Accessibility links

Қағаз жүзінде мұнайы көп, уайымы жоқ «Комсомолда» адам түгілі мал ішетін су жоқ, газ тартылмаған


Комсомол ауылындағы тұрғын үйлер. Мақат ауданы Атырау облысы, тамыз, 2009 жыл.

Комсомол ауылындағы тұрғын үйлер. Мақат ауданы Атырау облысы, тамыз, 2009 жыл.

Мұнайлы Атырауда әлі күнге көгілдір отынсыз отырған Мақат ауданының Комсомол ауылында газ жүргізуге 2006 жылы бөлінген 134 млн 750 мың теңгенің қайда кеткенін ешкім білмейді. Жергілікті билік қолды болған ақшаның ізін жасыру үшін ауылды басқа жаққа көшірмек дейді тұрғындар.


ӨТКЕН ҒАСЫРДА ҚАЛҒАН АУЫЛДАР


Мақат ауданы Атыраудан 200 шақырым қашықтықта жатқан мұнайлы ауданның бірі. Мұндағы Доссор кентінде мұнай қорының ашылғанына 2011 жылы тура 100 жыл толады. Алайда мұнайдың үстінде отырған аудандағы 6 ауылдың тек екеуі – Мақат пен Доссор ғана газдандырылған. Оның өзі тұтас емес.

Ал қалған елді мекендер – Байшонас, Ескене, Қошқар мен Комсомол кенттері және Бек-Бике разъезі түгелдей газсыз отыр. Ауыз су да әлі
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның құрамындағы Ембімұнайгаз өндірістік филиалының Қошқар ауылындағы мұнай қазандары. Мақат ауданы Атырау облысы, тамыз, 2009 жыл.
күнге дейін шешімін таппаған күрделі мәселе. Доссордан суды құбыр арқылы Комсомолға айдайды. Суды сағатпен береді. Тұрғындардың айтуынша, жазда малдары судан қаталап өлген кездер де болыпты. Комсомолдың тұрғыны Нұри Нұржанов өзінің биыл жазда бір биесінің солай өлгенін айтады.

Бұл ауылдар кезінде мұнайшылардың вахталық қоныстары ретінде салынған. Егер олардың қайсысына болмасын бас сұқсаңыз, уақыт кері айналып, өткен ғасырдың 40-50-ші жылдарына түскендей әсерде қаласыз. Өйткені, бұл ауылдардағы құлайын деп тұрған үйлердің басым көпшілігі 1940-шы жылдардың басында қазіргі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның Ембімұнай газ өндірістік филиалына қарасты кен орындарын игеру кезінде бой көтерген. Қазірде мұндағы 560 отбасында 3635 адам тұрып жатыр.

АУЫЛДАРДЫ ГАЗДАНДЫРУҒА БӨЛІНГЕН АҚША ҚАЙДА КЕТТІ?

Комсомол ауылының байырғы тұрғыны Нұри Нұржанов ақсақал Азаттық тілшісіне өзі жинақтаған бір құшақ құжат-деректерді көрсетті. Бұлар әртүрлі баспасөз беттерінде жарияланып, қомақты мұрағатқа айналған газет қиындылары мен ауыл адамдарының түрлі сатыдағы
Нұри Нұржанов, 50 жыл мұнайшы болып істеген зейнеткер. Мақат ауданы Атырау облысы, қазан, 2009 жыл.
мемлекеттік мекемелерге жазған арыз-шағымдар екен.

Басқа әлеуметтік проблемаларды былай қойғанда, тек Комсомол кентін газдандыруға бөлінген ақшаны сиқыршылардай жоқ қылып жіберген бірталай шенеунік сыбайлас жемқорлық істері үшін баяғыда жауапқа тартылып, сыбағасын алулары керек еді дейді жылдап жинаған «досьесіндегі» деректерді көрсетіп сөйлеген қарт мұнайшы.

Мәселен, Комсомол кентін газдандыру жайлы 2006 жылы 27 шілдеде Атырау облысының әкімі болып тұрған Асылан Мусин (қазір ол ҚР Президентінің әкімшілік жетекшісі қызметінде) облыстық газет арқылы жария еткен есебінде «Мақат ауданының Комсомол селосында бұрма-газ құбырының және автоматтандырылған газ тарту стансасының құрылысына арнап 134,75 млн. теңге бөлініп, игерілді» деп мәлімдеген екен.

Ал келесі жылы оның орнына тағайындалған Атырау облысының қазіргі әкімі Бергей Рысқалиев та дәл осы ақпаратты бір сөзін бұрмаламастан өз есебінде тағы қайталапты. Бірақ ауыл тұрғындары әкімдер айтқан газды күні бүгінге дейін көре алмай отыр. Тек, сол мақсатқа бөлінген миллиондаған ақшаның ескерткіші ретінде Бек-Бике разьезіне салынған газ тарату қондырғысы ғана қалқайып тұр.

– Әкімдер мұндай жалған ақпаратты неге сүйеніп айтатыны бізге түсініксіз. 2005 жылдың қыркүйегінде Бек-Бикеге әкеліп газ тарату қондырғысын қойып, 4 шақырымға газ құбырын тартты. Оған 16 млн. 400 мың ақша жұмсалды. Бірақ газ одан бар болғаны 14 шақырым қашықтықта отырған Комсомол ауылына жеткен жоқ. Ал қалған 118 млн. 350 мың теңге қайда кетті? – деген сауал қояды Нұри Нұржанов

«ГАЗ МӘСЕЛЕСІН ҚОЗҒАЙ БЕРМЕЙ КӨШУГЕ ДАЙЫНДАЛЫҢДАР

Нұри Нұржановтың айтуынша, ауылдың бір топ қарттары жиналып бұл мәселені облыстық құрылыс департаментінен сұраған екен. Бірақ, департамент директорының орынбасары Ирина Глебова «газ мәселесін енді қозғамасаңыздар да болады, одан да көшуге даярланыңыздар» деп жауап беріпті.

Жергілікті биліктен ешнәрсе шықпайтын болған соң Комсомол тұрғындары 2007 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған. Алайда, президент әкімшілігі бұл хатты облыс әкімшілігіне жіберген екен. Бұдан әрі мәселе қайта қозғалмаған.

Артынан Комсомол мен Бек-Бике ауылдарын газдандыруға бөлінген ақшаның қалай жұмсалғанына қаржы полициясы да тексеру
Президент Н.Назарбаев (ортада) «Қарабатан-Бейнеу» жолының ашылуында. Атырау, 30 қыркүйек, 2009 ж.
жүргізген көрінеді. Бірақ әлі күнге дейін 118,350 млн. теңге ақшаның кімнің қалтасына сүңгіп кеткендігін заң орындарының ешқайсысы анықтап бермеген.

– Президент Н.Назарбаевтың биыл қыркүйекте Атырауға келген сапарында «Атырау облысы адам танымастай өзгеріп, гүлденіп барады. Халық газ және сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген» деген сөзін теледидардан естіп отырып қатты қапаландым. Түнімен ұйықтай алмай, қан қысымым көтеріліп, бірнеше күн ауырып та қалдым. Сонда президент ауылдардың нақты жай-күйін шынымен білмей ме? Әлде әкімдер оған жалған ақпар бере ме? – дейді Нұри Нұржанов.

КОМСОМОЛ АУЫЛЫН КӨШІРУДІҢ ЕКІ СЕБЕБІ

Комсомолдықтардың ойынша, олар қолды болған деп санайтын 118,350 млн теңгені жасырып қалу үшін жергілікті билік енді экологиялық жағдай нашар дегенді сылтау қылып, ауыл тұрғындарын басқа жерге көшіру мәселесін әдейі қозғап отыр. Бірақ бұл оңай шешілетін мәселе емес.

– Ауылдың экологиялық жағдайы нашар дегенмен келіспейміз. Комсомолдан 15 шақырым жерде Бартылдақты деген көл бар, құс пен балықтың бірнеше түрі мекендейді. Ол мұнайшылардың, жергілікті халықтың демалатын сүйікті орны. Халықтың денсаулығы да жаман емес. Дәл Теңіз кеніші маңындағы ауылдардағыдай кенеттен өліп кету фактілері әзірге кездесе қойған жоқ. Ауылымыз темір жолдың торабында орналасқан. Үстімізден поселке арқылы 4 жолаушылар поезы өтеді. 217 адам мұнай өнеркәсібінде, темір жолда, басқа да әртүрлі салада еңбек етеді. Қорада малымыз бар. Бізге тек газ керек. Жарайды, тіпті, су мәселесін қозғамай-ақ қоя тұрайық, – дейді Нұри Нұржанов.

Зейнеткер, бұрынғы мұнайшы Базарбай Құрмашев ауыл әкімінің кеңсесіне келе жатыр. Комсомол ауылы, Мақат ауданы, Атырау облысы, шілде, 2009 жыл.
Шылқыған мұнайдың үстінде кедейшіліктің зарын тартып отырған Комсомол ауылының тұрғындары Азаттық тілшісіне облыстағы тағы бір мұнайлы аудан – Жылойдағы Сарықамыс ауылын мысалға келтірді.

– Экологиялық апатты аймаққа айналғандықтан көшірілген бұл ауылға арнап салынған әрбір үй 5 млн. теңге тұрады. Яғни, Комсомол мен оның дәл қасындағы Қошқар ауылын қосқанда 213 үйді баспанамен қамту үшін 10 млрд. 150 млн ақша керек болады. Ал толық инфрақұрылымды қалыптастыру 20 млрд. теңге қаражатты талап етеді. Сонда осы ауылдарға газ жүргізу тиімді ме, әлде миллиардтап ақша жұмсау тиімді ме? – дейді Нұри қарт.

Нұри Нұржановтың ойынша, Комсомол ауылын көшіруге мәжбүрлеудің тағы бір себебі болуы мүмкін. Ол – Комсомол тұрған жер астындағы май деп санайды қарт мұнайшы.

– 2005 жылы Оңтүстік Қазақстаннан Тимур Құлыбаев бастаған бір топ бригада келді. Олар 4000 метр тереңдікте май бар екенін анықтап кеткен. Бірақ, ресми түрде Комсомолдағы мұнай қоры сарқылды деген ақпарат таратып жатыр. Менің ойымша, Комсомолды көшірудің бір ұшы осымен де байланысты болуы мүмкін.

50 жыл мұнайшы болып еңбек еткен Нұри Нұржанов өзі тұратын Комсомол ауылының іргесіндегі Алтыкөл кен алаңында жұмыс істеп жүрген жылдары 5 мұнай қабаты болғанын еске алады.

– 1977 жылы 1 мамырда Алтыкөл кен орнын игеруді бастадық. Содан бері міне, 32 жыл болды бір қабатты тескілеп келеді. Бірақ жоғары қабаттар сол беті жатыр. Біз ең астыңғы 750-800 метр арасындағы майдан алып жатырмыз. Юра қабаттарына әлі бұрғы тиген жоқ. Юраның майы өте көп болады. Сондықтан «Комсомолда мұнай жоқ, оның қоры сарқылды» дегенге күмәнім бар, – дейді Нұри Нұржанов.

Комсомол ауылының кішкентай тұрғындары. Мақат ауданы Атырау облысы, тамыз, 2009 ж.
Сонымен тұтас ауылды қайда үдере көшірмек? Жалпы, көшіру мәселесі қозғалатын болса, онда несіне Бек-Бикедегі газ тарту қондырғысына қыруар қаржы шашылды? Комсомол ауылының ортасына 42 млн теңгеге не үшін жаңадан мектеп салынды?

Ауыл адамдарының да, Азаттық тілшісінің де бұл сауалдарына жергілікті биліктен жауап берген ешкім жоқ.. Мақат ауданының әкімі Сырым Рысқалиевке бірнеше қайтара телефон шалғанымызбен, әкім аппаратынан алған жауабымыз біреу болды: «Әкім кеңседен шығып кетті».

Ал Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев журналистермен болған кездесудің бірінде «бұл ауылдардың көшірілуін ҚазМұнайГаз қаржыландыруы тиіс. Өйткені, онда тұратындар солардың жұмысшылары» деген уәж айтқан еді.

Бірақ бұл жайлы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның құрамындағы Ембімұнайгаз кәсіпорыны басшылығына жолдаған сауалдарымыз да жауапсыз қалды.

Ал мұнайдың үстіндегі Мақаттың ауылдары осылайша газсыз, сусыз өмір кешіп жатыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG