Accessibility links

Сарқылып бара жатқан Жайықтың суы ластанып кетті дейді экологтар


Жайық өзені, Атырау, 10 қаңтар 2010 жыл.

Жайық өзені, Атырау, 10 қаңтар 2010 жыл.

Атыраулық экологтар Жайықтың суы жыл өткен сайын азайып әрі ластанып барады деп дабыл қағуда. Бұған облыстағы аса маңызды су көзін бейберекет пайдалану мен оны тазалауға қажетті қаржының жоқтығы себеп болып отыр дейді олар.



«АҚТӨБЕНІҢ БАРЛЫҚ ШАЙЫНДЫ СУЫ ЖАЙЫҚҚА ҚҰЙЫЛАДЫ»

Жайық-Каспий бассейндік су шаруашылығы басқармасының бастығы Бисен Қуанов Жайық суының ластануына көршілес облысты кінәлайды.

– Ақтөбедегі бүкіл шайынды су шартты түрде тазаланып, құрамындағы хром тәрізді қоспаларымен бірге Елек өзеніне құйылады. Ал Елек Ойыл өзенімен бірігіп Жайыққа, одан әрі Каспийге құяды. Мұны Ақтөбедегі экологтар, саниэпидстанция, әкімшілік те біліп отыр. Бірақ өздері ол суды ішпеген соң мән беріп отырған жоқ. Осы мәселені реттеуде облыстық прокуратураның көмегіне жүгінбекпіз, – деп мәлімдеді Бисен Қуанов.

Ол өткен жазда Атырауда Жайықтың ластығы салдарынан ауру шығып кете жаздағанын да айтады. Қалалық су арнасы арқылы хлорды
Жайық-Каспий бассейндік су шаруашылығы басқармасының бастығы Бисен Қуанов экологтармен бас қосуда өз пікірін айтып тұр. Атырау, 25 желтоқсан 2009 жыл.
көбірек суға салғызудың арқасында елді аман алып қалдық дейді эколог.

Оның түсіндіруінше, мұның бәрі Жайық өзені суының деңгейі жоғары кездерде көп байқалмаған. Ал соңғы жылдары өзен суы азайғанда анық білінді. Сондықтан бұл мәселені дағдарысты сылтау қылмай, тез арада шешпесе бүкіл облыс жұртшылығы зардап шегуі мүмкін деп ескертеді Бисен Қуанов.

Ал Атырау облыстық табиғи ресурстарды пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ербол Қуанов Жайық суын тазалауға көңіл бөлінбеудің себебін оның Қазақстанның 2004 жылғы үкімет қаулысымен жасақталған «ерекше маңызды өзендер» қатарына кірмей қалуынан іздейді. Сондықтан Ербол Қуанов мәселені шешу үшін Жайық өзеніне бөлек қаржы бөлініп, арнайы қор құрылуы тиіс дейді.

– Тек 2007-2008 жылдары ғана «Водные пути» коммуналдық мекемесі Жайықта аз-мұз тазарту жұмыстарын жүргізді. Оның өзінде кеме жолдарына байланысты. Содан соң Балық шаруашылығы комитеті там-тұмдап ақша бөліп, балық жүретін жолдарды тазартқандай болған. Облыста Жайық өзеніне бақылау жасайтын қаншама мекеме болғанымен жүргізілген жұмыстың бас-аяғы осы ғана, – дейді Ербол Қуанов.

Ақтөбе облыстық табиғи ресурстарды және табиғатты пайдалануды реттеу басқарамасы бастығы Жақсығали Иманқұловтың бұл
Жайық үстінде балық аулап отырған адамдар. Атырау, 10 қаңтар 2010 жыл.
мәселеден мүлде хабары жоқ болып шықты.

– Ақтөбеде құбыр арқылы шайынды судың қайда барып құятынын мен білмеймін, мен оның маманы емеспін. Оны білгіңіз келсе, «Ақбұлақ» компаниясына немесе экология департаментіне хабарласыңыз.Ал Ақтөбе халқы ішер суды Жоғары Қарғалы, Құндақты өзендерінен алады. Халық тұтынатын ауыз судың сапасы санэпидстанцияның бақылауында, – деді шенеунік Азаттық тілшісіне.

Жақсығали Иманқұловтың айтуынша, 35 жыл пайдалануда болғандықтан әбден тозған Ақтөбедегі су тазарту қондырғысына республикалық бюджеттен ақша бөлініп, қазір күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда.

Дегенмен Жақсығали Иманқұлов Елек өзеніне хром қоспасының төгілгенін теріске шығарған жоқ. Бірақ шенеунік оны «тарихи ластану» деп атады.

– Елек өзеніне Ақтөбе хром қоспалары зауытының өндіріс қалдықтары тигізіп жатқан зардап салдарынан 6 валентті хроммен ластанғанына 50 жылдан асты. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Республикалық бюджеттен осы мақсатта 1,5 млрд. теңге бөлінген, – деді Жақсығали Иманқұлов.

ЕКІ МЕМЛЕКЕТКЕ ОРТАҚ ӨЗЕННІҢ МӘСЕЛЕСІ ДЕ ОРТАҚ

Жайық өзені – Батыс Қазақстан аймағындағы аса маңызды су көзі. Ол өз бастауын Ресейден алады. Башқұртстан Республикасынан кейін Ресейдің Челябі және Орынбор облыстары мен Қазақстанның Орал, Ақтөбе, Атырау аймағы арқылы өтетін өзеннің жалпы ұзындығы 2534 шақырым. 1991 жылдан бері Жайық мемлекетаралық трансшекаралық өзен мәртебесіне ие болған.

Атыраудағы халық тұтынатын судың 70 пайызы Жайықтан алынады. Ал қалған 30 пайызын Қиғаш өзені мен жер асты сулары құрайды. Сондықтан Жайықтың тұщы суы облыс үшін аса маңызды мәселе. Әсіресе, соңғы жылдары мамандар Жайық суы тартылып, лайланып, сапасының бұзылуымен бірге оны мекендеген жануарлар мен өсімдіктер дүниесі де құрып бара жатқанын айтып дабыл өтеріп отыр. Бұл өзен бұрын қызыл балықтың мекені атанғаны ендігі естір құлаққа ертегі сияқты.

Экологтардың пікірінше, Жайық өзенінің төменгі ағысында салалары болмағандықтан су деңгейінің түсуі немесе көтерілуі жоғарғы
Атырау облыстық табиғи ресурстарды пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ербол Қуанов экологтармен кездесуде. Атырау, 25 желтоқсан 2009 жыл.
жақтан келетін су мөлшерімен тікелей байланысты. Сондықтан Жайық суының тартылуына өзен бастау алатын Ресейдің Орынбор облысындағы Иректі ГЭС-і мен Башқұртстандағы Сакмара өзеніндегі су қоймасының әсері үлкен дейді мамандар. Өйткені, Сакмарадағы су қоймасында Жайық өзенінің орташа жылдық көлемінде 60 пайызын құрайтын су сақталады.

– Башқұртстанның тағы бір су қоймасын салу жоспары бар. Оны іске асырса, Жайықтың суы сарқылады. Сол себепті мемлекетаралық комитет құруды президентке ұсынып отырмыз, – деді Ербол Қуанов.

«Каспий табиғаты» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Махамбет Хәкімов 1992 жылы Қазақстан мен Ресейдің арасында трансшекаралық суды бірігіп пайдалану мен қорғау жөнінде келісім болғанына қарамастан іс жүзінде бұл шарт дұрыс пайдаланылмай отыр дегенді айтады.

Ербол Қуановтың пікірінше, Жайық өзені суының кемуі бір жағынан 20-40 жылда айналып келетін климаттық кезеңдермен де байланысты. Кезінде бұны зерттеген ғалымдар 1970 жылдары-ақ «2010-2014 жылдары су деңгейі төмендейді, ал 2030 жылы қайта көтеріледі деп болжаған» дейді ол.

Былтыр қыркүйекте Ресейдің Орынбор қаласында Қазақстан мен Ресей президенттері қатысқан аймақаралық әріптестік жөніндегі форумда да таязданып бара жатқан Жайықтың жайы сөз болған еді. Онда екі ел президенттерінің тапсырмасымен Жайық проблемасымен айналысатын мемлекетаралық комиссия құрылатыны айтылғанымен күні бүгінге дейін ешнәрсе шешіле қойған жоқ.

СУДЫ ПАЙДАЛАНУ ЖӨНІНДЕГІ ЗАҢДАР БІР-БІРІНЕ ҚАЙШЫ

Ербол Қуановтың мәлімдеуінше, Жайық суын қалпына келтірудің жолы ретінде біреулер Атырауда да су сақтайтын қоймалар салуды ұсынған. Бірақ оған аймақтың климаттық жағдайы мүмкіндік бермейді, жері жазық болғандықтан су ұсталмайды дейді мамандар.

Экологтар айтып отырған тағы бір мәселе – облыстағы көптеген су пайдаланушылардың өзен суын өлшеусіз пайдалануы. Бұған Қазақстанның заңнамаларындағы олқылықтар да жол ашып отыр. Бұл проблеманы қалай шешуге болады?

– Ол үшін судың есебі дұрыс алынуы керек, – дейді Жайық-Каспий бассейні шаруашылығы бастығы Бисен Қуанов. Мәселен, «ауыз суды өндіріске пайдалануға болмайтыны Су туралы кодексте жазылғанымен, Әкімшілік кодексте оған салынатын айыппұл көлемі қарастырылмаған».

Ресейлік ғалым Александр Чибилевтің болжауына сенсек, Жайықты бойлай қоныстанған Ресей, Татарстан, Башқұрстан мен Қазақстан Жайық суын жергілікті қажеттіліктеріне қарай емін-еркін пайдалана беретін болса, онда Ембі өзенінің 1939 жылдан бастап Каспийге құймай қалғаны сияқты, Жайық та теңізге жетпейтін болады. Ондай жағдайда Жайық та Аралдың кебін киюі де мүмкін дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG