Accessibility links

Орамал таққан оқушы қызды Атыраудың бірнеше мектебі қабылдамай қойды


17 жастағы оқушы Әмина Әбуева. Атырау қаласы, 1 қыркүйек 2010 жыл.

17 жастағы оқушы Әмина Әбуева. Атырау қаласы, 1 қыркүйек 2010 жыл.

Діни нанымына сәйкес орамал таққан атыраулық оқушы қыздың анасы баласын мектепке әзер орналастырғанын айтады. Ал облыс әкімі полиция қызметкерлері мен шенеуніктерге «теріс» діни ағымды ұстаған оқушылардың есебін жүргізуге тапсырма берген.


«ОРАМАЛ ТАҚҚАНДАР МЕКТЕПКЕ ҚАБЫЛДАНБАЙДЫ»

Қыркүйектің 1-і, жаңа оқу жылы басталған күні Азаттық тілшісіне хабарласқан Бақытжан Әбуева есімді әйел хиджаб киген 17 жастағы қызын 11-ші сыныпқа әзер орналастырғанын айтып шағынды.

– Баламды қабылдауды өтініп бармаған мектебім қалмады. №3 мектеп қалалық білім бөлімінен берілген арнайы хатқа қарамастан «біздің территориямызға кірмейсіңдер» десе, №30 мектептің директоры «басына орамал таққан баланы мен алмаймын» деп шорт кесті. Мен ол
Әминаның анасы Бақытжан Әбуева. Атырау қаласы, 1 қыркүйек 2010 жыл.
кісінің сөзін тіпті диктофонға да жазып алдым, – дейді шарасыз ана.

Оның айтуынша, Атыраудағы №16, 15 мектеп директорлары да хиджаб киген қыздың құжатын қабылдаудан бас тартқан. Балам мектеп бітіре алмай қала ма деп уайымдап барған анаға қалалық білім бөлімі бастығы өзінің қолынан ештеңе келмейтінін айтып, әр мектептің өз жарғысы бар екендігін алға тартыпты.

Өзі де мұғалім Бақытжан Әбуева кейін «Нұр Отан» партиясы көмегімен қызын қаладағы №2 орта мектепке орналастырғанын айтады.

Кезінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген Бақытжан Әбуева осыдан 17 жыл бұрын денсаулығынан айырылып, көз жанарына нұқсан келген соң мұғалімдікті қойып, дін жолына бет бұрған екен. Атырауға Ақтөбеден жуырда көшіп келіпті. Туған сіңілісінің қазасынан кейін 90 жастағы әкесін бағып-қағатын адам болмаған соң Атырауға амалсыз қоныс аударған көрінеді.

Ол өзінің бұрынғы әріптестерінің әрекетін баласының конституциялық құқығына қол сұқты деп бағалайтынын мәлімдеді.

– Мен мұғалімдер Конституцияны оқымайды деп ойлаймын. Өйткені онда бәрі анық жазылған. Біз мектеп ережесін бұзатындай дәнеңе істеп отырғанымыз жоқ. Егер Атыраудағы мектептер бірдей оқу киімі үлгісін енгізсе, қызым оны киюден бас тартпайды, тек басындағы орамалына тиіспесін, – дейді Бақытжан Әбуева.


«БЫЛТЫР ҚОЙДЫРҒАН ЕДІК, БИЫЛ ТАҒЫ ШЫҚТЫ»

Атырау облыстық білім беру департаменті бастығы Қилымғали Қайненов бұны өте күрделі мәселе деп атап, оны мектеп директорлары ата-аналармен бірлесе отырып шешуі тиіс деген ойын айтты.

Хиджаб киген мектеп оқушы қыздары. Шымкент, 4 мамыр, 2010 жыл.
Әйтседе ол мектепке орамал тағып келуді өз басы құптамайтынын да жасырмады.

– Былтыр Атырауда орамал таққан оқушы қыздарды жабылып жүріп қойдырған едік, енді міне, тағы ішінара кездесіп қалып жатыр.Біз үшін оның орамал тағу-тақпауы емес, баланың теріс ағымға еріп кетпеуі маңызды. Бүгін бір бала орамал байласа, ертең олардың саны бесеуге жетуі мүмкін. Әр мектептің ішкі ережесі бар ғой, дегенмен мектеп директорларының баланы қабылдамауға хақысы жоқ. Маған тікелей хабарлассын, бұл мәселені бақылауыма алатын боламын, – деді Қилымғали Қайненов Азаттық тілшісіне.

Сондай-ақ департамент басшысы Азаттық тілшісіне «теріс» діни ағымдарға кетіп қалған балалардың ата-анасының жағдайын зерттеуге кеңес берді. Оның сөзіне сүйенсек, «Атырауда ваххабизм көбейіп кеткен».

Азаттық тілшісі хиджаб мәселесіне байланысты Атыраудағы №30 мектеп директорына да арнайы жолығып, түсініктеме сұраған еді. Бірақ мектеп директоры Бөкен Жаулы «ешқандай түсініктеме берілмейтінін» айтып, жауап беруден бас тартты.


«ҚАЗАҚСТАНДА ҚАЛСАМ, ТАҒЫ ДА ПРОБЛЕМА БОЛУЫ МҮМКІН»

Атыраулық 11-ші сынып оқушысы Әмина Әбуева жоғары білімді Қазақстаннан өзге елде алғып, сол жақта жұмысқа қалғысы келетіндігін айтады. Азаттық тілшісінің қойған сауалына жасөспірім қыз қысылмай еркін жауап берді.

– Иншаллаһ, мектеп бітірген соң оқуға Америкаға барғым келеді. Маған жаратылыстану ғылымдары ұнайды. Эколог боламын деп
Атырау қаласындағы №2 орта мектептің 1-ші сыныбына келген балғын шәкірттер алғашқы қоңырау салтанаты кезінде. 1 қыркүйек 2010 жыл.
шештім. Әзір оқу орындары жайлы ойланып жүрмін. Лос Анжелес, бәлкім Санта Моникадағы университеттердің біріне бармақпын, – дейді ол.

– Неге шетелде оқуды таңдадың?

– Бұл қазіргі өзім сезіне бастаған қысымшылықпен байланысты. Бүгін мектепте, ертең университетте, одан әрі жұмыс орнымда да проблема болуы мүмкін ғой. Маған оның керегі қанша?

Әминаның айтуынша, ол 7-ші сыныптан бері үзбей басына орамал тағып келе жатыр екен.

– Ақтөбе қаласындағы мектептерде де ескерту айтылатын, бірақ дәл Атыраудағыдай үзілді-кесілді қарсылық көргенім жоқ, – дейді оқушы қыз.

Бойжеткен жеке басының діни сенімі бойынша орамал байлап жүргенін атап айтады.

– Мен алдымен мұсылман қызымын. Қасиетті Құранда жазылғандай, қыз бала бетін ашық, бірақ басы, қолы мен мойындарын жауып ұстауы керек. Мен Аллаға мойынсұнғым келеді. Сондықтан басыма орамал тақтым. Өкінішке қарай, мектептегі тыйым салу салдарынан қазір тек орамалымды желкеме қайыра шарт байлап, мойынымды ашық қалдыруға мәжбүрмін, – дейді Әмина Әбуева.


ЗАҢГЕР МАМАННЫҢ ПІКІРІ

Заңгер Майсура Байдақова атыраулық мектеп директорларының әрекетін заңсыз деп санайды. Ол мұны оқушы баланы кемсіту (дискриминация) деп бағалайды.

– «Білім туралы» заңда баланың оқу орынын таңдауға құқығы барлығы, балаға қандай да бір дискриминация жасауға тыйым салынатындығы анық жазылған. Қазақстан Республикасы заңдарының анасы Конституцияда бала құқықтары баяндалған. Бұл мәселеде мектеп директорлары заңсыздыққа барып отыр, – деді ол.

Майсура Байдақова былтыр да дәл осындай діни көзқарасына байланысты мектептен шеттетілген бір топ оқушының құқығын қорғағанын айтады. Облыстық деңгейде нәтиже шықпаған соң Бас прокуратураға дейін шағымданған.

– Өкінішке қарай, былтыр Бас прокурор шешімі арқылы мектепке қабылданған діни көзқарастағы балалардың ата-аналары жақында тағы хабарласып, балалардың діни наным-сенімін шектеу мәселесі қайта туындап жатқанын мәлімдеді. Егер оларға тағы да қысымшылық көрсетілсе, біз сотқа жүгінетін боламыз, – дейді заңгер.


ОБЛЫС ӘКІМІ «ТЕРІС» ДІНИ АҒЫМДАРМЕН КҮРЕСУГЕ ШАҚЫРАДЫ

Атырау облысы әкімі Бергей Рысқалиевтың пікірінше, бүгінде облыс жастары «әртүрлі теріс пиғылдағы діни ағымдардың алдында әлсіз топқа айналып, ұлттық және діни араздық отын жағушылардың жетегіне кете бастаған».

Тамыз айының соңында өткен Атырау облысындағы білім саласы қызметкерлерінің кезекті конференциясында осылай деген әкім бұл
Атырау облысының әкімі Бергей Рысқалиев.
тұрғыда бірқатар нұсқаулар берді.

Блогына осы тақырыпта көптеген арыз түсетінін көлденең тарқан Бергей Рысқалиев жағдайды реттей алмайтын мектеп директорларының орындарын босатуды талап етті. Әкімнің айтуынша, тіпті кейбір мектептердің «қылмыс ошақтарына айналу қаупі бар».

Мектеп инспекторларын тек «мектеп босағасын күзетумен айналысып жүр» деп сынаған әкім олардың құқық органдарымен бірлесе жұмыс істеуі керектігін айтып, алдағы уақытта өзі оларға қатаң талап қоятындығын да ескертті.

– Осы мәселеге орай білім беру басқармасы, ішкі саясат департаменті мен барлық тиісті органдар облыстағы діни ахуалды зерттеп, оны сауықтыратын арнайы кешенді іс-шаралар бағдарлама қабылдасын. Онда «теріс» діни ағым ұстанған әр мектеп, әр оқушы анық көрсетілетін болсын, – деп бұйырды әкім.

Бұны жүзеге асыру үшін облыста «нормативтік те, ұйымдастырушылық та, саяси да барлық жағдай бар» деп түйіндеді облыс әкімі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG