Accessibility links

Билікке петиция тапсыруға шыққан «Алға» партиясының белсенділерін полиция екі мәрте ұстады


Жол полициясы басқармасына күштеп әкелінген "Алға" партиясының белсендісі Ғазиз Сайфолла (ортада) және қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Есенжан Керіков (сол жақта). Атырау, 25 ақпан 2009 ж.

Жол полициясы басқармасына күштеп әкелінген "Алға" партиясының белсендісі Ғазиз Сайфолла (ортада) және қалалық ішкі саясат бөлімінің бастығы Есенжан Керіков (сол жақта). Атырау, 25 ақпан 2009 ж.

Ақпанның 25-і күні тіркелмеген «Алға» партиясының Атыраудағы өкілдері, жергілікті билік оларға пикет өткізуге рұқсат бермеген соң, «Нұр Отан» партиясы мен қалалық әкімшілікке петиция тапсырмақ болып шыққанда полиция ұстап әкетті.

Ресми тіркелмеген «Алға» партиясының Атыраудағы филиалы жетекшісінің орынбасары Ғазиз Сайфолланың айтуынша, тәуелсіз заңгер Макс Боқаев екеуі ақпанның 25-і күні таңертеңгі сағат 9.30-да қалалық әкімшілік пен «Нұр Отан» партиясына алдын ала ескертілген петицияны тапсыруға келе жатқанда, оларды орта жолдан жол полициясының көлігі тоқтатып, «Алға» партиясының жүргізушісін «жол апатын жасады» деген желеумен алып кетпекші болған.

Петиция тапсыратын уақыт жақындап қалғандықтан Ғазиз Сайфулла мен Макс Боқаев қалайда қолдарындағы қағаздарын әкімшілікке жеткізуге ұмтылады. Алайда, жол бойы торуылдаған белгісіз адамдар оларды күштеп ұстап, себебін түсіндірместен қолдарын артқа қайырып полиция бөліміне алып барады. Онда келгенімен ұсталғандарды күтіп отырған ешкім болмай шыққан. Жауап сұраған адам болмаған соң екеуі қайтадан қалалық әкімшілік пен «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне қарай бет алады.

"Алға" партиясының белсендісі Ғазиз Сайфолланы жол полициясы басқармасына күштеп әкелді. Атырау, 25 ақпан 2009 ж.
– Қалалық әкімшіліктің де, «Нұр Отан» париясының да алдын полиция айналдыра қоршап тұр екен. Кіре алмайтынымызды білсек те, үстімізде «Алға» париясының атауы жазылған киіммен солай қарай беттегенбіз. Бірақ, аяқ асты пайда болған жол полициясының автокөлігі келіп, «сендер бүгін жол апатын жасапсыңдар» деп, бізді облыстық жол полициясы басқармасына алып барды, – деді Ғазиз Сейфулла Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, жол полициясы басқармасының бастығы полковник Әлібек Қайыров оппозиция белсенділерінен «егер шынында жол апатын жасамасаңдар, жасамадық деп түсіндірме жазыңдар» деп талап еткен көрінеді. Бірақ, ұсталған екеуі ондай түсіндірме жазудан бас тартқан.

Ғ.Сайфулла баяндағандай, олардың жол апатына қатысы болмағандығы анықталғаннан кейін де босатудың орнына полиция подполковнигі Ниязбек Мұқышев әртүрлі әңгімені сөз етіп, түске дейін кідірткен. Ақыр соңында, оппозиция өкілдерін «жауап аламыз» деп жол полициясы басқармасының ішіне кіргізіп алған полиция өкілдері кіре беріс есікті тарс жауып, ғимаратқа ешкімді жолатпады.

Жол полициясы қызметкерлері «Алға» париясының белсендісі Ғазиз Сейфулла мен тәуелсіз заңгер Макс Боқаевты сол күні түскі сағат бір шамасында ғана босатты. Одан кейін заң орындары өкілдерінің орнына оларды қадағалауға сол жерге қалалық әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінің бастығы Есенжан Керіков барған.

Оппозиция белсенділерін көшеде ұстаған полиция оларды осы көлікке күштеп отырғызып, жол полициясы басқармасына әкелді. Атырау, 25 ақпан 2009 ж.
«Алға» пратиясының тағы бір өкілі Минал Кенжековті де таңертең ертесімен үйінен ұстап қалалық полиция бөліміне алып келіпті. Минал Кенжековтың айтуынша, оны да себепсіз ұстап, тек түс кезінде босатып жіберген.

Атыраудағы құқық орындарының мақсаты біреу – «Алғаның» белсенділеріне қалайда кедергілер жасау арқылы белгіленген петиция тапсыратын уақытты өткізу болды дейді оппозиция өкілдері.

«Алға» партиясының мүшелері дайындаған қалалық әкімшілік пен «Нұр Отанға» тапсырмақ болған азаматтық петицияларында: «Қазақстан азаматтарының қазіргі кезде жоқшылық көріп, барынан айырылып жатқандарына биліктің басқарушы партиясы «Нұр Отан» мен оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Үкіметі кінәлі. Әлемдік дағдарыс бұған сылтау бола алмайды, себебі, басқа елдердің басшылары дағдарыс кезінде өз азаматтарын қолдау үшін тыңғылықты шараларды іске асырып жатыр. Ал Қазақстанда бәрі тәтті сөзбен жасалған әдемі мәлімдемелер түрінде қалуда. Еліміздің қарапайым азаматтарының өмірін жақсарту үшін тез арада шаралар қолдануды, басшылардың іс-әрекетін объективті бағалауды, қазіргі болып жатқан жағдайға кінәлілерді тауып жазалауды талап етеміз!» деп жазылыпты.

Петиция тапсыруға Жалпыұлттық социал демократиялық партияның және Қазақстан Коммунистік партиясының өкілдері де қатысқан екен. ЖСДП белсендісі Жұмабай Доспанов пен ҚКП-ның Атыраудағы бөлімінің жетекшісі Бисеш Ерғалиев сол күні түстен кейін өз талаптарын еш кедергісіз тапсырғандарын айтты. Мұны Ж.Доспанов «біздің мақсатымыз қалай болғанда қағазға жазылған талабымызды жеткізу болды, сондықтан «Алға» партиясынан бөлек, назар аудармай беруді жөн көрдік» деп түсіндірді.
XS
SM
MD
LG