Accessibility links

Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының әкімі ауылдық имамды Усама бен Ладенге бүйрегі бұрады деп күдіктеніп.., мешітке кіргізбей қойған. Құқыққорғаушының пікірінше, тіпті мешітте де барлығы әкімнің қалауымен болып жатқандығын жұрт көріп отыр.

ӘКІМ АЛДЫМЕН МЕШІТ ҒИМАРАТЫН ҚАЙТАРУДЫ СҰРАДЫ

Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылдық мешітінің бұрынғы имамы Мұрат Сұлтанов аудан әкімі Жангелді Рахметқалиев екеуінің арасындағы кикілжің туралы Азаттық радиосының тілшісіне айтып берді:

«Аудан орталығы Миялыдағы мешітке мені Комсомол ауылынан 2003 жылы ауыстырған болатын. Аудан әкімі Жангелді Рахметқалиев екеуіміздің арамыздағы кикілжің содан бері созылып келеді.

Миялыда алғашында екі мешіт болатын. Әкім мешіттің біреуін менен сұрады. Ол жерде АХАЖ бөлімін орналастырмақ екен. Заңға сәйкес келмейтіндіктен, мен бұған келісім бермедім. Өйткені, ғимарат менің меншігім емес, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарайды ғой. Оның үстіне бұл жер намаз оқуға арналған.

Осы оқиғадан соң әкім маған шүйліге бастады. Бір жолы аудандағы ықпалды адамдардың бірі қайтыс болып, жергілікті басшылар оның жаназасын митинг түрінде өткізгісі келді. Мен бұған қарсы болдым. Шариғатқа сай келмейтіндіктен, бұл митингіге қатысудан бас тарттым.

Осы үшін әкім бұрынғыдан да бетер ашуланып, ашықтан-ашық соңыма түсіп алды. Маған ол «экстремист», «Усама бен Ладеннің құйыршығы» деп айдар тақты.

Сонымен бірге, ол аудандық әскери комиссариат бастығының соңына түсті. Оның бар кінәсі – басына тақия киіп, мешітке намазға келгендігінде. Тіпті, аудандық әскери комиссариат бастығының ісі аудан әкімшілігі аппаратының мәжілісінде қаралды.

Бұдан соң нағыз масқара оқиға болды, әкім Жангелді Рахметқалиев мешітке кімді кіргізу, кімді кіргізбеу жөнінде нұсқау бере бастады. Яғни, Алла Тағала алдындағы парызын орындауға ұмтылған адамдарға бақылау қойғысы келді.

Мені аудан имамы қызметінен алған соң әкім мені мешітке кіргізбеу туралы тапсырма берді. Ақпанның 6-сында жұма намазына келгенімде әкім Жангелді Рахметқалиевтің өзі келіп, мешіттің алдын полицейлерге әдейі күзеттіріп қойды.

Бұрынғы имамды мешітке неге кіргізбейді деп намазхандар наразылық білдіргенде жаңа имам: «аудан әкімінің Мұрат Сұлтановты мешітке кіргізбеу туралы бұйрығы бар» деп жауап берді. Бұдан соң жамағаттың біраз бөлігі, жиырмадай адам, қарсылық ретінде жұма намазға қатыспай кетіп қалды. Мен есік алдында біраз тұрып, қайтуға мәжбүр болдым. Содан бері мұсылмандар үшін міндетті жұма намазына қатыса алмай келемін.

Жақында мен мешітке ҰҚК қызметкерлерінің келгенін білдім. Олар намазхандардың тізімін жасап, мені қолдаушыларды іздеген. Намазхандар әкімді емес, мені неге қолдап отырғандарын білгісі келген. Комитет қызметкерлері сұралғандардың барлығының саусақ таңбасын алып, оларды бейнекамераға түсіріп алған.

Мені аудандық ішкі істер бөліміне әңгімелесуге шақырды. Бірақ, мен полицияға барудан бас тарттым. Қажет болса, ресми түрде шақыру қағазын жіберіңдер дедім. Бұның барлығы мені Қызылқоға ауданы аумағынан құртқысы келген аудан әкімінің ісі екендігі байқалады. Олардың тарапынан бұдан басқа да арандатулар болатындығын болжап отырмын. Жала жауып, ар-ожданыма тигені үшін мен Жангелді Рахметқалиевті сотқа бермекшімін».

ВОЕНКОМҒА НАМАЗ ОҚУДЫҢ КЕРЕГІ НЕ?

Қызылқоға ауданының әкімі Жангелді Рахметқалиев атыраулық «Ақ жайық» газетінің журналистеріне осы аптада жазбаша жауап берген:

«2008 жылдың 25 қаңтарында өткен діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі аудандық кеңестің мәжілісінде аудан аумағында экстремистік бағыттағы діни ағымдардың таралуы туралы мәселе қаралды. Бұл мәжіліске діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі аудандық кеңестің мүшесі, Миялы ауылының бас имамы Мұрат Сұлтанов та қатысты. Ол: «Аллаға ешкімді теңгеруге болмайды, Алладан басқа ешкімнен ештеңе сұрауға болмайды» деген мағынадағы пікірін айтты.

Сонымен қатар, оның ойынша, бейіт басында құран оқуға, өлілердің әруағынан медет тілеуге, шелпек пісіруге болмайды екен. Имамның айтуынша, нағыз мұсылман үшін ата-бабасының бейітіне, өлілердің әруағына, шелпекке табыну жат нәрсе.

«Сонда, ата-бабаларымыз бізді теріс жолға салған ба?» деген біздің сауалымызға ол: «Біздің ата-бабаларымызды теріс жолға экстремистер салды. Усама бен Ладенге «лаңкес» деген айдар тағып, соңына түскендер де осындай экстремистер. Жақында ғана қажылыққа бардым. Сендерде Усама бен Ладен туралы теріс пікір қалыптасқан. Меккеге келгендердің барлығын тегін тамақпен, жатын орынмен қамтамасыз етіп жатқан осы Усама бен Ладен. Бір ғана нәрсені айтамын – құдай сөзіне, Құранға сенбегендердің барлығының Алла жазасын береді» деп жауап берді.

Кеңестің мәжілісінен соң, нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін, 2008 жылдың 4 сәуірінде 168 адам қатысқан жиылыс болды. Жиылысқа облыстың бас имамы Қазыбек қажы Ахметов, Құспан молда мешітінің бас имамы Эммат қажы Ғұмаров, Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыстық департаментінің қызметкерлері Рашид Әміров пен Өтеген Айнабековтар арнайы шақырылды.

Атырау облысының бас имамы Қазыбек қажы Ахметов былай деді: «Бейіт басына барғанда Алладан өлілердің күнәсін кешіруін сұрау керек. Бірақ, ешқашан өлілердің әруағына табынуға болмайды. Оларға тек дұға жасау арқылы құрмет көрсетуге болады».

Екінші жолы, 2008 жылдың 20 мамырында 340 адамның қатысуымен «Ұлттың бірлігі – бір дінділікте» атты жиналыс өткіздік. Жиналысқа облыстық ішкі саясат басқармасының саяси партиялармен және діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бастығы Оразбек Қасымов, облыстық «Шарайна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фархад Ұланбаев және облыстық әділет басқармасының маманы Марат Сәбитұлы қатысты.

Бұл жиналыста Миялы ауылдық мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтановтың исламдағы дәстүрлі бағытты ұстанбайтындығы айтылды. Миялы мешітіндегі жұма намазға тұрақты қатысып тұратын, Х.Досмұхамедов атындағы мектептің оқушысы Алтынай Ыбыраева былай деді: «Құранда әйелдерге хиджаб кию парыз етілген. Сондықтан, мен хиджаб кигеніме еш өкінбеймін». Алайда, бұдан кейін қойылған: «Ал сіз Мұхаммед пайғамбарды мойындайсыз ба?» деген сауалға ол: «Мен бұрын қайтыс болып кеткен адамдарды не үшін есіме алуым керек? Олар бізге не істей алады? Біз ешқашан намазды оларға қарап оқымаймыз», - деп жауап берді.

Мұндай «бағалы білімді» ол мешіттің имамынан алғандығы сөзсіз. Өткен жылдың 10 қазанында өткен Миялы ауылы тұрғындарының жиылысында олар бір ауыздан мешіттің имамын ауыстыру керек деп ұсыныс жасады.

Жиналысқа аудандық әскери комиссариат бастығының міндетін атқарушы Есенбай Нұров қатысты. Ол соңғы кездері дін жолына түсіп, бес уақыт намаз оқып жүргендігін айтты. Бұдан соң ол жиналғандарды өзінен үлгі алуға шақырды. Бірақ, аудандық әскери комиссариаттың бастығы күніне бес уақыт намаз оқып жүрсе, онда жастардың патриоттық тәрбиесімен, елдің қорғаныс қауіпсіздігімен кім айналысады?

Миялы ауылындағы қазіргі мешіт бір кездері Балғымбаевтар әулетінің жәрдемімен салынған. Бұрынғы мешіт үйі қазір бос. Мұрат Сұлтановтың сол жерде медресе ашпақ ойы бар. Бірақ, бұрынғы мешіт медресеге емес, әртүрлі дәстүрлі емес діни ағымдардың миссионерлік ордасына айналатыны сөзсіз. Сондықтан да біз медресенің ашылуына ешқандай жол бермейміз».

ӘКİМ ИМАМ МЕН ӘСКЕРИ КОМИССАРДЫ САЛАФИЗММЕН АЙНАЛЫСТЫ ДЕП АЙЫПТАЙДЫ

Біздің Азаттық радиосының тілшісіне Қызылқоға ауданының әкімі Жангелді Рахметқалиевпен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті.

- Бұрынғы имам Мұрат Сұлтановты қудалауларыңыздың себебі не?

- Оны ешкім қудалап жүрген жоқ. Біз – жерлестерміз, бір кездері оны мешіттің имамдық қызметіне өзім шақырғанмын. Бұл жігіт бұзылыңқырап кетті. Діни көзқарасын өзгертіп, халықтың салт-санасы мен ата-баба дәстүрін сыйлауды қойды. Жерлеу кезінде митинг өткізуге рұхсат бермейді, жаназада, шелпекке құран оқымайды. Намазды да басқаша оқиды. Ол халықпен жұмыс істеудің орнына салафиттердің ықпалында кетті.

- Военком да ма?

- Иә, олардың барлығы діндегі дәстүрлі емес ағымның мүшелері. Олардың барлығы Қызылқоғаның тұрғындары. Жиыны – 15-20 адам. Барлығы құқық органдарында есепте тұрады.

- Ал, сіздер намазхандардың ісіне не үшін араластыңыздар? Мұрат Сұлтановтың айтуынша, сіз оны жұма намазға кіргізбей қойыпсыз.

- Иә, мен оны жұма намазға кіргізген жоқпын! Жақында ғана болған жиналыста облыстың имамы Қазыбек қажы бізден, аудан әкімшілігінен, жаңа имамға барынша көмектесу, қолдау көрсету жөнінде өтінген болатын. Салафиттердің және басқа да бүлдіруші ағымдардың ықпалына қарсы тұру жайында айтқан. Бізге аудандағы тыныштық пен тұрақтылық қажет. Біз халықты дүрліктіруге жол бермейміз!

- Бұрынғы имамды қолдаған намазхандарды арнаулы қызмет тексере бастады деген сөз рас па?

-
Жұма намазда қарсылық көрсеткендердің барлығы – Мұрат Сұлтановтың жақтастары. Олардың да діни пиғылдары жат. Оларды тексеріп жатқандары рас. Бұл жағын құқық органдарының қызметкерлері айтсын. Білетінім, жақында олардың пікірлестерінің бірі Әзірбайдан діни мазмұндағы ақпараты бар дискілер, бейнетаспалар тәркіленген.


«ИМАМ САЛАФИТТЕРДІҢ ҚЫЗМЕТІНЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЯ АЛМАДЫ»

Бұл жағдайға ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша бас имамы Қазбек қажы Ахметов түсініктеме берді:

– Имам халықтың рухани тәрбиешісі болуы керек. Ал, Мұрат Сұлтанов болса, адамдардың санаулы тобымен ғана жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық өмірімен санаспады. Бұдан бөлек ол исламдағы салафиттік ағымды ұстанатын бірнеше азаматтың қызметіне уақытында тосқауыл қоя алмады.

Қазақ халқының рухымен үндес, бейбітшілік пен келісімде өмір сүруге лайықты, Алланың қалауымен өмірге келген Әбу Ханифа мәзхабы болып табылады. Біздің ата-бабаларымыз да исламдағы осы бағытты ұстанған.

Міне, тап осы мәселелерге қатысты түсінбеушілік туып, аудан басшылығы, тұрғындар Мұрат Сұлтановтың үстінен шағым айта бастады. Өткен жылы мамырдың 4-інде біз Миялыға арнайы бардық. Осында өткен жиналыста кейбір мәселелерге түсініктеме бердік. Алайда, 27 қазанда аудандағы намазхандардың өтінішімен ол жаққа тағы да баруға тура келді. Имамның жұмысындағы көптеген кемшіліктер сонда белгілі болды.

Мен мәселені шешу мақсатымен ҚМДБ Бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәліге мәлімдеме жасап, имам Мұрат Сұлтановты қабылдауын өтіндім. Мүфти 30 желтоқсанда Сұлтановты қабылдайтын болды. Не себепті екендігін білмедім, бірақ Мұрат Сұлтанов қабылдауға бармады. Бұдан соң ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің бұйрығымен Мұрат Сұлтанов 2009 жылдың 12 қаңтарында жұмыстан босатылды. Алайда, оның отбасы, бес баласы барлығы ескеріліп, оған басқа жұмыс ұсынылған еді. Сұлтанов одан бас тартты.

ДİНИ СЕНİМ БОСТАНДЫҒЫНА АРАЛАСУ – ШЕНЕУНİКТЕР ҮШİН ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ

Атыраудағы «Демос» бірлестігінің төрайымы Тоғжан Қизатованың айтуынша, Қазақстандағы діни сенім бостандығына биліктегілердің араласуының асқынғаны сонша, шенеуніктер бұған қалыпты жағдай ретінде қарайды.

- Осы бір масқара оқиға, билік пен діннің бөлектік принципін шенеуніктердің еш түсінбейтіндігіне дәлел болып отыр. Олар үшін барлығын, тіпті адамдардың діни сенімін реттеп отыру қалыпты жағдайға айналған. Осы арқылы азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзып отырғандығы, олардың ойына кіріп те шықпайды. Биліктің мұндай әрекеттері елдегі діни сенім бостандығына қатысты мәселені одан сайын ушықтырып жібереді. Дінге сенушілерде діни көзқарастарының радикалдануы пайда болады. Олар, тіпті намаз оқуға келген мешіттерде де барлығы құдайдың емес, әкімдердің қалауымен шешіліп жатқанын байқайды. Ресми дінбасылардың беделі түсіп, мұның өзі мешіттерден адамдардың кетуіне түрткі болады. Бұл жақсы емес, - дейді Тоғжан Қизатова.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG