Accessibility links

Судьяны сынаған алқабилер құрамы таратылды


Алқабилер мүшесі Балжан Губашева сот отырысында сөйлеп тұр. Атырау, 21 сәуір 2010 жыл.

Алқабилер мүшесі Балжан Губашева сот отырысында сөйлеп тұр. Атырау, 21 сәуір 2010 жыл.

Атырауда «Кісі өлітірді» деген айып тағылып отырған жас жігіттің ісін қарап жатқан алқабилер таратылды. Іске төрағалық етіп отырған судья адвокат пен сотқа қатысудан бас тартқан алқа биіне қатысты жеке ұйғарым шығарып, облыстық прокуратураға тексеруге ұсынды. Бірақ алқа би мен адвокат өздеріне тағылған айыппен мүлде келіспейді.


СОТ АЛҚА БИЛЕРДІ ТАРАТТЫ

Сәуірдің 21 күні Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі арнайы мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Гүлнәр Хаженова 25 жасар Асхат Сүйеуовке қатысты қылмыстық істі қарап жатқан алқабилердің таратылып, істі ары қарай қарау үшін алқабилердің жаңа құрамы іріктелетінін жария етті.

Ол арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Балжан Губашеваның алқаби құрамынан шығатындығы туралы арызын көп алдында оқып берді.

Іле-шала сөз алған прокурор көмекшісі Марат Хабибуллин іске қатысудан бас тартқан алқаби Балжан Губашева мен адвокат Қанағат Маштаховты заңды бұзып «процеске қатысы жоқ адамдармен» және өзара бір-бірімен байланыста болды деп айыптады. Ол сөзінің
Прокурор Марат Хабибуллин сот отырысы кезінде сөйлеп тұр. Атырау, 21 сәуір 2010 жыл.
дәлелі ретінде сотқа жедел тексеру шаралары кезінде жинақталған материалдарды ұсынды.

Ал заңгерлер жедел тексеру шаралары дегеніміз күдікті объектінің ізін аңду, телефон әңгімелерін тыңдау, техникалық байланыс каналдары арқылы ақпарат алу, электрондық хаттарды ұстап қалу саналады деп түсіндіреді.

Прокурор атап көрсеткен «іске қатысы жоқ адамдардың» қатарында бірқатар тәуелсіз журналистермен бірге Азаттық тілшілері де болғанын ескерткіміз келеді.

Бұған дейін айыпталушының анасы мен адвокат және алқаби сотқа төрағалық етіп отырған судья Гүлнәр Хаженованың істі әділ жүргізетіндігіне күмәнданатындары жайлы Азаттық радиосының тілшілеріне баяндап берген еді.

Алқабидің бірі Балжан Губашева кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен жауапқа тартылып отырған Асхат Сүйеуовтың ісін қарап жатқан алқабилері құрамынан шығатыны туралы сәуірдің 16-сында мәлімде жасаған болатын. Ол журналистерге өзінің Асхат Сүйеуовтың кісі өліміне қатысы барлығына шүбә келтіретіндігін айтқан еді. Оның ойынша, іске төрағалық етіп отырған судья істің ақ-қарасын шешуге мүделілік танытпай отыр.

Балжан Губашева өз шешімі туралы «мен кінәсі нақты дәлелденбеген іске қатысып, ана мен баланы бекерге жылатып, көз жасын арқалағым келмейді» деп түсіндірген еді.

Ал сот отырыстарының бірінен кейін судьяны өзгертуді сұраған айыпталушының анасы Айгүл Сүйеуова Атырау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов екінші мәрте қабылдаудан бас тартқан соң, сот ғимаратында өзінің күретамырларын кесуге әрекет жасаған болатын.

СУДЬЯНЫҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Журналистермен арнайы кездескен судья Гүлнәр Хаженова алдымен алқабилердің міндеттері мен құқықтары жайлы түсініктеме берді. Оның айтуынша, «алқабилердің сотқа қатысуға, судьяның рұқсатымен сұрақ қоюға, дәлелдемелерді зерттеуге қатысуға құқықтары бар.
Қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соттың судьясы Гүлнар Хаженова. Атырау, 21 сәуір 2010 жыл.
Алқаби өз еркімен сот отырысын тастап кетуге, процесуалдық емес тұрғыда қорғаушымен немесе басқа адамдармен байланысқа түсуге ешқандай құқығы жоқ».

- Дәл қазір алқабидің шеттетіліп, алқабилер құрамының таратылуына себеп болып отырған жағдай - бұл істің дәлелденгені немесе дәлелденбегені емес, іске қатысып отырған алқабидің сотталушының қорғаушысымен және іске қатыспаған басқа тұлғалармен байланысқа түсіп отырғаны. Ол кеңесу бөлмесіне кетпей тұрып заң талабын бұзды, өзіне белгілі болған сот отырысындағы дәлелдемелерді алдына ала жариялады. Сондықтан оны соттың беделін түсіруге себеп болып отырған адам деп есептеймін, - деді судья Гүлнәр Хаженова баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ судья Гүлнәр Хаженова сотталушының адвокаты Қанағат Маштаховты өзінің сот процесі барысында жасаған ескертулерін бұрмалап, баспасөзге мақалалар жазғызып отыр деп кінәлады.

- Сүйеуовке қатысты куәгерлерден жауап алынғанда ол өзінің құқығын біле тұра сотталушыны алдын ала кінәсіз деп айтып, алқабилердің аяушылық сезімін туғызуға тырысты. «Міне Сүйеуов кінәлі емес, біздер оны соттайын деп отырмыз» деп процесуалдық іс жүргізу заңын бұзды, - деп айыптады судья.

Сондай-ақ судья осы процестің барысы туралы баспасөзде жариялаған журналистерді «сотқа қысым көрсетіп отыр» деп санайтындығын
Айыпкердің анасы Айгүл Сүйеуова облыстық сот ғимаратында. Атырау, 15 сәуір 2010 жыл.
хабарлады. Ал күретамырын кесуге тырысқан Айгүл Сүйеуованың әрекетін де «соттың беделін түсіру мақсатында жасаған» деп бағалады.

Алайда журналистердің қылмыстық істің кейбір тұстарына түсініктеме беру туралы сауалдарына жауап беруден судья мен мемлекеттік айыптаушы үзілді- кесілді бас тартты.

- Істің зерттелу барысына түсініктеме бере алмаймын. Мемлекеттік айыптаушының да түсініктеме беруге құқы жоқ, - деді судья Гүлнәр Хаженова.

АЛҚА БИДІҢ ДӘЛЕЛІ

Ал қылмысты істі қараудан бас тартқан алқаби өз шешімінің дұрыстыған шек келтірмейді.

- Менің арыз жазған себебім, сот процесі барысында көптеген бұрмалаушылықты көрдім. Мәселен, өлген кісінің суретін бөлек бөлмеде бірнеше рет көрсетуге өтініш жасадым. «Қайтыс болған баланың суретін көрсетсеңізші, қаны бар ма, жоқ па, біз бір қан талап етіп
Кісі өлтірген деген айып тағылған Асхат Сүйеуов (суретте - оң жақта). Атырау, 21 сәуір 2010 жыл.
отырмыз ғой» дедім. «Оны ертең жарыссөзде қарайсыңдар» деді судья. Ол кезде біз оны зерттеп, қарап үлгермейміз ғой, - дейді Балжан Губашева Азаттық тілшісіне.

Бұған қоса Балжан Губашеваның айтуынша, іс барысындағы айғақ ретінде қанды қол сүртілген бір түсқағаздың жыртығы көрсетілген. Ол осы айғақ затқа неге сараптама жасалмайды деп сұрағанын айтады.

Балжан Губашеваның сөзіне сүйенсек, істен алынып тасталды деген көптеген мәліметтер артынан судьяның қолындағы қағаздардың арасынан табылғанымен, адвокаттың қолындағы көшірмеге енгізілмеген деп күдіктенеді. Ол өзінің барлық сот процестері барысында мұқият жазба жасап отырғанын, сотта сөз болған әр фактінің өзінің назарынан тыс қалмағанын да айтады.

Судья алқабилерге алдын ала «үш баласын құшақтап ана әйел жылап қала ма сонда?» деп жөн сілтеді деп ойлайды Балжан Губашева.

Сонымен қатар ол өзін «адвокатпен байланыста болды» деп кінәлаған судья мен мемлекеттік айыптаушының сөздерін негізсіз айыптау
Соттың әділдігіне шүбә келтіріп, сот процесіне қатысудан бас тартқан алқаби Балжан Губашева. Атырау, 22 сәуір 2010 жыл
деп бағалайды.

- Менің адвокатпен сөйлескенім рас. Онда да ол менен сотқа не себепті келмей қалғанымды сұрап, «бұл соңғы сот отырысы ғой, менің екі ай жүгірген еңбегім бар, келіңізші» деп өтінген еді. Біздің бар байланысымыз осы ғана, - дейді Балжан Губашева.

«МЕНІҢ МІНДЕТІМ ҚОРҒАУ»

Авокат Қанағат Маштахов Азаттық тілшісіне судья тарапынан тағылған айыптарға байланысты өз көзқарасын айтып берді.

- Менің міндетім қорғау. Адвокат дәлелді қолдан жасамаса, тараптарға қысым көрсетпесе, басқа жағдайдың барлығына рұқсат етілген. Заң адвокаттың басқа тұлғалармен қарым-қатынасына шектеу қоймайды. Тіпті алқабимен де сөйлесуге құқы жоқ деген заң бабы жоқ, - дейді Қанағат Маштақов.

Оның айтуынша, тек оның қорғауындағы адамның ғана емес, оның адвокаттық құқықтары да сот процесі бойына бұзылып отырған. Оны сот залынан түсіріліп отырған бейнежазба таспаларынан тыңдап, көруге болады дейді ол.

Сот зерттеуі барысындағы өзіне қатысты көптеген әділетсіздіктерді тізбелеген ол бірнеше мысалдар келтірді.

Адвокат Қанағат Маштахов (оң жақта) сот отырысында. Атырау, 21 сәуір 2010 жыл.
- Мәселен, сотта сарапшыға сауалдар қойылды. Мен одан «сіз Сүйеуовтың аяқ киімін көрдіңіз бе? Сіз тергеушіге қалайша аяқ киіммен тепкеннен адамның бас сүйегі сынуы мүмкін деп жауап бердіңіз?» деп сұрақ қойғанымда, ол оның аяқ киімін мүлде көрмеген болып шықты. Мен соттан сол бәтеңкені көрсетуді өтінген едім, сот оны қанағаттандырудан бас тартты, - дейді адвокат.

Бұдан бөлек Қанағат Маштаховтың айтуынша, күдікті ретінде Сүйеуовты тұтқынға алған кезде полицейлер оған мемлекеттік адвокат ұсынған екен. Бірақ әлгі адам адвокат ретінде қолына ресми қағазды 31 қазанда ғана алғанына қарамай, қазанның 30 күні болған беттестіру хаттамасына адвокат ретінде қол қойған.

Бұған дейін адвокат алдын ала тергеу материалдарында Сүйеуовтың киімдерін алу туралы хаттамаға қол қойған куәгерлердің бұл хаттаманы да, сотталушыны да бірінші көріп тұрғандарын сот үстінде айтқанын мәлімдеген еді. Сонымен қатар аяқ асты сот процесі кезінде оқиғаны көзімен көрді делінген бүркеншік куәнің пайда болғанын да айтып берген болатын. Ол куәнің сот үстінде өз жауаптарынынан үнемі жаңылғанын баяндаған адвокат өзінің осы куәгердің мәліметтерімен танысу құқығының да шектелгенін айтады.

- Ендігі өзім үшін емес, балаларым үшін уайым шегіп жүрмін. Мен ешқандай заң бұзбасам да, биліктің аты - билік қой, - дейді Қанағат Маштахов.

Алқаби қатарынан шығуға арыз берген Балжан Губашева болса «елдің көз алдында құқық бұзушылықтарға орын беріліп отырғанда, бәрін күтуге болады» дейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG