Accessibility links

Ембі мұнайшылары аштық жариялап, жұмысын тоқтатты


Өзен мұнай-газ кеніші. Мамыр, 2008 жыл.
Өзен мұнай-газ кеніші. Мамыр, 2008 жыл.

"ҚазМұнайГаз" барлау-өндіру" АҚ мұнайшылары аштық жариялап, жұмыстарын тоқтатты. Жұмысшылар жалақы жүйесінің тарифтік жүйесін қалдыруды, аймақтық және салалық коэффициентті төлеуді және филиал директорының орнынан кетуін талап етіп отыр.


«ЖАЙЫҚМҰНАЙГАЗДЫҢ» МҰНАЙШЫЛАРЫ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫ

Атырау облысының Мақат ауданында басталған жұмысшылар наразылығын «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалының «ЖайықМұнайГаз» және «ЖылыойМұнайГаз» өндіру басқармалары да қолдады. Азаттық тілшісімен байланысқан «ЖайықМұнайГаз» өндіру басқармасының жұмысшылары бүгін жүзге тарта мұнайшының жұмысқа шықпағандарын айтты. Қазір бес көлікке мінген 10 жігіт Аққыстау ауылындағы «ЖайықМұнайГаз» басқармасы кеңсесінің қасында аштық жариялағандарын хабарлап отыр.

Мұнайшылар бұған дейін мақаттықтар талап еткен тарифтік жүйеге тиіспеуді, жалақы төлеу жүйесін «ӨзенМұнайГаз» өндірістік филиалымен бірдей етіп төлеуді, шағымдарын ашық білдірген мұнайшыларды қудаламауды, «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалы директоры Ізтұрған Баймұхановтың орнынан кетуін талап етіп отыр.

Соның бірі «ЖайықМұнайГаз» өндіру басқармасының жерасты жөндеу цехының 5 разрядты операторы Мұратбек Хасановтың айтуынша, оларға жалақының өсетіні туралы таратылған қосымша келісімде «жалақыдағы өзгеріс Қазақстан Республикасының еңбек кодексінің 48-бабына сәйкес осы ескертпе қолға тиген күннен бастап бір ай ішінде күшіне енуі тиіс» деп жазылған дейді. Мұнайшылардың айтуынша, бұл бап өзендіктерге таратылған қосымша келісімде көрсетілмеген, сондықтан ембіліктерге де қажет емес.

Сондай-ақ «ЖайықМұнайГаз» мұнайшылары қосымша келісім енгізу туралы "ҚазМұнайГаз" барлау - өндіру" компаниясы таратқан бастапқы бұйрықпен таныстыруды да талап етіп отыр.

- Біздер ашығуды талаптарымызды толық орындалғанша жалғастырамыз. Қатарымыз әлі көбейе түспек. Ертең тағы 10 адам қосылады, - деп мәлімдеді Азаттық тілшісіне Мұратбек Хасанов.

Бұған қоса наразылық білдірген «ЖайықМұнайГаз» жұмысшыларының бірнеше өкілі бүгін «ЕмбіМұнайГаздың» Атыраудағы бас кеңсесіне барған. Олардың филиал директоры Ізтұрған Баймұхановпен қалай әңгімелескендері әзірше белгісіз.

Сонымен қатар наразылық танытушы мұнайшылар аштық жариялағандарын хабарлаған арыздарын Исатай аудандық әкімшілігінің қабылдамай отырғандарын айтады.

- Әзірге барлығымыз жатырмыз. Бізге назар аударып жатқан ешкім жоқ, - деп мәлімдеді аштық жариялаған мұнайшылар Азаттық тілшісіне.

ПРОРВА КЕНІШІ ЖҰМЫСТЫ ТОҚТАТТЫ

Дәл осындай талаптарды көлденең тартқан Жылыой ауданындағы Прорва кенішінің мұнайшылары да жұмысты тоқтатты. Прорва кенішінің мұнайшысы Қани Ораловтың айтуынша, вахталық демалыста жүргендері бүгін Жылыой аудандық әкімдігі алдында жиналған.

Мұнайшылардың талабы туралы аудандық әкімшілік шешімін естімек болып Жылыой ауданы әкімдігіне телефон шалған Азаттық тілшісіне хатшы қыз әкім орынбасары Жәрдем Ахметовтың мұнайшылармен сөйлесіп жатқанын хабарлады.

Бірақ «ЖылыойМұнайГаз» мұнайшылары да талаптары орындалмай наразылықтарын тоқтатпайтындықтарын айтып отыр.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» БАРЛАУ-ӨНДІРУ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ УӘЖІ

Ал «ҚазМұнайГаз» барлау - өндіру» акционерлік қоғамының баспасөз қызметінің өндірістік филиалдарда еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша жалақы төлене бастағанын хабарлады.

Компанияның баспасөз ақпаратына сүйенсек, «ӨзенМұнайГаз» және «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалдарының жұмысшылары өздерінің жалақыларының айтарлықтай өскенін енді іс жүзінде байқай бастайтын болады. «Жалақының өсуі, бұған дейін уәде етілгендей, 1,8 салалық коэффициентті ескере отырып жүргізілді, және де 1,7 аумақтық (аудандық) коэффициент сақталып қалды» деп уәде береді «ҚазМұнайГаз» барлау - өндіру» компаниясы басшылары.

Бұл баспасөз мәлімдемесінде «Шығыс Мақат пен Прорва кеніштеріндегі мұнайшылар наразылығы жаңа жүйе бойынша жалақы алып, оның шын мәнінде артқанына көз жеткізгеннен кейін жойылады» делінген.
XS
SM
MD
LG