Accessibility links

Атырау облысында қайырымдылық қаржылары жемқорлардың жемсауында кетті деп күдіктенеді тұрғындар


Аққыстаудағы "құс күркесі" атанып кеткен үйлердің бірінің көрінісі. Атырау облысы, 2 ақпан 2009 ж.

Аққыстаудағы "құс күркесі" атанып кеткен үйлердің бірінің көрінісі. Атырау облысы, 2 ақпан 2009 ж.

Атырау облысының Исатай ауданына «Қазмұнайгаздың» тарапынан 2005-2006 жылдары мұнайлы аудандардағы әлеуметтік инфрақұрылымдармен аз қамтылған отбасылардың жағдайын жақсартуға бөлінген 52 миллион теңге көлеміндегі ақша желге ұшқан

Бұған жергілікті билік орындарының тікелей қатысы бар деп мәлімдеген Исатай ауданындағы Аққыстау ауылының тұрғындары көмек ретінде бөлінген қайырымдылық қаржыны енді аудан әкімшілігінің қалтасынан іздеп отыр.

Оның себебі де жоқ емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни 2005-2006 жылдары аудан әкімшілігі және «Қазмұнайгаздың» еншілес кәсіпорыны «Барлау-Өндіру» акционерлік қоғамы мен «Қамқор» қоры өзара келісім жасап, нәтижесінде мұнай компаниясы қомақты қаржы бөледі.

Исатай аудандық «Қамқор» қорының иелігіне келіп түскен ұзын-ырғасы 52 миллион теңгенің айналасындағы ақша үйі-күйі жоқтардың, жарлы-жақыбайлардың несібесі болуы тиіс еді.

Алайда, миллиондаған теңгенің орнымен жұмсалғанына ауыл тұрғындары күмәнмен қарайды. Сондықтан да олар прокуратураға, қаржы полициясына шағымданып, БАҚ өкілдерінен шындықтың бетін ашуға көмек сұрауда.

Зейнеткер қария Қалден Бисенов. Аққыстау ауылы, 2 ақпан 2009 ж.
Алыстағы ауылдан Азаттық радиосына да телефон шалған аққыстаулықтардың шақыруымен ол ауылға біз де барған едік.

Жасы 70-тен асқан қарт зейнеткер Бисенов Қалденнің айтуынша, тұратын баспанасын су басып кеткендіктен, өзі ұзақ жыл еңбек етіп, демалысқа шыққан «Жайық-Мұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы тегін үй салып беру жөнінде қаражат бөлінгені мәлімделген қағаз беріпті. Қарт зейнеткер осы құжатына сәйкес, комиссия шешімімен аудан әкімдігі тарапынан 2006 жылы баспаналы болады. Бірақ ол тек аты ғана. Өйткені, қазір кемпір-шалдың паналап отырғаны жалпы көлемі 12 шаршы метр иттің үйшігіндей қос күркеше екенін көзімізбен көрдік.

- Алдымен «материал береміз, үй салып алыңдар, содан соң мына үйге кіріңдер» деді. Ал одан бас тартайық десек, баспанасыз қалатын түріміз бар. Сосын амалсыздан кірдік, - дейді Қалден қарт.

Ал оның зайыбы Талшын әже үйдің қазіргі кезде мал қора салу үшін де пайдаланылмайтын самантастан тұрғызылғанын айтып шағымданды.

- Бөлінген ақшаға салған үйлерінің түрі осы. Өзіміз малымызды сатып, ішін ретке келтіргендей болдық. Енді тым құрымаса тағы бір бөлме қосып бермес пе? - деп шарасызданады кейуана.

"Құс күркесіндей" үйдің ішін тұрғындар өздері салып алған пешпен жылытады. Аққыстау ауылы, 2 ақпан 2009 ж.
Үй деп айтуға ауыз бармайтын тауықтың қорасындай күркені баспана етіп отырғандардың тағы бірі Сариев Меңдібек осы 12 шаршы метр жерде 4 баласымен өмір сүріп жатқанын айтады.

- Бізге бұл үйді аз қамтылған отбасы ретінде берді. Ескі үйімізді су басып қалған. Өзім жұмыста жоқпын. Әйелім «Ақылы қоғам» деген ұйымда қоқыс жинап ақша табады. Оның өзінде еңбек ақысын айқаймен әзер алып жүрміз. Ал мына үйге бала-шағамызбен симай отырмыз, - деді Меңдібек.

Осы үйшіктердің жобасын сызбалаған аудандық архитектура бөлімінің бастығы Қонысов Марат үйлердің өте тар болуының себебін «ақшаның ыңғайына орай жоспарланғанымен» түсіндіреді.

- Шындығына келсек, баспанаға деп бөлінген ақшаға 4-ақ үй салуға болады, - деп мойындады архитектор.

«Қамқор» қорының төрайымы Эльза Ақжігітова қордың қоржынына 2005 жылы 25 млн. 980 мыңның, ал 2006 жылы 25млн. 680 мың теңгенің келіп түскенін, бірақ ол қаржының бәрі тиісті мақсатта пайдаланылғанын жария етті.

- Соңғы 2006 жылы келіп түскен қаражаттың 6 млн. теңгесіне Аққыстауда 16 отбасына арнап 8 үй тұрғызылды. Ал қалған 19 жарым миллион теңге Жанбай, Тұщықұдық, Забуырын, Нарын, Новобогат селолық округтері арасында бөлінді. Жағдайлары төмен отбасыларының үйлері жөндеуден өткізілді, материалдық көмектер көрсетілді, оқудағы балалардың ақылары төленді. 2005 жылғы келіп түскен ақша да дәл осылайша бөлінді, - дейді ол.

«Қамқор» қорының төрайымы тізбелеген цифрларға сүйенсек, далада қалған ақша жоқ тәрізді. Алайда Аққыстаудың шетін ала иттің үйшігіндей болып қалқайған 8 үйдің 6 млн. теңге тұратынына сенудің өзі қиын.

Исатай ауданының әкімі Зұлбұхар Сүйнешов болса ол қаржының қалай жұмсалғанын Азаттық тілшісіне былайша ұғындырды:
Зұлбұхар Сүйнешов, Исатай ауданының әкімі. Атырау облысы, 2 ақпан 2009 ж.

- Бірнеше селолық округтерге көмектестік, оны растайтын құжаттарымыз да бар. Ал әлгі айтып отырған 8 үйдің жайына келетін болсақ, біз басында апатты үйлерде отырғандарға көмек ретінде 700-800 мың теңге көлемінде материал ұсынғанбыз. Алайда көбі өздері салып ала алмайтын болғандықтан, біз демеуші тауып, осы үйлерді салып бердік.

Бұдан әрі әкімнің «бірақ ол үй емес, баспана түрінде берілген нәрсе ғой» деген сөзін қалай түсінуді білмедік. Үй, баспана дегендердің бір ұғымды білдіретінін ескерсек, сонда бұл 8 үйдің не болғаны?

Есіктен кіріп қолыңды созсаң төріне жететін тауық күркелерге өзі де атау таба алмай қиналған аудан әкімі Сүйнешов «енді, кішкентай үй ғой, 700-800 мың теңгеге қандай үй салуға болады? Оларға үлкен, стандартты үй салып беретіндей бюджетте қаржы қаралған жоқ» деген түсініктеме айтты.

Жалпы, қазір мұның дұрыс-бұрыстығын анықтауды құзырлы орындар қолға алып жатыр.
XS
SM
MD
LG