Accessibility links

Австрияда парламент депутаты Рахат Әлиевтің ісіне қатысты шпиондық жасады деген күдікке қалды


Венадағы Штефан әулие соборының солтүстік мұнарасынан қарағандағы қала көрінісі.

Венадағы Штефан әулие соборының солтүстік мұнарасынан қарағандағы қала көрінісі.

Рахат Әлиевтің төңірегінде тағы да бұрқ-сарқ еткен айғай-шу көтеріліп жатыр. Бұл жолғы жанжалдың құрығына Бостандық партиясының (FPÖ) бас хатшысы Харальд Филимски ілігіп отыр. Австриялықтар елдегі оңшыл радикалдар көсемі Қазақстанның құпия қызметінің «қолжаулығына» айналып кетпеді ме екен деп күдіктенуде.

«ҚАЗАҚ АТАУЛЫНЫ ӨМІРІМДЕ БІР ДЕ БІР РЕТ КӨРГЕН ЕМЕСПІН»

Австрия бұқаралық ақпарат құралдары бірінен кейін бірі Рахат Әлиевтің ізіне түсіп жүргендердің жаңа лаңы жайлы әңгіменің отын бықсытып жатыр. Былтыр Әлиевтің маңында жүрген адамдарды ұрламақшы болған осы елдің полициясының екі бірдей қызметкері тергеуге алынған болатын.

Ол кезде кейбір тілшілер мен журналистер бұл былыққа мемлекеттің бұрынғы ішкі істер министрі Карл Блеханың да қатысы бар деген әңгіменің шетін қылтитқан. Ал қазір бұқаралық ақпарат құралдары Австрияның оңшыл радикал Бостандық партиясының (FPÖ) көсемі Харальд Филимскиді заңға қайшы, көлденең іс-әрекет жасады деп айыптауда.

Бостандық партиясының (FPÖ) көсемі Харальд Филимски Австрия парламентіне ендірілген шетел барлау орындарының (дәлірек айтқанда Қазақстан ҰҚК-нің) тыңшысы болуы мүмкін деп жазады «Остеррайх» («Österreich») басылымы.

Бұдан сәл ертеректе Филимски Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қуғынға ұшыраған бұрынғы күйеу баласы, осы елдің Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке қатысты парламентте үкімет орындарына ресми сұрау салған еді. Басылымның айтуынша, Филимски бұлай істеу үшін ақпаратты қазақ қауіпсіздік мекемелерінен алған болуы әбден мүмкін.

Күдікке қалған адам болса, мұндай айыптаулардан ат-тонын ала қашып отыр. «Остеррайхтың» әңгімесіне қарағанда, Филимски бұлай кінә тағуға дереу парламенттің осы мекеменің өз істерімен айналысатын комитетінің өкілетті комиссиясының отырысын ұйымдастыруды талап етіп жауап берген.

«Қазақ атаулыны өмірімде бір де бір рет көрмеппін» деп азар да безер болады Филимскийдің өзі. Ол өзінің осынау қазақ деп аталатын адамдармен тіпті «титімдей де» араласып, танысып-білісе алмағанын айтып өзіне шаң жуытпай жатыр деп атап көрсеткен басылым.
Өткен жұмада Австрияның ұлттық парламенті аяқ астынан тергеу комиссиясын құру жөніндегі шешім қабылдаған. Ол комиссия шетел қауіпсіздік қызметтері Австрия парламенті депутаттарына қаншалықты әсер етуінің ықтимал деген мәселені қарастыруы тиіс.

Парламенттегі барлық партиялардың өкілдері мұндай комиссияның құрылуын бірауыздан қолдап, дауыс берген. Парламент спикері Барбара Праммердің айтуынша, таяу уақытта жариялануы тиіс деп жоспарланып отырған «2009 жылға арналған конституциялық баяндамада» дәл осы сауалға қатысты жауаптар жазылған көрінеді.

«Жасылдар» партиясынан сайланған депутат Петер Пильц бұл былыққа Бостандық партиясынан сайланған парламенттегі тағы бірқатар депутаттардың қатысы бар деген мәлімдеме жасапты. Ал Австрияның ішкі істер министрі Мария Фектер болса, аталған баяндама мазмұнын дереу жария етуді талап еткен.

Австрияда басылатын өзге де бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде «Штандарт» («Der Standard»), «Прессе» («Die Presse»), «Курьер» («Kurier») және тағы бірқатар басылымдар осы тақырыпқа арналған көлемді материалдар жариялаған. Олар, «шамасы, Филимски мырза соңғы бірнеше ай ішінде екі мәрте Қазақстан құпия қызметінің «қолжаулығына» айналған болуы керек» деген жорамал жасайды. Себебі, дейді олар, Харальд Филимски осы мерзім ішінде парламенттегі FPÖ партиясы фракциясының өкілі ретінде Рахат Әлиевке қатысты екі рет ресми сауал жолдап үлгіріпті.

ХАРАЛЬД ФИЛИМСКИДІҢ САУАЛДАРЫ КҮДІК ТУҒЫЗДЫ

Харальд Филимски мен оның партия бойынша серіктестері Майерхофер және Хюбнер мырзалар өздерінің ең бірінші сауалын сонау 2008 жылдың қараша айында жолдаған екен.

Өздерінің сауалдарында бұл оңшыл радикалдар «Рахат Әлиевтің ісінің» бүге-шігесіне дейін білетіндіктерін танытып, елді таң қалдырды деп жазады Австрия басылымдары. Олар тіпті, Әлиевке қатысты сырттай жария етілген үкімнің, сонау Алматы қаласындағы Алмалы сотында оқылғанына дейін айтқан.

Ал Харальд Филимски болса, барлық айыптауды үзілді-кесілді жоққа шығаруға тырысуда. «Өмірімде бір де бір қазақ көрген жан емеспін» деген ол, Әлиевке қатысты сауал қойған әрекетінің себебі өзінің парламент мүшесі ретінде белсенді қызмет атқаруында жатқанын айтып ақталған.

Дегенмен, журналист қауым қойсын ба, енді олар Филимскиге «онда сен осы жылдың ақпанында қойған, Әлиевке қатысты екінші сауалыңның ұзын саны жиырмаға баратын сұрағын қайдан алдың?» деп депутатты сұрақтың астына алып маза бермей жатыр.

Бостандық партиясының тарабынан соңғы бірнеше айдың ішінде парламентте Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке қатысты үш бірдей сауалдың көтерілгенін жазады «Курьер» газеті.

Газеттің жазуынша, 2008 жылы қараша айында осындай бір сауал көтерілгеннен соң, ел ішінде «Харальд Филимски бұл сауалға негіз болар ақпарды қазақ қауіпсіздік қызметінен алмап па екен» деген күмән туған. Филимски болса, мұндай айыптау жөнсіз деп отыр, ол әрі өзі жетекшілік ететін Бостандық партиясының да «осындай қызметі үшін шетел тыңшыларынан ақша алды» деген сөздің құр қаңқу екендігін тілге тиек етеді.

ШЕТЕЛДІК АРНАЙЫ ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ АВСТРИЯ ПАРЛАМЕНТІНЕ ЫҚПАЛ ЕТУІ МҮМКІН ЕКЕНДІГІ ТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР

Тағы да сол «Курьер» газетінің жазуына қарағанда, Австрия мемлекеттік мекемелері қызметкерлерінің «шпиондық» істерге қатысы барлығы жөніндегі дау-жанжал алғаш рет биылғы жылы көктемде пайда болған: ол кезде бұқаралық ақпарат құралдарында Австрия полицейлерінің құпия сақталуы тиіс мәліметті Қазақстан мемлекетіне беруге қандай құқы бар деген тақырыпқа қатысты әңгіме өрбіген екен.

Осындай бір істің барысында, 2009 жылғы қаңтар айының соңында, Австрия полициясының бір қызметкері сот үкімі негізінде 8 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Басылымның айтуынша, ол полициядағы компьютерді пайдаланып, бірнеше рет Рахат Әлиевтің қайда екені жөнінде мәлімет жиып, оны қазақ арнайы қызметіне жөнелтіп отырған деп жазады басылым.

Төменгі Австрия жерінде қызмет істейтін қылмыстық полиция бөлімінің екі шенеунігі де қызметінен босатылды деп атап көрсетеді газет. Себебі, олар Австрия армиясының қарсы барлау қызметінің бұрынғы қызметкерінің тапсырмасы бойынша полициядағы компьютер арқылы Рахат Әлиев туралы ақпарат жинаған.

Дау-дамай өршіп, аласапыранның дауылы биліктің шаңырағын шарпыған соң, Австрияның социалистік партиясының екі саясаткеріне қарсы тексеріс жұмыстары басталып кеткен. Австрия парламентінің қарулы күштер істері жөніндегі комиссиясының төрағасы Антон Гаальді полиция аталған іс-әрекеттерге қатысты тергеуге алған.

Австрияның бұрынғы ішкі істер министрі Карл Блеха да осы былыққа қатысып, 2008 жылы күзде Рахат Әлиевпен байланысы бар біреулердің телефон әңгімелерін жасырын тыңдауға бұйрық берген болуы мүмкін деген күдікке қалды. Ал бұл екі тұлға да өздерінің бұл іске мүлде қатысы болмағанын айтып, бет бақтырмай отыр деп жазады «Курьер» газеті.

Аталған жайтқа байланысты Австрия парламентінің спикері Барбара Праммер депутат Харальд Филимскидің ісі бойынша жаңадан анықталған деректерді зерттейтін партияаралық парламенттік комиссияның құрылатындығын мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG