Accessibility links

Атырауда хиджаб таққан студент қыздарды оқудан қуып жатыр


Атырау мемлекеттік университетінде оқитын мұсылман қыздарды хиджаб кигендері үшін сабаққа кіргізбей қойды. 12 қараша 2010 жыл.
Атырау мемлекеттік университетінде оқитын мұсылман қыздарды хиджаб кигендері үшін сабаққа кіргізбей қойды. 12 қараша 2010 жыл.

Агротехникалық колледжде оқитын мұсылман қыз хиджаб кигені үшін оқудан шығарылды. Ал Атырау университетінің бір топ студент қыздарын мұсылмандық үлгідегі киімдері үшін бірнеше күн сабаққа кіргізбей қойды. Екі оқу орыны да ішкі тәртіп ережесін алға тартады.


«ЮБКАҢДЫ ҚЫСҚАРТ, ОРАМАЛЫҢДЫ ШЕШ»

Бибінұр Өмірзақова биыл Атыраудағы агротехникалық колледждің екінші курсына көшкен болатын. Бухгалтер мамандығы бойынша білім алып жатқан қызды хиджаб кигені үшін биыл қарашаның 12-сі күні колледж директоры оқудан шығарды.

– Бірінші пар сабақтан соңғы үзілісте мені колледж директоры Болат Қожиев көріп қалып кабинетіне шақырды. Сабақ оқығым келсе ұзын юбканы қысқартуым қажеттігін айтты. Мен үндемедім, – дейді Бибінұр Өмірзақова.

Агротехникалық колледжі директорына студент Бибінұр Өмірзақованың сабаққа хиджаб киіп келгені туралы жазған түсініктемесі. Атырау, 12 қараша 2010 жыл.


16 жастағы Бибінұр мұсылмандық жолын ешкімнің үгіт-насихатынсыз өз жүрек қалауымен таңдағанын айтады. Ол былтырғы Құрбан айттан бері намаз оқып жүр екен.

– Мешітке жұма намазына екінші мәрте барғанымда намаз оқудың шарттарын толық үйрендім. Енді оны тастағым келмейді. Намазға жығылған күннен бастап өмірге деген көзқарасым өзгерді. Түнгі клубтар мен сауық кештерінен шықпайтын құрбыларымның жүрісі мәнсіз екенін түсіндім, – деп сыр шертеді Бибінұр Өмірзақова.

– Енді не істемек ойың бар? Намаз оқуды доғарасың ба?

– Жоқ, намаз оқуды тастамаймын. Бірақ не істерімді де білмеймін. Хиджабпен жүруге рұқсат беретін колледж Атырауда жоқ. Маған «орамалың мен юбкаңды тастап келесі жылы келсең екінші курсқа қабылдаймыз» дегенді айтты. Бірақ мен олай істей алмаймын.

– Дегенмен өз мақсатыңды, құқығыңды қорғау ойыңда бар ма?

– Оған талпынғаныммен бізді ешкім тыңдамас, баласынады ғой. Менің ойымша, бұл шаруамен ата-анамыз айналысуы керек. Бірақ менің

Атырау агротехникалық колледжі. Атырау, 12 қараша 2010 жыл.

анам намаз оқуыма қарсы. Ал басқа қыздар да ата-аналарынан тайсақтайды.

– Колледж директорымен сөйлескенімде «осындай киім кигендер ата-аналарын, мұғалімдерді тыңдамайды» дегенді айтты. Ол кісінің уәжіне не айтасың?

– Құранның Нұр сүресінің 31-ші аятында «басшыларыңды тыңдаңдар, бірақ Алланың сөзіне қарсы келмеңдер, қарсы келгенді тыңдамаңдар» деген бар. «Әйелдеріңе, жұбайларыңа және басқа әйелдерге айт, орамалдарын кисін, омырауын жапсын» деп келеді сүре жолдары. Анам – менің басшым. Мен ол кісіні тыңдаймын, үйдің барлық жұмысын жасап, көмектесемін, жұмыстан келгенде асын әзірлеп қоямын, сабағымды да оқимын. Бірақ ол кісінің «намазыңды таста» дегеніне құлақ аса алмаймын. Ал екінші басшым – директорым. Ол кісінің «юбкаңды қысқарт, орамалыңды шеш» дегенімен де келісе алмаймын. Егер мұны орындасам менің Алланың бұйрығына қарсы шыққаным, – дейді Бибінұр Өмірзақова.

Қазірде Атыраудағы агротехникалық колледжде 2500 студент білім алып жатыр. Бибінұр Өмірзақованың айтуынша, мұндағы дін жолындағы қыз балалар саны 20 шақты. Олардың бірсыпырасы оқудан шығып қалмау үшін етектерін қысқартуға мәжбүр болған.


ДИРЕКТОРДЫҢ ЖАУАБЫ

Атырау агротехникалық колледжі директоры Болат Қожиевтың айтуынша, орамал таққан қызбен өзара әңгіме еш нәтиже бермеген. Ал

Атырау агротехникалық колледжі директоры Болат Қожиев. Қараша, 2010 жыл.

Бибінұр Өмарзақованы оқудан шығару Білім министрлігінен келген талапқа сай, оқу заңына сүйеніп жасалып отырған шара деп түсіндірді директор. Ол өзі оқудан шығарып тастаған қызды осы білім мекемесінің ішкі заңына бағынбайтын, әрі мұғалімдерді тыңдамайтын, мұғалімдерге бірнеше рет түсініктеме жазған шәкірт деп сипаттады.

– Сіздің бұл әрекетіңіз студенттің конституциялық құқығына қайшы болмай ма?

– Ешқандай қайшылық жоқ, сіз маған сеніңіз, мен ұзақ жылдар бойы жастар тәрбиесімен айналысып келген адаммын. Егер мен Өмірзақованы колледжде қалдырсам оған қарап басқа балалар еліктейді. Бірақ мен оны мүлде шығарып жіберіп отырғаным жоқ. Мен оған ойлануға мүмкіндік беріп отырмын. Егер ол ертең «оқып, диплом алып, елге қызмет еткім келеді» деп киімін өзгертіп келсе кез келген уақытта қабылдаймын, – дейді Болат Қожиев.


УНИВЕРСИТЕТ ҰСТАЗДАРЫ ЕСІК КҮЗЕТЕДІ

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бір топ намазхан қыздары бірнеше күн бойы сабаққа қатыса аламай

Университет ұстазы хиджап киген студент қызды оқу ғимаратына кіргізбей тұр. Атырау, 12 қараша 2010 жыл.

жүргендерін айтып Азаттық тілшісінен көмек сұраған еді. Университетке келген Азаттық тілшісі мына жайға куә болды.

Оқу ордасына кіре берісте отырған мұғалім әйел өзінің хиджаб кигендерді кіргізбеу үшін кезекшілікте тұрғанын жасырған жоқ. Аты-жөнін айтудан бас тартқан ол мұның барлығы немен байланысты екенін білмейтінін, бірақ сағат түскі бірге дейін осы жерде қарауылда болып, университетке хиджаб киген қыздардың кіріп кетпеуін қадағалауы тиіс екенін айтты.

Біраз уақыттан соң кезекті ауысым болып, әлгі мұғалімнің орнына басқа ұстаздар келді. Басына орамал таққан қыздардың бірі университет есігін ашқаны сол еді, оны көрген бір топ мұғалім өре түрегелді.

– Сендерге бұл ректордың бұйырығы екені түсіндірілді емес пе? Бұл мемлекеттік мекеме, мұнда дұрыс киініп келіңдер, – деді өз аты-жөнін айтқысы келмеген тағы бір мұғалім.

Ал әңгімеге араласқан университет қызметкері Дана Жайлаубаеваның айтуынша, студент қыздардан оқу орны әкімшілігі бар болғаны басындағы орамалын шешіп, классикалық үлгідегі киім киюді ғана сұрап отыр. Бұл жерде Конституциядағы құқыққа қатысты еш әңгіме жоқ деп сендіруге тырысады ол.


«КӨК ОРАМАЛ ТАҒЫҢДАР, ПАТРИОТ БОЛАСЫҢДАР»

Атырау мемлекеттік университеті студенттері Айзада Жәрдем, Айнагүл Мұханғалиева, Айнұр және Гүлнұр Омашевалар, Гүлдана Наурызбай, Жанар Меңдіғалиева, Әйгерім Қуанышқалиева, Айтолқын Жанғозиева және Жанна Жұмағалиевалар Азаттық тілшісімен

Атырау мемлекеттік университетінде оқитын мұсылман қыздар хиджаб кигендері үшін сабаққа кіре алмай кетіп барады. 12 қараша 2010 жыл.

кездесуге арнайы келді.

Хиджаб киген қыздардың айтуынша, университетте оларды қарашаның 10-нан бері сабаққа қатыстырмай отыр екен. Жалпы бұл әңгіме оқу жылы басталғаннан бері жалғасып келе жатқан көрінеді.

«Ішке кіргенде орамалдарыңды шешіңдер, сыртқа шыққанда не істесеңдер де өздерің біліңдер. Бұған бағынбасаңдар сендерді ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) алып кетсе де жауап бермейміз» деп ескертіпті оларды университет әкімшілігі.

Бір кездері оларға аппақ орамал тағу жөнінде ұсыныс айтылған екен. «Бірақ біз хиджаб кигенімізбен оны сәнді, үйлестіре таққанды қалаймыз. Проректорымыздың бірі тіпті «онда жалаудың түсіндей біркелкі көк орамал тартыңдар, патриот атанасыңдар» деп те ақыл берген. Оған да келісе алмадық. Шымқай ақ немесе жаппай көктен гөрі орамалымыздың сөмкеміздің, аяқ киіміміздің түсіне сай болғанын қалаймыз» деседі қыздар.


«ІШКІ ЕРЕЖЕЛЕР»

– Біз кредиттік жүйемен оқимыз. Егер журналда 36 рет қатыспағанымыз жөнінде белгі болса бізді оқудан шығарып жібереді. Мүмкін мұғалімдер осыны көздеп отырған болар. Бірақ мен курстастарыма қоңырау шалып, сабаққа келгенімді, бірақ сыртта кіре алмай

Кейбір ұстаздарым түсіністікпен қарағанымен декандарымыз маза бермейді. Бәлкім, оларға да жоғары жақтан келіп жатқан бұйрық болар.

жүргенімді үнемі хабарлап отырдым, – дейді экономика факультетінің студенті Жанна Жұмағалиева.

Ал Айнагүл Мұханғалиева өзінің үреймен өмір сүріп жүргенін айтады.

– Мені бір күні үстімнен жазып, оқудан шығарып жібере ме деп қорқамын. Кейде отбасы жағдайына байланысты оқу ақысы сәл кешіксе, «оқудан шығарамыз» деп қорқытады. Моральдық жағынан әбден шаршадым. Кейбір ұстаздарым түсіністікпен қарағанымен декандарымыз маза бермейді. Бәлкім, оларға да жоғары жақтан келіп жатқан бұйрық болар, – дейді студент қыз.

Сонымен бірге дін жолындағы қыздар бірқатар декандардың бұларға: «сендер террориссіңдер, сектантсыңдар» деген қорлау сөздер естігендеріне де шағымданады.

Олардың айтуынша, «мекеменің ішкі тәртібі» дегенді көлденең тартқанымен оны ұстаздардың өздері де орындамайды. «Сол ішкі тәртіп ережесінде жемқорлыққа тыйым салу, университет қабырғасында темекі тартпау туралы айтылған. Алайда мұғалімдеріміз дәретханада тығылып темекі шегеді. Мұны айтсақ, әркім өз ісі үшін жауап берсін» дейді студент қыздар.


ОРАМАЛҒА ТЫЙЫМ САЛАТЫНЫН ОҚУҒА ҚАБЫЛДАРДА НЕГЕ ЕСКЕРТПЕГЕН?

Хиджаб киген қыздар дін жолын ұстаған бірталай құрбы-қатарларының биыл студент атанғанын айтады. Алайда олар орамалға қатысты талап әу баста оқуға қабылдаған кезде өздеріне неге айтылмағанын түсіне алмай отыр.

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті. Атырау, 6 сәуір 2010 жыл.

– Неге бұл мәселе келісім-шартта ашық айтылмайды? Мен мұсылман ретінде ондай шартқа қол қояр алдында ойланар едім. Бәлкім, басқа жерде, Алматыдағы жеке меншік оқу орындарының біріне барар едім, – дейді Айнагүл Мұханғалиева.

Айнагүл Мұханғалиева университеттің гуманитарлық факультетінің 2-ші курсында оқиды. Мұндағы жылдық оқу ақысы да арзан емес. Былтыр 120 мың теңге болса, биыл ол 150 мың теңге тұрады. Бұл студенттердің әрқайсысы мамандықтарына орай 180 мың теңгеге дейін оқу ақысын төлейді. Олардың арасында диплом алуларына бір жыл қалғандары да бар. Ал орта жолдан оқуды тастап кетуге – оны төлеп отырған ата-анасы үшін де оңайға соқпайтынын біледі.

Дін жолына түскен қыздар өздерінің құқықтарын заң жолымен қорғауға кірісетіндіктерін айтып отыр.

– Біз заң арқылы конституциялық құқығымызды бұзатын ішкі тәртіп ережесін алып тастауға қол жеткізгіміз келеді. Өйткені, басқа студенттер сабаққа майка, шортымен келгенімен оларға ешкім ештеңе демейді. Біз намаз оқыған соң Алладан қорқамыз, оның бұйрығына қарсы келе алмаймыз. Киімдерімізді шешпейміз, өз құқығымыздың сақталуын ары қарай талап ететін боламыз, – деп мәлімдеді хиджаб киген қыздар.

Оларға «Заман» қоғамдық бірлестігі заңдық көмек көрсетпек. Бірлестік жетекшісі Әсел Нұрғазиева алдымен Атырау университеті ректоры Алтай Қазмағамбетовтың атына ресми хат жолдайтынын айтады.


РЕКТОР ТЕЛЕФОНДЫ КӨТЕРМЕЙДІ

Азаттық тілшісі мәселенің анығын өзінен білмек болып Атырау мемлекеттік университеті ректоры профессор Алтай Қазмағамбетовтың қол телефонына әлденеше мәрте қоңырау шалған еді. Бірақ ректор тұтқаны көтермеді.

Ал журналистпен көзбе-көз сөйлескен тәрбие жөніндегі проректор Баян Тыныбаева өзінің уақыты жоқ екенін алға тартып, телефон арқылы хабарласатынын айтқанымен, оның да қол телефоны соғылған қоңырауға жауап бермеді.

Бірақ университеттің бірінші проректоры профессор Серік Кеңесбаев мұның барлығы «совет шешімімен қабылданған университеттің ішкі тәртібіне сай орамал байлайтындардың саны көбейіп бара жатқан соң жай ғана жасалаған ескерту» деп түсіндіреді.


ИМАМНЫҢ ПІКІРІ

Атырау облыстық орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет бұған дейін бір топ көрші облыс имамдары, Ислам мәдениеті

Атырау облыстық орталық мешітінің бас имамы Нұрбек қажы Есмағамбет. Қараша, 2010 жыл.

мен білім қолдау қорының ресми өкілімен университетте болып, осы мәселеге қатысты әңгіме өткізілгенін еске алды.

Оның ойынша, бұл өте қиын сұрақ. Бірақ мәселе оқу орыны ректорында емес, жоғарыдан келіп тұрған әлдебір қысымдарға байланысты болуы мүмкін.

– Қыз балалардың ұятты жерлерін жауып, орамал тағып жүруі қасиетті Құран Кәрімде жазылған парыз. Сондықтан орамалды шешуді талап етіп университке кіргізбеу – Құранға және Ата заңға қарсы келу болып табылады. Әркімнің қалаған киімімен келіп, білім алуына ешқандай шектеу болмауы тиіс, – дейді Нұрбек қажы Есмағамбет.

Атап өтер жайт, Қазақстанның батыс өңірінде ислам дінін қабылдаған жастар саны көбейіп отырғаны байқалады. Жас жігіттер мен қыздар әртүрлі ағымдағы, ал кейбір мәселелерде бір-біріне қарамай қайшы ұстанымдағы діни қауымдар қатарына қосылып жатыр. Атырау облысындағы билік және арнайы қызмет органдары ресми тіркелген мұсылман мешітіне барудан бой тартатын дәстүрлі емес діни ұйымдардың өкілдерін қудалаумен келеді. Адам құқығын қорғаушылар осындай қуғын-сүргін мен қолдан жасалған қылмыстық айыптау істерінің кесірінен жүздеген адамның алыс-жақын шетелдерге босып кеткенін айтады.

XS
SM
MD
LG