Accessibility links

Атырауда қазақ тіліне сұраныс болғанымен, талап тапшы


Атырау облысындағы Тіл департаментінің бастығы Хабиболла Қуанышқали. Атырау, 21 қыркүйек, 2009.

Атырау облысындағы Тіл департаментінің бастығы Хабиболла Қуанышқали. Атырау, 21 қыркүйек, 2009.

Атырау облысында 2007 жылдан бері іс қағаздары толықтай қазақ тілінде жүре бастады. Тұрғындардың 92 пайызы қазақтар болғанымен, бұл аймақта да қазақ тілінің өзекті мәселелері аз емес. Тілді дамытуға жауапты басқарманың шенеунігімен Азаттық тілшісі таза қазақ тілінде сөйлесе алмады.


ТӘУБА ТӘУБЕСІНЕ КЕЛТІРГЕНДЕР


Атырау тұрғыны Тәуба Мыңбай кезінде Атырау мемлекеттік универститетінде философия пәні бойынша дәріс берген, мектепте де ұстаздық еткен адам. Тек соңғы кезде денсаулығы нашарлап, құлағы естімейтін болған соң сүйікті мамандығын тастап, газет-журнал сатып күн көріп жүр екен.

Тәуба Мыңбайдың айтуынша, қазақ тілі туралы заң қабылданған уақыттан бастап, оны барынша қолдануға, соған сілтеме жасауға тырысып көріпті. Бірақ одан ештеме шықпады дейді.
Қазақ тілі жанашырларының бірі Тәуба Мыңбайұлы. Атырау, 21қыркүйек, 2009.


Мәселен, 2003 жылы ол күнделікті газ тұтынғаны үшін әкелініп берілетін төлем түбіртегі орыс тілінде жазылғандықтан, түсінбейтіндігін айтып төлеуден бас тартқан екен. Тіпті, «мусорға» төлеңіз деп айтқандары үшін де, төлем төлеуден бас тартқан. Жарты жылға жуық қарызы біраз қордаланған соң, тиісті орындар сотқа шақырыпты.

Қазақ тілі туралы заңға арқа сүйеген Тәуба Мыңбай тілге деген сұраныстың бар екендігін дәлелдеу мақсатында сол мекемелердің өзін сотқа беріп, қазақ тілін құрметтемегені үшін 7 миллиард теңге айып төлеуді талап етіпті. «Орысша мүлде жазбасын деп тұрғам жоқ, бірақ қағаздың келесі бетіне қазақша жазып қойсын, сонда ғана коммуналдық төлемдерді төлеймін деп жауап бердім сотта» дейді ол. Өкінішке қарай, Тәуба Мыңбай айтқандай сол жолы заң орындары тілдің мәртебесін көтеретіндей шешім шығара алмапты. «Талабым аяқсыз қалды, газ қожайыны - мекемені жауаптаған жоқ. Мен тиісті төлемдерді төледім» деп еске алады тіл жанашыры. Сөйтсе де, Тәуба Мыңбайдың дабылы себеп болды ма қазір облыстағы барлық төлем түбіртектері екі тілде жазылып келеді.

«ҚАЗАҚ ТІЛІН НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ ӨЛТІРЕДІ»


Атыраудағы қазақ тілінің бейшара халі туралы Тәуба Мыңбай келтіретін дәйектер көп.

-Бірде Атыраудағы бір мейрамхана атын «Даулет» деп жазып қойғанын көріп, қожайынына барып дұрыс жазылмағанын айттым. Ол атының қате жазылғанына намыстанған жоқ. Қайта мені еріккен адам көріп «аға сол үшін келіп отырсыз ба» деді. Қазақ тілін өлтіретін осы немқұрайдылық. Енді одан туған бала не болады?-дейді ол.

Тәуба Мыңбайдың айтуынша, «Қазақстанда қазағының саны көп екі облыс бар, ол Атырау мен Қызылорда. Бірақ тәуелсіздік алғаннан бері немесе қазақ тілі туралы заң қабылданғанан бері мұнда қазақ тілінің өркені өскені шамалы». Оған мысал ретінде күні бүгінге дейін Атырау қаласындағы жол көліктерінде «жол ақысы» деудің орынына «за проеезд» болып жүргенін айтып қынжылады. Бүгін тілі шығып келе жатқан жас бала, ертең ес қатқанда «балам жол ақысын төле» десең «не айтып отыр демей ме?»деп ашынады.

"БАСҚА ТІЛДІҢ БӘРІН ҮЙРЕН, БІРАҚ ҚАЗАҚША ОЙЛАН"

Тәуба алдымен «әліпбиді жөндеу керек, яғни қазақ тілін бұрмалайтын кейбір: в,ц,ч,э,щ,ь,ъ тәрізді әріптерді түгелдей алып тастау керек» дейді. Және мұны «тәуелсіздік алысымен қолға алу керек еді. Сонда жаңа ұрпақ туған тіліне басқаша қарайтын болар еді» деп ойлайды.

Тәубаның сөзіне сүйенсек, төңірегіндегілер оны орыс тіліне қарсы адам деп ұғады екен. Ал ол өзі туралы «мен орыс тіліне қарсы емеспін, орысша да, арабша да үйрен, бірақ қазақша ойлан» деген талап қоямын дейді.

-Тіліміздегі кез- келген бөгде сөздің төркінін жүрген жерімде түсіндіріп жүремін,-дейді Тәуба Мыңбай әңгімесін жалғастырып. Мәселен, айналадағылардың бәрі «гараж, манеж, багаж» дейді. Ал мұның бәрі француздың сөзі, «штрих, шланг, шлагбуам» немістен кірген, «телефон» грек сөзі. Тілге еніп, қалыптасып қалған сөздерді аударудың қажеті шамалы. Бірақ, мектептегі мұғалімдерден бастап оның төркінін түсіндіруі керек, сонда балалар туған тілдерінің шексіз байлығын ұғынады.

Содан соң қазақша таза, терең білетін адамдарды жоғары қызметтерге көптеп тарту керек. Оларға жағдай жасау керек. Сонда елде « қазақ тілімен де билікке жете алады екенбіз» деген сенім қалыптасады, тілге деген құрмет пайда болады. Тілін құрметтемегендерге, білмегендерге, арнайы салынатын айып болуы керек. Бір ай мерзім ішінде қорытынды шығармаса, 2-3 есе өсіріп салу керек. Қазақ тілін білгісі келмейтіндер оның күшін сезінетін болады деп санайды ол.

«ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖЕКЕ БАС ЕСЕБІНІҢ ҚҰРАЛЫ»

Тағы бір қазақ тілінің жанашыры Қайырлы Есеновтың сөзіне сүенсек «қазақ тілі тек біреулерге бедел жинау үшін немесе сайлау алдында қолданылатын құрал ғана болып қалған».
"Азат" партиясының Махамбет ауданындағы бөлімшесінің үйлестірушісі Қайырлы Есенов. Атырау, 21 қыркүйек, 2009 жыл.

Туған тілінің жай-күйі жайлы «Азат» партиясының Атыраудағы белсендісі Қайырлы Есенов былай дейді:

- Ең алдымен халықтың әл-ауқатын арттыру керек. Ел тойынбай, жағдайы жақсармай оның тілге деген көзқарасы өзгермейді. Бірақ оны күйлі қылатын Назарбаевтың билігі мен "Нұр Отан" партиясы емес. Сондықтан саяси жүйе мен билік ауысуы керек. Өйткені, қазіргі билік басындағылар қазақ тілін шынымен керексінбейді. Басшылық жұмысқа көбіне орыс тіліне қабілетті адамдар тартылады Сол себепті ата –аналар да балаларын орыс тілді бала бақшаға, мектептерге беруге ұмтылады.

Президент аппаратынан, үкіметтен, минстрліктерден хаттар орысша келеді.

Бұл пікірлерді облыстық тілдерді дамыту жөнідегі басқармасы басшысы Хабиболла Қуанышқали да құптағандай болды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің көбі ауыз екі сөйлей алғанымен, жаза алмайды.

- Кейбір жиналыстарда, олар орысша сөйлеп кетеді, себебі институтты орысша бітірген. Мемлекеттік басқару жүйесі де күні кешеге дейін орысша болды. Тағы бір нәрсе, президент аппаратынан, үкіметтен, министрліктерден хаттар орысша келеді. Біз мониторинг жасап отырмыз, сол арқылы білеміз,-дейді Хабиболла Қуанышқали.

Өкінішке қарай толықтай қазақ тіліне көшті деген Атырау облысындағы тіл жөніндегі мәселелерге бас-көз болып отырған Хабиболла Қуанышқали мырзаның өзі де Азаттық тілшісімен таза қазақша сөйлесе алмады. Оның жартысы орысша, жартысы қазақша шұбара ала жауабынан ұққанымыз осы болды

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG