 2010 жыл.

Атырау облыстық сотының ғимараты. 15 сәуір 2010 жыл.

Кісі өлтірген деген айыппен Атырауда жауапқа тартылып жатқан адамның анасы облыстық сот ғимаратында күре тамырын қиюға әрекет жасады. Қазақ соттарынан әділеттік таба алмағандардың өз-өзіне қол жұмсап наразылық танытуы жиі кездесетін құбылысқа айналды.


ӘДІЛДІК ІЗДЕГЕН ӘЙЕЛ ӨЗ-ӨЗІНЕ ҚОЛ ЖҰМСАДЫ

Атырау облыстық сотында алқа билер Жылой ауданында болған кісі өліміне қатысты істі қарап жатыр. Осы сот ісінде «кісі өлтірді» деп айыпталған жас жігіттің анасы тергеу амалдары мен сот ісінің әділетсіздігіне шағымданып, сәуірдің 8-күні Атырау облыстық соты ғимаратында өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенді. Ол мойын мен қолдағы күре тамырын орып жібермек болды.

– Осы істің соңында жүргенімізге бес айдан асты. Сот үнемі істі созып келеді. Процессті жүргізіп отырған судья Гүлнәр Хаженова
Айыпкердің анасы Айгүл Сүйеуова облыстық сот ғимаратында. Атырау, 15 сәуір 2010 жыл.
баламның адвокатының айғақтарды көрсетуіне кедергі келтіріп, өтініштерін қанағаттандырмайды. Полиция қызметкерлері сөйлеуге келгенде залдағы микрофонның дауысы шықпай, камералар істемей қалады. Сотқа дейінгі тергеу барысында табылған айғақ заттар да қазір белгісіз себептермен жоғалып кетті. Әбден шыдамымыз таусылған соң облыстық сот төрағасы Жақсылық Алановқа қайта кірмек болдым, – деп түсіндіреді бұл әрекетін Айгүл Сүйеуова.

Оның айтуынша, облыстық сот төрағасы шағымданушыны бір рет қабылдаған. Бірақ «сот әділ өтіп жатыр» деп шығарып салыпты. Сондықтан Айгүл Сүйеуова Жақсылық Алановпен тағы да бетпе-бет жолығып, жағдайды түсіндіруге тырысқанын айтады.

– Оның қабылдау бөлмесіне дейін жалынып барып, «сотты ауыстыруыңызды сұраймын, істі әділ қарамай отыр» дедім. Маған «қабылдау күні кел» деді. Келесі қабылдау күні – сәрсенбі, оған дейін сот үкімі шығып та кетпек. Мен «қалай да сот төрағасына жағдайды түсіндіруім
Судья Гүлнәр Хаженова. Атырау, 15 сәуір 2010 жыл.
керек, оған кіруім керек» деп, соңынан тұра жүгірдім. Көзімнің қарауытқаны ғана есімде. Есімді жисам, үсті-басым қан-қан. Мені далаға шығарып жіберіпті. Қасымда жылап отырған келінім «сот қызметкерлері шашыраған қан дақтарын тез жуып, сүртіп тастады» деді. Олар есік алдында жаралы отырған маған дәрігерлік көмек көрсетудің орынына, «мынаны ұстап әкетіңдер» деп, полиция машинасын шақырып қойыпты, – дейді айыпкердің анасы.

Айгүл Сүйеуова осы оқиғадан соң өзін сот төрағасы қабылдағанымен, өтінішінің орындалмағанын айтады.

Облыстық сот ғимаратында мұндай оқиға болғанын растаған соттың баспасөз қызметі ашынған ананың өз-өзіне қол жұмсауы «сотқа қысым көрсету» деп бағаланатынын ескертті.

– Ал сот үкімі әлі шықпағандықтан қылмысты іске түсініктеме бере алмаймыз, – деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Боранбай Ғалиев.

ШЫНДЫҚТЫ АЙТАМЫН ДЕП АЙЫПКЕРГЕ АЙНАЛДЫ

25 жасар Асхат Сүйеуов – «Казтрансойл» компаниясының Жетібай кенішінде жұмыс істейтін жоғары білімді инженер.

«Үйдегі бес баламның үлкені әрі өзінен кейінгі қарындастарының жалғыз қамқоры еді» дейді анасы. Басқа жұрт та бұрын сотталмаған
Айдауылдар «кісі өлтірді» деген айып тағылған Асхат Сүйеуовты (ортада) сот залына әкеле жатыр. Атырау, 15 сәуір 2010 жыл.
азаматтың жақсы жігіт екенін айтады.

Айгүл Сүйеуованың сөзіне сүйенсек, оқиға 29-қарашада Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында болған. Асхат Сүйеуов сол күні түнде вокзал маңында Құлсары қаласының бір тұрғынымен кездейсоқ жолығып, жанжалдасып қалған екен. Көп кешікпей әлгі жігітті беймәлім біреулердің ұрып өлтіргені белгілі болды. Кейін полиция қызметкерлері мәйітті Асхат Сүйеуов екеуінің кездескен жерлерінен табады.

– Қылмыстық тергеу бөлімі қызметкері «сен сол күні өлген жігітті көрдің бе?» деген сауалына шындықты айтып, «иә, көргенмін» деп жауап бергені үшін баламды айыпты қылып отыр, – дейді Айгүл Сүйеуова.

«ІСТІҢ СОТТАН ӨТІП КЕТУІНЕ СОЛАР МҮДДЕЛІ»

Айыпкер орындығында отырған Асхат Сүйеуовтың адвокаты Қанағат Маштахов оның жазықсыз екендігіне шүбә келтірмейді. Ол оқиға
Ханағат Маштахов, айыпкер Асхат Сүйеуовтың адвокаты. Атырау, 15 сәуір 2010 жыл.
болған жерді мұқият зерттеп, оқиғаға қатысы бар адамдардың барлығымен әңгімелесіпті.

– Сараптау нәтижесі жәбірленушінің басынан қатты затпен ұрып, тепкілеп өлтіргенін растап отыр. Оқиға орнынан табылған көптеген айғақтық заттар бар. Солардың бірі – марқұмның қаны сіңген тұсқағаз қиындысы. Бірақ ол мүлде зерттелмеген, тергеуші Қанат Зинуллин оны қаперге алмаған. «Айғақ затты іс хаттамасына қоссын» деген арнайы қаулы да жоқ, – дейді Қанағат Маштақов.

Адвокаттың айтуынша, айыпталушының киімін сараптауға жібергенде міндетті түрде екі куәгер қатысуы керек. Бірақ сотқа шақырылған мұндай куәгерлер ешқандай сараптамаға қатыспағандарын, хаттамаға қол қоймағандарын айтыпты.

Ал сотқа келген сарапшы Елена Потемкина айыпталушының сырт киіміне жұққан қанның көлемі тым аз болғандықтан, тобынан басқа ешнәрсе анықтай алмағандарын мәлімдеген.

– Сүйеуовтың қылмысқа қатысы жоқ. Оны адвокат ретінде дәлелдеп шығуға жинаған айғақтарым жетеді. Мұны заң қызметкерлері де біліп отыр. Бірақ бала ақталса, біраз құқық қызметкерлері жұмыстарынан кетуі мүмкін. Сондықтан істің соттан өтіп кетуіне әуелі солар мүдделі. Сондықтан сот процессінде ұсынған заңды өтініштерім орындалмай отыр, – дейді адвокат.

Адвокат, сондай-ақ, сот барысында судья Гүлнәр Хаженованың үкім шықпай жатып өз көзқарасын білдіргенін айтады. Адвокаттың сөзіне сүйенсек, ол сот барысында іске қатысты суреттерді прокурорға ұсыныпты. Мұны естіген алқа билердің бірі де сол суретті көрмек болыпты.

– Алайда судья «Сіз зерттеліп болмаған, дәлел ретінде танылмаған затты неге алқа биге ұсынасыз?» деп маған дүрсе қоя берді. Осылайша сот менің адвокаттық құқымды ғана емес, алқа билердің де процесске еркін қатысып, барлық айғақтармен танысу туралы құқын да бұзды. Бұған қоса іске қатысып отырған бүркеншік куәнің мәліметімен танысу жөніндегі адвокаттық өтінішімді де орындамады, – дейді Қанағат Маштақов.

АЛҚА БИДІҢ ШАҒЫМЫ

16-сәуір күні Асхат Сүйеуовке қатысты істі қарауға қатысып жатқан алқа билердің бірі соттың әділдігіне күмән келтіріп, алқа би болудан бас тартқаны Азаттық тілшісіне белгілі болды.

Сотқа қатысушы алқа билердің бірі Балжан Губашева «сот істі біржақты қарап отыр» дейді. Ол Атырау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Алановтың атына жазған арызында былай депті: «Алқа билерді дәлелді зат фотосуреттермен таныстырмай, құқығымызды шектеп отыр. Сотта жауап беріп жатқан куәлердің жауаптарының бәрі – бұлыңғыр. Оның үстіне судья алқа билерге сот аяқталмай тұрып «Сүйеуов кінәлі, себебі, мас болған, байқамай өлтіріп алған» деп түсіндіреді. Ал менің іс бойынша ұққаным – Сүйеуовтың бұл іске қатысы болуы күмәнді. Алқа билердің кейбірі судьямен келіспек болып отыр. Оның үстіне екінші рет сот бірнеше күнге негізсіз шегеріле береді. Сондықтан мен кінәсі нақты дәлелденбеген іске қатысып, ана мен баланы бекерге жылатып, көз жасын арқалағым келмейді».

Облыстық соттың баспасөз қызметі бұл жайттан хабарсыз екендерін мәлімдеді.

Ал 16-сәуір күні судья Гүлнәр Хаженова бір алқа би белгісіз себеппен келмей қалғандықтан сот мәжілісі кейін өтетінін жариялады.

СУИЦИД ТАҒЫ ҚАЙТАЛАНА МА?

Алқа билер үрдісі қазақстандық сот моделіне 2006 жылдан бастап енген. Бірақ алқа бидің соттың әділдігіне ашық қарсылық білдіруі – алғаш кездесіп отырған жайт.

Адвокат Қанағат Маштақовтың айтуынша, он алқа бидің біреуі сотқа қатысуға қарсылық білдірсе – не алқа бидің жаңа құрамы
Айгүл Сүйеуова келіні және немересімен бірге облыстық сот ғимараты алдында. Атырау, 15 сәуір 2010 жыл.
тағайындалады, не қылмыстық іс қайта қаралады.

– Бұл іс судьяның алқа билерге ықпал ете алатынын анықтап берді. Енді алқа билерден бас тартпақпыз, – дейді адвокат.

Атырауда азаматтардың әділдікке жету үшін өздеріне қол жұмсау оқиғасы бір бұл ғана емес. Естеріңізге сала кетейік, 2009 жылдың мамыр айында Ақжар ауылының 52 жасар тұрғыны Қабидолла Шолақов өз ұлына қатысты тергеу ісі дұрыс жүргізілмей отырғанын айтып, наразылық ретінде облыстық прокуратура алдында өзін-өзі өртеп қаза болған еді.

«Кісі өлтірді» деп айыпталған Асхат Сүйеуовтың туысқаны Салтанат Кішкенбаева осы қайғылы оқиғаны еске алып, жас жігіт жазықсыз сотталса, өздерінің де сөйтетіндерін мәлімдеді.

– Егер әділетсіздік көрсетіп, баламызды жазықсыз соттаса – бізде жалғыз жол бар. Сот ғимаратының алдында көзімізге көрінген кез-келген орган қызметкерін ұстап алып, бірге өртеніп өлеміз. Басқа амалымыз жоқ. Өйткені, баламыз еш жазықсыз түрмеде бәлен жыл отырып келгенде қандай адам болмақ? Оның отбасы мен әйелінің тағдырына кім жауап береді? – деді Салтанат Кішкенбаева.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG