Accessibility links

Қытайлықтар атом бомбасына теңеп, салдырмай қойған қауіпті химиялық жоба Қазақстанда қолға алынуда


«Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев (сол жақта) пен «Глобус» бейресми ұйымының жетекшісі Галина Чернова. Атырау, 30 қараша 2009 жыл.

«Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев (сол жақта) пен «Глобус» бейресми ұйымының жетекшісі Галина Чернова. Атырау, 30 қараша 2009 жыл.

Атырау жұртшылығы қаладағы мұнай өңдеу зауыты негізіндегі осы жағымды иісті көмірсутектер зауытын салуды сот арқылы тоқтатпақ. Экологтар химия зауытын қаладан аулақ, елге қауіпсіз аймақта салуды талап етіп отыр.


ТҰРҒЫНДАР ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТЫНДА ЗАУЫТ САЛУҒА ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРДІ

Биылғы жылғы қазанның 29-ында «ҚазМұнайГаздың» иелігіндегі Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) мен Қытай ұлттық Sinopec Engineering компаниясы арасында құны 1 миллиард 40 миллион АҚШ долларын құрайтын келісімшарт жасалған еді.
Атырау мұнай өңдеу зауытының өндіріс территориясына кіретін қақпа. Атырау, 30 қараша 2009 жыл.


Оған сәйкес, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңарту жұмыстарының екінші кезегін Sinopec Engineering компаниясы жүргізетіндігі шешілген болатын. Ал жобаны қаржыландыру жөніндегі келісім биылғы жылдың аяғына дейін жасалады және жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол өндірілетін болады деп хабарланған-тұғын.

«Егер бұл жоба іске қосылса сапасы «Еуро-4» стандартына сәйкес келетін жоғары сапалы бензин мен дизельдік майлар өндіру деңгейі көтеріледі, бензин құрамындағы бензолдың құрамы 5 пайыздан 1 пайызға дейін төмендейді» деп хабарлаған еді 2009 жылдың 4 маусымында жұртшылықпен болған қоғамдық кездесуде АМӨЗ ЖШС директорының бірінші орынбасары Қайрат Оразбаев.

Алайда «Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев бастаған бейресми ұйымдар бұл жобаның адам өміріне аса зор қауіп төндіретіндігін айтып, дабыл қағып отыр.

– Қытайдағы Фуцзянь провинциясындағы Сямынь қаласының тұрғындары дәл осындай зауытты экология мен адамдар өміріне орасан зор қауіптілігі салдарынан тоқтатқан. Сондықтан бір топ атыраулық бейресми ұйымдар болып Н. Назарбаевқа ашық хат жаздық, – дейді Макс Боқаев.
Атырау мұнай өңдеу зауыты алдындағы жарнама. 30 қараша 2009 жыл.


Ол хатта «Біз отандық мұнайхимия өндірісінің өркендеуіне қарсы емеспіз. Біз шетелдермен, соның ішінде Қытаймен іскерлік байланысты дамытуды, инвестиция тартуды қолдаймыз. Бірақ өте жоғары уландырғыш канцерогенді – бензол мен параксилолдың ірі өндірісі адам өмірі мен денсаулығына ерекше қауіпті» делінген екен.

«ҚЫТАЙЛЫҚТАР ПАРАКСИЛОЛ ЗАУЫТЫН АТОМ БОМБАСЫНА ТЕҢЕГЕН»

Қытайдың ағылшын тілінде шығатын Сhina Daily газеті 2007 жылғы мамырдың 30-күнгі санында жазғанындай, Шығыс Қытайдың Фуцзянь өлкесіндегі портты қала Сямыньның тұрғындары аса қауіпті химиялық жобаны жүзеге асыруды тоқтатуды талап еткен екен.

Жұртшылықтың талабын қолдаған Сямынь қаласы әкімшілігінің орынбасары Динг Гуоян Хайцанг ауданында салынуға тиісті параксилол өндіретін зауытты тоқтатуға шешім шығарылғанын хабарлаған.

«Параксилол – рак ауруын тудыратын аса қауіпті химиялық зат. Сарапшылар оның тіпті іштегі ұрықтың өзгерісіне соқтыратындығын айтып отыр»,- деп жазыпты Сhina Daily.

Сондай-ақ, Сhina Daily «жағымды иісті қоспа параксилол өндірісін салуға 1,400 млрд АҚШ доллары жұмсалуы тиіс болғанымен, одан алынатын пайда 10,45 млрд. АҚШ доллары болады деп күтілген еді. Алайда адам өміріне тікелей қауіп төндіретін бұл жобаның қаладан 16 шақырым қашықтықта салынуы елдің қорқынышын үдетті. Жергілікті халық оны «атом бомбасымен» салыстырып, жобаны тоқтату жөнінде ұялы телефондары арқылы 1 миллионнан астам наразылық хабарламаларын жіберген. Олар параксилол зауыты қаладан кем дегенде 100 шақырымда болуы керектігін талап еткен» деп атап көрсеткен.

ЭКОЛОГТАР ДАБЫЛ ҚАҒАДЫ

Зауыттың адам өміріне қауіпті екендігіне өз билігінің көзін жеткізген қытай бұқарасы тәрізді Қазақстанда да жұртшылық бұл мәселені өкіметтің алдына қойып, оң шешім қабылдауға қол жеткіззе алады деп үміттенеді атыраулық экологтар.

– Бәрімізге белгілі, бензол химия технологияларындағы өте маңызды зат. Дегенмен ол ерекше улағыш қасиетке ие. Оны қанның уы деп те атауға болады.Ол адам ағзасының мүшелерін және тiршiлiкке маңызды жүйелердi істен шығарады. Бензолдың метаболизмы негізінен қызыл жiлiк майы мен бауырда өтедi. Сондықтан бiрiншi адамның қан айналым жүйесi әлсірейді. Адам ағзасында эритроциттердiң саны азаяды, гемоглобин мөлшері төмендейді. Қанның ұюы төмендеп, ұзақ мерзімді қан кетуге соқтырады.

Бензолдың әсерiнен хромосомалық өзгерістер пайда болады. Бұны радиациямен салыстырған жөн. Бензол ауамен ғана емес, терi арқылы да адамның ағзасына енедi. Оның тері арқылы жылдам ену қабiлеті бар. Осыдан соң әртүрлi тері аурулары пайда болады. Бензолдан уланудың бастапқы белгілері: әлсiздiк, ұйқышылдық басады, бас ауруы және бас айналу үдейді, – деп сипаттады атыраулық жас эколог ғалым Ақылбек Құрманов.

Тағы бір эколог, «Глобус» бейресми ұйымының жетекшісі Галина Чернова «ҚазМұнайГаздың» жағымды иісті көмірсутектер өндіру жөніндегі жобасының құнына сараптама жасағандарын айтады.
«Глобус» бейресми ұйымының жетекшісі Галина Чернова. Атырау, 30 қараша 2009 жыл.


– Егер Қытайдың Сыямыньдегі жобасы 1,400 млрд. АҚШ долларына бағаланса, Атыраудағы жоба одан 360 млн долларға арзан. Бұл төмен баға қоршаған ортаны, адамдар денсаулығына жасалған үнемдеу нәтижесі, – деді Галина Чернова.

Г.Чернованың ойынша, қалай болғанда «ҚазМұнайГаз» бұл жобаны қытайлықтар құсап қаладан 100 шақырым қашықтықта салуы тиіс. Өйткені, халықтың қарсылығына қарамай билік Батыс Ескенеден «Болашақ» зауытын салғызып жатыр. Керек десеңіз, оның қолында күні бүгінге дейін рұқсат құжаты жоқ. Ал Теңіз зауытынан да бес есе қауіпті жағымды иісті көмірсутектер жобасын Ескенеге алып бару тиімді шешім емес.

ҒАЛЫМНЫҢ ДӘЛЕЛІ

ҚР Ғылым академиясының академигі, геология-минералдық ғылымдары докторы Мұфтах Диаров былай дейді:

– Біреулер мені жаңа жобаға ылғи қарсы болып жүреді деп ойлайды. Дегенмен менің қарсылығымның үлкен себебі бар. Біздің қаламыз бүкіл батыстың мұнайы жиналатын жер болды.Мұнда құбыр арқылы Қарашығанақтың мұнайы, Кеңқияқтың мұнайы, Жаңаөзеннің мұнайы, Теңіздің мұнайы, қаланың оңтүстік батысында өндірілетін барлық майлар осында келіп тоғысады. Содан соң олар басқа бағыттарға жөнелтіледі. Осы процесс барысында сөз жоқ ауаға улы заттар таралады. Қазірдің өзінде ауаға 200 мың тонна қауіпті заттар таралуда.

Сондықтан біз ауаға таралатын зиянды қоспаның әр грамын есепке алуымыз керек. Ал зауыт халыққа көп залалын тигізіп отыр. Мәселен, басқаны айтпай-ақ біздің 1995 жылы жасаған зерттеулеріміз АМӨЗ-дің төңірегінде тұратындар қаланың басқа аймағы тұрғындарына қарағанда 3 есе көп ауыратынын анықтады. Халықтың денсаулығының нашарлау деңгейі жыл сайын 2-3 пайызға өсіп отыр. Зауыт тарапынан халықтың денсаулығын қорғауда ешнәрсе жасалып отырған жоқ. Зиянды заттардың ауаға таралу көлемін анықтайтын қондырғылар әлі күнге дейін жоқ. Ал сыртқа шығатын улы заттардың саны: азот, күкірт қосындылары, түрлі металдар, органикалық заттар күннен-күнге өсіп бара жатыр.Мұнайдың өзінен 100-ден астам химиялық қосындылар алуға болады. Сондықтан сөз жоқ зауытты басқа жаққа көшіру керек.

Қаланың ортасында улы зат шығаратын зауыт тұрғанын қай жерден көрдіңіз. Зауыт басшылары шетелді мысалға келтірсе, оларда мұндай қауіпті аймақ ерекше жасылдандырылған. Ал Атырауда ағаш жоқ, оттегі аз. Сонда ертең параксилол өндіретін зауыттағы авария кезінде халықты қалай құтқарады?

НАРАЗЫ ЖҰРТТЫҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЮДЕ

Макс Боқаевтың сөзіне сүйенсек, қазір экологтар дабылын 500-ден астам атыраулықтар қолдап отыр. Қала тұрғындары бір-біріне экологтардың Президентке жазған жолдауын интернет арқылы жіберіп, қажет болса митингке шығатындарын хабарлауда.
«Арлан» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Макс Боқаев. Атырау, 30 қараша 2009 жыл.


– Менің білуімше әлі бұл жоба қаржыландырылған жоқ, келісімшарт әзір күшіне енген жоқ. Сондықтан біздің әлі мүмкіндігіміз бар. Халық қол қойған жолдауымызды алдымен президентке, премьер-министрге, қоршаған ортаны қорғау министріне жібереміз, содан соң сотқа шағымданамыз, – деді Макс Боқаев.

АМӨЗ-ның өзі де, оның қожайыны "Қазмұнайгаз" да әзірге бұл мәселе жайлы ауыз аша қойған жоқ. Зауыт директорының бірінші орынбасары Қайрат Оразбаев биылғы жылғы маусымның 4-інде жұртшылықпен болған қоғамдық тыңдауда «Мұндай жағымды иісті көмірсутектер зауытының 45 пайызы дүние жүзі бойынша Батыс Еуропада, Солтүстік Америкада халық тұратын аймақтарда орналасқан, бұл ақпаратты тексеріп қарауларыңызға болады» деп уәж айтқан еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG