Accessibility links

Баласы үшін өзін-өзі өртеген әкенің ұлын Жоғарғы сот алқасы кінәсіз деп тапты


Он-лайн режимінде өткізілген Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының отырысы. Солдан оңға: Қалидолла Шолақов, Роман Вознюк, Махамбет Шолақов және адвокат Бақберген Айтмамбетов. Атырау, 6 қаңтар 2010 ж.
Он-лайн режимінде өткізілген Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының отырысы. Солдан оңға: Қалидолла Шолақов, Роман Вознюк, Махамбет Шолақов және адвокат Бақберген Айтмамбетов. Атырау, 6 қаңтар 2010 ж.

Жоғарғы соттың алқасы Махамбет Шолақов пен Роман Вознюктың кісі өлтіруге қатысы жоқ деген Атырау облыстық сотының шешімін күшінде қалдырды. Махамбеттің кінәсіздігін дәлелдемек болған әкесі Қабидолла Шолақов былтыр өзін-өзі өртеп мерт болған еді.


ЖОҒАРҒЫ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ШЕШІМІ

Қаңтардың 6-күні Махамбет Шолақов пен Роман Вознюктың ісін қараған Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы Атырау облыстық сотының 2009 жылғы қазанның 21-дегі шешімі өзгеріссіз қалдырылғанын жария етті. Осылайша, прокурордың апелляциялық
Астана мен Атырау арасында телекөпір арқылы он-лайн режимінде өткізілген Жоғары соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасы отырысындағы судьялар (солдан оңға): Төлебай Қожан, алқа төрағасы Амангелді Рысқалиев және Мақсұт Әбілхайыров. 6 қаңтар 2010 ж.
наразылығы қанағаттандырылмады.

– Сот үкімі қабылданған күннен бастап күшіне енеді, – деп мәлімдеді Жоғарғы сот алқасының төрағасы судья Амангелді Рысқалиев.

Облыстық сот жасөспірім баланы өлтірді деген айып тағылған Роман Вознюк пен Махамбет Шолақовтың ісінде қылмыс құрамы жоқ деп тауып, оларды ақтап шығарған болатын. Алайда онымен келіспеген прокуратура Жоғарғы сотқа апелляциялық наразылық түсірген еді.

Қылмыстық іс бойынша сотқа тартылған Роман Вознюк пен Махамбет Шолақов, олардың адвокаты және жәбірленуші тарап – қаскүнемдер қолынан қаза болған жасөспірім Дархан Олжағалиевтың анасы Анар Крушова Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі алқасының Астанада өткен отырысына телекөпір арқылы тікелей байланыста Атыраудан қатысып отырды.

ПРОКУРОР МЕН АДВОКАТТЫҢ УӘЖДЕРІ

Сотқа мемлекеттік айыптаушы тарабынан қатысқан Қазақстан Бас прокурорының көмекшісі Талғат Сейдуәлиев «сотталушы Махамбет Шолақов пен Роман Вознюк алдын-ала тергеу барысында өз қылмыстарын толық мойындаған еді. Бірақ олардың ісін қараған алқа билер
Қазақстан Бас прокурорының көмекшісі Талғат Сейдуәлиев он-лайн режимінде өткізілген Жоғары соттың қылмыстық істер бойынша алқа мәжілісінде. Астана, 6 қаңтар 2010 жыл.
құрамы дұрыс таңдалмағанын» айтып, «қылмыстық істі қараған сот пен алқа билері талапқа сай емес» дегенді көлденең тартты.

– Алқа билер қатарында судья қызметіне сынақтан өткен, бір кездері сот процесінде жәбірленуші саналған, бұрын да ішкі істер саласында жұмыс атқарған және марқұм Дархан Олжағалиевтың анасы Анар Крушованың танысы тәрізді бірнеше адамдар болған. Сол себепті алқа билер құрамын заңсыз деп танып, басқа алқа билер құрамында істі қайта қарауды, прокуратура наразылығын қанағаттандыруды сұраймын, – деді Талғат Сейдуәлиев.

Сотталушылардың адвокаты Бақберген Айтмамбетов алқа билері құрамының мемлекеттік айыптаушы қатысуымен таңдалып алынғанын және оның наразылығында баяндалған жайттардың бәрі сол кезде анықталғанын мәлімдеді. Алқа билерін іріктеу барысында прокуратура тарапынан еш қарсылық болмағанын уәжге келтірген қорғаушы «сондықтан прокурордың көрсетілген дәлелдерінде нақты негіз жоқ» деп айтты.

– Сотталушы Махамбет Шолақовтың әкесі Қабидолла Шолақовтың ІІД мен облыстық прокуратураның есіктерін толассыз қағудан шаршап, әділеттен күдер үзіп прокуратура есігінің алдында өзін-өзі өртегендігіне Жоғарғы сот алқасының назарын аудартқым келеді. Және ол туралы құқық органдарының «барлық жауапкершіліктен үлкен ұлын құтқарып, оның орнына жазаны кіші ұлы – А.Шолақов өтеуін қалады» дегендері де шындыққа жанаспайды, – деп мәлімдеді Бақберген Айтмамбетов.

Адвокаттың айтуынша, марқұм Қабидолла Шолақовтың екі баласы да кәмелетке толмаған. Ал жасалған қылмысқа жауап беру 14 жастан басталатындықтан, қолданылатын жазадан айырмашылық болмайтындығы белгілі, дейді Бақберген Айтмамбетов.

«БАЛАМДЫ ӨЛТІРГЕНДЕР ӘДІЛ ЖАЗАСЫН АЛУЫ ТИІС»

Қаскүнемдер қолынан қаза тапқан жасөспірім Дархан Олжағалиевтың анасы Анар Крушова прокурордың «алқа билерінің жәбірленушіге де қатысы бар» деген күдігін теріске шығарды. Ол баласының өліміне оның сыныптас құрбылары себепкер болғанына сенімді екенін айтады.

– Бірақ оларды сот барысында мемлекеттік айыптаушы Е.Тұрмағамбетов үнемі қорғаштаумен болды. Не үшін? Міне, аялап, әлпештеп
Бeлгісіз қаскүнемдердің қолынан қаза болған Дарханның анасы Анар Крушова сот залында. Атырау, 6 қаңтар 2010 жыл.
отырған баламның өлгеніне 10 ай болды. Ал оны өлтіргендер көз алдымда бостандықта жүр. Олардың жазалануын сұраймын. Мен сіздерден әділдікті талап етемін, – деді Анар Крушова Жоғарғы сот төрағасына берген түсініктемесінде.

Өткен жылы наурыздың 3-күні Атырау қаласының іргесіндегі Ақжар ауылында жасөспірім мектеп оқушысы Дархан Олжағалиевты белгісіз біреулер өлтіріп кеткен еді. Оны түнімен іздеген Дарханның ата-анасы баласының жансыз денесін есік алдындағы ескі балабақшаның ауласындағы үйілген шөптің астынан тапқан болатын. Дархан Олжағалиевтың анасы оны сыныптас 6 бала ақша бермегені үшін ұрып өлтірді деп санайды.

Кейінен Дархан Олжағалиевтың өліміне қатысы бар деген күдікпен Махамбет Шолақов пен Роман Вознюк тұтқынға алынған-тұғын. Ал Махамбет Шолақовтың әкесі Қабидолла Шолақов баласының жазықсыз қамауда отырғандығын, оның орнына кіші баласын жолдастарымен бірге жауапқа тартуды сұрап заң орындарына шағымданған еді.

Алайда өз сөзін өткізе алмай мысы құрыған әке өткен жылғы мамыр айының 26-күні құқық органдарының әділетсіздігіне наразылық ретінде Атырау облыстық прокуратурасы алдында өзін-өзі өртеп, сол күні кешке ауруханада көз жұмды.

Марқұмның туған-туыстары оның мұндай әрекетке баруына кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған үлкен ұлы Махамбет Шолақовты ақтап шығаруға заң өкілдерінің 15 мың доллар сұрағаны да себеп болғандығын айтқан болатын.
XS
SM
MD
LG