Accessibility links

Чехиядан Қазақстанға депортацияланған босқын үйіне бармаған


Марғұлан Мұхамбетовтың Чехиядағы «Бела Йезова» босқындар лагерінде болған кездегі суреті. Қазан, 2009 жыл.

Марғұлан Мұхамбетовтың Чехиядағы «Бела Йезова» босқындар лагерінде болған кездегі суреті. Қазан, 2009 жыл.

Атырау облысының тумасы, мұсылман босқыны Марғұлан Мұхамбетовтың ата-анасы баласының тағдырына алаңдап отыр. Чехия билігі сол елден мәжбүрлеп шығарған азамат қазанның 11-інде ұшақпен Алматыға жеткізілген соң хабарсыз кеткен.


МАРҒҰЛАННЫҢ АЛМАТЫҒА КЕЛГЕНІН ТУЫСТАРЫ ТЕК ИНТЕРНЕТТЕН БІЛГЕН


Босқын мәртебесін алуға талпынған 26 жасар атыраулық діндар Марғұлан Мұхамбетовты Чехиядан күштеп Отанына қайтарылды. Ол қазанның 11 күні «Прага – Алматы» бағытындағы ұшақпен Алматыға келген, содан кейін хабарсыз. Қазір Марғұланның қайда екенін Қазақстандағы туыстары біле алмай отыр.

Марғұланның Алматыға келгені турасында оның үй-іші елден естіпті. Атырау облысы Исатай ауданындағы Аққыстау ауылында тұратын Марғұлан Мұхамбетовтың 62 жасар анасы Қалима Кәмиева ұлының әлі үйге келмегенін айтты.

– Марғұланның Алматыға жеткізілгенін интернеттен оқығандары жайлы ауылдағы таныстарымыздан естідік. Ал өзі әлі бізге тікелей хабарласқан жоқ, – деді Қалима апа қазаннның 12-і күні Азаттық радиосына.

– Оны Алматыда бір топ адам қарсы алған көрінеді. Алматыда туыстарыңыз бар ма еді?

– Баламды кімдер қарсы алғанын дөп басып айта алмаймын. Өйткені, Алматыда біздің ет жақын туысымыз жоқ. Ал алыс ағайындар қарсы алғандай болса, біздің алаңдаулы екенімізді біледі, бізге телефон шалар еді ғой. Тағы бір айтарым, Атыраудағы қыздарымның айтуынша, осы жексенбі күні (11 қазанда – Азаттық) тағы бір ұлым Еркебұланды қала көшелерінде заң органының қызметкерлері қуалап, оны ұстауға тырысқан көрінеді. Бірақ ұлым олардың кімдер екенін білмейді. Ол да Марғұлан тәрізді діндар. Бірақ артық қылығы жоқ, тек 5 уақыт намазын оқиды. Қазір Қарабатанда жұмыс істейді. Бос уақытында бізге көмектеседі.

– Жалпы, заң қызметкерлері сіздерді жиі мазалай ма?

– Былтырғы жылдары Ұлттық кауіпсіздік комитетінің қызметкерлері бірнеше мәрте үйге келіп «Марғұлан қайда, қалай болды?» деп сұрастырып жүрді. Бірақ бізге күш көрсетіп, артық қылықтар танытқан жоқ. Олар бұрынырақ Марғұланмен сөйлесіп, жауап алған тәрізді. Бірақ, Марғұлан оларға «ата-анама айтпа, уайымдайды» деп өтініш еткенін балалардан естимін. Сол себепті толық жай-жапсарын білмейміз, – дейді Қалима Кәмиева.

«БАЛАМЫЗДЫ АШЫҚ ІЗДЕУГЕ, ОНЫ СОТТАП ЖІБЕРЕ МЕ ДЕП ҚОРЫҚТЫҚ»

Қалима Кәмиеваның айтуынша, оның Марғұланды көрмегеніне 7 жыл болыпты.

– Баламды соңғы рет 2002 жылы мамырдың 30-ында көрдім, – дейді анасы.

– Әрине, 7 жыл аз уақыт емес. Соншама уақыттан бері балаңызды іздедіңіздер ме?

– Баламыздың қайда жүргені туралы әртүрлі хабарлар құлағымызға жетіп отырды. Кімге айтамыз? Біз оны жоғалған адам ретінде іздеу салсақ немесе іздеп шағымдансақ, оны кінәлі қылып соттап жібере ме деп қорықтық. Сондықтан бар өшімізді қос жанардан алып келеміз. Әлі күнге дейін оны күтудеміз. Оның қазіргі жай-күйінен хабарымыз жоқ. Бірақ, қалай болғанда да, Марғұлан үйден де, түзден де біршама қорлық көрді ғой. Егер оны Алматыдан алып келуге қаражат керек болса немесе отбасынан біреу барып алып келуі тиіс болса, қайсымыз болса дайынбыз, оған мүмкіндігіміз жетеді, – деп күрсінді кейуана.

– Отбасында Марғұланнан басқа тағы қанша бала бар?

– Біздің шаңырақта алты қыз, екі ұл дүниеге келіп, ержетті. Сегіз баламның бірде-бірі бізді ел алдында жерге қаратқан жоқ. Ұлдың үлкені осы Марғұлан. Ол өте алғыр, тәрбиелі бала болды. Үйдегі әпкелеріне қолғабыс жасап, еден жуысатын, мал бағысатын, еңбекқор еді. Сабақты да жақсы оқыды. Сол үшін қаладағы ұлттық гимназияға оқуға берген едік. Сонда жүріп 9 сыныптан бастап намаз оқи бастады. Жай намаз оқыған жоқ, бізбен бірге тамақ ішпейтін дәрежеге жетті. Өзі бауыздамаса сойылған малдың етін жемейтін болды. Осының бәрін көре келе әкесі Сайфулла «мұныңды қой» деп қол да көтерді, – дейді Қалима апай.

Қалима Кәмиеваның баяндағанындай, балаларының отбасынан алыстап бара жатқанын сезе бастаған соң «көмектесіңдер» деп құқық қорғау органына хабарласқан көрінеді.

– Алайда полиция қызметкерлері Марғұланға: «сені қудалап, полицияға тапсырып отырған – өз әке-шешең» деп баламызды өзімізге қарсы арандатты. Осы оқиғалардан соң Марғұлан үйден кетіп тынды, – деді Қалима апай Азаттық тілшісіне.

ДІНДАРЛАР ҰҚСАС АЙЫПТАУЛАРМЕН СОТТАЛАДЫ

Азаттық тілшісі қазанның 12--інде Марғұлан Мұхамбетовтың інісі Еркебұланмен телефон арқылы тілдескен еді.

– Мен ағамды Қазақстанға депортациялағаны туралы ақпаратты интернеттен оқып естідім. Бірақ оның дәл қайда екендігін біле алмай отырмын. Оны әуежайдан бір таныстары күтіп алған деп айтыпты ғой, алайда, Марғұлан ұзақ уақыт Қазақстанда болған жоқ және де Алматыда оның ешқандай туыс-танысы болған емес. Оны арнаулы органның адамдары алып кеткен жоқ па екен деп біз оның тағдырына алаңдап отырмыз, – деді Еркебұлан.

Қазірде Чехия жерінде босқын мәртебесін сұрап 200-ден астам қазақстандық жүр. Олардың басым көбі Маңғыстау, Атырау облысынан барғандар. Өздерінің айтуынша, Қазақстанда олар бөлек діни көзқарасы үшін қолдан жасалған айыптар бойынша арнайы органдар тарапынан қудаланып, кейбірін түрмеге отырғызған соң шетелге кетуге мәжбүр болған.

Алайда чех билігі бұл топқа осы уақытқа дейін «босқындар» мәртебесін беруден бас тартып отыр. Оған себеп ретінде Чех өкіметі «Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді. Сондықтан мұндай қудалаудың болуы мүмкін емес. Әрі бұл діндарлар «Таза дін» деген қауымдастықты ресми тіркеуден бас тартқан» деген уәждерді алға тартады.

Ал адам құқығын қорғаушылар Қазақстанда дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдерін қудалау күшейіп бара жатқандығын айтады. Қазақстандық заң органдары дәстүрлі емес діни қауымдастық өкілдерін жазалаудың құралы ретінде жалған айғақтар ұйымдастырып, есірткі, оқ-қару тастау әрекеттерін қолданатындығы жайлы ресейлік құқық қорғаушы Виталий Пономарев Азаттыққа берген сұхбатында жан-жақты баяндап берген болатын. Ол Қазақстанның батыс аймағында діндарлардың әлгіндей әдіс-тәсілдермен түрмеге қамалғандығын мысалға келтірген еді.

Атырауда биылғы жылы 15 қыркүйекте Серікбай Латипуллаев есімді діндар ескірткі сақтаған деген айыппен сот үкімімен 3 жылға бас еркіндігінен айырылды. Маңғыстау облысында Аманжол Мәмбетов, Әділжан Мұздыбаев және атыраулық Жанболат Қызанбаев деген діндарлар «заңсыз есірткі, қару сақтады» деген айыптармен түрмеде жазаларын өтеп жатыр.

Ал қыркүйек айының басында Атырау облысы Құрманғазы ауданында тұратын діндар Дианат Ердешовтің әйелін хиджаб кигені үшін белгісіз біреулер соққыға жыққан. Осы ауданның келесі бір тұрғыны, діндар Абзал Сайфолла да өзін Құрманғазы аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің жауапқа алып, ұрып-соққанын Азаттыққа баяндап берген еді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG