Accessibility links

Атыраулық табиғат қорғаушы Макс Боқаев наразылық шарасын өткізді


«Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев. Атырау, 7 қараша 2010 жыл.
«Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев. Атырау, 7 қараша 2010 жыл.

Табиғат қорғаушы қоғамдық ұйым жетекшісі Макс Боқаев қарашаның 7-і Атырауда наразылық акциясына шықты. Ол қалада салынып жатқан хошиісті көмірсутектер кешені мен Жайық сағасынан салынбақшы мұнай жинау базасы құрылысына қарсылық білдірді.


Жексенбі күні «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев Атыраудағы орталық алаңдардың бірінде наразылық акциясын өткізді. Ол Атырау мұнай өңдеу зауыты жанынан салынып жатқан хошиісті көмірсутектер кешені мен Жайық сағасынан салу жоспарланып отырған мұнай жинау базасы құрылысына қарсылық білдірді. Макс Боқаевқа жергілікті бірқатар үкіметтік емес ұйымдар, оппозициялық партиялардың ұйымдары қолдау білдірді.


АЗАМАТТЫҚ АКЦИЯ


Макс Боқаев қарашаның 7-сі күні Атырау қаласындағы Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академия алдындағы алаңға шығып, қоршаған ортаның тазалығы үшін өзінің азаматтық көзқарасын білдірді. Жалғыз өзі алаңға шыққан қоғамдық белсенді бұл әрекетін Атырауда салынып жатқан және жоспарланып отырған бірқатар өндірістер құрылысының адам өміріне қауіп-қатер төндіретіндігіне қоғамның назарын бұру деп түіндіреді.

– Мен өз қөзқарасымды айтуға келдім.Атырау мұнай өңдеу зауыты жанынан хош иісті көмірсутектер кешенінің қала ішінен бой көтеруі және Дамба елді мекенінің маңында мұнай төгілуіне әрекет жасау базасының салынуы дұрыс емес деп санаймын. Хош иісті кешеннің қала ішінен салынуы қаншалықты маңызды екендігін ойлауды сұрап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовке хат жазамын. Одан тәуелсіз сараптама жасауды талап етіп, қала тұрғындарыннан қайта қол жиямын, – дейді ол.

Алаңға азаматтық көзқарасын танытуға шыққан Макс Боқаевқа қолдау көрсету үшін «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық
Тәуелсіз сараптама жасау туралы ұсынысымызға «оның қажеті шамалы, өйткені ақша жоқ» деген жауап алдық.
партиясы Атыраудағы филиалының өкілі Нұрайнаш Камалова да келді. Ал «Заман» құқық қорғау қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Әсел Нұрғазиева алаңға тәуелсіз сарапшы ретінде келіп тұрғанын айтты.

Құны 1 миллиард доллардан астам жоба құрылысын Қытайдың «Sinopec Engineering» компаниясы салмақшы. Химиялық кешен құрылысы жайлы әңгіме былтыр басталғанда атырулық бір топ эколог дабыл қағып, наразылық танытқан еді. Олар тұрғындардан 1,5 мың адам қол қойған хатты президентке, үкіметке жөнелткен болатын.

– Мемлекеттік органдарға шағымдануымыз ешқандай нәтиже берген жоқ. «Самұрық-Қазына», ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы мен Атырау мұнай өңдеу зауытынан «жобаның экологиялық қауіпсіздігі мен адам өміріне бейтараптылығын» баяндаған хаттар келді. Ал біздің тәуелсіз сараптама жасау туралы ұсынысымызға «оның қажеті шамалы, өйткені ақша жоқ» деген жауап алдық, – дейді Макс Боқаев.

Оның ойынша, ҚазМұнайГаз компаниясында отырған менеджерлер шетелдік инвесторларға да құрылыстың жобалу құжатының
Солдан оңға: «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма директоры Данияр Тиесов, ұлттық компания президенті Қайыргелді Қабылдин және Атырау мұнай өңдеу зауыты ЖШС директоры Талғат Байтазиев. Атырау, 4 қыркүйек 2010 жыл.
Қазақстан заңына сәйкестігін айтып, теріс ақпарат берген.

– Біздің сауалдарымызға химиялық кешенді қаржыландырып отырған Қытайдың ЭксимБанкі: «біз қаржы алушы тараппен сөйлестік.,олар ешқандай заң бұзушылық болмағанын хабарлап отыр» деп жауап берді. Бірақ құрылыстың жобалу құжаттарындағы көптеген қайшылықтарды Қазақстан бас прокуратурасы да нақтылаған. Өкінішке қарай, Атырау мұнай өңдеу зауыты да ешқандай апаттың болмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды, – дейді эколог.

Дегенмен биыл қыркүйектің 4-інде Атырауға осы химиялық кешеннің алғашқы тасын қалау рәсіміне келген «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы президенті Қайыргелді Қабылдин өзін зауыт басшылығы «Axens» компаниясының үздік технологиясы қоршаған ортаға зиян келтірмей бензол мен параксилол өндіруге болады деп сендіргенін көлденең тартқан еді. «Лас тастандылар рұқсат етілген шаманың 30 пайызынан аспайтын көрінеді. Бұл жақсы көрсеткіш» деген еді ол.


АТЫРАУЛЫҚ ЭКОЛОГТАРДЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫН ТУҒЫЗҒАН ЖОБА

Макс Боқаевты алаңдатып отырған тағы бір мәселе – Жайық сағасынан «Солтүстік Каспий мұнай төгінділеріне әрекет ету базасын» салу жобасы. Ол осы мақсатта Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжинге де хат жолдап, мұнай жинайтын базаны Жайықтан салдырмауға ат салысуын сұрамақшы. Қазанның 27-сі күні Марат Тәжиннің қатысуымен өткен кеңестердің бірінде Каспий теңізі қауіпсіздігі талқыға түскенін айтқан эколог бұл мәселе халықаралық қауымдастық назарынан да тыс қалмайтындығын ескертеді.

– Егер Марат Тәжин Каспий тағдырына шынымен алаңдайтын болса Дамбыдан мұнай төгінділерін жинау базасын салдырмауға үлес қоссын. Бұған қоса Қазақстан 2006 жылы Рамсар конвенциясына қол қойғанын білеміз. Сондықтан оның Швейцариядағы штаб-пәтеріне де жағдайды баяндаған хат жолдап, Қазақстан үкіметіне талап қоюын сұрайтын боламыз, – дейді Макс Боқаев.

Экологтың ойынша, Жайық сағасында мұнай төгінділерін жинайтын база салу елдің халықаралық беделіне үлкен сын болмақ. 2009 жылы сәуірде бұл база орналасады деп жоспарланып отырған маңдағы Ақжайық қорығы ресми түрде халықыралық маңызы бар сулы
Хош исті көмірсутек кешенінің алғашқы тасын қою рәсімі. Атырау, 4 қыркүйек 2010 жыл.
аймақтар тізіміне енген. Ал Рамсар конвенциясына сай, оның экологиялық тыныштығының бұзылғандығы жайлы Қазақстан тез арада конвенция бюросына хабарлауы тиіс.

– Мұнай төгінділерін жинау базасының қорық аймағына салынатынын естігенде халықаралық қауымдастық реакциясы қалай боларын болжау қиын емес. «Бұл әлгі суға жарымай отырған ел ме? Бұл әлгі президенті Сібір өзендерін бұрып жерді суландырайық деп отырған ел ме?» деп сұрары сөзсіз. Мұны ұлттық мұнай компаниясындағы бишікештер ойланып көрді ме екен? – дейді Макс Боқаев.

Макс Боқаев Жайық жағалауында орналасқан Дамбы елді мекені аумағындағы Ақжайық қорығы маңынан мұнай төгілуіне әрекет ету базасын салудың жоспарын өзгертудің мүмкіндіктері жеткілікті деп санайды. Әрине, мұнай төгілу апаттарына дайындық керек. Бірақ мұнай жинау базасын Жайыққа емес, Аджип ККО компаниясы салып жатқан қаладан 30 шақырымдағы «Болашақ» зауытының жанынан орналастыруға болады дейді эколог.

– Егер база өзен сағасына орналасса ерекше қорғаудағы Ақжайық қорығы экологиясының сау-тамтығы қалмайды, – деп дабыл қағады «Арлан» қоғамық бірлестігі жетекшісі.

Оның айтуынша, Жайық сағасынан мұнай төгінділерін жинайтын база салдырмаудың бір кілті Атырау облыстық әкімшілігінің қолында бар. Ол үшін Қазақстан Республикасы «Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар туралы» заңына сәйкес Ақжайық қорығының аумағын
Егер база өзен сағасына орналасса ерекше қорғаудағы Ақжайық қорығы экологиясының сау-тамтығы қалмайды.
кеңейту туралы заңды шешім қабылдаса болғаны. Яғни резерваттың аумағын бар болғаны 1,5-2 шақыырмға созса жеткілікті.

– Сонда төгілген мұнайды жинайтын базаны Жайық сағасына салу деген жоба заңсыз болып шыға келеді, – дейді Макс Боқаев.

Ол осы ұсыныстарын тізбелеп Атырау облыстық әкімшілігіне, облыстық мәслихатқа хат жөнелткенін айтады.

– Тез арада қоғамдық тыңдау өткізіп, резерват аумағын созудың табиғи-ғылыми негізін дайындауды ұсындық. Өйткені химиялық кешен құрылысын қала ішінде, ал төгілген мұнайды жинайтын базаны Жайық сағасында салу жәй қателік емес, қылмыс, – дейді Макс Боқаев.

Бұл Макс Боқаевтың қоршаған ортаны сақтап қалу үшін жасап отырған алғашқы әрекеті емес. Ол хош иісті көмірсутектер кешеніне деген наразылық акциясын биыл ақпанда Әулие Валентин күні өткізбек болған еді. Алайда ол жолы Атырау қалалық әкімшілігі рұқсат бермей қойған еді.

Бірақ қоғамдық ұйым белсендісі кейін, сәуірдің 5-інде, Атыраудағы дәл осы Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академия алаңына «Таза Атырау үшін!» деген жазуы бар плакаттар көтеріп, наразылық акциясына шыққан болатын. Артынша жергілікті сот Макс Боқаевқа «рұқсат етілмеген митингті ұйымдастырғаны үшін» 7500 теңге (50 АҚШ доллары шамасында) айыппұл салды. Ал шілде айында мұнайшылар наразылығына құқықтық қолдау білдіргені үшін ол тағы да әкімшілік жазаға тартылып, бір аптаға абақтыға қамалған-ды.

Макс Боқаев осы жолы да наразылық танытқысы келетінін алдын ала ескертіп жергілікті құзырлы орындарға хат жолдағанын айтады. Алайда Атырау қалалық әкімшілігі Макс Боқаев рұқсат сұраған орталық Исатай-Махамбет алаңында жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін айтып, рұқсат бермеген. Бірақ қарашаның 7-і күні Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңы бос тұрды.

Жалпы Дамбы ауылындағы Ақ Жайық қорығы маңынан Жайық сағасында мұнай төгілуіне әрекет ету базасын салу туралы ұсынысты ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясы бірнеше жыл қатарынан айтумен келеді. Атыраулық экологтар бұл жобаға қарсы шығып, оны шешудің басқа жолдарын ұсынған болатын. Бірақ оған ешкім құлақ аспады.

Ал қазанның 29-ы күні Атыраудағы Жайық-Каспий Орхусс орталығында «Солтүстік Каспий мұнай төгінділеріне әрекет ету базасы» жобасының таныстырылымы болып өтті. Оған жобаға тапсырыс берушілер, мемлекеттік органдар шенеуніктері, ұлттық компания мен жергілікті қоғамық ұйымдар өкілдері қатысқан болатын.

Онда жобаға тапсырыс беруші ҚазМұнайГаз компаниясының еншілес кәсіпорыны «Теңіз Сервис» компаниясы басшысы Андрей Сафонов Атырауда мұнай төгінділерін жинайтын база салу үшін 13 шақты учаске таңдалғанымен, олардың бір де бірі жоба шартына сәйкес келмегенін көлденең тартқан болатын. «Біздің міндетіміз – теңіз бен Жайыққа мұнай төгілмеуін қамтамасыз ету. Сондықтан базаны Жайық сағасына орналастыруды шештік. Қасында жолдар мен коммуникациялар бар, өте ыңғайлы. Базаның өзі Ақ Жайық қорығынан тысқары жерде орналасады» деген еді Андрей Сафонов.

Енді Жайық жағалауындағы Дамбы елді мекеніндегі Ақжайық қорығы аумағынан мұнай төгілуіне әрекет ету базасын салу жөнінде қоғамдық тыңдау қарашаның 19-ы күні өтпек. Макс Боқаев атыраулықтарды қоршаған орта тағдырына көзжұма қарамауға, тыңдауға белсене қатысып, базаны қорық аумағында салдырмауға қол жеткізуге шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG