Accessibility links

Атырау полициясы 2008 жылы перзентханадан жоғалған балаға енді іздеу салып жатыр


Сәуле Бапаева мен Нұрлыбай Ашықбаев екінші сараптама қортындысын алғандарын айтып отыр. Атырау, 15 қаңтар 2010 жыл.
Сәуле Бапаева мен Нұрлыбай Ашықбаев екінші сараптама қортындысын алғандарын айтып отыр. Атырау, 15 қаңтар 2010 жыл.

Жылыой ауданының тұрғыны Сәуле Бапаеваға перзентханада өлі күйінде берілген сәби бөтен бала екендігін осымен екінші сараптама анықтап отыр. Полиция былтыр бастап, бірақ тоқтатып қойған қылмыстық істі қайта қозғап, екі жылдай бұрын перзентханадан жоғалған балаға іздеу салып жатқандарын айтады.


ЕКІНШІ САРАПТАМА ҚОРТЫНДЫСЫ

Атырау облысының Жылыой ауданында тұратын баласын жоғалтқан әйелдің шағымына орай, Қылмыстық кодекстің «баланы қасақана ауыстыру» бабы бойынша қылмыстық іс қайта қозғалды. Оған былтыр эксгумация жасалынып алынған сәбидің мәйітіне екінші мәрте жүргізілген облыстық сараптама қортындысы себеп болып отыр. Тексеру барысында Жылыой аудандық мүрдеханасында болған басқа бір нәрестенің мәйітінен сақталып қалған тіндеріне де генетикалық сараптама жасалу үстінде. Полиция әйелдің жоғалған сәбиін жедел іздеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұқтарованың айтуынша, қабірден эксгумация жасалып алынған сәбидің сүйектеріне Атыраудағы сот сараптамасының ғылыми-өндірістік зертханасында қайта жасалған сот молекулярлық-генетикалық сараптама қортындысы да оның Сәуле Бапаева мен Нұрлыбай Ашықбаевтардың баласы еместігін көрсеткен.

– Енді полиция қызметкерлерінен құрылған жедел тергеу тобы Сәуле Бапаеваның баласын жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – деп мәлімдеді Гүлнәзира Мұқтарова Азаттық тілшісіне.

Полиция өкілінің айтуынша, қазір Атырау облыстық сот сараптамасының зертханасында тағы бір баланың мәйіті генетикалық тексеруден өтуде.

– 2008 жылғы ақпанның 16-сында Сәуле Бапаеваның құрсағынан нәрестесін операция арқылы алған кезде Жылыой аудандық ауруханасы мүрдеханасында басқа баланың денесі болғаны анықталды. Қаңтардың 11-күні сол сәбидің тіндері үлгілеріне молекулярлық-генетикалық сараптама тағайындалды, – дейді Гүлнәзира Мұқтарова.

Ол белгісіз сәбиге жасалған зерттеу қортындысы аяқталғанда, былтырғы жылғы маусымның 9-ында Жылыой аудандық ішкі істер бөлімі қозғаған «Қасақана бала ауыстыру» жайлы қылмыстық іс бойынша заңдық шешім қабылданатынын хабарлады.

СӘУЛЕ БАПАЕВА САРАПТАМА ҚОРТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ ЕСТІМЕГЕН

Осы оқиғадан бері екі жыл өтсе де баласын іздеумен жүрген Сәуле Бапаева Атырауда екінші мәрте жасалып жатқан сот-медициналық сараптамасы қортындысының шыққанын аяқ асты естігенін айтады.

– Сараптама 10 қаңтарда дайын болған екен. Бірақ, сараптамның аяқталғаны жайлы бізге ешкім хабарламады. 13-қаңтар күні Атырау облыстық ішкі істер департаментінен өзім сұрап алдым. Нәтижесі Алматыда жасалғандай: баланың менің сәбиім еместігі нақтыланған. Облыстық тергеу бөлімінің бастығы Қажыкеновпен сөйлескенімде, қаңтардың 18-інен бастап аудандық перзентхана дәрігерлерінен қайта жауап алынатынын айтты, – деді Азаттық тілшісіне Сәуле Бапаева.

Оның адвокаты Айсұлу Омарова болса 2008 жылдың ақпанында туған нәрестелер мен босанған аналар тізімін салыстыру әрі заңсыз асырап алынған балаларды анықтау арқылы жоғалған баланың ізіне түсуге болар еді деп санайды.

Сондай-ақ адвокаттың сөзіне сүйенсек, жоғалған баладан өзге, әйелдің денсаулығы жөнінде де қылмыстық іс қозғалуы тиіс. Өйткені, Сәуле Бапаева 2008 жылы Жылыой аудандық құқық органдарына дәрігерлердің немқұрайлылығы салдарынан өзінің денсаулығынан айырылғаны жайлы арызданған. Алайда Бапаева ол арызына осы күнге жауап алған жоқ, дейді Айсұлу Омарова.

Дегенмен, Жылыой ауданының прокуроры Алмас Шеркешбаев Сәуле Бапаеваның жазған арызына орай медицина қызметкерлері тарапынан кемшіліктер сәби өлімі мен әйелдің денсаулығына зиян келгеніне себеп болғанын анықтап, 2008 жылғы сәуір айында жауап бергенін айтып отыр.

– Кезінде Бапаеваны қабылдап алған кезекші акушер-гинеколог Зоя Есенғожинаның «баланың жүрек соғысы тұйықталған» деп дұрыс баға бермегендігі нақтыланды. Дәрігердің ісінде қызметтік санаттық белгілері бар болғандықтан, аудандық ішкі істер бөліміне тексеруге жіберілген болатын, – деді Алмас Шеркешбаев. Соңғы жаңа дәйектермен бірге бұл мәселе де қайта көтеріліп жатыр.

ЖОҒАЛҒАН БАЛА

Былтыр Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты Жаңа Қаратон ауылының тұрғындары ерлі-зайыпты Сәуле Бапаева мен Нұрлыбай Ашықбаевтар өздерінің 2008 жылы ақпанда дүниеге келген қыздарын жергілікті перзентхана қызметкерлері ауыстырып, бөтен ұл баланың мәйітін берді деп күдіктенетіндерін айтып, полицияға шағымданған еді. Аурухана басшылығы Сәуле Бапаеваның күдігін үзілді-кесілді жоққа шығарды.

Жылыой аудандық ішкі істер бөлімі Сәуле Бапаеваның шағымы негізінде 2009 жылғы сәуірдің 9-ында олардың баласы жерленген бейітті ашып, сәбидің қабырға сүйектері мен сақталып қалған шаш үлгілерін Алматыдағы аймақтық сот-медициналық сараптау орталығының ғылыми-өндірістік зертханасына тексеруге жіберген болатын.

Алматылық сарапшылар өткен жылғы маусымның 8-де тапсырылған материалдардың ер адамға тән екендігін және генетикалық жағынан бейітте жерленген сәби мүрдесі олардың баласынікі емес деген қортынды шығарды.

Осы сараптама нәтижесімен Жылыой аудандық полиция бөлімі былтырғы маусымның 9-ында «Қасақана бала ауыстыру» деген бап бойынша қылмыстық іс қозғаған-ды.

Бірақ өткен жылғы шілде айында тергеу амалдары тоқтатылып, сот-медициналық сараптамасын Атырау қаласында қайта жасау жөнінде шешім қабылданады. Былтыр жазда Атырауда екінші мәрте зерттеуге түскен сол сараптама жарты жылға созылып, 2010 жылы қаңтарда ғана аяқталды.

Бұған дейін Атырау аймағында облыстық перзентхананың бас дәрігері кәмелетке толмағандарды саудаға салды деп айыпталып, 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
XS
SM
MD
LG