Accessibility links

Мұнайшылар аштық акциясын тоқтатқанымен, белсенділері абақтыға қамалды


«ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалына қарасты Прорва кенішіндегі мұнай сорабы. Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.
«ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалына қарасты Прорва кенішіндегі мұнай сорабы. Атырау облысы, 18 сәуір 2010 жыл.

Аштық жариялаған Ембі мұнайшылары мәмлеге келіп, наразылықтарын тоқтатты. Алайда мұнайшылар белсенділері қамауға алынды.



АШТЫҚ АКЦИЯСЫ ТОҚТАДЫ

«ЖайықМұнайГаз» өндірістік филиалының аштық жариялаған мұнайшылары үшінші тәулікте аштықты тоқтатты. Аштық жариялағандардың бірі Мұратбек Хасановтың сөзіне сүйенсек, олардың бірқатарының денсаулығы ендігі сыр бере де бастаған. Мәселен, Тілеш Өтешқалиев қан қысымы көтеріліп аудандық ауруханаға түскен.

Ал шілденің 4-і күні мұнайшылар хабарлауынша наразылық танытқан ембіліктермен сөйлесуге «ҚазМұнайГаз» барлау-өндіру» акционерлік қоғамы бас директоры Кенжебек Ибрашев пен оның кеңесшісі, Бағытқали Бисекен келген.

– Ибрашев келіп бізге кеңсеге кіріп сөйлесуді ұсынды. Біз бармадық. Борап тұрған топырақ астында тұруға шыдамай біздің өкілдерімізді келісімге келуге кеңсеге шақырды,-деп хабарлайды аштық жариялаған Мұратбек Хасанов.

Басшылық өкілдерімен келісімге келуге мұнайшылар атынан қатысқан Ақсұлу Айдарованың айтуынша мұнайшылардың талаптарын орындауға Кенжебек Ибрашев уәде беріп, қолхат тастап кеткен көрінеді.

– Қосымша келісімде көрсетілген бізге түсініксіз 48-бапты алып тастау туралы талабымыз фирмалық бланкіге жазылып, нөмірленіп Ибрашев қол қойды.Ал ендігі таратылатын қосымша келісімді «ӨзенМұнайГаз» мұнайшыларымен теңестіру, аштық жариялаған мұнайшыларды себепсіз жұмыс босатты деп қудаламау туралы талаптарымызға жазба түрде қол хат беруге уәде етті, мерекеден соң соны алуға барамыз. Әрі «ЕмбіМұнайГаз» ӨФ кәсіподақ басшысын сайлауға ықпал етпеуге сөз берді. Ал филиал директоры Ізтұрған Баймұхановтың отставкасы директорлар кеңесінде 8 шілдеде қаралатын болды. Тек осы әңгімеден кейін ғана сағат 14-терде мұнайшылар аштығын тоқтатты ,-деп мәлімдеді Ақсұлу Айдарова.
«ЖайықМұнайГаз» ӨФ-ның ондаған мұнайшысы
аштық жариялап жатқан он жұмысшыға қолдау ретінде
жұмысты тоқтатты. Аққыстау ауылы, Исатай ауданы,
Атырау облысы. 3 шілде 2010 жыл.


Ал мақаттық мұнайшы Ләззат Мырзабаева өздерінің Кенжебек Ибрашевпен болған кездесуде бұл талаптарға қоса «ДоссорМұнайГаз» өндірістік филиалы басқармасы бастығы Қыдырқожа Қуанышев пен кадр бөлімін басқаратын ағайынды Нұрсейітовалардың жұмыстан кетуіне қол жеткізгендерін айтты.

Ал Атырауда жүрген Кенжебек Ибрашевтың өзімен сөйлесу мүмкін болмады. «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалының директоры Ізтұрған Баймұханов болса, түсініктеме беруден бас тартты.

БІР МҰНАЙШЫ ТҰТҚЫНҒА АЛЫНДЫ

Кенжебек Ибрашев Аққыстау ауылында аштық жариялаған мұнайшыларға қысым жасалмайтынына қолхат беріп жатқанда Атырауда мұнайшылар белсенділерінің бірі тұтқындалып, әкімшілік сотқа тартылды.

Сонымен қатар мұнайшылардың сенімді өкілі ретінде олардың құқын қорғап жүрген «Арлан» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Макс Боқаевтың да қамауға алынғаны белгілі болды. Бірақ оған қандай шешім шығарылғаны немесе қай жерде қамауда отырғаны жайлы әзірге құқық қорғау органдары ешқандай мәлімет бермей отыр.

Қалалық әкімшілік соты үкімімен 7 күнге абақтыға жабылған Асылхан Мусиннің туған туысы мен әріптестері өздеріне оны не үшін ұстап алып кеткендері жайлы ешкім түсінік бермеді дейді.

– Мұнайшылар құқын қорғауға тартылған Макс Боқаевты полицияның қамауға алғанын естіп, бір топ мұнайшы себебін сұрауға көлікпен келе жатыр едік. Аяқастынан жол полициясы тоқтатып, қарулы полицейлер қолымызды артымызға қайырып қалалық ішкі істер басқармасына алып келді. Біздің қайда бара жатқанымызда сұрап қоя берді де, Асылханды ұстап алып кетті,-дейді оқиға куәгері Ерік Бапышов.

Атырау қалалық ішкі істер басқармасы алдына жиналған тұтқындалған мұнайшының туыстары мен әріптестері оны шығаруды талап етті.
Аздан соң олармен кездесуге қалалық ішкі істер басқармасы бастығы Амантай Айжігітов пен облыстық қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығы Жәнібек Шәріпов келді.

Полковник Шәріповтың түсініктемесі қысқа болды:

– Ешқандай комментарий болмайды. Мусин жиналыс өткізудің заңын бұзғаны үшін әкімішілік кодекстің 373 бабының 3 тармағына сәйкес 7 тәулікке абақтыға жабылды. Тарқаңыздар!-деді ол жиналғандарға.
«ЖайықМұнайГаз» ӨФ-ның аштық жариялап
жатқан жұмысшыларының автокөліктері. Аққыстау
ауылы, Исатай ауданы, Атырау облысы.
3 шілде 2010 жыл.


Алайда мұнайшылар мен олардың отбасылары бірден тарқай қоймады. Олар қамалған мұнайшыны шығаруды талап етіп «ЕмбіМұнайГаз» кеңсесіне келді. «ҚазМұнайГаз» барлау-өндіру» компаниясының бас директоры Кенжебек Ибрашев та, оның кеңесшісі Бағытқали Бисекен мен филиал директоры Ізтұрған Баймұханов та осында екен.

Мұнайшылар олардан «Ешкім қудаланбайды деп алып Мусинді неге қамауға арыз жаздыңыздар?» деп сұраған еді. Оған жауап берген Бағытқали Бисекеннің айтуынша. олар тек жұмысшылар жиналысының заңдылығын тексеруге ғана сотқа арыз берген.

– Мен ресми түрде айтамын, бұл – құқық қорғау органдарының шешімі, сауалды соларға қойыңдар,- деді ол.

– Бізді басшыларымыз қорғамаған соң құқық қорғау органдары бізді тыңдай ма? Не үшін заңсыз жиналыс жасады дейді? Осы күні мұнайшылар ауылы Сарықамыста екі адамның басы қосылса, жиналыс жасады деп шығады,-деді мұнайшылар әйелдерінің бірі.
Олар ортаға Ибрашевтың өзінің келуін талап етті. Алайда жиналғандар мұнайшыларға бас директордың облыс әкіміне кеткенін хабарлады.

Ал Прорва кенішінен келген мұнайшы әйел сәуір айында қосымша келісімге қол қойдырту үшін болған қудалаудың салдарынан қан қысымы көтерілген күйеуінің ауызы қисайып қалғанын айтты.

-«Медиктердің» көмегін пайдаланып болдық. Енді ауырсақ ақшаны қайдан аламыз?,- деп сұрады ол Баймұхановтан. Алайда Баймұханов «бұл әйелдің айтып тұрғаны өтірік әңгіме» деп жауап беруден бас тартты.

Филиал кеңсесінің қасында жолыққан қала прокуроры көмекшісі Балтабай Халықов:

– Біз ұйымдастырушы Мусин екендігін білеміз. Оны шақырып заңды түсіндірген едік, жас жігіт ұқпады. Ендігі әкімшілік соттың қаулысы шығып қойды. Бекерге оны іздеп табалдырық тоздырмай-ақ қойыңыздар,-деді Азаттық тілшісіне.

Судья Фатима Ансариева төрағалық еткен қалалық әкімшілік сотына қатысқан қалалық прокуратура қызметкері Серік Жаңабаевтың айтуынша, Асылхан Мусин сотта өз кінәсін мойындамаған.

– Бірақ істің материалында куәлер бар, біз оларды алып келдік. Олар – Мусиннің Сарықамыста тұрып «шықпаңдар, жұмысқа мен барған соң шығасыңдар» деп айқайлағанын естіген адамдар,-дейді ол.

Мұны қалалық ішкі істер басқармасы бастығы орынбасары да қоштады.

Асылхан Мусиннің Жылыойдан арнайы келген кәрі анасы компания басшыларының мұнайшыларды қудаламау туралы айтқандары мереке қарсаңында елді тыныштандыру үшін ғана берілген жалған уәдесі болып шықты дейді.

– Мен жазықсыз баламды қаматып қойып отыра алмаймын.Мерекеден соң сотқа шағымданамын,- деді Сән апа.

ӘКІМНІҢ НҰСҚАУЫ

Ембі мұнайшылары наразылық білдіріп жатқан шілденің 2-сі күні болған Атырау облыстық мәслихатының кезекті ХХІІІ сессиясында облыс әкімі Бергей Рысқалиев сөз сөйлеген еді.

Ол мұнайшылар наразылығына ерекше тоқталып: «Ембі мұнайшыларының наразылықтары – заңға қайшы. Кейбір азаматтар жасырын түрде жұмысшыларды ереуілге итермелеп отыр, бұқаралық ақпарат құралдарына сенсация керек.Бүгін құқық қорғау органдары басшыларын әдейі жинап отырмын. Полиция, ҰҚК ереуілді ұйымдастырушылардың барлығын білесіздер. Мұндай акциялардың алдын кесу – сіздердің тікелей міндеттеріңіз.Ретке келтіріңіздер!»-деген болатын.
XS
SM
MD
LG