Accessibility links

Атырау облысының әкімі мешітті коммуналдық меншікке алғысы келеді


Облыстық мешіт "Иманғали" атында. Атырау, ақпан, 2009 ж.

Облыстық мешіт "Иманғали" атында. Атырау, ақпан, 2009 ж.

Облыс әкімі Бергей Рысқалиев мешіттің директоры етіп заң органының өкілін тағайындауды, сондай-ақ, араб елдерінде діни білім алып жатқан шәкірттерді елге қайтарып, Отанда оқытуды ұсынады. Ал Қызылқоға ауданында бұрынғы имам өзінің діни және азаматтық құқығын қорғап аудан әкімімен соттасуда.

ӘКІМШІЛІК МЕШІТТІ ӨЗ БАҚЫЛАУЫНА АЛУДЫ ЖӨН САНАЙДЫ

Сәуірдің 8-інде, Атырауда өткен құқық органдарының лаңкестікке және діни экстремизмге қарсы күрес шаралары жөніндегі мәжілісінде облыстық мешітті әкімшіліктің коммуналдық меншігіне өткізу туралы ұсыныс айтылды.

Мемлекеттік органдардың баяндамашыларының сөздерінше, Атырау облысында 42 діни бірлестік тіркелген: 29 исламдық, 2 православтық, және сонша католиктік, 8 протестанттық және бір иудейлік; ҰҚК-нің тіркеуінде 522 дәстүрлі емес діни ағым өкілі бар.

Мәжіліс барысында 25 атыраулықтың Таяу Шығыстағы исламдық орталықтарда білім алып жатқаны сөз болды. Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев «ол жақтарда соларды не жақсылыққа үйретеді дейсің» деп, сол студенттерді елге қайтаруды ұсынды.

Әкім теологтар мен имамдарды Алматыдағы Ислам университетінде, Астанадағы, Шымкенттегі және Оралдағы медреселерде оқытуға жергілікті бюджеттен қаражат бөлуге уәде берді.

Атырау облысы ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Сунтаевтың айтуынша, ағымдағы жылдың өткен үш айында үш діни жетекшіге қарсы қылмыстық іс қозғалып, үшеуі де қамауға алынған.

Олардың бірі – мұсылман қауымының жетекшісі жақын күндерде ғана ұсталды. Оны қамауға алуға сот санкция берген. Ұсталған адам белсенді діни қайраткерлердің бірі деп хабарланған. Оның ұсталу себебі – полиция тінтіген кезде табылған 200 грамм гашиш делініп отыр.

Мәжілісте діни ағымдардың Атырау мектептерінде насихатталуы тақырыбы да қозғалды. Полицейлер мектеп басшыларының діни сектаға мүше оқушылардың тізімін бергісі келмейтіні бірнеше рет байқалғанын айтты.

Сондай-ақ, Қайырғали Смағұлов атындағы №3 мектепте асхана бөлмесі секталардың біріне жалға берілгені, оның мүшелері үгіт-насихат және кітапша тарату арқылы оқушыларды өздеріне тартқаны айтылды. Полицияның араласуымен мектепті жалға беру шарты жойылған.

Жуырда полицияның мектептегі инспекторларының қызметтік міндеттері діни ағымға бет бұрған балаларды анықтап, ата-анасымен әңгіме жүргізу өкілетімен толықты. Сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың мешітке бару мәселесі де көтерілді. Атырау облысының бас имамы Қазыбек қажы Ахметов мектеп жасындағы балаларды мешітке кіргізбеу үшін күзет жалдағанын хабарлады.

Кез келген басқаша діни санаға деген бітімсіз ұстанымымен танылған Қызылқоға ауданының әкімі Жангелді Рахметқалиев те әңгімеден шет қалмады. Ол діни қызметкерлер мешітке балаларды ата-анасының жазбаша рұқсатымен ғана кіргізсін деген ұсыныс тастады.

Ол ұсынысқа орай бас имам мешіт жарғысында келушілерді өмір жасына қарай алалаудың жоқтығын айтты. Сол сәтте әңгімеге облыс әкімі Бергей Рысқалиев араласты:

– Жалпы, мен облыстық мешітті коммуналдық меншікке өткізіп, директорын құқық қорғау органының өкілінен тағайындауды ұсынамын, ал имам өзінің жамағатымен айналыссын.

Мәжіліс соңында құқық органдарының қатысуымен діни экстремизмге қарсы шаралар жөніндегі осындай жиналысты екі айда бір рет өткізуге ұсыныс жасалды.

«ӘКІМ МЕНІҢ ҚҰДАЙ МЕН КОНСТИТУЦИЯ БЕРГЕН ҚҰҚЫҒЫМДЫ БҰЗДЫ»

Үстіміздегі жылдың ақпанында Атырау облысының Қызылқоға ауданында аудан әкімі Жангелді Рахметқалиев пен Миялы (Қызылқоға ауданының әкімшілік орталығы) ауылдық мешітінің бұрынғы бас имамы Мұрат Сұлтановтың арасында жанжал туындаған.

Бұрынғы имам Мұрат Сұлтановтың айтуынша, ол мешіт ғимаратын әкімшілікке беруден бас тартқаннан кейін әкім Жангелді Рахметқалиевтің кәріне ұшыраған.

Имам мен әкімнің арасындағы жанжалдың басы қуғынға түскен имамды жұма-намазға жолатпаудан басталған. Әкім мен полиция Мұрат Сұлтановты ауыл мешітіне кіргізбеген соң, осыған байланысты намазға келген жамағаттың бір бөлігі наразылық ретінде аудандық мешітке бармай қойған.

Сонымен қатар бес уақыт намаз оқып, мешітке барғаны үшін ауданның әскери комиссары Есенбай Нұров қуғынға ұшыраған. Әкім Ж.Рахметқалиев Миялы мешітінің бұрынғы имамы мен ауданның әскери комиссары дәстүрлі емес діни ағым — салафизмнің өкілдері, сондықтан олардың іс-қимылына бақылау орнатылып, тосқауыл жасалынуы керек деген пікірде.

Ауылдық мешіттің бұрынғы имамы Мұрат Сұлтанов аудан әкімі Жангелді Рахметқалиевтің үстінен Қызылқоға аудандық сотына шағым түсіріп, өзінің ар-намысын қорғау және моральдік шығынның өтемін өндіріп беруді соттан сұрап отыр.

М.Сұлтанов талап-арызында әкімнің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, оның «Құдай берген діни құқығын және Конституцияда кепіл етілген азаматтық құқығын бұзды» деп жазған.

Бұрынғы имамның айтуынша, 2009 жылдың 6 ақпанында өзін мешіттегі жұма-намазға қатыстырмай қойған аудан әкімінен оның себебін сұрағанда Жангелді Рахметқалиев: «облыстың бас имамы Қазыбек қажы Ахметов басқарған комиссияның сені мешітке келтірмеу туралы қаулысы бар, сондықтан жөніңе кет және мешіттен аулақ жүр», - деп жауап берген.

Сұлтанов бұдан кейін әкім өзінің қыр соңына түсіп алғанын, мешіт ғимаратын азаматтық хал актілерін тәркеу мекемесі үшін беруді талап еткенін айтады. Ақыр соңында ол имам қызметінен кетірілген.

– Екі рет сот мәжілісі өтті, бірақ, менің өтінішіме қарамастан, әкім Рахметқалиевтің сотқа келетін түрі жоқ, қайта-қайта әкімшіліктің заңгерін жібереді. Мен өзге бір ауылдық мешітке жұмысқа тұрғым келеді, бірақ мені жұмысқа алмайды. Мені жұмысқа алмауды барлық жерге тапсырып қойған. Бұл — нағыз қуғынның өзі, – дейді Мұрат Сұлтанов.

ӘСКЕРИ КОМИССАР НАМАЗ ТУРАЛЫ КІТАПША ТАРАТҚАНЫ ҮШІН СОТҚА ТАРТЫЛДЫ

Аудан әкімі Жангелді Рахметқалиевтің қырына ұшыраған тағы бір адам – бұрын ауданның әскери комиссары болған 45 жасар Есенбай Нұров. Жуырда ол діни сенім туралы заңды бұзды деген айыппен сот алдында әкімшілік жауапқа тартылды.

– Менің әкіммен тірескеніме екі жылдың жүзі болды. 2007 жылғы ораза уақытында аудан әкімінің аппарат мәжілісінде Рахметқалиев мені шектен тыс діндарсың деп жазғырып, намазды тастауымды талап етті. Діндарлық – менің жеке басымның шаруасы екенін және оның бұған араласуға құқығы жоқ екенін айтып, қарсылық білдіріп едім, әкім мені мәжілістен қуып жіберді.

Ол менің облыстық әскери комиссариаттағы басшылығыма табанды түрде шағымданып, намаз оқу әскери комиссарға тән емес және мемлекеттік қызметкер этикасына жат деп, мені қызметтен босатуын сұрап хат жазды.

Кейіннен, 2008 жылдың қаңтарында «Ислам өркениеті» республикалық газетіне «Намазға қарсы шыққан адам» деген мақала шығып, осы жағдай туралы егжей-тегжейлі айтылды, – деді Есенбай Нұров Азаттық радиосына.

– Әкім сіздің діни ағым – салафизмге қатысыңыздың барын айтады. Осы рас па?

– Ол - өтірік. Мұсылман ретінде бес уақыт намаз оқу, мешітке бару – бұл менің құқығым! Үгіт-насихатпен, айдап салумен айналыспаймын. Менің бар кінәм сол – әкім Рахметқалиевке қарсы жүргенім, намаз оқып, мешітке баруды доғармағаным. Міне, сосын маған неше түрлі мін тағу басталды, әйтеуір мені жазықты қылып шығару керек болды.

– Ал, сіздің үстіңізден әкімшілік істің қозғалуының себебі неде?

– Мен жақында ғана зейнеткерлікке шықтым. Осы жылдың 9 ақпанында ауылдық кафедегі менің зейнеткерлікке шығу салтанатымда әріптестеріме естелік ретінде «Пайғамбардың намазы» деген кітапшаны сыйға тартқанмын.

Ашық сатыла беретін сол кітапшада мұсылман адам бес уақыт оқуға тиіс намаздың негіздері мен шарттары жазылған. Кітапша беттерінің біріне естелік үшін өз ұжымымның фотосуретін бастырып, қызметтестерімнің әрқайсысына тілек жазғанмын.

Сөйтсем, наурыздың 13-інде әкімшілікке бағынышты аудандық «Қызылқоға» газетінде мені дәстүрлі емес діни ағым өкілі, әскери комиссариат ұжымына тыйым салынған экстремистік кітаптар таратқан деп қаралаған мақала жарық көргенін білдім.

Әкім Рахметқалиев өткізген аппараттық мәжілісте қазіргі аудандық әскери комиссар Асылбек Рамазанов естелік үшін намаз туралы кітапша таратқанымды жеткізген. Әкім таратылған кітапшаларды түгелімен ұжымнан алуды бұйырыпты. Сосын ол әскери комиссардың мені әкімшілік жауапкершілікке тартуды сұраған қызметтік хатын аудандық ішкі істер бөліміне жолдаған.

– Ол не кітапша еді?

– Ол кітапшаны кез келген жерде – мешіттерде немесе базардан сатып алуға болады. Кітапшада намаз шарттарынан басқа ештеңе жоқ. Мен оны әдейі салтанатты кешке арнап сатып алдым. Ұлым сыртқы мұқабасының ішкі бетіне бүкіл ұжыммен түскен суретті салып, әрбір әріптеске тілек жазуды ұсынды. Бар-жоғы әріптестеріме естелік үшін тарту жасағым келді. Мұның аяғы нағыз күлкілі жағдайға айналды.

СОТ КІТАПШАҒА ҰЖЫМНЫҢ ФОТОСУРЕТІН САЛУ – ЗАҢҒА ҚАЙШЫ ЕМЕС ДЕП ТАПТЫ

Есенбай Нұровтың үстінен қозғалған әкімшілік іс бойынша өткен сотта әскери комиссариат қызметкерлерінің қатарынан куәгерлер тыңдалды, олар көп жыл қызметтес болған бұрынғы әскери комиссардан естелік үшін кітапша алғандарын растады. Бірақ, олар ешқашан оның қандай да бір дәстүрлі емес діни ағымды насихаттағанын көріп-естімегендерін жеткізді.

Қызылқоға аудандық сотының 2 сәуірдегі қаулысына сәйкес аудандық әскери комиссариаттан алынған «Пайғамбардың намазы» атты кітаптың ауторы Қажы Мұрат Қасымбекұлы Ыбыраев деген адам.

«Дәрет алу» шарттарынан басталып, «Құран» сүресімен аяқталатын бұл кітапша мұқабасының ішкі бетінде ұжымның фотосуреті және «Қадірлі… Нұров Есенбай Сәмекұлынан, 2009 жылдың 9 ақпаны» деген тілек сөздері басылған. Сотта Есенбай Нұровтың заңды бұзғаны анықталмады.

Оның естелік үшін діни кітапшаға аудандық әскери комиссариаты ұжымының суреті мен тілектерін бастыруы әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы заңдарды бұзу» деген 375-інші бабын бұзу болып табылмайды деп танылды. Сондықтан, бұрынғы аудандық әскери комиссар Есенбай Нұровқа қарсы іс қысқартылды.

Осы даулы мәселелерге байланысты түсіндірме алу үшін Азаттық тілшісі Қызылқоға ауданының әкімі Жангелді Рахметқалиевке хабарласты. Әкім өзінің үстінен бұрынғы имам Мұрат Сұлтановтың ар-намысты қорлау туралы талап-арыз түсіргенін телефон арқылы растады.

Бірақ, уақытының тығыздығын айтып, бұрынғы имам Мұрат Сұлтанов және бұрынғы аудандық әскери комиссар Есенбай Нұров пен өзінің арасындағы жанжалдың мән-жайын түсіндіруден үзілді-кесілді бас тартты.

P.S. Осы мақала дайындалып жатқанда, сәуірдің 8-і күні, Атырау облысы Қызылқоға аудандық соты бұрынғы имам Мұрат Сұлтановтың берген талап-арызын қанағаттандырып, аудан әкімі Жангелді Рахметқалиевке арыз иесіне моральдық өтемақы ретінде 50 мың теңге төлеуді міндеттеп шешім шығарды.

Азаттыққа берген сұхбатында бұрынғы имам сот шешіміне қанағаттанатындығын айтты.

– Ең бастысы, сот менің ар-намысымды қорғап, талабымның дұрыс екендігін қолдады. Әкім жазасын алды. Енді ол діндар адамдарға күйе жағып, жазықсыз қудаламас бұрын бұл оған сабақ болады деп үміттенем, – деді М.Сұлтанов.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG